Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Операның інжуі «Біржан-Сараға» 70 жыл

2215
Операның інжуі «Біржан-Сараға» 70 жыл - e-history.kz
Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы - музыкалық мәдениетіміздің шыңы. Қазақ музыкасында, музыка театры сахнасында жарқ етіп көрініп, әлі күнге көмескі тартпай келе жатқан туынды

Қазақ музыкасының бәйтерегі Мұқан Төлебаевтың есімі музыка әлеміне етене таныс десек қателеспейміз. Ол өзінің сүйікті перзенті «Біржан-Сара» арқылы танылды. Бұл туынды қазақ музыкасында шабыт пен шеберліктің құймасындай көркемдік сапасымен ерекше терең ойдан шыққан, шоктығы биік туынды ретінде рухани тарихымыздың төрінен орын алады.

 «Бірдан-Сара» операсы – шын мәніндегі, халықтық опера. 1946 жылы 7 қазанда «Біржан-Сара» операсының премьерасы қойылды. Бұл еңбек бірден жоғары бағаланды. Араға үш жыл толмай жатып операның шығармашылық ұжымы мен композиторға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. 

4888fa640fc4b318730f308e793c6808.jpg

Бұл, шын мәнінде, қазақ музыка мәдениетінің салтанатына айналды, қазақтың бай музыкасы, ұлттық салт-дәстүрлері опера драматургиясында шебер бейнеленген. Мұнда дәстүрлі музыкалық формалар, бір жағынан, сақталып отырса, екінші жағынан, жетілдіріліп дамытылған. Үлкен суреткерлікпен тамаша сипатталған. 

 «Біржан-Сара» операсы ұлттық өнердің мақтанышы, қазақтың музыкалық классикасы. Ол көптеген елді мекендерде, шет елдерде қойылып тыңдалды. 

 «Біржан мен Сара» — қазақ мәдениетінің ұлттық көрінісі. Ол көп ғасырлар бойғы халықтық әншілік дәстүрінің тәжірибесін, орыстың опералық классикасының ең жақсы традицияларын оқып-үйреніп және қолдану ңегізінде туды. Опера бірден баурап алады, тыңдаушыларын елең еткізер сезім күшімен, лиризмімен, музыка тілінің дәстүрлі әуенділігімен, динамикалылығымен, екі әншінің жеке бастарындағы трагедияны әлеуметтік-тарихи құбылыс пен тартыс деңгейіне көтере білген драмалық сюжетімен сүйсіндіреді. 

 Опера – классикалық музыканың шыңы. Сөз болып отырған бір ғана «Біржан – Сара» операсында қаншама ғажап көріністер бар десеңізші! Ондағы Біржан мен Сараның айтысы, жеке айтылатын ариялар мен ариозалар, би көріністері, қосыла әндететін дуэттердің әрқайсысы небір концерт нөмірлерін жарқырата түсер еді. Алайда, толып жатқан концерт бағдарламаларында, теледидар, радио хабарларында, той-жиындарда, өкінішке қарай, ондай үзінділер өте сирек беріледі. Операның либреттосын көрнекті ғалым ақын, әдебиет теоретигі Қажым Жұмалиев жазды. Ол операның мазмұнына халқымыздың аяулы ұлы мен қызы, аттары ел сүйіспеншілігіне бөленген халық композиторы Біржан сал мен ақын Сара арасында болған тарихи айтысты арқау етті. 

Операның либреттосында екі талант иелерінің шынайы лирикалық сезімін, өткен замандағы өрескел әдет-ғұрыпты, әлеуметтік шиеленісті асқан шеберлікпен көрсетті. Мұнда халқымыздың ғасырлар бойы сұрыпталған ой-арманы, жоғары моральдық этикалық мұраттары асқақ үнмен жырланды. 

«Біржан- Сара» операсының ең бір тамаша қасиетінің негізі сюжеттік музыкалық драматургиясының басты тақырыбы ретінде ұлттық мәдениеттің көрнекті өкілдерінің өмірі паш етілді. Сол себептен де шығарманың асқақ сарынында сұлу саз бен кең эпикалық серпін, нәзік лирикалық сезім, романтикалық шаттық жетекші орын алды. Операны тамашалаған көрермен екі таланттың кездесу кезеңдерінде туған шығармашылық шабыт пен жарыстың куәгері болғандай, ерекше сезімге бөленеді. «Біржан-Сара» партитурасының беттерінен ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың ақындық, әншілік, орындаушылық дәстүрлері жоғары шеберлікпен көрсетіліп, өзіне тән профессионалдық әдістермен бейнеленген. 

 Операда оқиға неғұрлым қысқа, жинақы болса, соғұрлым нәтиже болады. «Біржан-Сараның» ұтатын бір тұсы – осы. Либреттоның мезгіл көлемі шағын, оқиғасы жинақы. Кейіпкерлерінің ішінде де «мынаусы артық-ау» деп қысқартатыны жоқ. Биі де, хоры да, көпшілік сахналары да музыкалық драматургияның дұрыс шешілуіне бірдей үлес қосқан. 

 1958 жылы Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігі кезінде Үлкен театрдың сахнасында «Біржан-Сара» операсы үлкен табыспен қойылды. Осы қойылымда операны тыңдаған өнер қайраткерлері оған өте жоғары баға берді. Сол жылы Мұқан Төлебаевқа қазақ музыкасын дамытудағы ерен еңбегі үшін «КСРО халық әртісі» деген құрметті атақ берілді. 

 М.Төлебаевтың «Соқыр Есжан» күйін сахнадағы би және хор көріністеріне аса зергерлікпен ұштастыруы операның ең биік кульминациялық шыңын айқындады, драматургиясының өрісіне нақтылы өзек берді. 

Мұқан Төлебаевтың замандасы, әріптесі, халық әртісі Байғали Досымжанов: «Дүниежүзіндегі кез келген ел итальян операларын қоюға тырысады. Ал әуенділігі, халықтығы жағынан «Біржан-Сара» операсы да кез келген елдің сахнасына лайық дер едім», – деп, операның өнер тарихымызда өшпейтін ескерткіш екенін мақтанышпен айтқан болатын. Осы пікірдің ақиқат екеніне операны тамашалаған адамның көзі жете түседі. 

aa5e56a43032a051eaf82039d007721d.jpg

«Біржан-Сара» операсының сахналанғанына 70 жыл уақыт өтсе де, ол бүгін де ұлттың және жалпы адамзаттың мәдени-поэзиялық тәжірибесінің синтезінен туындаған сарқылмас өнердің күш-қуаты ретінде мысал болып қала береді. 

 Дәулет Ізтілеуов

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?