Театр ұжымы қойылымды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап отыр. Пьеса шын оқиғаларға негізделген және Қарлагта өткен Қазақстанға танымал тұлға және біздің елде өзінің екінші отанын тапқан – жапондық Ахико Тэцуро тағдыры туралы баяндалды.
Спектакльге осы Ахиконың қилы тағдыры арқау болды. Драмада кеңес үкіметі кезінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 15 жасында жазықсыздан жазықсыз атақты Қарлаг түрмесіне түсіп, жастық шағын азапты өмірмен өткізген, босап шыққан соң, Қарағанды маңындағы Ақтас қаласында тұрақтап, қоныстанып қалған Ахико есімді жапон азаматының тағдыры көркем баяндалады.
Көптеген жылдар өткен соң әкесімен және бауырларымен қауышқан Ахико Тецуро өзінің тарихи Отанына барады, бірақ, Қазақстанға қайта оралады. Қазір Ахико ақсақал 85 жаста. 11 немере, 5 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің басы болып отыр.
Ахико Тэцуроның тағдыр жолы – сталиндік зұлмат жылдарында Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып лагерьлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры. «Қойылымда Ахиконың тағдыры арқылы, ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңде, азап лагерьлерінде отырып, өзінің адами бейнесін сақтап қалған рухы мықты, жасампаз жандардың жиынтық бейнесі жасалған.
Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет көзі тірі саяси қуғын-сүргін құрбанының тағдыры деректі драмаға арқау болып, сахнадан алғаш рет көрсетілді. Ахико Тецуро бейнесі - барлық қазақстандықтарды елдік пен бірлікке, келісім мен ынтымаққа үндейді.
- Ерлан Біләл, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:
- Бұл спектакльдің идеясы бұдан бір-екі жыл бұрын гастрольдік сапарда жүрген кезімде пайда болды. Сонда Карлаг туралы он сегізге жуық кітап жазған қазіргі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековпен жолым түйісіп, әңгіме үстінде менің Карлагқа барып қайтуымды өтінген болатын. Мен келе салысымен, аталған лагерь туралы бір пьесаның дүниеге келуіне себепкер болсақ деген ойын айтты. Міне, сол идеяның нәтижесінде бүгінде "Ақтастағы Ахико" драмасы қалың көрерменге жол тартты. Қазақ анасының өзінің түрмеге түскен баласын күтіп жүріп, Ахиконы тауып алып, бауырына басқандығы. Бұл жерде тек Ахико емес, неміс қызы, кәріс, украин да бар. Олар бір отбасыға айналады. Мінекей, осы туралы еліміздегі тұтастық, бірлік, адам арасындағы сүйіспеншілік. Адам рухы, адамның бірі-біріне мейірімді болуын айтқымыз келді.
- Асхат Маемиров, спектакль режиссері:
- Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын тыйым салынған ұлтымыздың ақтаңдақ тұстарындағы қасіретті әріптермен жазылған жағдайлар туралы тақырыптар өнер салаларының әрқайсысында бас көтере бастады. Осы қасіреттің бірі - 30 жылдардағы ұлт зиялыларының, сонымен қатар поляк, орыс, неміс, еврей сынды өзге ұлт өкілдерінің қуғын-сүргін көріп, жаппай лагерлерде небір азапты кезеңді бастан кешкендігі. Бүгінде сол зұлмат заманның көрінісі ретінде театр сахнасында "Ақтастағы Ахико" спектаклі қойылды. Бұл спектакльдің көрермендерге, әсіресе жастарға тәрбиелік мәні зор болары анық.
- Дулыға Ақмолда актер, Ахиконың рөлін сомдаушы:
- Алғаш басты рөлді ұсынғанда, мен көп ойландым. Сонан соң тарихтың бетін ашып, тереңінен үңілгеннен кейін ғана, басты рөлді қолға алуға бел будым. Қойылымға дайындық барысында күнделікті бір ақпарға қанық болып, бұл тұлға мен оны содмау менің жүрегіме жақын тиді, себебі бір ғана пенденің өмір өзенінің айдауымен қазақ жеріне айдалып келген тағдырдың бастан кешкен қиындығын сахналап шығу ғана емес, бұл тұтас тарих, бұл жерде біздің бабаларымыздың да қаны төгілді. Сондықтан да мен үшін әрине үлкен жауапкершілік болды, дайындық барысында сөзімді жаттағаннан бұрын өзімді, ішкі жан дүниемді алыстым, енді әрі қарай халық бағасын береді, жалпы рөльдерді сомдаған бір бөлек ал көзі тірі кісіні,оның үстіне Ахико атамыздың өзі тамашалап отырғанда маған жауапкершілік пен қатар сенім, күш пайда болды.
- Ахико Тэцуро:
- Сол бір зұлмат заманның қиындығын еске алу мағанда оңай емес, қаншама қан төгілді, ол күннің азабын ұмыту да мүмкін емес, дегенмен өмірдің жамандығы мен жақсылығы қатар жүреді мен сол қиын қыстау заманда өмірімде білмейтін қазақ жеріне күтпеген жерден келіп, азап шектім, бірақ киелі қазақ жері мені тірі қалдырды. Менің сол азаптан босап шыққанда бірінші мұрныма келген иіс, Сарыарқаның жусан иісі әлі мұрнымнан кетпейді.
Бүгінгі қойылымға байланысты, айтарым қойылымды көру маған өте ауыр болды, қанмен жазылған тарихтың жарасын қайта ашқандай іспетті. Болашақта мұндай сұмдықтың ешбір елде қайталанбауын тілеймін, міне бұйыртып Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25-ші таңында көріп жатырмыз, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әзірлеген: Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)