Қазақ халқының ұзақ жылдық тарихында мифтік кейіпкерлердің алатын орыны өзгеше. Миф - әрине шындықтан алыс болғанымен, шындық шеңберінде өмірге келген түпсананың көрінісі. Оның мағыналық арғы түкпірінде тарихи жад ж
Мифология ғылымында қазақ мифологиялық кейіпкерлерінің топтастырылуы әлі бір ізділендірілмеген жұмыстардың қатарында. С.Итеғұлованың құрастыруымен 2016 жылы жарыққа шыққан «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» деген жинақта қазақ фольклорындағы мифтік кейіпкерлерді алты топқа жіктеген:
I.Тотемдік кейіпкерлер: Көк бөрі, Көк өгіз.
II.Шамандық кейіпкерлер: Самұрық, Бәйтерек, Бақсы.
III.Демонологиялық кейіпкерлер: Албасты, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір, Мыстан кемпір, Пері, Жын, Шайтан, Дию.
IV.Хтоникалық кейіпкерлер: дәулер (Дәу, Қара дәу, Жалғыз көзді дәу. Шойынқұлақ, Үш дәу (Үлкен, ортаншы, кіші), Аю дәу), алыптар (Алаңғасар мен Арсалаң, Толағай, Ерсары, Ұлтанқұл), ергежейлілер (Ергежейлі, Жартықұлақ, Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс).
V.Ілкі қаһармандар: сиқырлы көмекшілер (Таусоғар, Көлтауысар, Саққұлақ, Желаяқ, Епті), пірлер (Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Сексек ата, Шопан ата).
VI.Трансформацияланған мифтік кейіпкерлер: Қаңбақ шал, Тазша бала.
Мифтік кейіпкерлердің бәрі толық қамтылмағандықтан, бұл жіктеу әлі толықтыруды қажет етеді. Оның үстіне, мифтік кейіпкерлердің бұлай жіктелуінде дау туғызатын сұрақтар көп. Мәселен, Алаңғасар мен Арсалаң, Ерсары, Ұлтанқұлдарды мифтік кейіпкерлерге жатқыза алмаймыз, т.с.с.
Жұмысымызға өзек етіп алған мифтік кейіпкерлерді жіктеуде негізге алатын жіктеу болмағандық ғалымдардың пікіріне және талдау барысындағы түйсінген жеке көзқарасымызға сүйене отырып, шартты түрде үш топқа жіктедік:
1)Тотемдік кейіпкер: Айдаһар, Көк бөрі, Ұмай ана;
2)Демонологиялық кейіпкерлер: Жалмауыз кемпір (мыстан кемпір), перінің қызы Бекторы;
3)Ілкі қаһармандар: Таусоғар, Көлтаусар, Желаяқ.
ТОТЕМДІК МИФ КЕЙІПКЕРЛЕРДІҢ МУЛЬТИПЛИКАЦИЯЛЫҚ БЕЙНЕСІ
Тотемизм «otatemon» деген Солтүстік Америкалық үндіс халқының сөзінен пайда болған, «оның тегі» деген мағынаны білдіреді [32, 63 б.]. «Тотемизм – белгілі бір этникалық топтың (рудың, тайпаның, халықтың) өз тегін белгілі бір мақұлықтан өрбітуі» [33, 315 6.]. Қазақ мифологиясында тотемдік түсініктің негізінде қалыптасқан мифтік әңгімелерде кездесетін кейіпкерлер бар. Солардың қатарында Айдаһар, Көк бөрі және Ұмай ана бейнелері бүгінгі қазақ анимациясына қосылды. Анимациядағы бұл кейіпкерлер ежелгі ата-бабамыздың танымынан қалыптасқан мифтен алынғаны белгілі. Ендеше, талдауымызда, бірінші, аталған кейіпкерлердің әуелгі сипатын ғылыми негізде танимыз; екінші, солардың мультипликацияда қалай бейнеленгенін сөз етеміз.
