Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ МУЛЬТИПЛИКАЦИЯ

5832
ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ МУЛЬТИПЛИКАЦИЯ - e-history.kz

Арғы қазақтан бергі қазаққа жеткен аса құнды мәдени мұрамыз – фольклор. Ертеңіміз бен бүгінімізді ойлаған сәтте жанымызға рухани азық болып, тіліміз бен ділімізді, мәдениетіміз бен болмысымызды, ұлттық жадымыз бен ұлттық

Соңғы ғасырлардағы зерттеулерде мифологияның маңыздылығы туралы фольклортанушы, мифолог, жазушы, философ, тарихшы, антрополог, әлеуметтанушы және психолог сынды түрлі сала мамандарының ізденістері көп орын алды. Аталған ғылым деректерінде мифтің қиялдың жемісіндегі ойдан пайда болған туынды емес, адамзаттың теориялық ойлауға жеткенге дейін түсінетін әмбебап ойлау тәсілі екенін ғылыми негізде дәлелдеп отыр. Мифологияның арқасында ұлттық тамырларды сақтауға, ұлттық бірлікті нығайтуға және адами ізгіліктерді насихаттауға болатындығын айқындады.

Ұлт мәдениетінің тамыры, ұлттық жадының өзегі мен тарихы саналған миф бар жанарды жаулаған анимацияда қарқынды дәріптелуде. Соңғы зерттеулердің нәтижесінде мифологияның негізінде түсірілген мультфильмдердегі мифологиялық кейіпкерлердің әрекеті, мифологиялық кейіпкерлердің бейнесі және олардың айналасындағы сиқыр мен қиял көрермендердің қызығушылығын тудырған. Балаларға мифологиялық кейіпкердің іс-әрекеті өте қызықты. Қазір анимациялық фильм тудырушы ұжымдар эпостар мен мифологиядағы көне кейіпкерлерді заманауи супер кейіпкерлер ретінде қайта қосуда.

Қазақ мифологиялық кейіпкерлері мен қазақ анимациясының байланыстылығы көп айтылмай келеді. Анимацияда бейнеленген мифологиялық кейіпкерлердің түрлі қырынан зерттелуі әлі жеткілікті дәрежеде емес. Осының негізінде, мифтік кейіпкерлердің әуелгі сипатын айқындау, анимациядағы сыртқы тұрпаты мен ішкі әлемінің берілуін саралау, келер ұрпаққа қажетті деңгейде таныту үшін бүгіннен қалмай қамдану, анимацияда бейнеленген мифологиялық кейіпкерлерге жасалған талдауларды, айтылған сыни пайымдар мен көзқарастарды толықтыру, тақырыпты жан-жақты зерттеу, баға беру, талдау жұмыстың өзектілігін танытады.

Жұмыстың негізгі мақсаты – қазақ балаларының, жалпы қазақ қоғамының санасына шетелдік жат мульткейіпкерлердің орнына төл халық ауыз әдебиетіміздегі кейіпкерлерді сіңіру жолында ғылыми ізденістер жасау. Қазақ анимациясында төл мифологиялық кейіпкерлерімізді жасауда жасалған қадамдарға зерттеу жүргізу. Әлемдік тәжірибелерді қарастыру. Жұмыс барысында айтылған мақсатқа жету үшін төмендегі міндеттерді шешу айқындалды:

–                   Қазақ фольклоры мен мифологиялық кейіпкерлердің байланысын айқындау.

–                   Қазақ анимациясы мен мифологиялық кейіпкерлердің арасындағы нәзік байланысты көрсету, оның маңыздылығын таныту.

–                   Қазақ анимациясында бейнеленген мифологиялық кейіпкерлерді зерттеудің базасын толықтыру.

–                   Қазақ анимациясында бейнеленетін мифологиялық кейіпкерлерді ғылыми негізде қарастырудағы сыни көзқарастарды қалыптастыру.

–                   Қазақ анимациясы жасаған фольклорға қатысты туындыларға қазақ фольклортанушы ғалымдары беру керек көзқарастың маңыздылығын көрсету.

–                   Шетелдегі мифологиялық кейіпкерлерді заманауи анимацияға енгізудегі тәжірибесін қарастыру.

Мифология ғылымына, фольклордағы түрлі жанрлардағы мифке байланысты жазылған ғалымдардың көптеген теориялық еңбектері қарастырылды: Ш. Уәлиханов, Р. Бердібаев, Ш.Елеукенов, А. Байтұрсынұлы, С. Қасқабасов, А. Тойшанұлы, П. Әуесбаева, С.Қондыбай, т.б., «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» жинағы, Серікбол Қондыбайдың төрт томдық «Арғықазақ мифологиясы» еңбегі, Бабалар сөзі сериясымен шыққан томдықтар негізгі басшылыққа алынды.

