Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Туған жердің тасын да қимаған Оспан батыр

2979
Туған жердің тасын да қимаған Оспан батыр - e-history.kz
«Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен ХХ ғасыр қазақ үшін ерекше қасіретті кезең болды. Алатопалаң заманда атамекенінде аңыраған қазақтың зарлы оқиғасына қанықпыз

Ал Алтайдан арғы бетіндегі ағайынның сол зобалаң таққан азабын енді ғана естіп-біліп жатырмыз. Ереулі атқа ер салдырған сол кезде атақоныс үшін арпаласқан ерлер де аз болмапты. Солардың бірі де бірегейі – Оспан батыр.

Дерекнама:

Оспан батыр Исламұлы. 1899 жылы Қытайдың Алтай аймағының Көктоғай өңірінде дүниеге келген. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Ондаған жылдар ат үстінде жүріп елін қорғаған батыр. Қытай коммунистері тарапынан 1951-шы жылдың 29-шы сәуірінде Үрімжіде ату жазасына кесіліп, шейіт болады.

Батырдың күрес жолындағы басқан ізі әлі күнге дейін тарихшылар арасында күрделі ұғым тудырып келеді. Оның тұлғасын әр тараптан, әр қырынан танығандар дипломатиялық қарым-қатынаста аса ықпалды адам болғанын айтады.

Оспан батырдың өмірін әбден зерттеген жазушы Жәди Шәкенұлы Оспанның батырлығы, ерлігі туралы былай дейді: «Оспан батыр – қазақтың ұлт-азаттығы үшін күрескен үлкен тұлға. Оның тұлғалық дәуірінде Совет одағы, Америка Құрама Штаттары, Моңғолия, Қытай сияқты көптеген ел тұрғындарының мүддесіне тіке және жаңама түрде араласқан. Сол елдердің басшылары Оспанмен тікелей санасқан. Демек, он жай ғана батыр емес. Сонша елді дүрліктіріп халықаралық деңгейге үлкен мәселе тудыруы Оспанның өті күрделі тұлға екендігін көрсетеді».

Өмірін қайшылықсыз өткен батыр болған ба? Оспан өміріне үңілген жан оның бір ғана мақсаты болғанын аңғарар еді. Ол – атақоныс үшін күрес. Оған Алтайға көз алартқанның бәрі жау. Қасиетті жер үшін қытаймен де қырқысты, моңғолмен де тіресті, советпен де сіресті, керек жерде тілді де табыса білді.

«Мен қазақ үшін сайтанмен де тіл табысуға әзірмін» (Оспан батыр).

Тағдырдың талаймен әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтардың жат-жұрттық болуының да тарихи себептері бар.

ХІХ ғасырдың соңғы жартысында патшалық Ресей мен Қытайдың Цин империясы қазақ даласын бөліске салып, шекара сызды. Сол дәуірден бастап тарихта «Қытай қазағы» мен «Ресей қазағы» деген ұғым пайда болды. Әлем картасына «жаңа шекара» Шин Жиаң (яғни Шыңжаң) өлкесі дейтін аймақ болып еңді. Шыңжаңды 40-шы жылдары дара билеген қанқұйлы Шың-Шисай үкіметі темір тегеуірінен қазақтарға батыра түсті.   

Дәл осы жылдары Оспан батырдың атағы алысқа жайылып бастады.

Ол күресін бастаған кезде әлем астаң-кестең болып жатқан. Екінші Дүниежүзілік соғыстың оты өшіп, коммунистік қытайлармен Гоминьдан үкіметі өзара қырқысып Қытаймен көрші Моңғолия Совет одағына түрлі қауіптер төніп келе жатты. Өр Алтайды қорғау жолында күресіп жүрген Оспан батыр мен Омардың келуі олар үшін шығар жолдың бірі еді. Өздерінің саяси мақсаттарына аңғал батырды арбап түсіру Сталинге де, моңғол маршалы Чойбалсанға да қиынға түспегенге ұқсайды. Оспан үшін басқа жол жоқ болатын.