Әлем халықтарының мифтерінде айдаһар бейнесі көп бейнеленеді. Айдаһар сөзін тілдік тұрғыдан талдаған ғалым С. Қондыбай бастапқы тірі пенде (дахак) – Жылан-баба (ажи) деген мағынаны білдіретін ежелгі ирандық Ажи-Дахака сөзін, бұ дүниеге тіршілік беруші (бу-даһан) Жылан-баба (ахи) деген мағынаны білдіретін үндіарийлік Ахи-Будхнья сөзін, бастапқы тірі пенде (дна>нги) – Жылан-баба (эхи) деген мағынаны білдіретін эллиндік Эхидпа сөзін келтіре отырып, бұндағы үндінің «ахи», иранның «ажи», гректің «эхи» сөздері дей-түркілік «Жылан-баба» деген сөзді білдіретінін көрсетеді. Айдаһар бейнесінің шығуын ғалымдар біздің заманымызға дейінгі үшінші мыңжылдықта пайда болған шумерлердің «Гелгамеш» жырымен байланыстырады: «Айдаһарлармен «айқасу» көрінісі біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықта шумерлерде пайда болғандығын ескерсек, ертедегі гректердің, христиандардың аңыздарында кездесетін осыған байланысты детальдарды шумерлерден бастау алды деуімізге негіз бар». Грек, иран мифтерінде жылан бейнесі өлімнің символы. Жыланды жеңу – өлімді жеңу. Ал ғалым В.Я. Пропп айдаһар бейнесі отырықшы елдердің фольклорында пайда болғандығын айтады. Мифолог Е.М.Мелетинскийдің «Поэтика мифа» атты еңбегінде де бұған ұқсас пікір кездеседі. Онда егіншілікпен айналысатын қытай, египет, үнді халықтарында айдаһар аузынан от шашқан, қанатты, төрт аяқты, жауын-шашын мен найзағай ойнатып немесе құрғақшылық жайлатып, елге апат әкеледі дейді. Д.Банзаровтың «Собрание сочинений» атты еңбегінде айдаһар моңғолдарда күн күркіретіп, жауын жаудыратын түсінікте болғанын айтады. Моңғолдарға бұл бейне үнді-тиббеттерден келген. Моңғолдар айдаһарды «Лу» деп атап, құйрығын қимылдатып, аспанда ұшатын, сирағы бар, ақырған дауысынан күн күркіреп, жаңбыр жауатын бейне деп таныған. Қазақта айдаһарға қатысты мұндай түсінік жоқ деген пікірді Ш. Уәлихановтың: «Күн күркірететін аждаһа туралы біз естігеніміз жоқ», – деген сөзінен байқаймыз. Бірақ, «Айдаһар қатын» ертегісінде айдаһардың ысқырғанда жаңбыр жауғызатындығы туралы айтылады. «Арғы мерген» ертегісінде шөл қысып өлгенде ауа-райы бұзылып, жаңбыр жауады. «Айдаһар» ертегісінде Айдаһар әйел бейнесіне еніп, жігітке тұрмысқа шығады. Түнде шөлге шыдамағандықтан, мойынын үйдің төбесінен созып, өзеннен су ішетіндігі туралы сюжет бар. Бұдан айдаһарды су иесі деп санайтын отырықшы халықтардан бұл сарындар бізге енген деуге болады. Бірақ ғалым А. Тойшанұлы қазақта айдаһар бейнесі жоғарыдағы халықтардың түсінігіндегі сипаттағыдай аузынан от шашқан, қанатты, төрт аяқты, құйрығын қимылдатып, аспанда ұшатын бейнеде емес, жай ғана алып жылан бейнесінде екендігін айтады. Академик С.А. Қасқабасов айдаһарды қазақтың түсінігінде түптеп келгенде ғаламат алып жылан дейді. Яғни, айдаһар қазақта жыланның алып түрі ғана. Қазақ фольклорында айдаһар немесе жылан болып айтыла береді. Қазақ ертекшілері де кейде жылан, кейде айдаһар деп ауыстырып қолдана берген.
