Торғай төрткүл өлкесінің қазіргі Қостанай облысы аумағындағы палеолиттегі алғашқы адам іздері ежелгі есерткіш орындары: Матосов-4 – Арқалық ауданында; Желқуар-2 – Жітіғара ауданында; Саз 1 – Таран ауданында сақталғанын біздің ғалымдарымыз дәлелдеп отыр (14,27). Оның ішінде Терісаққан өзенінің жағасындағы, кішкентай: ауданы 40×60 м ежелгі адамдар тұрағынан палеолиттік кейіптегі 11 зат табылған. Желқуар өзенінің ескі арнасының тұбінен табылған, кішкене ауданға орналасқан ежелгі адамдар тұрағынан: пластина, жапсырмалар, кремнийдің, нуклеустердің сынықтары табылған. Олар негізінен қошқыл және ақ халцедонолиттен, ішінара көмір қара микрокварциттен жасалған. Саз көлінен 300 м оңтүстіктегі ежелгі адамдар тұрағы болған 80×60 м тақырдан: шала дайындалған салмақты нуклеустер; олардың сынықтары, жаңқалары; олардан жасалған пластиналар және құралдар; өңделмеген жапсырмалар табылған.
Тас дәуіріне байланысты, тағы бір топ мәдени ескерткіштер Торғай геоглифтері белгілі болып отыр. Осы мәселемен айналысушы ғалымдардың алғашқы (2012 жылғы) жобалауынша, олардың тұрғызылғанына: бір деректе 10-12 мың жылдан асқан, басқа деректе Маханджар мәдениетімен шамалас – б.з.д. 9-6 мың жылдары тұрғызылған делінеді. Біздің ойымызша, бұл белгі-символдардың дүние жүзіне таралу тарихи іздері бойынша, оларды Оңтүстік Оралдағы үңгірлік бейнелеу өнері мен қасиетті орындар орталығымен қатар, ежелгі Торғай даласындағы Атбасар мәдениеті тұрғындары жоғарғы палеолитте – б.з.д. 14-10 мыңыншы жылдары өмірге әкелген. Оларды ең алғашқы рет 2007 жылы, космостық «Google Earth» түсірілімдері арқылы байқаған, зерттеуші қостанайлық Дмитрий Дей деген азамат тапқан объектілеріне Торғай геоглифтері деген ат берген. 2013 жылдың аяғына дейін біраз жаңа геоглифтер және тағы да басқа ежелгі заман мәдениетіне жататын объектілер тапқанын хабарлайды.
Торғай өлкесі туралы материалдармен танысу барысында Торғай геоглифтері туралы хабарды мен алғаш рет 2010 жылдың көктемінде көріп, бұл материал өзім зерттеп жүрген Торғай бұғазы, Торғай төрткүл өлкесі тархына тікелей қатысы барын түсініп, онымен өз бетімше айналыса бастадым: мақалада аттары аталған объектілердің және оларға ұқсас тағы басқа да объектілерді таптым; кординаттарын, тұрған орнын, көлемдерін анықтадым, картаға түсірдім, фотоларын жасадым. Осы қасиеттілік белгі-символдарына байланысты дүние жүзілік басқа материалдармен таныстым. Солардың негізінде Торғай геоглифтері суреттерін, олар туралы деректерді осында пайдаланып отырмын.
Торғай геоглифтеріне көңіл бөлуіме олардың археологиялық ескерткіштер болуымен қатар, олардың біздің ежелгі замандағы бабаларымыздың қазақтың қасиетті Торғай төрткүл өлкесінде өздерінің өмірлік наным-сенімдерінде өмірге келтіріп пайдаланған, осы топырақтан дүниенің төрт бұрышына бастау алған, сол кезден бастап, осы күнге дейін дүние жүзіндегі көптеген халықтардың пайдаланып отырған қасиеттіліктің белгісі – символдары болуында.
Ғылым тілінде геоглиф деп жер бетінде салынған, тұрғызылған геометриялық немесе басқа да ұзындығы төрт метрден кем емес өрнекті фигураларды айтады.
Үштоғай квадраты
Ғарыштан свастиканың; үлкенді-кішілі, тең жақты крестердің; бұрыштары диагоналдармен қосылған квадраттың, төрт бұрышты квадраттың; дөңгелектердің суреттері кәдімгі Египет пирамидалары сияқты айқын көрінеді, тек қана олардан өздерінің алып жатан ауданының әлдеқайда үлкендігімен ерекшеленеді.