Сол кезеңде Гоминьдан әскері Моңғолияның Алтай өлкесінің, Алтай тауына тап келетін Қобда аймағы Қытай мен Моңғолия қазақтары шекарасынан өлкеге кіріп келген болатын. Ол кезде Кеңес одағының негізгі күші Германияға салынып жатқандығынан Монғолияның шекарасына Гоминьданның үлкен шоғыру орналасып қауіп төндірген. Осы қысыл-таяң кезде Моңғолия үкіметінің мақсаты Оспан батырмен одақтасу арқылы сол Гоминьданның күштерін кері қуу, өзінің шекарасында тыныштық орнату болды. Осы үшін Моңғолияның үкімет басшысы, кезіндегі маршалы Чойбалсан Оспанмен ынтымақтасу туралы бір мәмілеге келуді көздейді.

Оспан батыр Чойбалсанмен хатты жазысып тұрған. Оны тарихи деректер де дәлелдейді. Бір хатында «...Біз қазақ-моңғол халықтарын азаттық алу жолындағы күреске жұмылдырамыз. Бізге қазіргі уақытта қару-жарақ қажет. Сіздер көмек береді деп сеніп отырмыз» деп жазады. Шығыс Түркістанның атын жамылған үш аймақ әскері Оспан батырмен қақтығысып Оспан сарбаздарын Алтайдан Моңғолияның Бәйтік тауына қарай ығыстырады. Бұл оқиға 1947 жылы сәуір айында басталды. Моңғол әскерлермен болған аласапыраң соғаста Қытай армиясы жеңіліп кері шегінді. Тарихта «Бәйтік оқиғасы» деген атпен қалған соғыс Моңғолия шекарасының белгіленуіне, беріктігіне негіз болды.

Тағдыры талқыға түскен Оспан батырдың сыртынан азулы алыптар талай жоспар құруды үлгерген еді. Сталин өз мүддесін ойлап, шығыстан дербес Республика құрып, оны өз пайдасына шешуді мықтап қолға алды. Советтік идеология мен тәрбиеленген азаматтар да арнайы жіберіп Оспанның көтерілісін желеу етіп Шығыс Түркістан Республикасын құруға тапсырма береді.

1940 жылдардың басқы мезгілінде Екінші Дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанып тұрған, Совет одағы әлсіреп бастаған кезеңде, Совет одағына, әсіресе Сталинге, шығыстан бір дербес республикалық күш немесе артық жем болатын бір мемлекет керек болды. Тура осы кезде Сталин Шығыс Түркістан Республикасы деген мемлекетті құру идеясын ортаға қойып, Шыңжаңда күрес жағдайын өзінің тыңшылар арқылы және халықарадағы басқа да күштер арқылы бақылауға алып, Өр Алтайда ұлт-азаттық соғыста күресіп жатқан Оспан батырмен тіл біріктіруге мәжбүр болған.

Оқыңыз: Асқар Алтай: Әкемді құпия қызметкерлер мерт қылды

Совет одағы моңғолдар арқылы Оспан батырға мол қарау-жарақ беріп, оның көтерушілердің қазіргі заманға соғыс тәсілдеріне жүгінуіне ықпал жасаған. Оспан Батырдың Совет Одағынан алған алғашқы көмегі мынандай болды:

  • 400 винтовка;
  • 20 000 оқ;
  • 30 пулемет;
  • 45 автомат;
  • 200 гранат.

Қолына қару тиген Оспан батырдың қолы күн санап өсіп Алтай аймағын уысында ұстап тұрды. Кейбір деректерде батырдың қолы 40 мыңға дейін жеткендігі айтады. Қытай жағы да, Моңғол жағы да батырмен санасатын жағдайға жетті.

Тіпті Оспан батырдың әлемдік деңгейдегі оқиғаларға еріксіз араласуына тура келген. Соғыстың соңғы жылдарында Американың атом қаруына ие болып, ССРО-ның оны жасауға жанталасқаны тарихқа белгілі.

Атом қаруына қажетті уран жеткіліксіз болып, Совет одағы Қытайдың Алтай аймағынан қажетін тауып, тасып бастайды. Күн сайын тізбектеген машиналар қара тасты шекараға асырып жатқанын көрген Оспан батыр оларға бірнеше рет шабуыл жасап, өртеп жіберген. Адамзатқа қауіп төндіретін аждаһаны батыр қайдан білсін? Тек туған жерінің тасына дейін басқаға қимағандығы еді.

Ел мен жерді қорғау жолында басын бәйгеге тігіп, ат үстінде жаумен арпаласқан Оспан батыр елдікті бәрінен биік қойды. Көз алдында жау қолына жазым болған жақындарын көрсе де асқақ мұраты аласарған жоқ. Ұрпақтарының көпшілігі жау қолынан мерт болды. Тіпті қызы Әзипа мен Пәнсия қолына қару алып, жауға шауып, асқан мергендігімен көзге түскен.

