Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Мағаз Досқалиев

1264
Бір суреттің тарихы. Мағаз Досқалиев - e-history.kz

15.04.15

Соғыс көрген адамдардың сезімін біз ешқашанда түсіне алмаймыз. Сол жылдары біздің аталарымыз елімізді қорғамаса, бүгінгі өміріміз қандай болатынын тіпті ойлағым да келмейді. Қаншама адамдардың өмірлері үзілді, қаншама балалар әкелерінен, әйелдер сүйіктілерінен айырылды. Майдан даласына қазақ азаматтары да белін бекем буып, өз ұрпағының келешегі үшін аттанды. Мен соғысты нағашы атамның естеліктерінен, әңгімелерінен, соғыс жайлы фильмдерден, атамның өзі сияқты соғыс ардагерлерінің әңгімесінен білемін. 

d5530226152bed72377e2e5eb443b2f1.JPG

Менің атам — Досқалиев Мағаз Досқалиұлы. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері, Отанымызды барлаушы қызметінде қорғаған. Ол 1918 жылы Семиозер ауданы, Құсмұрын станциясында дүниеге келген. 1939 жылы әскерге шақырылып, «Брест» деп аталатын шолғыншылар тобына жіберілді. Әскерден хаттар анда-санда жеткен, келген сағынышты хаттар ауылда атамды күткен отбасы үшін үлкен қуаныш болды. Атамнан келген әр хаттан кейін ата-анасы ауыл үлкендерін үйге шақырып, олардың баталарын алып отырған. Соғыс басталғанда атамның барлық жақындары күндіз-түні фронттан ақпарат күтумен болды. 1941 жылы соғыс басталғанда, атам әскерден келмей, бірден соғысқа аттанды. Курская Дуга жеріне кавалериялық соғысқа жіберілді. Жарақат алып, госпитальде емделді. Тәуір болғаннан кейін Украина фронтына жіберіліп, 1944 жылға дейін сонда соғысты. Аяғынан жарақат алып, жарақаттан қалған жарқыншақ оның аяғында өмірінің соңына дейін қалды. Атам мүгедек болып қалды. Жақындары кеудесінде жаны қалса екен деп Алладан тілеумен болды. Үйіндегі екі інісі және ата-анасы оны үміттерін үзбей күтумен болды. Атам осы шаңырақтың тұңғыш ұлы болатын. Інілері кіші болғандықтан, соғысқа қатыспады. Осы отты құйында атам Алланың құдіретімен тірі қалды. Атамның әкесі молда болатын. Сол кісінің күнде Алладан өз баласы үшін жақсылық сұрағаны, Аллаға құлшылық еткені атамды қолдап, ол отбасын қуанышқа бөлеп, соғыстан еліне оралды. 

Жеңісті атам Прибалтикада қарсы алды, Берлинге дейін жете алмады. Әйтсе де соғыстан кейін әскері таратылмағандықтан, бірден үйге оралмады. 

1946 жылы қаңтар айында олардың әскері таратылып, атам үйге қайтты. Сол жылы ол болашақ жары — менің әжеммен танысты. Бір-біріне деген сезімдері күннен-күнге ұлғайып, олар шаңырақ көтерді. Дүниеге он екі бала келді, қазіргі кезде солардың алтауы ғана тірі. Атам өмір бойы балаларына бар білгенін, ақылын балалардың санасына сіңіруге тырысатын. Әжеммен бірге тату-тәтті 49 жыл өмір сүрді. Жиырма төрт немересі, жиырма бір шөбересі және бір кішкентай шөпшегі бар. 

5827831e872929aa4ad21289e83e4764.JPG

1946 жылдан бастап темір жолда жұмыс істеді. Атамның ерен еңбегіне байланысты оған 1976 жылы «Ардақты теміржолшы» атағы берілді. Атам өз жұмысын ерекше сүйетін. 1946 жылдан 1981 жылға дейін бойындағы бар күшін жұмысқа салып, зейнеткерлікке шықты. Атамның кеудесі медальдар мен ордендерге толы болатын. Ол соғыстағы ерлігі мен бейбіт күндегі жұмысы үшін «Қызыл Ту ордені», «Ленин ордені», «Ерлік үшін медаль», «1954 жылғы тың игеру үшін» медальдарымен марапатталды. 

bab9f687e58959ed706b7e67c4d91d7d.JPG

2004 жылы 4 қазан күні өмірінің 86 жылында менің атам қайтпас сапарға аттанды. Ол кезде мен кішкентай болсам да, сол күн менің есімімде әлі де бар. Атам өз ұрпағының, соның ішінде, менің жүрегімде мәңгіге қалады. Оның мінезі қатал және әскери тәртіпті сүйетін болса да, мен үшін одан асқан мейірімді адам жоқ. Оны есіме түсіргенде атаммен бірге өткізген қызықты балалық шақтарым көз алдыма келеді. 

Әр жыл сайын 9 мамыр — Жеңіс күні барлық балалары, немере — шөберелері атамның қара шаңырағында жиналып, атамнан қалған ескі альбомды ақтарып, сарғайған суреттерге қарап, естеліктер айтып, зиратқа барып, құран бағыштаймыз. Мен өз атамды ешқашан ұмытпаймын және мен өз атаммен мақтанамын! 

d863e67e231ce1304007dc774b032201.JPG

Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін, әрине, біледі. Осы жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Мен соғыс не үшін, кім үшін керек болды соны түсінбеймін. Осы қырғында қаншама солдат жеңіс үшін өз өмірін қиды, қаншама бала жетім қалды, қанша шаңырақ ортасына түсті, қанша ана жесір атанды... Сондықтан елімізге, жерімізге 70 жыл бұрын тұтқиылдан жасалған соғыс қайталанбасын деп тілегім келеді. 

Қостанай облысының ауылдары мен қалаларынан майданға 73500 қостанайлықтар аттанды, солардың біреуі менің атам болды. Ата — анасының бағына қарай атам соғыстан елге аман оралды, ал қаншама қостанайлық боздақтар майдан даласында мәңгіге қалды. Бұл солдаттар Москва түбінен фашистік Германия жеріне дейінге мыңдаған шақырымдық майдан жолында жүздеген қала — селоларды, деревняларды азат етті. Сол қиын — қыстау кездерде орыс, украин, белорусс, қазақ, өзбек деп ұлтқа бөлінген жоқ, Совет солдаты деген атпен соғысып, Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосты. Қатардағы жауынгерлерден бастап, армияны басқарған генералға дейін бір-ақ ұран болды. Ол: «Отан үшін алға!» 

Ия, Отаннан қадірлі де, ыстық сөз жоқ.

Қажитова Риза, 

Қостанай облысы, Қостанай қаласындағы 

С. Мәуленов атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы 

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?