Үштоғай квадраты (төрттаған) – Үштоғай кентінің шығысында 15 шақырым, Амантоғайдың солтүстік батысында 49 шақырым, Степняк ауылынан 17 шақырым, Державинскінің оңтүстік-батысында 76 шақырым қашықтықта, Сарыөзен өзенінің солтүстік жағасындағы, жан-жағынан тілімделген биік шыңның үстіне салынған. Координаты – солтүстік бойлықтың 50̊ 49̍ 977̎, шығыс ендіктің 65̊ 19̍ 79̎.
Квадраттың төрт қабырғасы мен диагоналдары, әрқайысының диаметрі 10 метрлік, 101 төмпешік үйінді-төбелерден тұрады. Бұл тек құрылыс астында тұрған ауданның ғана 1010 шаршы метрді алып жатқанын білдіреді. Квадраттың бір қабырғасының ұзындығы – 287 м, диагоналы 400 м, сонда квадраттың қабырғалары мен диагоналдарының жалпы ұзындығы 1948 метрге, яғни 2 шақырымға тең болады. Әлемге әйгілі Хеопс квадратының қабырғалары ұзындығынан (230 м) әлдеқайда асып түсетіні көрініп тұр.
Ғалымдардың түсінігінде мұндай квадрат, төртбұрыштар ежелгі шумер, Арқайым-Сынтасты, андроновтықтардың көп қолданған символдарына жатады, оның мәні дүние жүзінің құрылымын, жарық дүниенің төрт жағын, қазақша айтқанда, төрткүл дүниені бейнелейді.
Торғай свастикасы
Торғай свастикасы Амангелдіден шығыста 14 шақырым, Ұлытаудан басын алып батысқа қарай ағатын Қараторғай өзенінің солтүстігіндегі биік шың басында орналасқан. Координаты: 50̊ 06 ̍ 164̎ С – 65̊ 21̍ 690̎ Ш. Свастика үш тармақты, сыртқы имекті үш айшықтың жалпы ұзындығы (74+65+86) — 225 метр, ені орташа 6 метр (5,6,7 м). Ішкі үш тармақтың орталығынан ұзындықтары 32+35+32 метрден, жалпы 99 метр. Сонда оның жалпы ұзындығы 324 м, ені шетінде 6 м, ортасында 10 метрлік, орташа 8 метр, топырақ үйінділерінен жасалған. Сонда құрылыс астындағы аудан (225×6 = 1350) + (99×8 = 792) = 2142 шаршы м-ге тең болады. Бұл бейненің алғашқы жасалғанынан бері талай мыңдаған жыл өтті, бізге жеткені тек жұрнағы ғана, соның өзінде бұл өте үлкен және күрделі ғимаратты тұрғызуға қыруар есеп пен мол күш-қайрат қажет болғанын мамандар жақсы түсінеді.
Свастика белгісі дүние жүзіне, ғалымдардың айтуынша, жоғарғы палеолитте бірен-саран, мезолит неолиттен бастап көптеп тараған. Оның мағынасын да әр жерде әр түрлі түсіндіреді. Осы көп мағыналардың ішінде индуизм, буддизм және джайнизмде сватиканы қасиетті объектілермен байланыстырады. Мысалы, индуизмде сватика белгісімен қасиетті кітаптың, қасиетті есіктің, қасиетті жер межесі – шекарасының басы (бастауы) белгіленетін болған. Индуизм негізін осы Торғай даласынан барған Тәңір (Тенгрианство) дінінен алады дейді. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің ежелгі дәуірдегі бабаларымыз алғаш рет және соңғы рет, жер бетіндегі свасиканың алып белгісін – Жердегі ең қасиетті жерлердің бастауы осы деп, Торғай бұғазының оңтүстік шығыс жағалауын көмкеріп тұрған Ұлытаудың бөктерінде, Торғай өзенінің жағасында Торғай свастикасын тұрғызған деген тоқтамға келуге болады.
Торғай свастикасынан 500 метр жерде Үрпек атты ауылдың бұрынғы орнының іздері байқалады. Одан батысқа қарай 3 шақырымдай жерде біраз жерді алып жатқан Үрпектің қазіргі үйлері мен көшелері бой түзеген. Екі ауылдың төңірегінде және де Торғай свастикасының солтүстік шығысында 4 шақырым жерде Байдәулет ауылы бар, осылардың айналасында көптеген ескі қорымдар, әр түрлі басқа да ежелгі мәдениетке жатуы мүмкін квадрат, дөнгелек, обалардың сұлбалары көрінеді, бірақ космостан тура не екенін айыру қиын. Калай болғанда да Үрпек ауылының маңайы қашаннан ата-бабаларымыздың тұрағы болғанынан хабар береді.