Қазақ ертегілерінде айдаһар борандатып, дауылдатып келеді. Жұрттан салық алып, қалың малды, адамды тірідей жұтып, қыздарды жалмайды. Әлем халықтарында жиі кездесетін батырдың айдаһармен шайқасуы сарынындай «Жарты төстік», «Ұшарханның баласы», «Кедейдің үш баласы» ертегілерінде батыр айдаһармен шайқасады. Айдаһар батырды жұтқан кезде қырық құлаш семсерімен ішіне кіріп, қақ жарады да, ерлігінің дәлелі ретінде жонынан таспа тіліп алып қалады.
Батыс халықтарына тән айдаһар – шығармалардың басым бөлігінде жауыз, зұлым кейіпті, адамдарды апатқа ұшыратып, өлім құштыратын құбыжық, басты қаһарманның жауы, қарсыласы. Арап, парсы фольклорында кездесетін айдаһар – тек зұлымдық сипатты иеленген мифтік кейіпкер. Ал Азиялық қытай, моңғол, түркі халықтарында айдаһар жағымды сипатқа ие. Бұл бейнелер қазақ фольклорына шығыс әдебиетінің әсерінен келіп, зұлымдықтың символына айналып кетті.
Айдаһардың қазақ санасында жағымды сипатын ашып берген мифолог ғалым С. Қондыбай айдаһардың қазақ мифінде тотемдік сипатта, жасампаздық пен даналықтың символы ретінде саналып, адамзаттың түпкі бабасы ретінде танылғандығын айтады. Қазақ ертегілерінде әйелдің айдаһар етіне жерік болуы кездеседі. Бұған қатысты А. Тойшанұлының «Түрік – моңғол мифологиясында»: «Айдаһар етіне жерік болу тотемдік сенімнің қалдығы, ал айдаһардың адамды жұтуы – кәмелеттік сынақ салтының ізі екендігі ғылымда анықталып отыр», – дейді. Алғашқы қауым түсінігінде айдаһар рух-ие, яғни жанды о дүниеге жеткізуші деген түсінік те болған.
Тотемизм – қандай да бір халықтың, ру, тайпаның өз тегін белгілі бір мақұлықтан таратуы дедік. Аз ғана ғұмырында ғалым С. Қондыбай қазақтарда Бөрі-баба, Құс-баба, Балық-баба, т.б. бабалардың есімдері емес, нақты, тек қана Жылан-баба атауы сақталып келе жатқаны және оған құпия таным, тылсымдық сипат, көмекшілік қасиет бергені бекер емес, яғни, жылан культі – арғықазақ мифологиясының басты сипаттарының бірі деген құнды пікірін қалдырып отыр.
Жылан дана, тылсым түсініктің иесі ретінде де танылады. Қазақ ертегілерінде ол өзіне көмегі тиген пендеге табиғаттың тілін түсіну қабілетін дарытады, жан-жануарлардың тілін үйретеді, түс жориды. Адамға Қыдыр жылан кейпіне еніп келеді. Ертектерде жылан сүт ішкен жеріне теңге тастайды. Өзіне көмегі болған адамға сиқырлы тас немесе жүзік береді. Жыланның емдік қасиеті де көрінеді. Кей миф пен ертегілерде, наным-сенімдерде жыланға қатысты түсініктер бұрмаланған, өңі өзгертілген, қарабайыр сарқыншақтары қалған. Ендігіде төл мифологиялық ойлау санамыздағы бейнені алып шығу өте маңызды. Себебі, С. Қондыбай: «жыланға қатысты мифологияның, жылан культінің жер бетінің қай тұсында қалыптасқанын және қай ауқымда таралғанын білу қазақтар (түркілер) үшін aca маңызды тариxи жаңалық болмақшы. Өйткені біздер, қазақтар, жаппы түркі дәстүріндегі “жылан мифологиясының” болғанын дәлелдеу, айғақтар келтіру барысында кем дегенде соңғы 6-8 мың жыл ішіндегі арғықазақардың (дей-түркілердің) қай жерлерде мекендеп, кімермен көршілес болғанын, яғни қай жақтан шыққандығын анықтай аламыз», – деген көзқарасын айтады. Соңғы ғасырлардағы гуманитарлық ғылым саласының өкілдері мифтен ұлттың бүгінгі және түпкі санасын тануға болады дейді. Демек, жыланды немесе айдаһарды тотемдік бейнеде танып, оның сырларына терең бойласақ, түпкі санамызды оятып, тарихымызды түгендеп, ұтарымыз көп болатыны анық. Енді, айдаһар мультипликацияда қандай образда бейнеленіліп жатыр. Соны қарастырып көрсек:
