Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы конституциялық құрылыстың тарихынан 10 дерек

5018
Қазақстандағы конституциялық құрылыстың тарихынан 10 дерек - e-history.kz
2015 жылы қазақстандықтар еліміздің тарихында маңызды орын алған бірнеше мерейтойларды атап өтеді. Олардың ішінде ҚР Конституциясының 20 жылдығы да бар.

Еліміздің Конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні республикалық референдумда қабылданып, сол жылдың 5 қаркүйегінде күшіне енгені белгілі. 

Алайда, Қазақстанның конституциялық тарихы қазіргі мемлекетіміздің пайда болуына дейін басталған болатын. Бүгінде назарларыңызға Конституциямыздың қалыптасу тарихынан бірнеше қызықты дерек ұсынып отырмыз. 

1. Қазақ хандығы тұсында алғашқы заңдардың жинақтары қабылданған 

Қазақ хандығының тарихында далалық заңдардың жинақтары үш рет әзірленген. XVI ғасырдың басында, Қасым хан тұсында «Қасым ханның қасқа жолы» қабылданған. Есім хан осы заңды негізге ала отырып, толықтырулар енгізіп, «Есім ханның ескі жолы» деп аталған құжатты бекіткен. Ал Тәуке хан «Жеті жарғы» заңдар жинағының пайда болуына зор үлес қосқан.  

2. Ресей империясының құрамындағы Қазақстанның өз Конституциясы болмаған 

Патшалық Ресейде де негізгі заң жоқ еді. Мемлекет Ресей империясының заңдар жинағының және патша үкіметі қабылдаған акт-реформалардың (басыбайлылық құқықты жою, сот реформалары, т.б.) негізінде өз жұмысын жүзеге асырған. 

3. 1911 жылы алқашқы қазақ конституциясының жобасы әзірленді 

1911 жылы көрнекті қоғам қайраткері Барлыбек Сыртанов «Қазақ елінің уставы» деп аталған құжаттың жобасын әзірледі. «Қазақ елінің уставы» құжатының негізгі идеясы – дербес ұлттық егемен мемлекетті қалыптастыру. Бұл Конституцияның қабылданбағаны айтпаса да белгілі. 

4. «Алаш» партиясының бағдарламасына кейбір конституциялық міндеттемелер енді 

1917 жылғы 21 қарашада «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының бағдарламасын жарыққа шығарды. Құжаттың құрылымы өз заманындағы көптеген еуропалық мемлекеттердің конституцияларына сәйкес келді. Жаңа құжатта озық идеялар көрініс тапты: Ресейдің федерациялық құрылымы, ұлттық автономиялардың құрылуы, мемлекет билігінің үш тармаққа бөліну принципі, сайлаудың жалпыхалықтық сипаты, т.б. 

 5. Советтік Қазақстанның тұңғыш Конституциясы бекітілмеген 

1924 жылы Қазақ АСКР-ның (Қазақ Автономиялы Социалистік Совет Республикасының) Конституциясының жобасы жергілікті деңгейде қабылданып, 1926 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетіне бекіту үшін жіберілген. БОАК-інде құжат қарастырылмаған, бірақ автономиялы республиканың барлық органдары бұл конституцияны басшылыққа алып отырды.

6. ССРО кезінде Қазақстанда екі Конституция қабылданды 

Бірінші Конституция 1937 жылғы 20 наурызда қабылданды. Бұл құжат бойынша Совет Одағының құрамында Қазақ ССР құрылды. Екінші Конституция 1978 жылдың 20 сәуірінде бекітілді. Болашақта ол 1993 жылғы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасын әзірлеуге негіз болды. 

7. Бір жыл бойы Тәуелсіз Қазақстанда өз конституциясы болмаған 

1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды. Бұл уақытта 1978 жылғы Конституцияның нормаларының және басқа заңнамалық актілердің заңдық күші жойылмаған. 

Алайда Конституциялық Заң мемлекеттің егемендігі жариялануға байланысты ел өміріндегі қоғамдық-саяси өзгерістерді бекітті. Бұл Заңның нормалары Қазақ ССР-ның негізгі заңындағы нормалардан жоғары тұрды. Сондықтан да көптеген құқықтанушылар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңын Қазақстанның «мерзімдік конституцисы» деп атайды.

8. Қазіргі Конституцияны әзірлеу кезінде Президент Н. Назарбаев әртүрлі елдердің 20 шақты заңын қарастырып зерттеді 

Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында бекітілген. Конституцияны әзірлеу кезінде Президент Н. Назарбаев конституцияны құру саласындағы шет елдердің тәжірибесін зерттеді. Нәтижесінде 1995 жылғы Конституция мемлекеттік билікті ұйымдастыру және бөлу саласындағы АҚШ-ның тәжірибесін пайдаланды. Тұлғаның құқықтық мәртебесі туралы айтқанда, негізгі заңымыз француздық Конституцияға жақын.

9. Конституциялық Кеңестер тек Қазақстанда және Францияда бар 

Қазақстан тұңғыш Конституциясын қабылдағанымен, конституциялық бақылауды (нормативтік актілер, халықаралық келісімдердің Негізгі Заңға сәйкес келуін тексеру) жүргізу қажеттілігі пайда болды. Басында Қазақстанда бұл қызметті Конституциялық Сот (1992 жылдың маусымы — 1995 жылдың қазаны) атқарды. ҚР Конституциялық Кеңесін құру шешімі 1995 жылғы 29 желтоқсанда қабылданды. Конституциялық Кеңестер тек Қазақстанда және Францияда бар.

10. Қазіргі Конституцияға толықтырулар үш рет енгізілді 

ҚР қазіргі Конституциясына толықтыруларды енгізу үшін тиісті заңдар 1998 жылғы 7 қазанда, 2007 жылғы 21 мамырда, 2011 жылғы 2 ақпанда қабылданды. 

Инна Кузьменко

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?