1940 жылы алғашқы ұрыс кезінде Оспан батырдың сарбаздары Көктоғайды азат етіп қытайлардың қарулы күштерін жоққа ұшырған, алайда бірнеше уақыттан кейін қытай әскері Көктоғайды қайтарып, Оспанның ауылында қанды қырғын жасаған. Оспанның он бір баласының сегізін жарып тастап, құдыққа тастап өлтірген. Оспанның әйелі Мемей қалған үшеуін құтқарып, Қара Ертіске түсіп жан сақтады.

Оспан батырдың ұрпақтарына тоқталатын болсақ, Оспан – үш әйел алған кісі. Ең үлкен шешеміз Нұрқиза Сарымбетқызынан алты ұл, үш қызы болған. Екінші әйелі Мемей апамыздан үш қызы, ал үшінші, жеңгедей алған апамыз Баян деген кісіден бір ұл, бір қызы болған еді. Нұрқиза апамыздан туған алты ұлдың үшеуі 1940 жылы Қытайдағы Алтай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінде соғыста қаза табады. Зия деген ең үлкен ұлы, одан кейінгі Ойдолла, Кәрі деген екі ұлын сол кездегі Шыңжаңның дара билеушісі Шың Шысай деген адам 1943 жылы түрмеде өлтіреді. Ал одан қалған Шердиман, Ниғыметолла және Нәби деген үш ұлы Оспан батырдың қасында бүкіл соғыста жүрді.

Қытай коммунистері жеңіске жетіп, олардың халықтық армиясы үшін Шыңжаңды бетке алып келе жатқанда Алтайдан ауған ел Гималайды бетке алып үдіреді. Халықтық армияның жер қайысқан қолы қазақ өлкесіне табандап қалғанда Зуқа батырдың баласы Сұлтаншәріп пен Қалибек Хәкімнің ауылы елді шетелдерге көшіп жан сауғалауды көздейді. Қанды қырғынмен Гималай асқан қаралы көшке Оспанның ауылы қосылмай ажалмен бетпе-бет келеді. Батырдың шетел асып ажалдан аман қалуының осы жолы соңғы мүмкіндік болды. Есіл ер елде қалғанда ажал атақоныста қасқайып қарсы алғанды таңдады. Босқан ел түркі жеріне табан тіреп етек жеңді енді жинай бастаған жерде көз жұмған Сұлтаншәріп тәйжі өз елінде ерлікпен қаза болған Оспан бақытты екен деп жылапты.

Қалибек Хәкім және Сұлтаншәріп Зуқаұлы жеке-жеке Оспанның ауылына барып, Оспанға осы мәселені айтып, біздің  алдымызға дүниені жаулап қып-қызыл тасқын келе жатқандығын айтты. Енді ол тасқынға қарсы тұратын бізде ешқандай құдірет жоқ. Сондықтан бізде екі-ақ жол бар: бірі шетелге қашып кету, екіншісі – өлу. Осының қайсысын талдаймыз деген кезде Оспан батыр келген екеудің ақылын қабылдамай, өзінің түркі даласының қорғау ерлігін ұрпақтарына аманаттап кету үшін қызыл тасқынға жалаңаш кеудесін қарсы тосады. Сонымен Оспан мен қызылдар арасында соғыс басталады.

Екінші Дүнежүзілік соғыстың жеңісте Совет одағының пайдасына шешіле бастаған тұста Сталин бастапқы ойынан айнып қалды. Оған ендігі желде Шығыс Түркістан үкіметі керек болмады. Гоминьдан үкіметі де Қытайдың халық армиясынан жеңіліс тауып Жан Кайшы Тайваньға қашты. Сталин Маоны Мәскеуге шақырып ымыраға келді. Ресми деректерде Шығыс Түркістанның басшылары Маоны Пекинге шақырылып, ұшақ апатынан генерал Дәлелхан Сүгірбаев, Ысқақбек Момынов бастаған зиялы азаматтардың барлығы опат болды.

Шығыс Түркістан үкіметінің болашағы бұлыңғыр болып қалды. Ішкі-сыртқы геосаяси жағдайы және геосаяси жағдайдан туындаған түрлі саяси қитұрқы іс-шаралар Шығыс Түркістан үкіметін тығырыққа тіреді. Мұндай жағдайда Оспан бұл Республиканың тағдырынан көтерілісті және өзінің ұлт-азаттық төңкеріс концепциясын, ой-арманын басқа әдіспенен жүзеге асыруға кірісті.

