Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ауған-Чернобыль-Семей

2645
Ауған-Чернобыль-Семей  - e-history.kz
ХХ ғасырда Ауғанстанда 1978 жылдың сәуірінде болған төңкерістің соңы 10 жылдық соғысқа ұласқаны белгілі

КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс тек 1989 жылы аяқталып, 15 ақпанда совет әскері Ауған жерінен шығарылды. Он жылға ұласқан сұрапыл соғысқа мектеп бітірген өрімдей жас жігіттер жіберілді. Осы соғысқа Жаңақорған ауданынан қатысқан 54 азаматтың ішінде Мұхтар Нарымбетов майдан даласында шейіт болып кетті. Совет армиясының Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында мотоатқыштар полкінде қызмет еткен М. Нарымбетовтың ротасы 1980 жылы 29 тамызда Паншер провинциясындағы Базарак қаласы маңында дұшмандардың қоршауына түседі. Мұхтар дұшмандармен болған күш тең емес щайқаста өз қаруластарына бағытталған оққа кеудесін тосып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. М. Нарымбетов осы ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Артынан аңырап анасы, бауырлары қалды. Міне осылай, тарихта ақиқаты ашылмаған соғыста  18 жастағы өрімдей жас боздақ кеңестік саясаттың жазықсыз құрбаны болып кете барды.

Ауған соғысында болған Мұхтар Нарымбетов, Серік Азнабаев, Қуаныш Әбілакимов, Аманкелді Жазыбаев, Береке Едігеев, Алмас Сәрсенбаев, Жұмағали Кенжетөреев, Әбдірашит Әбшенов, Жалғас Мырзахметов, Бектұрсын Ахметов, тағы басқа да интернационалист-жауынгерлер оқ пен оттың, үрей мен үміттің, қайғы мен қасіреттің ортасында жүріп, өз борыштарына адал болды. Қазір ауданда Қ. Әбіләкімовтің төрағалығымен «Жаңақорған аудандық Ауғанстан ардагерлері және патриот жастары» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді.

1986 жылдың 26 сәуіріндегі Украинаның Чернобль атом электр станциясындағы жарылыс апатының зардабын жоюға Чернобыльда орын алған апаттың салдарын жоюға 32 мыңнан астам қазақстандық қатысқан болатын. Оның ішінде Қызылорда облысынан 800-дей, Жаңақорғаннан 24 адам жіберілді. Олар негізінен әскерден қайтып, облыс көлемінде жұмысшы болып еңбек етіп жүргендер еді. Бұған қоса әскерде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жатқан тағы да біраз жерлестеріміз алынды. Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар саны жылдан-жылға азайып келеді. Олардың дені емделуі күрделі радиациялық сәуле алып, 80 пайызы жұмысқа жарамсыз болып, мүгедек атанған. 

Чернобыль апатынан мүгедек болып қалған Еркінбек Ақбаев, Елесбек Бименов, Жұмағазы Ысқақов, Серік Төреқұлов, Бекболат Шоқыбаев, Ерназар Исмайлов, Сәнімхан Сүттібаев, Еркін Исаев, Жәнібек Байтасов, тағы басқа жаңақорғандық азаматтар болды.

ХХ ғасырдағы Семей атом полигонының қазақтың елі мен жеріне тигізген зардаптары аз бола қойған жоқ. Олай дейтініміз, Совет Одағында 670-тей ядролық жарылыс жасалған болса, мұның 95 пайызы Семей атом полигонында өткізіліпті. 1949 жылдың тамызынан бастап сынақ жер үстінде, ауада жүргізіліп келсе, ал 1964-1965 жылдардан бастап қана жерасты шахталарына көшірілген. Ядролық жарылыстар қазақ даласына қасірет бұлты болып төніп, қара жаңбыр болып сіркіреді. Қаншама кемтар сәби дүниеге келді, олардың қаншасы шетінеп кетті. Жан-жануарлар жүздеп-мыңдап қырылды. Осындай азапты көріп отырған халықтың наразылығынан қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысы «Полигон жойылсын!» деген ұранмен дүниеге келді. Қазақстанның  тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев батыл қадамға барып, 1991 жылғы 29 тамызда «Семей полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Мұның өзі қазақ халқының көңіл бұлтын кейін серпіді.

Сол кезеңдерде Семей полигоны маңында тұрған мен қызмет істеген және оқыған 100-ге тарта жаңақорғандық есепке алынды. Бұлардың арасында 50-ге жуығы полигонда қызмет еткендер. Жалпы осы азаматтардың 25-ке жуығы екінші, үшінші топтағы мүгедек боп қалды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?