Анимацияда айдаһар кейде мейірімді, кейде зұлым күштің бейнесінде сомдалады. Қазақ анимациясында айдаһар «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ер Төстік және Айдаһар», «Айдаһар», «Айдаһардың аспаны», «Қаражай батыр», «Сөз қазынасы», «Тастүлек», «Мұзбалақ», «Темір және Айдаһар» қатарлы, т.б. туындыларға арқау болған. Аталған анимациялық фильмдердегі айдаһардың сыртқы тұрпаты этиологиялық мифтің негізінде жасалған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінде үш басты, басына тәж киген, екі аяғы, ұшатын қанаты бар сипатта бейнеленген. «Ер Төстік және Айдаһар» толықметрлі анимациялық фильмінде айдаһар екі түрлі тұрпатта болады. Алғашында жоғары жағы адам тәрізді басы мен қолы бар, төменгі жағы жылан тәрізді, басына айыр қалпақ, денесіне шапан киген тұрпатта болса, кейін төрт аяқты, қос мүйізді, айдарлы, ирелеңдеген құйрығы бар алып айдаһарға айналады. «Айдаһар» және «Айдаһардың аспаны» фильмінде айдаһардың денесі жылан тәрізді ұзын, екі қолы бар, сауыт киеді, пышақ, найза тәрізді суық қаруларды мойнына жасырады. «Сөз қазынасы» анимациялық фильміндегі айдаһар қос мүйізді, қос қанатты, төрт аяқты, ирелеңдеген құйрығы бар мақұлық. «Қаражай батыр» туындысындағы ақ айдаһар қос мүйізді, ескегі бар суды мекендейтін алып, ұзын ақ жылан. «Тастүлек» және «Мұзбалақ» фильмдеріндегі айдаһардың бейнесі төрт аяқты, жалы мен ирелеңдеген құйрығы, қақ төбесінде жұмыртқа тәрізді бүлкілдек бар. «Темір және Айдаһар» фильмінде айдаһар төрт аяқты, қос қанатты, жалы және екі мүйізі бар.
Бұл фильмдердегі айдаһардың сыртқы сипатын жоғарыдағы ғалымдардың пікірімен салыстырсақ, ежелгі қазақ танымындағы айдаһар ұғымымен сәйкеспейді. Академик С.А. Қасқабасов айдаһар дегеніміз түптеп келгенде ғаламат алып жылан, А. Тойшанұлы қазақта айдаһар бейнесі қытай, египет, үнді, моңғол халықтарының түсінігіндей аузынан от шашқан, қанатты, төрт аяқты, құйрығын қимылдатып, аспанда ұшатын бейнеде емес, жай ғана алып жылан бейнесінде екендігін айтқан болатын.
Енді, анимациядағы айдаһардың ішкі табиғатына, ерекше қасиетіне, мультфильмге қосқан мән-мағынасына тоқталсақ:
Қазақ анимациясында 1967 жылы тұңғыш шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильміндегі айдаһар көп жыл патша болған, аспанда ұшып, суда жүзе алады, сарайында қызмет ететін нөкерлері бар, дертке шалдықпай тұрған шағында ұшқан құсты, жортқан аңды, жүзген балықтың бәрін жалмаған жауыз патша ретінде сомдалады. Ауруына ем адам қанын ішпекші болғанда, адамды бұл қауіптен қарлығаш құтқарып қалады. Бірақ айдаһар қарлығаштың құйрығын тістеп, айыр етеді. Қашқан қарлығашты қуған айдаһар жерге құлап, уақ жыланға айналады.
Бұл миультфильмде айдаһардың бейнеленуі арқылы бала мен үлкен жамандықпен күресу үшін үлкен күштің керек емес екендігін, кішкентай болса да, мейірімді, батыл жүректің керек екенін ұғынады. Айдаһардың уақ жыланға айналуы тегін емес. Уақ жыландай зиянкестер өмірде көп. Режиссер көрерменді олармен күрес ешқашан тоқтамайды деген философиялық ойға қалдырады.