Миф (грек. Mythos – баян, аңыз, мысал) – халық творчествосының өте ертеден қалыптасқан ең көне жанрларының бірі [1, 229 б.].Бірнеше ғасырдан бері мифологияның маңыздылығы туралы жазушы, философ, тарихшы, антрополог, әлеуметтанушы және психолог мамандар шексіз зерттеулер жүргізіп келеді. Мифтің ойдан шығарылған өтірік те, елес те емес, адам баласы теориялық ойлауға жеткенге дейін түсінетін әмбебап ойлау тәсілі екенін атап көрсетті. Мифологияның көмегімен ұлттық тамырларды сақтауға, ұлттық бірлікті ұйыстыруға және ұлттық ізгіліктерді насихаттауға болатындығын айқындады. Миф – ұлт мәдениетінің тамыры, ұлттық жадының өзегі мен тарихы.

Қазақ мифологиясы мультипликациямен тығыз байланысты. В.В.Курчевский мультипликациялық киноға: «Мультипликациялық фильм – кейіпкердің сыртқы келбеті мен мінез-құлқы, бейнелік ортасы мен оқиғаның өту мекенінің суреткердің қолымен, оның дүниетанымымен, қиялымен және кәсіби шеберлігі негізінде жасалатын кинематографияның бір түрі» [2], – деген анықтама берген. Мультипликациялық кино тек жасөспірімдерге ғана емес, барлық жасты қамтып, қоғамдық, эстетикалық тәрбие беретін ауқымды өнер.

Мулбтиплиқапиялық кино (лат. multiplicatio – көбею; франц., ағылш. – жандандыру) – суреттердің (жазық нысандар), шыршақтардың (көлемді нысандар) қозғалысы фазаларын жеке кадрларға түсіріп, ретімен көрсетуден туатын кино өнерінің бір түрі [3, 588 б.]. Анимация – Француздың «жандану» деген сөзінен шыққан. Белгілі бір затқа немесе өлі денеге қимыл-қозғалыс қабілетін беру үрдісі. Батыста мультипликацияны анимация деп атайды [4, 32 б.]. Мультфильмдер алғашқыда киноаппараттардың көмегімен көбейтіліп жасалған болса, бүгінде мультфильм арнайы компьютерлерлік бағдарламалардың, цифрлы фотоаппараттардың көмегімен жасалады. Анимация, анима – жан, жандандыру деген мағынаны білдіреді. Сол себепті, өнердің дамуына байланысты мультипликация қазіргі таңда анимация деген сөзге ауысты. Бүгінде мультипликатор көбейтушіден қарағанда, аниматор қозғалыс тудырушы, жан бітіруші мамандар алдыға шықты.

Соңғы зерттеулердің нәтижесінде мифологияның негізінде түсірілген мультфильмдердегі мифологиялық кейіпкерлердің әрекеті, мифологиялық кейіпкерлердің бейнесі және олардың айналасындағы сиқыр мен қиял көрермендердің қызығушылығын тудырған [5]. Балаларға мифологиялық кейіпкердің іс-әрекеті өте қызықты. Қазір анимациялық фильм тудырушы ұжымдар эпостар мен мифологиядағы көне кейіпкерлерді заманауи супер кейіпкерлер ретінде қайта қосуда.

Қазақ мифологиясы мен мультипликация өнерін дамыту – бүгінгі күннің талабы. Екі өнердің тоғысында халық қажетін өтейтін үздік туындылар тудыруға болады. Қазақ анимациясы әлемдік анимацияда өз орнын тапқысы келсе, оның өзіндік ерекше сипаты болуы керек. Ол үшін ұлттық болмыс ең басты кілт екенін ұмытпаған жөн. Анимацияны жасаушылар ұлтттық дүниетанымды айшықтайтын таптыр мас материал ретінде қазақ анимациясына қазақ мифологиялық элементтерін орынды қолданып, қазақ анимациясының өркендеуіне толықтай көңіл бөлулері керек. Себебі, мифологияны ұлттық рухты жеткізетін ғылым деп айтуға болады. Анимация арқылы қазақ мифологиясы мен ондағы кейіпкерлердің де қайта жаңғыру процесінен өтіп, насихатталары сөзсіз.

ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ МИФОЛОГИЯЛЫҚ КЕЙІПКЕРЛЕР

Халқымыздың ғасырлар бойғы болмысын бойына сіңіріп, рухани деңгейін танытатын, тарихы мен мәдениетінен, ойлау жүйесі мен дүниетанымынан ақпарат беріп, тұрмыс-тіршілігі мен өмірге көзқарасынан хабардар ететін құнды мұрамыз – фольклор. Фольклор – рухани мәдениетіміздің негізі, ұлттық тәрбие-өнегеміздің бастауы.

