Кез-келген қоғамның, соның ішінде әрбір мемлекеттің беріктігі, болашағы оның тұрғындарының, соның ішінде жас ұрпағының еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігіне, ұлты алдындағы жауапкершілігіне байланысты екендігі барлығ
Кез-келген қоғамның, соның ішінде әрбір мемлекеттің беріктігі, болашағы оның тұрғындарының, соның ішінде жас ұрпағының еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігіне, ұлты алдындағы жауапкершілігіне байланысты екендігі барлығымызға түсінікті. Адамзаттың, соның ішінде халықтар мен ұлттардың барша даму тарихынан бұған молынан мысалдар келтіруге болады. Қазақ халқының тарихы да одан кенде емес. Халқымыздың барша өткен кезеңіндегі жастардың Ұлттың еркіндігі мен жарқын болашағын айқындаудағы қызметіне тарихым барынша куә.
Тіпті өткен терең тарихты айтпағанда, ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясының бодандығынан құтылып, Тәуелсіз Ел болуды мақсат етіп қойған «Алаш» азаттық қозғалысы мүшелерінің белгілі бөлегінің оқыған, Ұлтының дамуының дұрыс жолын көрсете білген жастар болғандығы әркімге айғақ. Алаш қайраткері, қазақтың белгілі ақыны Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін” деген әйгілі үндеу өлеңі де Елінің теңдігі жолындағы қозғалысына барша қазақ жастарын тарту мақсатында жазылғандығы түсінікті. Алайда, сол мерзімдегі Ресей, оның ішіндегі қазақ қоғамындағы орын алған қарама-қайшылықты саяси оқиғалар ұлт жастарының басым бөлегінің қолдауына ие болған алаштықтардың мақсаттарын орындатпады. Бұл ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің басым бөлегінің сталиндік тоталитарлық жүйенің қатаң жазалауына ұшырағандықтарына осы мерзімдегі саяси қарама-қайшылықты тарихымыз айғақ.
Бұл оқиғалардан соңғы кезеңдердегі коммунистік ұлт саясатын шын пейілмен қабылдап, Кеңес Одағы туған мемлекетіміз, Социалистік Отанымыз деген ұғым бойларына сіңген қазақстандық жастар Ұлы Отан оғысының майданы мен тылында кеңестік патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетті. Одан кейінгі бейбіт замандағы Ортақ Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің мысалдары да жеткілікті. Аталған бағыттағы барша кеңес қоғамына үлгі болған қазақ жастарының жарқын еңбек бастамалары, нақты жетістіктері де жеткілікті. Оның барлығы Кеңестік Қазақстан тарихында толығымен жазылған.
Жастар арасындағы Қазақстандық патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілікті, Ұлт алдындағы жауапкершілікті барынша көрсету Еліміздің Егемендік даму кезеңінде ерекше маңызға және қажеттілікке ие екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан да, Көпұлтты Тәуелсіз Қазақстан жастарының мемлекеттің қуаттылығы, беріктігі мен тұтастығын арттыру жолындағы атқарар міндеттерін белгілеу, олардың бойында Отансүйгіштік, Қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру мақсатындағы қызмет Егемендіктің алғашқы жылдарынан іске асырылып келе жатқандығы белгілі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы Конституциясының 1-ші бабында «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: ... қазақстандық патриотизм;» [1] деп жазылып, бұл істің мемлекеттік негіздегі маңызы айқындалды. Міне сондықтан аталған маңызды талапты іске асыру көпұлтты тұрғындар, соның ішінде жастар арасындағы осындай мақсатты қызмет мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар, білім берудің барлық буындарының негізгі іс-қимыл саласына айналған.
Жастар арасындағы тәрбиенің басты буыны-олардың санасында Отансүйгіштік пен «Қазақстандық патриотизм» сезімін қалыптастырудың қажеттігі «Қазақстан Республикасы 2030 жылдарға дейінгі даму стратегиясында» баса айқындалып, онда «Біздің мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулығы мықты өкілдері болады. Олар, бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі, күллі әлемге әйгілі әрі силы өз елінің патриоттары болады»[2],- деп көрсетілді.
1996 жылғы Республика жастары өкілдерімен Ақмола қаласында өткізілген өзінің кездесуінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Өзгерістер уақыты –бұл мүмкіндіктер уақыты, және бұл солармен қатар зор күрделіліктер уақыты. Қазіргі жастардың алдына қойылған мәселелердің көлемін еске ала отыра, олардың алдында екі: атап айтқанда, тиімді ашық экономиканы негіздеу мен толыққанды тәуелсіз және көпэтникалық мемлекетті дамыту міндеті тұрғандығын атап кетуіміз керек. ... Қазақстанның келешегі осындай мықтылардың қолында болуы тиіс. ... Қазақстан жастары бүгін өздерін қандай дәрежеде көрсете алса, еліміздің ХХІ ғасырдағы болашағы сондай болады» [3], делініп, Егемен Қазақстан жастарының алдына қойылып отырған міндеттерін толығынан айқындап берді.
