Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қызыл Жұлдызды қазақтар

3403
Қызыл Жұлдызды қазақтар - e-history.kz
Алпыс жылдан астам уақыт ішінде Қызыл Жұлдыз ордені айтарлықтай өзгере қоймаған. Жалпы бұл орден 3 876 742 рет, орташа есеппен жылына 64 мың рет берілген

1930 жылдың 6 сәуірі ОАК Президиумы жаңа Қызыл Жұлдыз орденін тағайындау туралы қаулы етеді. Бір ай өтер-өтпестен, 5 мамырда, оның жарғысы қабылданады. Орден ешқашан сыртқы түрін өзгертпегеніне қарамастан, ССРО ОАК мен ХКК Орден туралы туралы ережелерге бірнеше рет өзгерістер мен нақтылаулар енгізген. Осылайша, орденнің негізгі ережелері алты рет қабылданған, соңғы редакциясы ССРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1980 жылғы 28 наурызда ғана бекітілген.

Орденді жасауға бастама жасағандардың бастапқы ойы бойынша бұл награда соғыс және бейбіт уақытта ССРО-ны қорғау ісіндегі еңбегі және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін берілу керек болған. Қызыл Жұлдыз ордені әскери қызметшілерге, ССРО МҚК қызметкерлеріне, әскери құрылымдарға, басқа да кәсіпорындар мен ұйымдарға берілген. Алайда, ұрыстық іс-қимылдарға тікелей қатыспаған азаматтардың да осы орденмен марапаттау жайттары  болған. Мысалы, орталық госпитальдің бастығы П. Мадрыка «орталық госпитальдегі емдеу ісін көрнекті ұйымдастырудағы және хирургиялық емдеу ісіндегі ерен еңбегі үшін» марапатталған, тіпті ұрыс даласына мүлде қатысы жоқ Алтын өнеркәсібі Бас Басқармасының бастығы, А.Серебровский «1934 жылғы өндірістік бағдарламаны асыра орындағаны үшін» марапатталған.

Орден жарғысы

Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады:

Совет әскерлерінің табысына септігін тигізген ұрыстық іс-қимылдарды шебер басқарғаны және ұрыс кезіндегі өзінің жеке батылдығы мен ерлігі үшін;

Қарсыласқа айтарлықтай залал келтірген әскери бөлімдердің және құрамалардың сәтті жауынгерлік іс-қимылдары үшін;

Мемлекеттік қауіпсіздікті және ССРО-ның мемлекеттік шекарасына қолсұғылмаушылықты қамтамасыз еткені үшін;

Өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда әскери немесе қызметтік парызын орындау кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін;

Бейбіт уақытта қолбасшылық қойған арнайы тапсырмаларды үлгілі орындағаны және басқа да ерліктері үшін;

Әскерлерді жоғары жауынгерлік дайындықта ұстағаны, жауынгерлік және саяси дайындықтағы жоғары көрсеткіштері,

Жаңа әскери техниканы игеру және ССРО-ның қорғаныс қуатын нығайтудағы басқа да еңбектері үшін;

Әскери ғылым мен техниканы дамытудағы, ССРО Қарулы Күштері үшін кадрларды дайындаудағы еңбегі үшін;

Социалистік достастық мемлекеттерінің қорғаныс қабілеттілігін нығайтудағы еңбегі үшін.

Төрт миллионға жуық орденнің көпшілігі Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде табысталған. 1941 жылғы маусымға дейін Қызыл Жұлдыз ордені 21 500 рет берілген, оның 2000 жуығы Хасан өзені бойындағы совет-жапон қақтығыстарының қатысушыларына берілген.

Фашистік Германиямен болған соғыс кезінде советтік әскери қызметшілердің түгелге дерлігіне осы орден берілген. Соғыс бітердің аз алдында, 1944 жылғы 4 маусымда, ОАК Қызыл Армия, Әскери-Теңіз Флотында, ішкі істер және мемлекет қауіпсіздігі органдарында қызмет еткеніне 15 жыл толғандарды Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттау туралы шешім қабылдайды. Бұл шешім награда мәртебесіне қатты әсер еткендіктен, 1957 жылғы 14 қыркүйекте шешім күшін жояды.