Халық ауыз әдебиетінің жанрлық түрлері өте көп. Олар поэзия немесе проза түрінде ауыздан ауызға тарап, бүгінгі күнге жетті. Өлең формасындағы халық шығармашылығының негізі эстетикалық әсерге, тәрбиелік мәнге, көркемдік ерекшелікке құрылатын болса, прозалық үлгідегі халық шығармалары адамды табиғаттың тылсым жұмбағына бойлауға, дүниетанымын кеңейтуге, ойлау қабілетін жоғарылатуға, өмірді білуге жетелейді. Ал фольклордың прозалық түрі XXI ғасырдың жастарын еркін ой кеңістігіне жетелеп, озық ойлау мен ұшқыр қиялға шыңдайтын ерекше қаиетке ие. Дегенмен, проза түріндегі фольклорлық туындыларға қарағанда поэзия түріндегі халық шығармаларына қатысты зерттеулер молырақ және заманға сай көбірек трансформацияланған. Сондықтан, прозалық халық шығармаларын кеңінен зерттеп, жедел жас ұрпақ санасына сіңіруге жол тартқызу – мығым ұлт ретінде өсіп-өну жолындағы кезек күттірмес жауапты қадам.

Прозалық халық шығармаларының ішінен өзек етіп алып отырған тақырыбым – миф. Миф жанры – қазақ халқының түпкі ой-санасы мен сөз өнерінің бастауы. Ерте замандағы адамдардың қоршаған ортасы туралы, жалпы ғалам мен өздері туралы, құдайлар мен құбжықтар, рухтар мен аруақтар туралы ақиқат деп таныған түсініктерін фольклор ғылымының мифология жанры қарастырады.

Алғашқы қазақ фольклорын зерттей бастаған тұста миф жанры арнайы айтылып, ажыратылмаған. Ш. Уәлихановтың «Қазақтағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегі, Г.Н. Потанин материалдары, «Дала уалаятының газеті», «Этнографическое обозрение», «Живая старина» сынды басылымдардан мифке қатысты бастапқы ғылыми деректерді көреміз [6, 4-5 б.]. А.Байтұрсынұлының: «Адам анайы шағында бала сияқты жанды, жансыз нәрсені айырмаған. Жанды да, жансызы да бірдей тіршілік ететін, бірдей өмір сүретін сияқты көрінген. Табиғаттан ұзап кеткен жері болмаған соң, адамның өзі де табиғатпен қатар, табиғатпен жалғас, сабақтас, өзектес сияқты күйде өмір шеккен. Жансыз нәрселерді жанды деп таныған» [7, 278-279 б.], – деген сөзінің астарында мифтік таным жатыр. Бұны миф туралы алғашқы айтылған көзқарастардың бірі ретінде қарастыруға болады. Мифті жіктеуге алғашқы қадам жасағандар қатарына Х. Досмұхамедұлының космогониялық әңгімелерді (аспан шырақтары, күн күркіреу, найзағай, аққан жұлдыз, Темірқазық, Жетіқарақшы, Үркер, кемпірқосақ т.б.) жіктеуін атауға болады [6, 34 б.]. М.Әуезов адам баласы алғаш нәр алған білім көзі мен діни түсінік деп мифке өзінше байлам айтады [8, 292 б.]. Содан кейін Р. Бердібаевтың «Қазақ эпосы», Ш.Елеукеновтің «К вопросу о жанровом своеобразии казахского романа» деген еңбектерінен бастап миф туралы сөз етіле бастады.

Қазақ мифологиясы таза күйінде сақталмаған. Мифтік сипатты көне эпостар мен жырлардың, ертегілер мен аңыздардың бойынан, қазақ сөзінің қойнауынан, наным-сенім ұғымдарынан іздеп таба аламыз. Фольклорлық проза жанрларынан біршама зерттелгені ертегі жанры деуге болады. Өзгесі толық жіктеліп, ажыратылмаған. Мысалы, хикаят пен аңыз, ертегі жанрларының ішінен миф жанрына тән іздерді көре аламыз. Бұлардың ара-жігін ажырату – маңызды. Академик С. Қасқабасов «Қазақтың халық прозасы» атты зерттеу еңбегінде фольклортанудағы жанр мәселесін қозғайды. Фольклордағы жанр ұғымына: «сюжеттің шығармаға айналу жолдары мен елге таралу, айтылу, орындалу мәнері» [9, 31 б.], – деген сипаттама береді де, жанр деген не деген сұрақ қойып, былай жауап береді: «Жанр дегеніміз – оқиғаны, сюжеттік материалды белгілі бір мақсатпен тұтас мазмұнды, идеялы шығармаға айналдырудың әдісі, жолы, құралы» [9, 35 б.]. Алдымен әдебиеттану ғылымын эпос, драма, лирика деген тектерге бөлген сияқты, фольклорды қара сөз, өлең сөйлесу деген үш үлкен текке жіктейді, қазақта сөйлесу (диалог) тегіне жататын ауыз әдебиеті жоқ болғандықтан, фольклорлық жанрларды қалған екеуіне бөледі. Прозалық жанрға миф, әңгіме, хикая, ертегі, шешендік сөздерін жатқызады. Өлең жанрына жыр, тақпақ, қара өлең, айтыс, мақал-мәтелдерді топтастырады. Жанрға тән тұрақты белгілер деп сол жанрға тән композициялық, сюжеттік, көркемдік бейнелеу тәсілдерін атайды [10].

