Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Болат Ақылбаев

956
Бір суреттің тарихы. Болат Ақылбаев - e-history.kz

2015 жылы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына 70 жыл толғалы отыр. Бұл мереке біздің отбасы үшін өте ыстық, өйткені менің атам Ақылбаев Болат Ұлы Отан соғысының ардагері. Сол соғыстың адам төзгісіз қиыншылықтарын өз көзімен көріп, барлық қиындығына төзген.

1941-1945 жылдры болған ҰОС әрбір Қазақстандық отбасында өз ізін қалдырған деп ойлаймын. Кейбір жауынгерлер соғыстан қайтып келмеген. Іс-түссіз жоғалып кеткендер де бар. Қазіргі кезде біз соғысты көрмесек те, сол кездегі жан түршігерлік оқиғаларды кітаптан, бұқаралық ақпараттардан оқып жүрміз. Менің атам ашылып, көп әңгіме айта бермейтін. Бірақ соғыстың зардабын көп көргендігін жүзінен аңғаратынбыз. Соғыс туралы сұрағанымызда күрсініп, «Енді ондай соғыс қайталанбасын, ешкімнің басына ондай келмесін», — деп тіл қататын.

Менің аты-жөнім Болат Сания. Менің атам Ақылбаев Болат 1921 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Кеңес ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінде еңбекке ерте араласып, орыс шаруаларының торайын баққан екен. 3-класстық білімі бар. Орыс шаруаларының жұмысын істеп, орыс тілін жетік меңгерген көрінеді.

Ата-анасы қарапайым ауыл адамдары болған. Әкесі колхоздың жылқысын баққан, анасы колхоздың жұмысшысы әрі үй шаруасымен айналысқан екен. Атам әке-шешесінің тұңғышы, екі інісі болған.

1941 жылы соғысқа алынбастан бұрын, Сайрам аудандық соғыс комиссариаты Шымкент облысынан әскер қатарына шақырылған. Атамның әскери билетінде 1942 жылы 1 қаңтарда әскер қатарына шақырылған туралы қолжазба бар.

Ленгер қаласына оқу-жаттығу жұмыстарына жіберілген. Сол жерден қатардағы мерген болып № 102 атқыштар дивизиясына қабылданған.

1942 жылы сәуір айының 25 күні әскери ант қабылдаған туралы жазбаша деректер бар. Осы күннен бастап атам № 102 атқыштар дивизиясының құрамында мерген болып ұрысқа кіріскен. Украина елін азат етуде 1942 жылы шілде айындағы неміс басқыншыларына қарсы кезекті ұрыста № 102 атқыштар дивизиясының құрамында көптеген әскерлермен бірге тұтқынға түскен.

«Осы кезде артқа шегініс жасасам...». Осы жерден бастап атам көп нәрсені ашып айта бермейтін. Ол кісі үшін бұл жабулы әңгіме болатын.

Атамның әскери билетіндегі жазбаша деректерге сүйенсек,1945 жылы 9 мамырда әскери қызметте болғаны рас деген дерек бар. Жау әскерінің қолына бүкіл № 102 атқыштар дивизиясының жаяу әскері қалып түскен. Оны біз қазіргі тарихи деректерден білеміз. 1945 жылы 9 мамырда Совет әскері неміс жерінде орналасқан концентрациялық лагерьлерден тұтқындарды босатқан. Олардың ішінде әскери адамдар да, қарапайым адамдармен бірге бала-шаға да болғаны белгілі. Әскери адамдарды Совет әскерінің қатарында болған, тұтқынға түскен солдаттарды «штрафниктер» деп атаған.

Мұхит арқылы оларды Қиыр Шығысқа алып келген. Жолда көп қиыншылықтар көрген. Бірде болған жаралы қандастары жолда о дүниелік болған. Кемеде өлгендердің иісін акулалар сезіп, кемені қоршап жүзетін болған екен. Жаңағы мәйіттерді матаға орап лақтырғанда ғана акулалар өз жөндеріне кететін болған екен. Штрафниктерді тұтанайын деп тұрған Жапон соғысына аттандырған. Мемлекеттің тұтқынға түскендерге көрсететін өз заңдылықтары болған. 

