Нұрмұхамед ӘБДІБЕКОВ, Қарағанды облысының әкімі:
«Бүгінгі Ұлт бесігі атанған – Ұлытау өңірінде Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Едіге, Кетбұға тағы басқа ұлылар жатыр. Осы есімдер секілді бүгінгі ашылғалы отырған «Бұланты шайқасы» ескерткіші елдігіміздің, ерлігіміздің куәсі болмақшы. Бұл туралы өткен жылы Елбасымыз Ұлытау төріндегі сұхбатында айтқан. Ендеше елім деп жұлқынған, ерім деп бұлқынған, жүрегі түкті, білегі мықты батыр бабаларымыздың ерлігі мәңгі жасасын. Ұлытау ұлттың бесігі, Бұланты жеңіс есігі, Тарихта мәңгі жазылар, Хас батырлар есімі, – дей келе ата-бабаларымызға арман болған азаттығымыз баянды, мемлекетіміз мәңгі болсын, ағайын».
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы-ғалым, профессор:
«Орыс тарихшылары қазір екіге бөлініп жатыр. Соның Р. Почекаев бастатқан бір парасы «Алтын Орданың соңғы тәуелсіз хандығы және бірден-бір мұрагері – Қазақ хандығы» деп тұжырым жасады. Біз осы 550 жылдықты өткізу шарасында «Алтын Орданың заңды мұрагері – Қазақ хандығы» деген тұжырымды толық бекітіп алсақ, бізбен дүние жүзіндегі кез келген адам санасады».
Жүрсін ЕРМАН, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, ақын, журналист:
«Осы маңайдан соғысқа қатысқан батырлардың ұрпақтары, осы маңда өмір сүріп жатқан еңбекші халық ата-бабаларына ескерткіш қойып, атын жазып, арнау сөздерін айтып, қуанышқа бөлеп жатыр. Бұл олар үшін қажет емес, жалпы қазақ халқы үшін қажет. Бірігуіміз үшін, ұлт болып ұйысуымыз үшін, тату-тәтті ымыралы өмір сүруіміз үшін өткен тарихымызды еске алу керек...»
Мәди АРТЫҒАЛИЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
«Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы республика көлемінде тойланып келе жатыр. Енді міне, кешегі қазақтың ұлы хандарының киелі орны Ұлытау осы мерейтой қарсаңында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып отыр. Жалпы қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту туралы Елбасымыз былтыр «Ұлытау төріндегі сұқбатында» айтқан болатын. Сондықтан Ұлытау бірінші болып қазақ хандығын тойлауды бастады. Одан әрі Астана мен Таразда ұлт тойының жалғасы табылады деп ойлаймын».
Темірғали АРШАБЕКОВ, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры орынбасары, археолог, ғалым:
«Ұлт ұясы – Ұлытаудағы» Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда өзекті де келелі мәселелер көтерілді. Ең бірінші Ұлытау өңірінің сонау қола дәуірі кезеңгі тарихынан бастап, былтырғы Елбасы сұқбатына дейінгі тарихтың мәселелері қозғалды. Екінші қазақ хандары Қасым хан, Хақназар, Кенесары хандардың осы Ұлытау өңіріне қатысы бар екендігі айтылды. Өз басым осы ғылыми-практикалық конференцияда «Қазақ хандығы дәуіріндегі Ұлытау өңірі» атты баяндамамды оқыдым. Онда Қытай, Араб, Парсы жазбаларындағы Ұлытау өңіріне қатысты деректерді айтып өттім. Шоқан Уәлиханов, Қ. Жалайыри, Орыс зерттеушілерінің еңбектерінде кездесетін Ұлытауға қатысты мәселелерде кеңінен талқыланды».
Арман БЕЙСЕНОВ, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог:
«Еуро талап дейді, әлемдік стандарт дейді, демек ескерткіштердің өзі осы талапқа дайын болуы керек. Оны ЮНЕСКО бекіткен. Ол шарт бойынша ескерткіштердің маңайы қоршалған, үш тілде жазулары міндетті көрсетіліп, аздағана ақпарат дерек көрсетулері керек. Ол ескерткіштерді таныстыратын гидтердің өзі үш тілді біліп, тарихи білім түсінігі болуы керек. Екінші талабы – инфрақұрылым, әрине. Осы мәселелерді қолға алар болсақ, Ұлытаудағы ескерткіштерге мыңдаған туристерді тартуға болады».
Төлеген ЖАМАНОВ, айтыскер ақын:
«Тәуелсіздік алған жылдардан кейін Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық ахуалы рухани жағдаяттарымызды түгендейтіндей жағдай да болған жоқ. Десе де қазір бізге, яғни биыл «Қазақ хандығының 550 жылдығын» тойлауымыздың бірнеше факторлары бар.
Бірінші тәруелсіздіктен кейінгі қазақ даласындағы кіріп жатқан «қарусыз майдан» деп әдебиетшілер айтқандай немесе жаһандану деген мәселелердегі ұсақ ұлттардың, ұлыстардың рухани дүниесін сіңірілуі, жойылуы деген үлкен толқын келе жатыр. Осы толқынға қарама-қарсы тұру үшін кез келген мемлекет осы жердің егесі екенін көрсету үшін бір ғана нәрсеге сүйенеді – ол ертеден келе жатқан тарихына. Яғни тамырын іздейді.
Екінші сыртқы мемлекеттердің әр түрлі азаматтарының қазақ даласында қазақ мемлекеттілігі болған жоқ деген әр түрлі әңгімелері бар, соларда осыған тікелей ықпалы болуы да мүмкін».
Бағдад БАЙЖАНТАЕВ, Жезқазған қалалық мұрағатының директоры, ақын:
«Біз Бұланты шайқасы дегенде екі өзеннің атауы төңірегінде қалып қойдық. Яғни екі өзеннің бойында екі жақта тұрып соғысқан соғыс емес, Бұланты мен Білеуті өзенінің кең жазығында болған соғыс. Қазақ тарихына қатысты шежірелердің, ауызша деректердің барлығында осы Бұланты мен Білеуті жазығында 40 000 адам қатысқан ұлы майдан болған дейді. Екінші майдан Шұбартеңізде болған. Қазақ мемлекетінің ел болып сақталып қалуы, тәуелсіздіке жетуі, бабаларымыздың тәуелсіздікке ұмтылған, рух болып бұлқынған орны – Бұланты екенін айқындауымыз керек. Сондықтан тәуелсіздігіміздің бастауынан осы тұстан қарау керек деп ойлаймын».
Шахибаден СЕЙІТКЕНОВ, мүсінші:
«Бұланты ауыл аймағынан «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы өтіп жатыр. Сол теміржолдың бойында жаңадан станция бас көтерді. Сол станцияны Бұланты деп атаса өте бір тамаша болар еді».
Дайындаған Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