С. Қасқабасов белгілі фольклортанушы ғалым В.Е. Гусевтің зерттеуіне сүйене отырып қазақ халық прозасын екі топқа топтастырады. Бірінші топқа миф, хикая, аңыз, әпсана-хикаят жанрларын кіргізіп, оларға аңыздық проза деген атау береді. Екінші топты ертегілік проза деп атап, оған жануарлар жайындағы, қиял-ғажайып, батырлық, ғибраттылық, сықақ ертегілерін жатқызады.

Аңыздық прозада көркемдік құрал пайдаланылмайды. Тыңдаушы айтушыға шынымен болған оқиғаны естіп отырғандай нанады. Ал ертегілік проза қиялға құрылып, көркемдегіш құралдардың әсерінен таңғажайыпқа ұласады.

Бағзы заманда пайда болған аңыздық прозаға жататын жанрдың бірі – миф. Қазақ фольклортану ғылымында қазақ мифтері турасында тұңғыш анықтама берген фольклортанушы ғалым – С. Қасқабасов. С. Қасқабасов миф туралы анықтамаларды саралай келе екі үлкен топқа бөліп қарастырады:

Біріншіден, «миф дегеніміз – дүние туралы фонтастикалық түсінік, әлемде билік жүргізетін құдайлар мен рухтардың ғажайып образдарының жүйесі (системасы)». Екіншіден, «миф дегеніміз – құдайлар мен алыптар жайындағы ауыз-екі әңгіме» [10, 152 б.].

Қазақ мифологиясын терең зерттеген, бірегей ғалым С. Қондыбайдың «Қазақ мифологиясына кіріспе» атты еңбегінде миф туралы біршама тұжырымдар жинақталған:

·        миф – қай заманда да өзгермейтін, тұрақты дүние;

·        мифте бүкіл жерде, затта кездесетін бар жалпы модельдер, сюжеттер, детальдар бар;

·        миф – байырғы адамдардьң адамтану, дүниетану көзқарасы, ақиқат танымы;

·        миф – бүгінгі бар ғылым мен өнердің, мәдениеттің бастапқы негізі (мысалы, ертегі мен жырдың басында миф жатыр);

·        ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ата-бабаларымыздың естелік мұраларыньң жиынтығы;

·        миф тіпті біздің түйсігімізде (подсознание), қанымызда, генімізде таңбаланған (закодирован) [11, 11-12 б.].

Миф баяғы адамдардың ойлау жүйесі мен тәжірибенің жемісі. Мифология мифтің әдеби мүддеге бағындырылған түрі. Мифті бір қырынан бағамдағанда, шындық, ақиқатына көз жеткізе алмайтын ергегі, қиял тәрізді.

«Ал мифологиядан мифтер мысалдық, метафоралық, сюжеттік, т.б. тұрғыда қолданылады. Миф танып-түсінуге болмайтын ішкі сезім-түйсіктің нәтижесі болса, мифологияға мифтер саналы түрде арқау болады. Миф – белгілі бір құбылыстың көшірмесі немесе көрінісі емес, әуелгі шынайылық (реальностъ). танып-түсінуді қажет етпейтін шынайылық, жазмыштык сенім. Ал рационалды таным-түсінік мифологияны метафора ретінде қолданады» [12, 164 б.].

Бүгінде мифтің шындықтан алыс, қиялға жақын болып елестеуі заңды құбылыс. Мифология нақты теория мен дәлелге сүйенбейді. Таза күйінде де сақталмаған. Мифті зерттеушілер қиял мен ойдың жетегінде жүріп, сөз бен ойдың қатпарларына сүйенеді. Өз дәуірінде пайда болған мифтегі шындық деп саналған ақиқатты іздейді. Миф – әр халықтың таным-түйсігі, дүниетанымы. Фольклорлық туындылардың, әсіресе ертегілік проза мен аңыздық прозаларда, көне эпос пен дастандарда мифтік сарын, мифологиялық ойлау жиі ұшырасады.

Мифтік сарынды бойына сақтаған фольклорлық туындыларға мифологизм тән. Мифология ертегі мен эпостық туындылардың бойына сіңіп кеткен. Мифологиялық сенім арқылы түрлі ертегілік, эпостық кейіпкерлердің образы пайда болған.

«Алпамыс батыр» – ең көне болып саналатын эпостың бірі. Эпостағы кейіпкерлерге тән мифтік мотивтерден олардың мифтік дәуірге жататындығы айқындалады. Жырда мифологиялық ойлаудан туған түрлі ғажайып күш иелері, тылсым оқиғалар, табиғат сырлары кездеседі:

1.                 Бала сұрап, әулиеден әулиеге түнеген Байбөрі мен Аналыққа Баба Шашты түкті Әзиздің берген аянында мифтің табиғатына саятын ұғым көрінеді:

Аналық жатып түс көрді,

Түсінде жақсы іс көрді.