«Айдаһар» және «Айдаһардың аспаны» туындыларында айдаһар көкті мекендейтін жылан. Мың жылда бір жерге түсіп өзіне қалыңдық іздейді. Адамша сөйлейді, ұзын денесін қысқартып жинап, адам кейпіне ене алады, бұлттың үстінде ұшады, аузынан от шашады. Мультфильмде айдаһарды жеңіп, қызды құтқарған батырдың ерлігін, қайсарлығын көрсетпекші болған. Бірақ мультфильмдегі қимыл-қозғалыстың, эмоцияның нашарлығы көрерменді сендірмейді.
2014 жылы шыққан бүркіт туралы «Тастүлек» атты мультфильмде иен жатқан ел сыртындағы үңгірде белгісіз бір құбыжық мекендейді. Әлгі құбыжық үңгірге жақындаған адамды, ит-құс, жан-жануарды демімен жұтып қояды. Бұны білген жұрт үңгірге баратын жолды бекітіп, сайдың аузына белгітас қояды. Күндердің бірінде әлгі аузынан от шашқан жалмауыз айдаһар оянып, елге қарай беттейді. Жер сілкініп, дауыл тұрып ел-жұрттың есі шығады. Жолында кездескен малдың бәрін жұтады. Онымен айқасқа шыққан бүркіт тұяғымен оның қақ төбесін тілгенде, айдаһардың баласы атып шығады. Оны бүркіт тұяғымен қысып өлтіреді. Айдаһар да өледі. Осылайша бүркіт елді ажалдан алып қалады. Бұл туындыда бүркіт баптаған қазақтың құсбегілік өнері көрсетіліп, Тастүлектің айдаһармен айқасуы арқылы бүркіт пен адам арасындағы байланыс бейнеленеді.
Әлемдік жүлделерді жеңіп жүрген мультфильм «Мұзбатақта» да бүркіт пен адамның достығы бейнеленген. Бұл фильмде айдаһардың ояну себебін өте жақсы көрсеткен. Аңға шыққан Шегір таудан құлап, аяғын тас тіліп кетеді. Қасында еріп жүрген жетім бала Ақтай аяғын жусын деп, тымағына су құйып әкеле жатқанда, Шегір қолымен қағып, аяғын суға малады. Сонда Ақтай: «Шегір аға, ағын суды былғама, арам болар, Ел көрмеген бір сұмдық жаман болар деген», – деп тоқтатпақшы болады. Шегір бұл сөзін мазаққа айналдырады. Сөйтіп, Шегірдің аяғындағы қан ағын сумен алып жылан жатқан үңгірге жетеді. Қанның дәмі аузына тиген алып жылан оянып, ауылға шабады. Ауылды өртеп, бір адамды жұтқан соң, кетіп қалады. Бақсы алып жыланның енді үлкен айдаһарға айналып қайта келетінін айтады. Жұрт оны жеңетін батырды іздейді. Ақтай оны тек Мұзбалақ жеңетінін айтады. Бақсы айтқан уақытта әлгі жылан алып Айдаһарға айналып, жердің бетін тербетіп, аузынан от бүркіп, көзіне көрінген аңды жұтып, ауылға шабады. Айдаһармен шайқасқан Мұзбалақты айдаһар жұтып қояды. Мұзбалақ айдаһардың төбесін жарып шығады. Сөйтіп, бұл туындыда да Мұзбалақтың айдаһармен айқасуы арқылы бүркіт пен адам арасындағы достық бейнеленеді.
Зұлым айдаһардың бейнесі сомдалған анимациялық туындының бірі – «Ер Төстік және Айдаһар». Фильмге ежелгі адамдарының дүниетанымынан хабар беретін, көне дәуір ертегісі болып саналатын «Ер Төстік» халық ертегісі арқау болған. Фильмдегі мифологиялық кейіпкер Айдаһар – қаһарманның басты қарсыласы. Айдаһар «Ер Төстік» ертегісіндегі жылан Бапы хан мен самұрықтың балапандарын жыл сайын жеп кететін айдаһардың қосындысынан жасалған обарз.