Шындығында да Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, тағы да басқа бағыттардағы дамуында жастардың алар орнының ерекше екендігі әркімге аян. Қазіргі күні Қазақстан жастарының басым бөлегі өндірістегі, білім беру, ғылым, өнер, спорт, мәдениет, тағы да басқа салаларда нәтижелі де жаңашылдықпен еңбек етуде. Олардың көпшілігінің есімдері халықаралық деңгейде танылып, Туған халқын әлемге айшықтап келе жатқандығын біз жақсы білеміз.
Олардың осындай қызметтер атқаруына мемлекетіміз де барынша жағдайлар жасап отырғандығы белгілі. Солардың қатарында қазақстандық жастардың әрбір ұлт, мемлекеттің жасампаздығы мен дамуын қамтамасыз етудің басты жолы- уақыт талабына сай білім алып, мамандыққа ие болу, ғылыммен айналысуларына ерекше назар аударылып отыр.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.
...Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»[4],-деп жазып, Еліміз жастарының ХХІ ғасырдағы алдында тұрған осы міндеттеріне тағы да тоқталып өткендігі белгілі.
Егерде Қазақстаннның Тәуелсіздік жағдайындағы 30 жылға жуық даму тарихына қысқаша шолу жасайтын болсақ, осы мерзімде жастар мәселесіне арналған көптеген «заңнамалық, ережелік-құқықтық құжаттар қабылданды. Солардың қатарындағы: «1999 жылдың тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасының жастар саясатының Мемлекеттік Бағдарламасы қабылданды. 2001 жылдан бастап қабылданған көптеген жоспарлар, атап айтқанда: 2003-2004 жылдардағы «Қазақстан жастары» Бағдарламасы орындалды. Жастар саясатын іске асырудың институтциональдық негізі 2004 жылдың 7 щілдесіндегі «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік Жастар саясаты туралы» Заңның қабылдануы болды. Осы уақыттан бастап келесі бағдарламалық құжаттар, атап айтқанда: 2005-2007 жылдарға арналған Жастар саясатының жоспары, сонымен бірге Қазақстан азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарды қамтитын Мемлекеттік Бағдарламасы, қабылданды. 2010 жылдан жастар саясаты Қазақстан Республикасындағы білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік Жоспары негізінде жүзеге асырылуда.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ мемлекеттік жастар саясаты жаңа жағдай мүмкіндіктерін еске алуға бағытталып, қазақстандық жастардың белсенді инновациялық және өндірістік белсенділіктерін қамтамасыз етуге бағытталған»[5].
Ал, Қазақстанда 2019 жылдың “Жастар жылы деп белгіленіп, оны іске асыру мақсатындағы келелі шаралардың ұйымдастырылуы да Еліміздегі жастар саясатының тұрақты негізде жүргізіліп келе жатқандығының куәсі болып табылады.
«Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын,- деп көрсетті Н.Ә.Назарбаев Жастар жылын жариялауға арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде,- – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. ... Жастар біздің еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттіліктің басты кепілі. ... Сондықтан да сіздер - сіздердің білімдеріңіз, ерік-жігерлеріңіз бен Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз Қазақстанның болашағының кепілі болып табылады»[6.1]. Осы жиында Елбасы одан ары Қазақстан жастарын олардың алдына қойылып отырған бүгінгі келелі міндеттерді ұғына білуге, соның ішінде сапалы білім алуға ғылыммен айналысуға үндеді. Осы мазмұндағы оның «Жас ғалымдарға белсенді ықпалдастық жасау маңызға ие. Уақыт дәлелдегеніндей, біздің «Болашақ» бағдарламасын белгілегендігіміздің дұрыстығын уақыт көрсетті. Одан кейін Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерін негіздедік. ... Біздің жас ғалымдарға өздерінің бастамаларын келелі жобалар арқылы іске асыруларына көмек көрсетуіміз қажет. Қазіргі күні 12 мыңнан астам болашақшылар ел игілігі үшін еңбек етуде»[6],- деген мәлімдемесі бұл саладағы мемлекет тарапынан атқарылып отырған істердің көлемін айқындады. Ал, дарынды жастардың алдыңғы қатарлы шет мемлекеттердің әлемдік деңгейдегі озық жоғары оқыту орындарында мемлекет есебінен мамандық алуларына мүмкіндік беретін халықаралық «Болашақ» бағдарламасы сол уақыттағы еліміздегі экономиканы әлемдік нарық талаптарына қою жолындағы күрделі жағдайларға қарамастан Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік бастамасымен 1993 жылдан өмірге келген еді. Аталған істің дер кезінде және дұрыс қолға алынғандығы қазіргі уақытта айқын дәлелденіп отыр.