Бір дуана келеді,

Аналық мұны көреді...

Түс көруге қатысты Р. Бердібай «Эпос – ел қазынасы» атты зерттеуінде «Түске сену адам баласының өте ертеден келе жатқан, арғы түбі анимистік дүниетанымға барып тірелетін дәстүрі еді», – дейді [14, 128 б.]. Мифолог ғалым Ж.Аймұхамбет өзінің монографиясында психоаналитикалық ғалым З. Фрейдтің түс көруді мифологиямен байланыстыратынын атап өтеді [15, 5 б.].

Ерте кезден жеткен көне эпостар мен ертегілерден қазақ мифологиясына жататын кейіпкерлерді табу оңай. Ғасырдан ғасырға жад арқылы жеткен мифологизмдер қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, салт-дәстүр, ырым-тиым, наным-сенімдеріне сіңіп кеткен. Сондықтан, мифке тән кейіпкерлерді қарастырғанда тек миф жанрын ғана қарау жеткіліксіз.

Е. Ысмайлов «Ақындар» атты монографиясында айдаһар, жылан жезтырнақ қатарлы кейіпкерлерге тоқталып, оларға ертеден бері адамзат алысып келе жатқан табиғаттағы белгілі күштер деп қарауға болатынын айтады. Ежелгі адамдардың табиғатты, дүниені, түрлі құбылыстарды тану барысында шығарған алуан түрлі аңыз, ертегілерінің нәтижесінде туған кейіпкерлер деп бағалайды. «Жамбыл дастанындағы жылан, айдаһар, жезтырнақтардың көне замандағы мифтік ұғымдағы мотив, образдармен байланысты қарауға болады» [16, 152 б.], – дейді.

Ежелгі замандардан бергі таным-түсініктерді бойында сақтап келе жатқан фольклорлық мұра ертегілерде адамдардың жануарлармен тілдесе алуы, жануарларға адамша тіл біту, аң мен құстардың адамға айналуы немесе адамның аң-құс кейпіне енуі санадағы мифтік қатпарлардан туындаған оқиғалар. Ертегілердегі ғажайып қаһармандардың бастау қайнары мифтік кейіпкерлер екені даусыз. Бұған Ж. Аймұхамбеттің «Миф. Мифология. Мифопоэтика» атты монографиясындағы: «Қазақ мифологиясында көп ұшырасатын мифтік қарармандар Көлтауысар, Желаяқ, Таусоғар, Саққүлақ. Аталған кейіпкерлер халықтық қаһарманға дос болып, оған көмектесіп, арман-мақсатына жеткізеді. «Күн астындағы Күнікей қыз», «Ер Төстік», «Қара үйрек» ертегілерінде бұл кейіпкерлер оқиға барысында көрініп отырады. Ертегі кейіпкерлеріне қиналған сәтінде тылсым, ғажайып күштер көмек көрсетіп, жөн сілтейді. Кейде мифтік бейнелер жағымсыз, қаскөй әрекеттерімен көрінеді. Мысалы, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір, Жеті басты Дәу, т.б... Мифтік аң-құстар да фольклорлық туындыларда айтылады (жеті басты айдаһар, самұрық, т.б)», – дегенін мысал ретінде келтіре аламыз [15, 9 б.].

Мифтік кейіпкер – алғашқы қоғам өкілдерінің қоршаған ортаны қабылдауындағы кез-келген заттың жаны бар, иесі бар деген таным-түсінігінің негізінде пайда болған кейіпкерлер [17, 4 б.]. Уақыт өте келе адам санасының дамуының әсерінен бұл кейіпкерлер алғашқы құпия деп саналатын әңгімелерге қиял қосылып, адамзат арманын арқалаған ертегілерге еніп кетті. Бүгінде әлемдік анимацияның өзегіне сол ертегілер айналуда. Енді, қазақ мифологиясындағы бірқатар мифологиялық кейіпкерлерге тоқталайық.

Дию – бірде дәу, бірде дию түрінде аталып, фольклорлық шығармаларда басты қаһарманға кедергі болатын жағымсыз кейіпкер. Фольклорлық мәтіндерде дию ұша алатын, сиқырлы күш иесі. Адам тәрізді ас ішеді, бала-шағасы болады, өледі. Сұлуларға зорлықпен үйленіп, ұрлап әкетеді. Ғалым С.Қондыбай дию сөзін парсылық «див» сөзінен таратады [11, 27 б.]. Диюлардың өз патшалығы бар, қауымдасып өмір сүреді. Қазақ мифологиясында көк пен жер арасындағы тылсым күш иесі.