Қазақтың түсінігінде Бапы хан теміршілердің пірі, жебеушісі сипатындағы мифтік кейіпкер. Ертегіде жылан Бапы хан жағымсыз образда болмайды. «Жылан қабықты жігіт» ертегісінде жыланды құтқарған баланы өз еліне шақырып, сауыт-сайманмен көмкеріп еліне қайтарады. «Ер Төстік» ертегісінде жер астына түскен Төстік жылан Бапы ханның елінде ұзақ уақыт тұрады, сыйлы қонағы болады. Төстік Темір ханның қызын Жылан Бапы ханға әкеліп береді. Жылан Бапы хан Төстіктің бұл көмегіне разы болған соң, Төстіктің қалауын орындауға көмектесіп, қызын беріп, қасына жолас қосып, жер үстіне шығар есікке аттандырады. Жер үстіне шығар жол тым алыс болады. Төстіктер бір бұлақтың басында демалып жатса, бұлақтың жанындағы алып бәйтеректің басына бір айдаһар өрмелеп барады екен, Төстік оны өлтіріп тастайды. Бұл жақсылығы үшін самұрық Төстікті жер бетіне шығаруға көмектеседі. Ал фильмде жер астының әміршісі жылан Бапы хан Самұрықтың жұмыртқасын жұтып, әлемге түнек патшалығын орнатуды көздеп, адамдарға жалмауыздың көмегімен жұт жайлатады. Мың жылда бір туған батыр Төстікті өлтіру үшін сан әрекетке барып, керісінше Төстікке, жалпы адамзатқа жау болады.
Бапы ханның мақсаты Мыстан кемпірмен (негізгі сипаты жалмауыз кепмірге тән, оны екінші тараушада сөз етеміз) құрған диалогтан айқын көрінеді:
– Сөйле!, - дейді Бапы хан жалмауызға бұйыра дауыстап.
– Өзіңіз бұйырғандай, мәртебелім, тегіс тып-типыл еттім. Мал баққан ел бәрі ноқтасын ұстап қалды. Көпке бармас, енді адамдар да қырылады.
– Дұрыс болған екен, тамаша!
– Әміршім, өзіңізден бір нәрсені сұрасам.
– Сұра.
– Бұл жұт не үшін керек, сонда?
– Бізге төтеп берер батыр туғызбас үшін керек. Самұрықтың келетін уақыты таяп қалды. Оның жұмыртқасын жұтып үлгеріп, әлемге түнек патшалығын орынатуымыз керек.
Мифологиялық кейіпкерлердің негізін сақтай отырып балалар мен ересектердің қызығушылығын тудыратын жаңаша образ жасауға, оған түрліше мақсат жүктеуге болады. «Ер Төстік және Айдаһар» фильмінде Бапы ханға тоғызқұмалақ ойнатып, әлемде болып жатқан ақпараттарды видео, аудио форматта жеткізіп отыратын ақылды кітап ұстатып қойған. Сол арқылы қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты насихаттайды. Ақылды кітап Бапы ханға жер-жаһанның жаңалығын жеткізіп отырады. Сол арқылы өзіне кедергі тудыратын жағдайларды біліп, нөкерлерін жұмсап, алдын алып отырады. Жыланның алдағыны біліп отыратын сәуегейлігі кітапқа артылады. Бапы ханға өзіне төтеп берер Ер Төстіктің өмірге келгенін ақылды кітап баяндайды:
– Ақыры туған екен ғой, халіміз нашар, мыстан, өте нашар! Жер бетіне шығып Төстікті өлтіріп қайт! Біз күтпеген жетпегір осы. Егер тірі қалса көрешекті осыдан көретін боламыз. Бар, жөнел, жаныңның барында! – деп мыстанға бұйыра тапсырма береді.
