Ұлытау ауданы Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 58 шақырым қашықтықта, Қаракеңгір өзенінің оң жағасында орналасқан Домбауыл кесенесі ғалымдардың пікірінше Орталық Қазақстандағы ең көне құрылыстардың бірі болып саналады. Домбауыл кесенесі ғұндар билеген кезде салынған болып есептеледі. Аңыз бойынша бұл кесене ұлы сазгер және жауынгер Домбауыл құрметіне салынған екен, ал өзінің болғаны тарих пен мифпен (ертегі-аңызбен) ұштасады.
Кесене алдындағы тас белгі. Бедерленген таңба қазақ тіліндегі Ү әрпіне өте ұқсас
Қазақ халқының аңыз-әфсанасына сенсек Домбауыл көзі тірісінде Жошы ханның сенімді серігі, сарай мергені болғанға ұқсайды. Себебі Жошы ханның мазары мен Домбауыл кесенесінің арасы өте жақын. Қазақ халқының жер мен суға, белгі мен мазарға ат қоюға абай болғанын еске алсақ, Жошының іргесінде жатқан оның бас батыры, ақылшы серігі Домбауыл жатқанына шүбә келтіру қиын. Домбауылдай батырдың атын асқақтатқан, оның қос ұлы — Кет-Бұқа мен Кел-Бұқа заманында дәулескер күйші болған екен. «Ақсақ құлан» күйінің авторы Домбауылдың ұлы Кет-Бұқа деген жорамалдар да бар. Батырға арналған кесене ғимараты биіктігі бес метрден асатын конус тәрізді (шошақ пішінді) төртбұрышты негізге қойылған, тас плиталарынан құрылған. Астыңғы қабаты шаршы пішіндес, үстіне киіз үй тәріздес күмбез салынған. Астыңғы бөлігінің аумағы 8,9×7,9 м, қабырғасының қалыңдығы 2 метрдей, ішінің аумағы 4×4 м, есігі сопақшалау етіліп оңтүстік-шығыс жақтан шығарылған. Бұған жалпы биіктігі 1,2 м болатын төрт баспалдақ арқылы кіреді. Кешеннің еденіне тас аралас тапырық жайып, оның үстіне жалпақ тақта тастар төселген.
Кесене киіз үй тәріздес соғылып, ішкі тастары ағаштарды лаймен араластыра отырып бекіткен
Қабырғалары 3 метрге көтеріліп барып, көлденең бөренелермен жабылған. Бұлардың барлығы тас қалаудың қола дәуірінен бергі ежелгі дәстүрінен алынған
Осы дәстүрді кешеннің төбесін жабу кезінде де қолданған. Кешен ұзақ уақыт жақсы сақталып, бертін келе біршама қираған. Ескерткіштің дәл мерзімін анықтайтын дерек әзірге жоқ. Қазақстан жеріне тән сыртқы тұрқына қарап, ғалымдар оны ислам діні дендеп ене қоймаған кезеңге жатқызады (шамамен VIII — IX ғасырлар). Қазақ арасында мұндай киіз үйге ұқсата созып барып қүмбезделген тас қесенелерді «үйтас», «дің» деп те атаған, бұлар әр аймақтарда белгілі және Орталық Қазақстан, әсіресе, Торғай өзенінің бойына кең тараған. Жалпы мұндай кесенелер ежелгі кезде көшіп-қонып жүрген жолаушы қазақтар үшін түнемелік орын болған. Мазарларға түнеп, сосын өзінен кейін келетін жолаушы үшін мазар ішін тазалап кетіп отырған.Қазақ халқы мазарды қасиетті әрі теріс күштерден таза жер деп санаған. Кие тұтып, қол шошайтпаған. Қара Жыланды өзенінің бойындағы Қараның ескерткіші Домбауыл кешеніне өте ұқсас. Домбауыл кесенесі жайлы бірінші ғылыми зерттеу қазақ ағартушысы, ғалым Ш.Уәлихановтың «Қырғыз қайсақ молалары және жалпы бұрынғы туралы» атты мақаласынан бастау алады. 1947 жылы Әлкей Марғұлан жетешілік еткен Қазақ ССР ҒА Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Сәулет ісі жөніндегі басқарма өкілдері М. Б. Левинсон және Г. Г. Герасимовпен бірлесе отырып зерттеді. 1973 жылы ҚазССР Мәдениет министрлігі экспедициясы М. А. Маманбаев, М. К. Сембин, М.С.Нұрқабаевтардың қатысуымен кесенеге өлшеу, фотофиксация және топосъемка жұмыстарын жүргізді. 1974 жылы М. А. Маманбаевтың жетекшілік етуімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді: ғимараттың бұрыштары және кіреберістегі ойылған тесік жөнделді. Еденге тас тақталар төселді. Ғимараттың жан-жағынан цемент төселді.
Суреттерді автор Максим РОЖИННІҢ рұқсатынсыз және портал редакциясының келісімінсіз пайдалануға болмайды.
Дайындаған Олжас БЕРКІНБАЕВ