Ғалым Р. Бердібаев «Қазақ-башқұрт фольклорлық байланысының кей сұрақтары» атты зерттеуінде: «Олардың түсінігінде дию-пері жер астында, терең cyдың түбінде өмір сүреді, адамдарды есін адастырып ұрлап әкетеді, үйленеді, кейде үйіне қонақ етеді, ас береді. Дию-пері әртүрлі пішінде болады, негізінен адам келбетті, олар дастарқан жайғанда «бисмиллә» деп қалсаң, ұсынған тамағының бәрі жылқының құмалағына айналады да, өздері зым-зия жоғалып кетеді-мыс. Сонымен бірге, башқұрт мифологиясында дию-пері желдің иесі, адам секілді тіршілік етеді-мыс. Башқұрт халқындағы «Кузы-Курпес, Маян-Хылу» эпосында тағы бір дию-пері деген жаны берік мақұлық кездеседі, оның тек қана өкшесін жаралап өлтіруге болатын көрінеді», – дейді және Башқұрттар мен Қазан татарларында «дию-пері» демонологиялық кейіпкер екендігін айтады [18, 47 6.].

Дәу – қазақ фольклорындағы тьлсым күш иелерінің бірі. Бірде ұнамды, бірде жағымсыз кейіпте.

Мифолог ғалым С.Қондыбай: «Дәу» парсылар арқылы кірген сөз, ол жалпы үндіеуропаша «диос», «дайва», «дэв» сөзінен шыққан, «жарық аспан» деген мағынаны білдіреді, – дейді. [11, 26 6.].

Ежелгі адамдар танымында адам аяғы баспайтын жапан даланың, тау-тастың өзінің ие құдайлары бар. Дәу образы содан шыққан. Кейін адамзат санасы дамыған кезде ие құдай деп санаған дәу образы әжуаланып, тіпті қаңбақ шалды жеңе алмайтын әлсіз күйге айналған. Зерттеуші Б. Әбжеттің пікірінше дәу қола дәуірінен бері келе жатқан мифтік наным-сенімдегі кейіпкер [19, 32 б.]. Дәулер қара күштің иесі. Кей сюжеттерде адамға көмектесетін жағымды кейіпте, кейде адамдарға қарсы келетін күш ретінде көрінеді.

Р. Абилхамитқызы «Түркі Мифологиясындағы Дәу мен Айдаһаp бейнесі» атты мақаласында қазақ фольклорындағы дәу мен дию бейнесіне типологиялық және генеологиялық сипаттама жасай келіп: «Кейін адам санасы дами бастаған уақытта, табиғаттың тылсым күшін ұғынып, өз-өзін тани бастағаннан кейін, сол ескі сенімдегі дәулер енді өз куатын жоя бастаған. Ескі түркі мифологиясында тау мен тасты көтеріп жүрген дәулер батырға көмекке келсе, одан кейінгі мифологияда батыр дәумен алысып, оны жеңіп мұратына жеткен. Бертін келе қоғам дамығаннан бастап қалыптасқан мифологияда, дәу Қаңбақ шалдан жеңіліп жүрген ақымақ, жарым ес кейпіне түсіп, тек қара күшінен басқа ештеңесі жоқ бейшара ретінде алынып, ажуа мен күлкіге қалады» [20], – деп бұл бейненің эволюциялық өзгеру барысын түсіндіреді.

Жалғыз көзді дәу – дүлей күшке ие ретінде суреттеліп, қазақтың біраз ертегісінде кездеседі. Жалғыз көзді дәу қазақтан басқа иран, араб ертегілеріне де тән ортақ обарз. Едіге Тұрсынов батыс пен шығыста бірдей кездесетін ежелгі түркілерегі дуалистік миф жалғыз көзді дәу кейіпкерінің скифтер арқылы гректерге жеткендігі туралы ой айтады [21, 113 б.]. Жалғыз көзді дәу образы парсы халқында екі басты дәу түрінде жиі көрініс табады.

Қазақ халқының «Жалғыз көзді дию» ертегісінде маңдайында жалғыз көзі бар, айғайлаған дауысы жер жаратын, жүрісінен жер сілкінетін, мінген тұлпары, тұратын сарайы бар қарсыласына осалдықпен алдыртпайтын мифтік кейіпкер бар. Аталған ертегіде Жалғыз көзді дәу қырық күн, қырық түн қатар не ұйықтамай, не ас ішпей ел арасында зұлымдық жасайды. Әбден әлсіреген кезінде сарайына оралып қырық күн, қырық түн әбден тынығып, қайта ел шабуға аттанып отырады [22, 63 б.].

Адам жегіш сипаттағы Жалғыз көзді дәу «Ақжан батыр» ертегісінде де баяндалады [22, 103 б.]. Онда Жалғыз көзді дәудің байдың інісін отқа пісіріп жеуі суреттеледі. Бас кейіпкер Ақжан батыр Жалғыз көзді дәудің жалғыз көзін саржамен көздеп атқанымен, өлмей киіз үйді көтеріп, ала жөнеледі. Бұл көрініс Жалғыз көзді дәуді өлтірудің оңайшылықпен іске аспайтынын дәлелдейді.