1951 жылы 19 ақпан күні Гансудың Хайзы деген жерінде Қытайдың халықтық армиясы Оспанның ауылын басып алып, батырды қолына түсіріп Үрімжіде түрмеге алып келеді.

Қолға түскеннен кейін қызыл әскерлер оны Қосының алдына әкеліп суретке түсіреді, түйеге артып айдап бара жатады. Сонда бір қызы, ауылдағы әйелдер шулап жылайды. Сонда Оспан батыр айтты дейді: «Ей! Көздеріңнің жасын көрсетпеңдер жауыма – олар өзінің кереметтігінен, батырлығынан ұстап алған жоқ, ол – Алланың әмірі! Құдайдың әмірінен аспақ жоқ! Алланың әмірі осы күнге дейін жеткізді мені – оған да бой ұсыну керек, тәуба. Сондықтан сендер жыламаңдар, оданда ертеңгі күндеріңді, өлмейтін күндеріңді ойлаңдар» деп Оспан батыр қол-аяғы бұғауда болғанына қарамастан, артындағы қыз-келіндеріне қатты дауыспен, басын иемей, көзіне жас алмай, үнінде ешқандай қорқудың, абыржудың бейнесі жоқ, шамырқана тіл қатқан екен.

Алтайдың ақиық батыры асқақ мұраты жолында ақтық сапарына дейін бас иеген емес.

Оспан батырдың соңғы сөзі:

 

«Сендер мені қандай қылмысты деп танысаңдар, сондай қылмыстымын. Өз жауларыммен шайқасқан кезім қытай, орыс, моңғол деп бөлген жоқпын. Кім менің діліме, дініме, жеріме, еліме тиіссе – сол менің жауым болды. Ол күресімнен ешқашан бас тартпаймын. Маған көрсететін ең ауыр жазаларыңа дайынмын...»

Оспан батыр туралы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін ешқандай деректер ашылмаған еді. Бірақ түркі мен батыстың ғалымдары бізден бұрын тым деректердің көзін әлде-қашан ашып зерттеген. 1956 жылы Лондонда жарық көрген «Қазақ босқыншылығы» деген кітаптың авторы Годфри Лиас Оспан «Батыр осыдан 5-6 ғасыр бұрын туғанда Мөңке, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір сияқты даңқты қолбасшы болар еді» деп жазды.

Оспан батырдың ел аузындағы аңыз болып айтылатын ерліктері біртөбе. Моңғолдың маршалы Чойбалсан Оспан батырмен кездесу үшін қалай сөйлеп, қалай қарсы алатынын ойластырып аса сақтықпен дайындалған. Шығыс Түркістан үкіметінің басшылары Оспан батырмен келісім сөзге келу мақсатында ауылына келгенде Оспан батыр оларды бірден қабылдамай, бір күн күттіріп барып қабылдағаны туралы деректері оның аса сақ әрі аса бітімшіл дипломат екенін көрсетеді.

Мысалы гоминьданшы Қытай мен Оспанның ымыраға келген дәуіріндегі бір офицердің жазған мақаласында Оспан өте сақ адам дейді. «Бізбен дос болып тұрған кезде бір тапаншасын жастығының басына тастап, екіншісін жамбасының астына қойып жатады. Біздің өзімізге сенбейтін еді» деп офицер соны еске алады жазбаларында.

Батырдың ат үстінде өткен өмірі артына жорыққа толы аңыздар қалдырды. Дініне берік, ұлтына ұран болған батырдың көзін көргендер ол жайында тебірене айтады. Қазақта өр рухымен бүкіл ұлтқа ұран болған талай батыр өткен. Оспанның рухы мен ерлігінен досы түгіл қасы да қаймығады.

Әлемді жаулаған Шыңғыс хан Хорезмді түгел жаулаған соң Жәлаладдинмен соңғы шайқаста оның қасқайып қаймықпай тұрған бейнесіне қарап: «Дәл менің Жәлеладдиндей 10 сарбазым болса, дүниежүзін алты айда жаулап алар едім» депті.  

Қайысқан қалың қолдың алдында торға түскен Оспан батыр да өр кеудесін таптатпаған күйі жалғаннын көшкенімен, оның аңызға бергісіз ерлік істері халық жадында сақталып тұр.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?