Бапы ханға тағы бір аса маңызды жаңалықты ақылды кітап хабарлайды: «Бапы ханға арналған шұғыл хабарлама. Алып бәйтерек көкті бойлап өсіп барады. Самұрық құс сүт пісірім уақытта жетпек». Бұл хабарламадан соң жер бетіне шығып, алып бәйтеректің басындағы самұрықтың жұмыртқасын жемек мақсатта қара ниетті Айдаһар, Жалмауыз, Бекторы, Шойынқұлақ төртеуі қол ұстасқанда, бәрі бірігіп, алып айдаһарға айналады.
Фильмде жылан Бапы хан зұлым күшті қаскөйлермен бірікпей тұрып, адам басты, жылан денелі болып сомдалады. Фильм соңында қаскөй күштермен күшін қосқанда құйрығын қимылдатып, аузынан от шашқан, төрт аяқты, айдарлы, қос мүйізді алып айдаһарға айналады. Айдаһар ертегідегідей дауылдатып, құйындатып келмейді, жердің үстін сілкіндіріп жер бетін жарып шығады. Төстік Айдаһарды семсерімен қақ жарып өлтіреді.
Бұл туынды айдаһарды адамша сөйлетіп, қызықты сюжеттер құру арқылы қазақ санасына ертегілік кейіпкерлерді сіңіруді көздеген. Алайда, қазақтың түпсанасындағы айдаһар жәй ғана алып жылан және қазақтың арғы бабасы сипатындағы жағымды кейіпкер еді.
Жағымды образда бейнеленген қазақ анимацияснындағы жалғыз мультфильм – «Темір және Айдаһар». Кішкентай аға мен інінің дауынан өрбіген муьтфильм қазақ мифологиялық кейіпкерін өте тиімді пайдаланған. Әкелерімен жол жүріп бара жатқанда, айдалада көліктерінің дөңгелегі жарылып қалады. Інісі Жаник алыстағы балбал тасқа жүгіріп кетеді. Темір көкесінен оның не екенін сұрайды. Ол балбал тас екенін айтады. Інісімен ұрысысып тұрған Темірге: «Елдің айтуынша, мына балбал тастарды айналып өтсең ақылың кіріп, есейе түсесің!» – дейді. Темір тасты айналғанда басқа әлемге тап болады. Көкесін іздеп айғайлағанда Бабалтас сөйлейді:
– Ей, боқмұрын! Айғайлама, айғайлама деймін.
– Мен боқмұрын емес, батырмын.
– Әрине, нағыз батырсың, – деген сәтте Темірдің үстінде батырдың сауыты пайда болады.
– Мынаны көкем көрсе ғой... Сонда мен көкеме қайтып оралам? – дейді Темір. Сонда балбалтас
– Нағыз батыр үшін ол түк те емес, – дейді. Темір:
– Рас па? Жақсы, ендеше. Ол үшін не істеуім керек?
– Ерлік жасауың керек.
– А, иә, шынымен... Қандай ерлік?
– Батырдың ерлігі, ақымақ! – деп Балбалтас астына ат мінгізеді.
– Мәссаған, ал жарайды. Батырдың ерлігі қайда екен? Тез арада тындырып тастайын, оны, – деп Темір кетіп бара жатқанда, оған алып айдаһармен айқасуға бара жатқан батыр кез болады. Ол батырға тән ептілік, сәттілік, күштілік, батырдың ұйқысы, дыбысын сездірмей жүруі туралы айтып, үйретеді. Айдаһардың қандай болатынын сұраған Темірге: «Үңгірінен шыққан сайын аузынан от шашып, ауылдарды өртейді. Қойды отарымен бірақ жұта салады. Бұл бәлекет кішіні де аямайды, кәрілігіне де қарамайды. Ең сұлу қыздарды да ұрлайтын осы жендет. Айдаһармен алысам деп қанша батыр мерт болды», – деп жауап береді.
Олар айдаһарды іздеп тауға өрмелеп, басына жеткенде Темір таудың басына шыға алмай, ілініп қалып қалады. Сонда:
– Қолыңды бер. Бұл жерге ойнау жоқ. Ауырады құлаған, – деп. айдаһар оны құтқарып шығарады.
– Ойбай, деп Темір шошып кетіп:
– Сен кімсің? – деп сұрайды.
– Менікі Айдаһар.
– Қойшы, сен үлкен, әрі қорқынышты болуың керек қой.