Қорқыт ата кітабында Төбекөз дәу жайлы дерек бар. Төбекөз дәу қойшы мен перінің ортасынан пайда болған. Оны су түбіндегі местен аң аулап жүрген Баяндүр хан тауып алады. Мес жарылып ішінен жалғыз көзді дәу бала шығады. Баланы асырап алған Apyз оны ауылында бағады. Емшегін емген әйел шыдамай, қансырап кеткендіктен, Apyз баланы сүтпен асырайды. Төбекөз дәудің жұдырығының қаттылығы соншалық, жұдырығы тиген балалар өле береді. Apyз оны жазалаған соң тауға қарай қашып кетіп, қойшылардың қойын, өткен адам болса соны жеп күн көреді. Төбекөз дәудің көзін жоюға аттанған Қазан батырлары оны жеңе алмайды. Бұнда да Төбекөз дәудің ерекше сипаты айқын көрінеді.

Төбекөз дәудің оңайшылықпен жеңілмейтіні, өлмеу себебі пері анасының оған тағып кеткен жүзігімен қатысты дейді. Ұйқыда жатқан Төбекөз дәуді Бисат батыр көзін шығарып әлсіретіп, сиқырлы қылышын тауып алған соң, басын кесіп өлтіреді.

Үш дәу (үлкен дәу, ортаншы дәу, кіші дәу) – қазақ ертегілерінде үш ағайынды болып суреттелетін, тұлғасы қолайсыз жаратылған, ерекше үлкен, зор күшке тән дәулер кейпіндегі, солай бола тұра алаңғасар, аңқау, зиянсыз, даланы мекендейтін мифтік кейіпкер.

Бұл кейіпкерлер «Тотан батыр», «Қаңбақ шал» ертегілерінде кездеседі. «Тотан батыр» ертегісінде даланы мекендейтін бір дәудің үш ұлы болады [22, 98 б.]. Бұдан дәудің бала-шағасы бар деген тұжырым айқындалады. «Қаңбақ шал» ертегісінде Қаңбақ шал дәуге: «Аспанға лақтырсам, аспан жерге айналып түседі-ау деп, жерге қақпай түсірсем, жер ортасынан ойылып түсе ме деп қауіп қылып тұрмын» [23, 149 б.], – дегенде, дәудің шалға: «Ақсақал, лақтырмай-ақ қой, текке қырыламыз» [23, 149 б.], – дегенінен дәудің орасан күшке ие болғанымен, ақылының таяз екенін біле аламыз.

Аю дәу – дәулердің ішіндегі адам мен аюдың қосылуынан дүниеге келген жағымды кейіпкер. «Аю дәу» ертегісінде: «Күндерде бір күні қыз аюдан бір ұл туады, ұлы күніне бір жасайтын болады, өзі дәу, өзі батыр, келбеті адам, түрі аю нәсілді болады. Мұны есіткен, баланы көрген патша қапа болып, ел-жұрттың назарынан намыстанады. Қызына кет дейін десе, өз перзентіне айта алмайды, кетпе дейін десе, ертіп келген баласынан ел-жұрт қорқатындай. Көргенде адамзаттың денесі түршігеді. Бет-аузын жүн басқан, адам қорқарлық. Оның үстіне Аю дәу бір жегенде қырық кісінің жейтүғын тамағын жейтін болады. Бір ұйықтаса, жеті күн, жеті түн ұйықтайтын, бір ұйықтамаса жеті күн-жеті түн ұйықтамайтын болады [21, 123 б.].

Қазақ фольклорында елсіз далада өмір сүріп, адам етін жеп қоректенетін қара дәу образы бар. Қара дәу жапанда адам қолына түспейтін байлықты күзетеді. Дәудің күшімен салыстырғанда, ашкөздігі «Үш жолаушы және дәу» ертегісінде көрінеді. Ертегіде дәудің үйі: «Баяғыда бір дәу болыпты. Оның үйжәйі, әйелі болыпты. Үйінің есігі төбесінде болған. Келген адам сол есіктен кіретін болыпты» [23, 136 б.], – деп өзгеше суреттеледң. Қара дәу үйіне кірген жолаушыларды тірі жібермей, жеп қояды екен.

«Жылан қабықты жігіт» ертегісінде Kapa дәу аңшылықпен айналысады. Ертегіде Kapa дәу былай сипатталады: «Бір уақыттары бүркітін шаңқылдатып, тазысын ертіп келіп дәу үйіне түседі» [24, 37 б.].

Қара дәу «Құйым батыр» ертегісінде хан қорығын күзетшісі болады. Ертегіде Қара дәуді: «Ол бір құлағын жамыльш, бір құлағын төсеніп жатып күзетеді екен. Kapa дәу айғайлағанда мал тұмақ, құрт-құмырсқа да ол маңайға жоламайды екен» [22, 232 б.], – деп сипаттайды.

Шайтан – жын тәріздес, қазақ фольклорына мұсылман діні арқылы енген, үнемі ұнамсыз сипатта көрінетін мифологиялық кейіпкер. Құранда ібіліс деп те аталып, оттан жаратылғандығы айтылады.