Мұхитпен бүкіл Европаны басып өтіп, тұтқындарды осы соғысқа жібергенде ол соғыс бітіп, мыңдаған әскерлерді өз елдеріне қайтарған. Енді атам Қиыр Шығыста қалып, шахтаға жұмысқа кіреді. Өз еліне келуге жүрексінеді, өйткені,тұтқында болғандарға көзқарас басқаша болды ғой ел ішінде. Әрине, соғыстан кейінгі халықтың жағдайы да мәз емес еді. Әр үйден соғысқа аттанған ер-азаматтардың бәрі аман-есен қайтып келген жоқ. Келгендердің де біразы жаралылар.

1945 жылы атамның еңбек кітапшасында шахтада жұмысшы болып еңбекке араласқаны жазылған. 1948 жылы Қиыр Шығыстағы көмір шахталарының орталығы Артем деген қалада еңбек ете жүріп, сол жерде жұмыс істейтін татар қызы Рәкибаға үйленеді. Отбасын құрғаннан кейін сол жерде тұрақтап қалады, тек 1953 жылы ғана елге оралуға мүмкіндік болады. Елге үш баламен оралады. Құдай қосқан қосағымен 53 жыл отасып, екеуі 8 ұл-қыз тәрбиеледі...

Жуалыдағы «Боралдай» шахтасына жұмысқа кіреді. Ол жерде 1959 жылдың шілдесіне дейін еңбек етіп, Қаратау қаласына көшіп келеді. Сол кезде соғылып жатқан Қаратау шахтасына жұмысқа кіріп, зейнеткерлікке шыққанға дейін шахтер болып еңбек етті. Шахтадан қол үзсе де қарап отырмай басқа да жұмыстар атқарып 1989 жылы қартаю жасына байланысты жұмыстан қол үзді. Өмірдің барлық қиыншылықтарын көріп, талай майдандас достарынан айырылып, көп еңбек етті. Соғыстың зардабын көргенін көп айта бермейтін.

Үлкен ұлы Германияда тұрады. Әкесі болған концентрациялық лагерьге барғанын айтып келді. Фашизмның құрбаны болған адамдардың тізімімен бірге мәңгілік тақтада қашалып жазылған екен. Атамыз көп әңгіме айтпаса да, ішіміз талай сұмдықты басынан кешкенін сеземіз. Атам 2014 жылы 94 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Артында ұрпақтары қалды.

Келе жатқан Жеңістің 70 жылдығы баршамызға үлкен мереке. Атам барда осы күні үлкен дастархан басында ағайын-туыстармен бас қосып мәре-сәре күй кешуші едік. Биыл атамның орны босап тұрды.

Атамның көптеген орден-медальдары бар. Олардың ішінде өзіне ерекше ыстық тартатын медальдер – Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан алған өз еліміздің медальдері. Атам «әр халықтың өз мемлекеті болғаны қандай тамаша-ешкімге жалтақтамайды» деп отырушы еді.

Менің атам – Талас ауданының құрметті азаматы, Ұлы Отан Соғысы және Еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысының I-II дәрежелі ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ, Маршал Г.К. Жуков медалі және  «Украинаны азат еткені үшін» медалімен, 1941-45 ҰОС-да «Германияны жеңгені үшін» медалімен,  «КСРО Қарулы күштеріне 60-70 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталған. Атам – «10 жыл Астана» медалінің иесі.

Мен өзімді сондай адамның ұрпағы екенімді мақтан тұтамын. Ешқашан соғыс оты тұтанбасын!

Болат Сәния, 

Жамбыл облысының Қаратау қаласындағы 

 С. Сейфуллин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз. 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?