Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аңызға айналған Алматы атшабары

2323
Аңызға айналған Алматы атшабары  - e-history.kz
Алматы қаласында орналасқан 85 жыл тарихи бар атшабар өткен ғасырдағы жемісті жылдарын қазір қайталай ала ма? Оның қазіргі жай-күйі қандай? Іздеген, сұраған адам бар ма? Неге атаусыз жатыр?

Көктөбенің баурайында орналасқан атшабардың тарихы бай десек болады. 1930 жылдары ашылған атшабар жаттығу мен Қазақ ССР-нің сәйгүліктерін сынау орталығы болған. Бұл жер Қазақстандағы текті тұлпардың көбеюіне көп септігін тигізді.

Атшабардың дамуына үлкен үлес қосқан тұлға – С. Буденный. Буденныйдің арқасында елімізде ат спорты жақсы дамыды. 1958 жылы Буденный Мәскеу қаласында өткен сәйгүлік жарысына әйел спортшыларын қатыстырып, қыз-қуу ойынын сол жарысқа қосты. Қыздар ат жарысының жеңімпазы Алматы облысының тұрғыны, сегізінші сынып оқушысы Райхан Аблахатованы Буденныйдың өзі мараппаттады. Буденный төрт жылдай осындай жарыстарға төрелік етті.

Соғыстан кейін көптеген ат зауыттары жұмыстарын тоқтата бастады. Ал атшабар сәйгүліктерді жаттықтырудан бөлек будандастыруды қолға алды. 1951 жылы Қостанай тұқымды аттарды жаттықтыра бастады. Атшабарға көптеген ат зауыты қосылды, соның ішінде Көкшетау жылқы зауыты, Луговой жылқы зауыты болды. Кейіннен ақалтеке, араб пен таза бәйге аттарының тұқымдарына  сынақтар жүргізіле бастады. Атшабарда жылына 600-дей ат сыналды. Рейтинг бойынша Совет одағы бойынша Алматы атшабары 5-нші орынды иемденді.

Атшабарда өткізілетін көптеген тұлпар жарыстарының арқасында жаттықтырушылар мен жылқы қараушылардың дәрежесі өсіп, мықты мамандар даярланып отырды. Сонымен қоса ипподромда ұлттық ойындар мен жарыстарға көп көңіл бөлді. Мысалы, айына міндетті түрде көкпар мен бәйге ойнатылатын.

Оқыңыз: Бәйге

Алматы атшабарының атын асқақтатқан әйгілі Абсент болды. 1955 жылы атақты сәйгүлік жаттықтырушы Кәрім Әсеновтің қолында жаттықты. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен жарыста Абсентті атақты Сергей Филатов байқап қалып, Мәскеуде алып қалады. Сергей Филатовпен бірге Абсент 1960 жылы Рим қаласында өткен олимпиада чемпионы атанады. 1964 жылы Токиода қоланы, Мехикода күміс алды. Карьерасын аяқтаған соң Қазақстанға ұрық жалғастыруға қайта әкелген. Ол 60-ға жуық құлынның әкесі атанды.

Алматы қаласындағы атшабарда тек жергілікті жарыстар емес, әлемдік деңгейдегі тартыстар өткізетін. 1965 жылы ат спорты ойындарына бүкіл одақтың 15 мемлекетінен ең мықты спортшылар қатысқан. Сол кезде қайта жөндеуден өткен атшабарға 3000 адам сыйғызатын орын мен арғымақтарға арналған бассейн, емхана жасалды. Ал келген қонақтар үшін мейрамханалар мен мейманханалар салынды.

Оқыңыз: Жұлдызды тұлпар 

Жарысқа жалпы көлемі 450 ат спортшысы қатысқан. Үш күннің ішінде ат спортының әр түрлі жарыстары бойынша, жарыстарға қатыса бастады – онда: әдемі жүруден, секіруден,  қазақтардың, орта азиялық және кавказ халықтарының ұлттық ойындары болды.

Араға үш жыл салып, Көктөбенің баурайында тағы да бүкіл советтік арғымақ жарысы өтті. Бұл жолы жарысқа 500 спортшы қатысты. Қазақ ССР тобы жалпы топтық жарыс бойынша екінші орынды иемдене алды. Бұдан ейін төрт жыл сайын қатарынан төрт мәрте біздің қаланың топырағын дүбірлетіп жатты.

Ат спортында алатын орны бөлек Алматы атшабары қазіргі таңда сол кездердегіндей жұлдызды сәтін күтіп отыр. Бірақ, тарих тағылымында өшпес із қалдырған бұл атшабардың болашағы әлі алда деп білеміз. Ұлттық ат спортын дамытуда әр өңірге осындай берері мол, жастарға көрсететін өнегесі бар орталар ашу керек.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?