Қызыл Жұлдыз орденінің ең алғашқы кавалері Василий Блюхер болған. Орден пайда болған сәттен бастап, ол оң жақ кеудеге тағылған, егер марапатталушының басқа да наградалары болса, онда орден ІІ дәрежелі Отан соғысы орденінен кейін тағылған, ал орден жарғысы өзгеруіне байланысты 1943 жылғы маусымнан бастап кавалерлер оны оң жағында тағып жүрген.  Соғыс біткеннен кейін орденді жергілікті әскери қақтығыстар барысындағы ерлігі үшін берген. Орденмен ауыр жарақат пен ауыр контузия алған әскери қызметшілер де марапатталған.

Қызыл Жұлдыз ордені қызыл эмальмен боялған бесбұрышты жұлдыз пішіндес. Жұлдыздың ортасында -шинель мен мәуіті бас киім киіп, қолына винтовка ұстаған қызыл әскердің суреті бейнеленген қалқан. Қалқанның жиегінде «Пролетарии всех стран, соединяйтесь!» деген, ал төменгі жағында «СССР» жазуы жазылған. Орденнің төменгі жағында ССРО-ның тағы бір символы – орақ пен балға салынған. Орденнің барлық суреттері мен жиектері тотықтырылған.

Қызыл Жұлдыз ордені мен оның арғы беті  

Орден радиусі 2,7 см, шеткі төбелерінің арақашықтығы 5 см. Орден негізінен күмістен жасалған, салмағы әдетте, 31,63 грамман 33,25 граммға дейін, ал күмістің салмағы 25,77 грамман 27,16 граммға дейін болған.

Әскери ұшқыштар полковник Филипп Оноприенко мен полковник Петр Панченко, подполковник Василий Силантьев пен генерал-майор Николай Ситцевой – Қызыл Жұлдыз орденінің алты мәрте иегерлері.  Қызыл жұлдыз орденімен ең соңғы рет 1991 жылғы 24 желтоқсанда мичман В.Л. Разумович марапатталған.

Қазақтар да Қызыл Жұлдыз орденінің кавалерлері болған. Олардың көпшілігі Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен Ауғанстанда интернационалдық парызын орындағандар. Орденмен марапатталып, кейін мәдениет пен өнерде өз орнын алған тұлғалар да баршылық. Бұлар, прозаик әрі Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы Қалқаман Әбдіқадыров (суретте – сол жақта), «Майданбек» пацифистік поэмасының авторы, совет-жапон соғысы қатысушысы Дихан Әбілев, ақын Сапарғали Әлімбетов, ҚазССР халық әртісі Айсұлу Байқадамова, тұңғыш қазақ киноактері әрі кинорежиссер Хакім Дәулетбеков, жазушылар Жекен Жұмағұлов пен Қалмұқан Исабаев, журналист Өтебай Қанахин және көптеген басқалары.

Орден иегерлерінің көпшілігі кейін ғалым ретінде елге танымал болды. Олар: филология ғылымдарының докторы Ысқақ Дүйсенбаев, геология-минерология ғылымдарының докторы Айтмұхамед Абдулин, экономист ғалым Түймебай Әшімбаев, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның дерматомикологтар ғылыми мектебінің негізін қалаушы Оңғарбек Бердібаев, Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін бітірген алғашқы қазақ, математик Асқар Закарин (суретте – төменде) және қазақ анатомы, ҚазССР Денсаулық сақтау министрі Сибуғатолла Қарынбаев.

Орденмен марапатталып, кейін облыстарда және партияда басшылық лауазымдар атқарғандар: ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы  Әбдіғали Әмриев, Маңғышлақ обкомының бірінші хатшысы Тұтқабай Әшімбаев, Жамбыл обкомының бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов, Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Айтбек Бердалин, Көкшетау облыстық кеңесі төрағасы Елемес Ергебеков, Қазақ республикалық мұнайшылар кәсіподағының республикалық комитетінің төрағасы Жетпісбай Есенжанов, ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Саттар Имашев және ҚазССР Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев. Әскери еңбегі үшін Жаппархан Асайынов, Талғат Бигелдинов, Әлімбай Аманбаев, Бұлтұр Аманов, Серікқазы Бекбосынов, Малкаждар Бөкенбаев, Курск шайқасына қатысушы Әбу Досмұхамедов, Сталинградты азат еткендердің бірі Баян Жанғалов, жапондармен соғысқа қатысқан Нәжметдин Жұмажанов, Брестті қорғаушы Ғаббас Жұматов, Моңғолия авиация генерал-майоры, қазақ Хамза Зайсанов, Брянск операциясына қатысушы Әйткеш Ыбыраев және көптеген басқа адамдар Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?