Басында мүйізі, аяқ-қолында тұяғы, артында ұзын қүйрығы бар. Құбыла алады. Көзге көрінбейді. Намазды адамға жуымайды. Лас жерді мекендейді. Адамға аңыздарда адам немесе жануар кейпінде көрінетіндігі туралы айтылады. Ел әңгімесінде шайтанның түгін алып қалған адамның үрім-бұтағына шайтан тиіспейді дейтін ұғым бар. Шайтанның шашын жылдап жанында сақтаған адамның шайтанның шашын жоғалтып алып, шашты неше жыл сақтаса, ұрпағын шайтаннан сонша жыл сақтайтынын айтып, қалған ұрпағы шайтаннан өздері сақтанбаса, шайтанның азғырып кететінін ақыл, өсиет ретінде ұрпағына айтып кететін әңгімелер айтылады.

Қазақ ертегілерінде, әсіресе, Алдар көсе туралы ертегілерде шайтан бейнесі жиі кездеседі. Бұл ертегілердің қайсысында болмасын ол бас кейіпкерден жеңіліп, мазақ болып, күлкіге ұшырап отырады. Қазақ фольклорында оны ақымақ, сұрықсыз кейіпте береді.

Сонымен, шайтандар адамға қастандық қылушы, тура жолдан тайдырушы, адаммен қатар өмір сүретін тылсым әлемнің кейіпкері болып саналады [23, 120 б.].

Қазақ фольклорында мифтік құбылушылық, мифтік жаратылу, тағы да сол сияқты мифтік сарынды бойына жинақтаған жылқыны айтуға болады. Жылқы түрлі атаумен көптеген фольклордық туындыларда бас кейіпкердің досы, серігі, ерекше қасиетке, сиқырға ие болады.

Әлем халықтарының жылқы туралы мифтерін қарастыра келе, С. Қондыбай түрлі қазақ ертегілерінде кездесетін жылқы туралы мифтік келтірімдерді жазады. «Қанатты қара ат» ертегісіндегі айдаһар көлінен су ішетін қос күрең ат, «Опасыз туыс» ертегісіндегі үнемі алтын құлын табатын бие, айдаһар иелігіндегі су астында мекендейтін жылқылар, «Қойшы батыр» ертегісіндегі айдаһарды жуасытып, ат қылып міну, «Сиқырлы қыз», «Жүсіп мерген» ертегілеріндегі ереннің қара арғымақты үйретуі, қара арғымақтың ит пен адамға айнала алуы, «Құлатай» ертегісіндегі «айға қарап желіндеп, күнге қарап құлындайтын» биеден Құлатайдың тууы, «Дуадар қыз» ертегісіндегі бурыл атты сойған соң, Дуадар қыздың өмірге келуі, «Майлықараша» ертегісінде Майлықарашаның атқа айналып, қызды алып қашуы, «Білмес» ертегісіндегі жалмауыздың күнбатыстан дауыл, құйынды араластырып, қара бұлт төндіріп келетін ала биесі, «Қарасай-Қази» жырындағы қабан құлақ қара ат, «Қыдырбайұлы Қобланды» жырында Қыдырбайдың теңіз жылқыларының иесі екендігі, «Ер Көкшенің» ғажайып атқа, я жылқыға ие екендігі сынды сипатта кездесетін жылқыға қатысты фольклор туындыларына С. Қондыбай өзіндік көзқараспен қарап, мифтік пайымдаулар айтады [25, 27-95 б.]. Мысалы, қиял-ғажайып ертегілеріне жататын «Құланайжарқын» деген ертегі бар. Онда кемпір мен шалдың бір торы биесі болады. Ол күнде құлындайды. Тамаққа тоймайтын жалмауыз кемпір күнде құлынын жеп қояды. Бір күні шалына айтып, биенің өзін жемекші болғанда, торы бие тазыны ертіп аққуға айналып ұшып кетеді. Өзге мекенге кеп қонып, баяғы қалыптарына қайтып оралған соң, тазы торы биеден өзіне адам тауып беруін сұрайды. Сөйтіп, торы бие адам ізі түскен бес уыс топырақтан Құланайжарқын деген батыр, мерген тауып береді [25, 87 б.]. 

Қазақта мифологиялық кейіпкерлер жетерлік, дегенмен олардың дені жоғарыда тоқталған мифологиялық кейіпкерлердің ертегінің, аңыз әңгіменің ішінде жүргені сияқты, одан да басқа түрлі жанрларға сіңіп, тіпті ауысып кеткен. Қазақ мифологиясы да түрлі жанрларға шашырап кеткен. Сондықтан, қазақ мифологиясы, қазақ мифологиялық кейіпкерлері туралы сөз еткенде фольклордың мифологиядан басқа жанрларына аса мән беріп қараған жөн.

(Жалғасы бар)

Автор: Есбол Нұрахмет

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?