Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

АҚШ аспай, Түркия тұрақтаған

2120
АҚШ аспай, Түркия тұрақтаған - e-history.kz
Қазақ Еуропаны бүгін ғана бағындырып отырған жоқ. Нақты айтар болсақ, түркі халықтарының Еуропаға көші ұлы Ғұндардан бастау алады

Тарихтан белгілі, түркі тайпалары әрдайым шығыстан батысқа қарай қоныс аударумен болды. Ерте дәуірде яғни б. з. IV ғасырынан бастап ғұндардың бір бөлігі Еділ бойын кесіп өтіп, Еуропа жеріне қарай аяқ басты. Әрі бұл көш екі ғасырдай уақытқа созылды. Ақырында Еуропаның жартысын жаулап, өз билігін орнатты. Ұлы Батыс ғұн империясын құрғанын білеміз. Сол секілді түркілердің дүркін-дүркін көші ұрпақтар бойы жалғасып ХХ ғасырға дейін созылды. Ақырғысы – өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдары Алтайдан ауып Түркияға бет алған қазақтардың көші. Яғни, «Гималай асқан қазақтар» деген атаумен тарихта қалған Түркия қазақтарының бұл көшін шығыстан батысқа қарай бет алған ұлы ғұн көшінің заңды жалғасы деп атауға болады. Яғни, бұл көшті түркі өркениеті тарихындағы атты-түйелі көштің соңғысы болды. Біздің бүгінгі айтпағымыз осы Түркияға қоныс аударған қазақтар жайлы болмақ.

Әрине, қазақтың көші, өркениет жолындағы сапары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Бұл кейін заманауи көшпен жалғасын тапты. Ол, әрине, бөлек әңгіме.

Еупопаға есік ашқан алғашқы ел – Үндістан

Түркияға, яғни Алтайдан Андолыға ауған қазақтардың бұл көші екі кезеңнен тұрады.

Алғашқысы – Елісхан және Зайып батырлардың жетекшілігімен болған 1938 жылғы көш. Ат-түйемен Тибет өтіп, Гималай асып келген бұл қазақтар 1941 жылы Үндістанға келіп пана тапты.

Екінші көш бұдан сәл кейін яғни он жылдан кейін басталды. Нақты айтар болсақ, қытайдағы Мау Зыдұңның төңкерісінен кейін бастау алды. Қалибек әкім, Құсайын Тәйжі, Дәлелхан Жаналтай, Зуқа батырдың ұлы Сұлтаншәріп сынды төрт адамның бастауымен болған ауыр азапқа толы бұл сапар үш-төрт жылдай уақытқа созылды. Бұлар да 1951 жылы Үндістанның Кәшмір қаласына келіп орналасты. Ары қарай Хайдарабатқа бет алды. 

Он адамның тоғызы ажал құшты

Осы уақыттар аралығында Түркияға бет алған қазақтардың жалпы саны әлі нақты емес. Кейбір деректерде 18-48 мың аралығында болғаны айтылады. Өкініштісі сол, Тибеттің қатал табиғаты мен Гималайдың шың-құздары мен шатқалдарынан жол тауып жүре алмай қаншама адам қаза табады. Бір ғана Такламакан шөлінің өзі қаншама адамның өмірін жалмайды. Осының салдарынан Алтайдан 4-5 түмен болып аттанған  қазақ үнді жеріне небары 1852 ғана адам болып жетеді. Үндістанның табиғаты да оңай болып шықпайды. Әр түрлі ішек аурулары мен белгісіз дерттен тағы біраз адам адам қайтыс болған. Жолда ұйғыр секілді сатқындыққа жақын ұлттардың кесірінен өлтірілген арыстар қаншама.

Қазақтар Американың шақыртуынан неге бас тартты?

Бір қызығы, ауыр азап пен қиыншылықпен Үнді елінің Кашмир қаласына барып пана тапқан қазақтарды АҚШ өкілдері келіп, Америка Құрама  Штаттарына алып кетпек болады. Барлығына да баспана, жұмыс береміз деген. Балаларды оқытамыз, қысқасы барлық жағдай жасалады деп кепілдік берілген. Алайда ақсақалдар алқасы ақылдаса келе, АҚШ үкімітенің бұл ұсынысынан толық бас тартады. «Америкаға барсақ, әлбетте тоқ боламыз. Қарнымыз тояр, киіміміз бүтінделер, балаларымыз оқып ержетер. Бірақ рухани аштыққа ұшырайтынымыз анық. Ұрпағымыз дінінен, салт-дәстүрінен ажырап қалады» деп АҚШ өкілдерін кері қайтарған екен.

Қазақтар неге Түркияны таңдады?

Белгілі тарихшы Әбдуақап Қараның айтуынша, Алтайдан ауған қазақтар о бастан-ақ «Түркия» деп жолға шыққан екен. Өйткені, Түркия – бауырлас ел. Әрі мұсылман мемлекет. Алдыңғы толқынмен келген қазақтар ол кезде Үндістанның көбіне мұсылмандар қоныстанған Пәкістан аумағында тұрып жатқан еді. Олар Сұлтаншәріп, Құсайын Тәйжі, Дәлелхан Жанымханұлы, Қалибек Хакімдер бастаған қазақтар көші туралы ақпаратты жергілікті газеттердің бірінде жарияланған ақпараттан оқып біледі. Алайда қанша тырысса да нақты ақпарат ала алмайды.

Сөйтіп жүргенде Хайдарабадта тұратын Ыдырыс атты молладан Кашмир қаласына келген қазақтар туралы толық мазмұнда хат келіп жетеді. Осы хаттың арқасында Пәкістандағы қазақтар мен көш бастап келген басшылар арасында байланыс орнайды. «Пәкістанда Шығыс Түркістан Қазақ босқындар қоғамын құрдық. Түркияға көшудің қамын ойластырып жатырмыз» деп хабарлама жіберіледі.

Көп ұзамай екі тарап Үндістанның Нью Дели қаласындағы Түркия елшілігіне өтініш хаттарын табыстайды. Түркияның сол уақыттағы Басминистрі Мендерестің жетекшілігіндегі ел үкіметі 1952 жылы 13 наурызда арнайы қаулы қабылдайды. Сол қаулы негізінде  Пәкістан және Кашмирдегі қазақ босқындары Түркияға қабылданады. Осылайша екі кезеңде жолға шыққан көш 1950 жылы бір мезгілде Анадолы елінде табысады. Олар алдымен екі жылдай бейімдеу орталығында болады. Тіл үйренеді.

Қазақ – қайда да қазақ

Түркия Үкіметінің ұйғаруы бойынша көшіп келген қазақтар елдің бірнеше өңіріне бытырап орналастырылады. Нигде-Ұлықышлаға 160 үй, Нигде-Ақсарайға  60, Қайсары-Девелиге 75, Қайсары-Яхиялаға 15 шаңырақ орналастырылады.  Қайсары-Жасылхисарға да 25, Кония-Исмилге  60, Кония-Ереглисиге — 15, Маниса-Салихлиға — 180 шаңырақ көшіп барады. Түркияның жағдайында әбден  бейімделген қазақтар 1950 жылдың соңынан бастап Ыстамбұлға шоғырлана бастайды.

Тумысынан ата-кәсіп пен қолөнерге жақын болатын әдетінше көшіп келген қазақтар еш қарап отырмайды. Әйелдер іс тігіп, еркектер тері илеп, қайыс өре бастайды. Мұның арты үлкен кәсіпке ұласып тері шаруашылығын дамытады.

Осылайша аз уақыттың ішінде көшіп барған қазақтардың дені кәсіп иелері болып шыға келеді. Алайда, жергілікті түріктер терінің табысты кәсіп екенін аңғарып, осы салаға бет бұра бастайды. Көп ұзамай көлемі жағынан қазақтардың кәсібін он орайтын тері илеу зауыттары ашылады.

Қазақ кәсіпкерлері банкротқа ұшырайды. Күтпеген жерден жұмыссыз қалу қаупі туындап жастар оқуға, ғылымға бет бұра бастайды. Алды оқу іздеп Еуропаға бет алады. Осының нәтижесінде көшіп барған қазақтардың балалары  әр салада қызметке орналасып,  Еуропаның әр еліне тұрақтап қалады.

 

Бүркіт НҰРАСЫЛ.

Фотосуреттер https://nationalgeographic.kz сайтынан алынды. Авторы: Милтон Дж. Кларк

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?