Бүгінгі күндері қоғамымызда Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың сабақтастығын қамтамасыз ету белсенділікпен одан ары жалғасын тауып отыр. Солардың қатарында жастарды төменнен жоғарыға дейінгі мемлекеттік басқарудың барлық буындарына кеңінен тарту, оларға бүгінгі күн талабына сай білім беріп, сұранысқа ие мамандыққа дайындау тағы да басқа жұмыстардың қарқыны артып келеді. Осылармен бірге қазақстандық дарынды жастардың әлемдік бәсекеге лайықты ғылыммен айналысуларына да ойдағыдай назар аударылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауындағы: «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет.
Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, "Жас ғалым" жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын»[7],-деген сөздер жоғарыдағы айтылғандардың маңызын аша түседі.
Алайда, қазіргі күні қазақстандық жастар арасындағы саяси-тәрбие бағытындағы жұмыстардағы кемшіліктер де орын алуда. Еліміздің жекелеген аймақтарында бұл істегі сападан гөрі санға бейімділік, атқарылған істердің нәтижелілігіне назар аудармау, тағы да басқа олқылықтар кездеседі. Бұл айтылғандарға 2015 жылдың ІҮ тоқсанындағы «Молодежь» Ғылыми-зерттеу орталығының еліміздің әр аймақтарындағы Қазақстан жастары арасындағы ұйымдастырған әлеуметтік сауалнамасының қорытындысы нақты жауап береді. Мысалы, осы сауалнамадағы «Сіз өзіңізді патриот деп есептейсіз бе?» деген сұраққа Ақтөбе облысы жастары 100% -ИЕ деп жауап берген. Ал, салыстыру үшін, бұл көрсеткіш Маңғыстау облысы жастары арасында -87%, Астана қаласында -45,9%, Алматы қаласында -23,7% құрады. Республика бойынша орташа көрсеткіш 58,2% болды»[8]. Ал, мұның өзі жалпы республика бойынша атқарылған және атқарылар қызметтер негізінде көпұлтты Қазақстан жастары бойындағы Отансүйгіштік пен “Қазақстандық патриотизм” сезімін берік қалыптастыруды мемлекеттік және қоғамдық деңгейде үнемі және жоспарлы негізде сапалылық және нәтижелілік талабына сай жүргізе беру керектігін қажет етеді. Тура осындай насихаттық қызметтің берерінің мол болатындығы белгілі.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіз Қазақстан қоғамы, аға ұрпақ Отанының қуаттылығын арттырып, оны «Мәңгілік Ел» етудегі бабалар өсиетіне адал Ел жастарының жасампаздығы мен мақсаткерлігіне кәміл сенетіндігі белгілі. Ал оған өткен кезеңдердің терең бастауынан бүгінге дейін үзілмей, айқын дәлелденіп келе жатқан қазақ жастарының бойындағы Ұлтына, оның тарихы, мәдениеті мен салтына, Тарихи Ата - Жұртына деген нақты сүйіспеншілігі айғақ бола алады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері. Конституциялық актылар-Казахстан: этапы государственности. Конституционные акты /Құрастырған Ж.Бәйішев.- Алматы: Жеті жарғы, 1997, 179 б.
2.Қазақстан-2030, Алматы: Юрист, 2001, ??? бб.
3. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 5938, лл.11,26
4.Назарбаев Н.Ә.Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. //Егемен Қазақстан, 12 сәуір 2017
5.Тышканова Н.С., Акишев А.А. Роль современной казахстанской молодёжи в укреплении идейной консолидации общества. //Вестник КазНПУ им. Абая, Серия “Социологические и политические науки” 2014, №2 (46)6 c. 75
6. Выступление Президента Казахстана Н.А. Назарбаева на торжественной церемонии открытия Года молодежи. 23 января 2019 г. ://www.akorda.kz/ kz/ru/
7. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйекҚазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы, 2020 жыл,1 қыркүйек https://www.akorda.kz/
8.Актюбинская молодежь показала самый высокий уровень патриотизма в Казахстане Источник: https://e-history.kz/ru/news/show/4841/ © e-history.kz
Қарасаев Ғани Мұқашұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы