Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚҰЛАҚАЙ ҚУ

2772
ҚҰЛАҚАЙ ҚУ - e-history.kz
Бір күні кешқұрым апақ-сапақ уақытта Құлақай бір байдың үйіне кіріп келеді. Бәйбіше қайнатып болып, бықтыруға қойған ірімшікті күзетіп көзін бір ашып, бір жұмып отыр екен

«Жүріп кетсеңіз...»

Сәлмен бай Құлақайды Бекен дейтін шалдан бір атым насыбай сұрап келуге жібереді. Құлақай байдың әмірін орындап оралғанда:

– Әй, қу, сөзге келгенде алдыңа жан салмайсың, – деп ренжиді бай, – ал іске келгенде түк білмейсің.

– Ау, не боп қалды, байеке?

– Бір нәрсеге жұмсаған соң, екіншісін өзің-ақ білмес пе едің. Темекі неге әкелмедің? – деп жекіреді ғой баяғы.

Бір күні бай қатты науқастанып қалып, Құлақайды молдаға жұмсаса, молдамен бірге тағы екі адамды ертіп келіпті. Олар есіктен бастарын сұғар-сұқпастан:

– Әй, мыналарың кім тағы? – деп тыжырынады бай. – Байеке, анада өзіңіз айтпап па едіңіз, бір нәрсеге жұмсағанда екі бірдей іс бітіріп қайту керек деп. Сол өсиетіңізді бұл жолы бұлжытпай орындадым. «Сақтықта қорлық жоқ» деген ғой, қапелімде о дүниеге жүріп кетсеңіз, қабір қазушыға қайта барып жүрмейін дедім, – депті Құлақай.

Қазан сынады

Бір күні кешқұрым апақ-сапақ уақытта Құлақай бір байдың үйіне кіріп келеді. Бәйбіше қайнатып болып, бықтыруға қойған ірімшікті күзетіп көзін бір ашып, бір жұмып отыр екен. Құлақай ірімшікті қазанымен ала жөнеледі. Бәйбіше шошып кетіп аттан салады, ауылды басына көтереді.

Құлақайдың соңына түскен қуғыншыға:

– Ей, кейін қайт, қазан сынады, – дейді. Қуғыншы қалмайды. Құлақай ірімшікті еңсере жеп, қазанды тасқа ұрып быт-шыт қып:

– Қазан сынады дедім ғой, ақымақ! – деп жайына кетеді.

Қайран сары май

Баяғыда Құлақай деген кісі өте қу екен. Сол қу қаланы аралап жүріп, сары май сатып тұрған дүкенге келеді де, саудагерден:

– Бұл не? – деп сұрайды. – Сары май.

– Е, сары май? – деп Құлақай майдан бір асайды. Әні-міне дегенше:

– Сары май, сен мені таныдың ба? – деп тағы бір асайды. Саудагер ашуланып, ұрсып, май ыдысын ары алып қояды.

Сонда Қулақай:

– Сары май, кеттім-ау, саған жарымай! – деп дүкеннен шығып жүре беріпті.

Тәбәрігім тарғыл өгіз

Әкесі Қарабатыр дүние салған соң шешесі Құлақайға: – Елді арбап, алдағаныңды қой. Өстіп жүріп бір күні байлардың қолынан өлесің, – деп жалынады.

– Қоямын, енді ешкімді алдамаймын, – деп анасының көңілін жыққысы келмеген Құлақай еріксіз уәде береді.

– Қарағым, менің ақылыма көнсең, Боқбасар бидің ақылын ал! Өзім ертіп апарайын, – деп анасы сол кездегі қалың қауымның сыйлысы болған ел ағасын ауызға ала-ды.

– Жарайды, – деп Құлекең оған да көнеді.

– Оның батасын алу үшін бір мал табу керек, – дейді анасы.

– Жарайды, жол-жөнекей бірдеңе табылар, – дейді Құлақай.

– Қарағым-ау, әлгінде қойдым дегенің қайда? Тағы біреуді алдап алғың келіп тұр ма?

– Ал, алдамайын, бір жақсы ат таба қойыңызшы. – Оны қайдан табамын, жарығым-ау!

– Онда менің жолыма көлденең тұрмаңыз. Жүріңіз, кеттік. – Қайда?

– Бата алуға.

Құлақай анасын ертіп, бидің аулына келе жатса, жол жиегінде бір табын сиыр жусап жатыр екен.

– Мынау Боқбасардың сиыры ғой. Анау тарғыл өгізді ұста, – дейді Құлақай қасына еріп жүрген інісі Бәйдекке.