Үрпек кресті
Торғай свастикасының солтүстік шығысында 29 шақырым қашықтықта, Қараторғай өзенінің қарсы бетінде біз «Үрпек кресті» деп атаған ежелгі адамдар ескерткіші орналасқан. Ол — барлығы 20 үйінді төбеден тұратын крест бейнесі. Әрбір төбенің диаметрі шамамен 12 метрден. Кресттің тура солтүстігінде 350 метр жерде 2 оба-төбешік көрінеді, диаметрлері 18 м және 23 метрден бұрын үлкен обалар болуы мүмкін.
Шилі квадраты, үйінді қорғаны және бес дөңгелек жал қорған ескерткіштері – Шилі ауылының солтүстік батысында, шамамен 5,9 шақырым жерде орналасқан, координаты: 50̊ 01̍ 677̎ С – 66̊ 00̍ 030̎ Ш. Квадрат тұтас үйінді жалдан (вал) тұрғызылған, сырты ормен қоршалған. Квадраттың бір қабырғасының ұзындығы шамамен 225 м, ені 10-12 м, биіктігі 1-1,5 м, ордың ені 10-12 м, тереңдігі 1 м-ге дейін. Квадрат жалдың периметрінің ұзындығы 900 метр, оны орташа еніне 11 метрге көбейтіп, негізгі құрылыс астында тұрған 9900 шаршы м алып жұмыс алаңын елестетуге болады. Оңтүстік жағында ормен қоршалған жал – қамал тәрізді ғимаратқа кіретін жер – қақпаның орны секілді тегіс орын қалдырылған.
Квадраттан оңтүстікке қарай, жүз метр жерде, жазық шыңда үйінді қорған бар. Ол үйінді жерден тұрғызылған, үйіндінің диаметрі 30 м, биіктігі 1,5 м. Оны жағалай ені шамамен 10 м, тереңдігі 0,8 м ор қазылған. Жұмыс ауданы – 1256 шаршы метр.
Шилі квадраты
Зерттеушілердің айтуынша, квадраттың ішіндегі алаңның жоғарғы жағы тегіс, көзбен қарағанда ешқандай іздер немесе құрылымдар байқалмайды, ал солтүстік-батыс жағында жинақталған керамикалар бар, кейбір фрагменттер алаңның қалған бөліктерінде де кездеседі.
Квадраттың солтүстігінде, ол да тура 100 метр жерде, квадратпен параллель жазық шың алаңда бес дөңгелек жал – қорған салынған. Суретте дөңгелек-сақиналар өте көмескі болғасын, олардың суретін жеке шығардық. Дөңгелектердің ішкі диаметрлері 30-35 метрден, дөңгелек-сақиналардағы жалдың қалыңдығы-ені – 4-5 м, биіктігі 0,2-0,3 метрден, барлығы бес дөңгелек-сақина жал тұрғызу үшін 875 шаршы м құрылыс ауданында жұмыс орындалған.
Ежелгі қорым
Ежелгі қорым – квадрат пен бес сақина-дөңгелек тұрған шыңның оңтүстік-шығысындағы, жалғас келесі шыңның төбесінде, 1,8 шақырым жерде орналасқан. Координаты: 50º 00̍ 905̎̎ С – 66º 00̍̍ 906̎̎ Ш. Қазіргі Шилі ауылы шығысында 4,5 шақырым қашықтықта. Қорымда ғарыштан байқалатынының өзі үлкенді-кішілі бірнеше жүздің үстінде қабір-төмпешіктер анық көрінеді. Әрбір бейітті қоршаған орамдарының диаметрі: үлкендерінде 5 метр, кішіректерінде 4 метрден. Арасында 10 шақты, диаметрі 7-8 метрлік үлкен қоршаумен қоршаған бейіттер де бар. Ішінде жаңадан, кейінде салған болуы да мүмкін ұзындығы 7 м, ені 3 м, кесектен тұрғызылған, бейіттердің солтүстіктегі орта тұсында, жалғыз там бар, қабір қазылғанға ұқсайды, өйткені тамның ортасында үңгір көрінеді.
