Қазақ халқының тылсым ғажайыптарға толы қасиетті жерлері болған. Халқымыздың ертеден таным-түсінігіндегі ерекше сенімдерінің бірі үңгірлермен де байланысты болған. Мұндай үңгірлердің пайда болу тарихы тым ұзақ уақытты да қажет етеді. Сондықтан алғашқы адамдардың қоныстары болған үңгірлердің қазіргі адам сезіне бермейтін тылсым қасиеттеріне ерекше сезіммен қарайды. Кейбір үңгірлер биік таудың басында орналасса да, ішінде қайнар бұлағы болады. Кейбірінің адам сыймайтын есік дәлізі орналасқан. Кейбірінің іші ұзыннан-ұзын кең бөлмелі болып келеді. Сондықтан осындай үңгірлерді қазақ ертеден әулиелі жерлер санатына қосқан. Сондай қасиетті жер – Балқаштың Сарыарқа жағындағы Әулиетау немесе Бектауата үңгірі. Қасиетті үңгірге ертеден қазақ халқы келіп түнеп, көне заманнан қалыптасқан ескі дәстүрімен жүрген. Тіпті құдай тағаладан бала тілеген немесе денсаулығына байланысты келген әйел адамдар көп болған жер ретінде саналады.
Әулиеата үңгірі – Балқаштың Сарыарқа жағындағы Бектауата тау желісінде орналасқан ескерткіштердің бірі. Балқаш қаласының оңтүстік-шығысында 60 шақырым жерде орналасқан. Бектауата тау желісі түрлі қатпарлы шың мен құздардан таралған. Осы тауға «Жерұйықты» іздеп, жаһанды кезген Асан Қайғы келгенде желмаясын шөгеріп, сол жерге қонып шығады дейді аңыздарда. Таң алаң-құлаң атып келе жатқанда шырт ұйқыдан оянған екен. Көзін ашып қараса, жұмбақ екі бәйтерек өсіп тұр екен. Сол екі жұмбақ бәйтерек өсіп тұрған тауды «Бектауата» деп атапты. Әлгі таудан шығып, түс ауа келесі бір тау шетіне келіп түседі. Асан Қайғы тау төбесіне шығып, жан-жағына қараса, айналаның бәрін бір әулие қолмен алып келгендей болып, анық көрінген екен. Бұл тау Асан Қайғыға әулие сияқты елес қалдырады. Сондықтан бұл тауды «Әулиешоқы» деп атаған екен.
Ертеден киелі саналатын тұзды су көзі бар Бектауата үңгірі кейбір көнекөз қариялардың айтуынша Әулиетау деп аталса керек. «Бектауата» деген атауды жергілікті халық берген. Сонымен соңғы кездері туристердің қызығушылығын арттырып, табиғат әлемінің тылсым құдіреті мен таңғажайыбын тамашалауға ағылып келіп жатқан халықтың қарасы көп екен. Олардың бірсыпарасы көрікті жерді тамашалауға, қыдырып, саф ауасын жұтуға келсе, енді бірі ем-шипа іздеп, денсаулықтарына сауап іздеп келеді.
Осы Әулиетауды халық аңызы бойынша Атабек әулие мекендеген екен. Ол бірде жаугершілік заман кезінде жаудан қашып келіп, осындағы ең үлкен үңгірге тығылады. Сол кезде Алланың әмірімен үңгір ішінде су қайнары пайда болыпты. Таудың 80 метр биіктігі үңгірінде тығылып жатқан Атабекті шапқыншылар таба алмапты. Содан бұл жерді Әулие деп атайды. Әулиетау деп аталуы – тауға сыйыну, табынумен байланысты қойылса керек. «Әулиенің басына келіп, тәуіп етіп, түнейтіндер көп. Оның суы көптеген ауруларға ем. Келгендер ақтық байлайды, басына мал шалады. Шипалы суынан ішеді. Әсіресе, бала көтермеген әйелдер жиі келіп түнейді», – дейді Атабек әулие мекен еткен үңгірге келген Нәзира есімді емделуші.
Атабек әулие мекен еткен Әулиетау үңгірі туралы қысқа-нұсқа айтар болсақ. Ертеден қазақ халқына қасиетті орын ретінде бағаланып, тағзым етер жерге айналған Әулиетау үңгірі биотитті гранит пен аплит тау жыныстарының жапсарындағы жіктің үгіліп, еріп бұзылуынан пайда болған. Оңтүстік-шығыстан солтүстік- батысқа қарай созылып жатыр. Әулиетау (Бектауата) үңгірінің жалпы ұзындығы 45-48 м-дей. Үңгірдің аузы тау етегінен 80-100 м биіктікте орналасқан, оған тас қорымы арқылы көтеріледі. Алдында ұзындығы 6-7 м, көлденеңі 4-5 м тегіс ашық алаң бар. Үңгірге кірер қуыстың биіктігі 3 м-дей, ені 1,5 м, одан әрі ені 2-2,5 м-ге дейін кеңиді, табаны 15-16 м-ге дейін тегіс, одан әрі сәл көтеріңкі, сонан соң төмендейді. 29 м-ден әрі үңгір түбін тереңдігі 1,5 м-дей көлшік алып жатыр. Үңгір бірте-бірте жоғарылап, ені 1,5 м-ге дейін тарылады. Жоғары жағы мұржа тәрізді дөңгелек тар тесікке айналып жер бетіне шығады. Суы мөлдір, өте салқын, түбі лай. Су деңгейі бір қалыпта сақталады.
Ертеректе Бектауата үңгірі науқас адамдар, бала көтермейтін әйелдер басына түнеп, құрбан шалып, құдайдан тілектерінің орындалуын сұрайтын орын болған. Кейін туристерді қызықтыратын мекенге айналған.
Мақала «Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» бағдарламасындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі 86 және 87 қадамдарын жүзеге асыру аясында жазылды.
Әзірлеген Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