– Қой, қарағым, танып қойса, ұят емес пе? Өз малын өзіне апарғанымыз, – дейді анасы.

– Жоқ, шеше, мен ес білгелі мен өз малын өзі таныған бай көргем жоқ.

Бұлар кеш бата тарғыл өгізді жетектеп, бидің үйіне келеді. Би:

– Мына зәлім қайдан келіп еді, бір пәле шығармаса игі еді, – деп, Құлақайды қой сойып, қонақ қылады. Ет желініп болған соң, Құлақай биден бата сұрайды. Би есік жаққа жалтақтай қарап, бірдеңе дәметкендей болады.

– Жасаңыз, жасаңыз, биеке, тәбәрігіңіз дайын, – дейді Құлақай. Сөйтеді де Бәйдекке «бар, алып кел» дегендей ым қағады. Бәйдек өгізді жетелеп әкеп, есіктен басын көрсетеді.

– Міне, биеке, тәбәрігім – тарғыл өгіз, – деп Құлақай қолын жаяды.

– Е, бәсе, – деп би жымың-жымың қағады, – бұл қу тағы алдап соққалы отыр ма деп ем.

Ол «бісімилла, раббим» деп батасын шұбыртып жасай бастады. Бата бітіп, бет сипасқан кезде бидің ортаншы ұлы Оспан тұрып:

– Мынау өзі біздің өгізден аумайды екен, – десе керек.

– Ә, солай ма, – дейді Құлақай қуланып, – ол да біреудің тәбәрікке бергені шығар.

– Иә, иә, тәбәрікке келген. Әумин, игілікке ұстасын, – деп Боқбасар би сақалын сипапты.

Құдай да қалжыңды түсінбейді екен-ау

Жолдастарына еріп аң аулауға шыққан Құлақай бір кезеңнің астында қызыл шеке болып сүзісіп жатқан екі арқардың құлжасын көре қойып, қасындағыларға «тоқтаңдар» деп ым қақты. Олар тасада тұрып, арқардың сүзіскенін көпке дейін тамашалады. Сүзісе, сүзісе әбден діңкесі қатқан қос құлжа бір-бірімен текеше тіресіп, ақыры сілейіп тұрып қалды.

Кенет адамның сыбдырын сезіп қойған арқарлар зыта жөнелмек болғанда арбиған мүйіздері айқасып қалып, бірін-бірі сүйрей қашты. Сол-ақ екен Құлақай тобы тұра қап қуды. Қос құлжа бірін-бірі кимелей, сүйрей-сүйрей келіп қарсы алдында тұрған шоқпар тасқа екпінімен кеп соғылады. Сол арада біреуі омақаса құлады да, мойыны астына қайырылып, жатқан орнынан тұра алмай қалды.

Салып ұрып жетіп келіп, аттан қарғып түскен Құлақай бәкісін қалтасынан суырып алып:

– Құдай осыны да бердім дер ме екен, – деп түрегеп тұрған арқардың жонын сипап кеп қалды. Жіпсіз байланып, қыстығып тұрған құлжа қатты шошынып, шоршып түскенде мүйіздері бір-бірінен ажырасып-ақ кеткені. Екі арқар екі жаққа зыта-зыта жөнеледі. Жігіттер сандарын соғып, дәт деп қалды.

– Түу, бұл Құдай да қалжыңды түсінбейді екен-ау! – деп мырс етіп.

Періштелеріме айтайын

Құлақай сексен бір жасқа келіп, о дүниеге аттанар шағында бәйбішесі Дәріжан:

– Құдай қосқан қосағым едің, мені қалай қиып тастап кетесің, – деп шалын құшақтап алып, еңіреп жылайды. Сонда талаурап жатқан Құлекең көзін ашып алып:

– Бәйбіше, жылама, жас қалып бара жатқан жоқсың ғой, – дейді.

– Бұл Құдай сені алғанша, мені неге алмайды. Тастамай бірге ала кетші, – деп одан әрі егіледі Дәріжан бәйбіше.

– Ей, – дейді Құлақай басын жастықтан жұлып алып, – жылама. Мен қазір періштелеріме айтайын, егер екі ат әкелсе, тастамаймын. Ал бір ат әкелсе, мінгесіп жүре алмаймыз ғой, – депті өлім аузында жатса да қулана сөйлеп.

Сол сәт ағыл-тегіл жылап отырған бәйбішесі мырс етіп күліп жібереді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?