Ащытасты кресті Ащытасты өзенінің солтүстікке екі жағынан иілген тұсының ортасындағы биік шың мүйістің үстіне тұрғызылған үлкен құрылыс алаңында орналасқан. Координаты: 50̎ 13̍ 664̎ С – 66º 17̍ 577̎ Ш. Крестің нақ ортасындағы қорған-төбеден тұп-тура солтүстікке, оңтүстікке, батысқа, шығысқа, әр жағына он-оннан, барлығы: 40+ ортасында 1 = 41 дөңгелек қорған-төбелерден тұрғызылған. Крестің сол жағындағы төбешіктердің ұшындағы 3 төбе жермен тегістеліп кеткен, тек ғарыштан қарағанда олардың нобайын ғана байқауға болады. Әр қорған-төбе диаметрі 15 метрден, сонда құрылыс астының жалпы ауданы 615 шаршы м-ге тең болады. Жалпы ұзындығы 882 метр. Крестің ұштарының ара қашықтығы 280 метрден, сонда крестің жалпы тұрған ауданы 78400 шаршы метрге тең.
Ащытасты кресті
Крестің ең ортасындағы қорған-төбенің үстінде сырт қабырғасы 5,5 метрлік төртбұрышты квадрат жал тұрғызылған. Квадраттың төрт қабырғасының ішкі жағынан ор қазылған және де олар тағы да қарама қарсы қабырғалары ортасынан бір біріне ор арқылы қосылып, квадрат төртке бөлінген. Басқа қорған-төбелерде бұл байқалмайды. Оңтүстікке кететін тармағының, нақ ортадағы қорған-төбеден кейінгі төбесінің үстіңгі ортасынан біреулердің қазғаны, одан пайда болған ойыс, диаметрі – 5 метр, анық көрінеді.
Рахмет дөңгелек-сақиналары Ұлытаудан бастау алатын Жыланшық өзенінің солтүстік жағасындағы биік шың мүйістің үстінде орналасқан. Рахмет ауылының оңтүстік-шығысында – 4,8 шақырым қашықтықта. Координаты 49̊ 15̍̍ 014̎ С – 65̎ 19̍ 859̎ Ш. Ең алдымен анық байқалатын объекті — оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай қатар орналасқан 4 дөңгелек-сақина: диаметрлері 17 метрден, сақинаның қалындығы 7,5 метрден. Екі шеткі сақина дөңгелек түрінде тұрғызылған. Ортасындағы шығыс жағындағы екінші дөңгелектің батыс жағынан ара қашықтықтары – 10 метр, бір-біріне параллель, солтүстік-батысқа, тура үшінші сақина дөңгелекке қарай ұзындығы 25 метрден екі жал – ұзын-ұзын үйінді қабырғалар тұрғызылған.
Рахмет дөңгелек-сақиналары
Ортасындағы үшінші дөңгелек сақинаның шығыс жағында ұзындығы 10 метр ашық қалдырылған, сақина бір-біріне қосылмаған. Яғни ортадағы екі сақинаның ішкі жақтары бір-біріне қарама-қарсы 10 метрден қосылмаған, тек екіншісіне параллельно екі-жал қабырға жалғастырылған, олардың аралары да 10 метрден, бірақ үшіншіге жетпеген, аралары 20 м ашық қалған.
Ақшығанақ кресті Қостанайдың Жангелдин ауданындағы Ақшығанақ ауылының солтүстігінде 1 шақырым жерде орналасқан. Координаты: 49ᵒ 18̍ 174̎̎ С – 62º 42̍ 234 ̎Ш. Крест 20 үйінді төбешіктерден тұрады, әрқайсысының диаметрі 5-6 метрден. Осы мәселемен айналысып, зерттеушілер (А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Қостанай археологиялық зертханасы қызметкерлері А.В. Логвин, И.В. Шевнина, Д.Б. Дей) өз мақалаларында бұлардан басқа, Торғай сақинасы деп атаған, 25 үйіндіден тұратын, диаметрі 170 метр қоршау-дөңгелекті де атап көрсеткен.
Ақшығанақ кресті
Бұл символдарды бүкіл дүние жүзінің кез кез келген бұрышынан: құрылыстардан, киімдерден, құралдардан, т.б. кездестіріп көруге болады. Бірақ та еш жерде бұл белгі-символдарды Торғайдағыдай жер бетінде, алып құрылыс кешендері түрінде кездестірмейсіз. Өйткені оларды дүние жүзінде алғаш рет қасиеттілік ұғымына түр-сипатымен, мазмұнымен осылар сәйкес келеді деп ойлап тапқан Торғай бұғазы бойындағы Атбасар мәдениетін жасаушы прототүрік бабаларымыз болатын.
Кеңесбек Мәулетұлы, зерттеуші