– Жоқ, менікі сымбатты, тұрпатты.
– Сен ауылдарды өртеп, отар қойды жеп, қыздарды ұрлайсың.
– Мен.
– Иә.
– Жоқ.
– Қалайша жоқ.
– Менікі ауыл өртемейді, ет жемейді, өз қалыңдығын сүйеді, – деп қалыңдығының суретін көрсетеді.
– Ал мынау не?
– Бұл менікі бақша. Пайдалы Бөртпе атты қиярды, мына дөңгеленген Қуаныш атты қызанақты өсіреді. Жегенге тәтті, – деп бір табақ қияр мен қызанақ береді.
– Рақмет! – дейді Темір. Сонда әлгі жолда кездескен батыр келіп:
– Жібер менің досымды, – деп айдаһарға ұмтылғанда Темір:
– Тоқтай тұрыңыз. Мынау бір түрлі айдаһар екен, – дейді Темір. Сонда әлгі батыр:
– Көзіме сенер емеспін, – дейді таңданып. Темір:
– Ол түк те қорқынышты емес екен. Қарасаңызшы, көрмей тұрмысыз. Сонда әлгі батыр долданып:
– Көріп тұрмын, сатқынды көріп тұрмын. Сен жекпежекке шық, ал сен жоғалт көзіңді, су жүрек, – деп айдаһарды қуа жөнеледі. Темір:
– Қойыңыз, қойыңызшы. Тоқтай тұрыңызшы. Ол мейірімді, ауылдарды өртемейді, ешкімді де ренжітпейді, – дейді. Әлгі батыр:
– Ренжітпесе қайтейін. Айдаһардың аты айдаһар. Темір:
– Бірақ ол жақсы айдаһар ғой. Әлгі батыр:
– Жақсы айдаһар өлі айдаһар, – дегенде төбеден айдаһар сөйлейді:
– Өлі керек емес, одан да қияр жеген. Сонда әлгі батыр ашуланып айдаһардың бақшасын бүлдіріп тастайды.
Айдаһарды құтқармақ болған Темірді әлгі батыр қуып бара жатып, шыңнан құлап бара жатқанда, айдаһар оның қолынан ұстай алып:
– Мен айтты ғой, ауырады құлаған, – дейді. Әлгі батыр:
– Тарт, арам қолыңды, жексұрын неме, – деп қылышымен шаппақ болғанда айдаһар оны жібере салады. Содан бақшасына барып: Тұздыққа да жарамайды, – дейді. Темір ақыры ерлік жасау қолымнан келмеді деп кешірім сұрайды мұңайып. Сонда, балбалтастың жанына тап болады. Балбалтас:
– Неге? Меніңше нағыз ерлік жасадың, – дейді. Темір:
– Қандай?
– Сен ана дәрменсіз әпендіні қорғап қалдың.
– Бұл ерлік пе? – деп Темір таңданғанда қайтадан өз әлеміне тап болады. Көкесінің айтқанының рас екенін мойындап, аздап есейгенін Көкесіне айтады. Сөйтіп, олар әрі қарай бара жатқан бағытына бет алып кетеді.
Бұл мультфильмдерде Айдаһардың жұт жайлатуы, зұлым құбыжық ретінде бейнеленуі біздің ертегілеріміздегі сипатқа сай келгенімен, біздің әу бастағы санамызға жақын жағымды жылан емес, батыстық, араби-парсы мотив негізінде енген бейнедегі айдаһар болып отыр. Төл анимациямызда қазақтың негізгі танымына тән сипаттағы мифтік кейіпкерімізді бергеніміз жөн. «Темір және Айдаһар» мультфильмінде айдаһардың жағымды образда танылуы бұл түсінікке бір табан жақын. Мифтік мәтіндер символдық мәнге толы. Ондағы кейіпкерлердің түпсанадағы болмысын сақтап қалуы да осы символдық мәннің сырын ашуда үлкен маңызға ие. Мультфильмдерде айдаһар арғықазақ түсінігіндегі образда берілмегенімен, кей мультфильмдерде оны қазіргі заманға сай бейімдеген. Балалардың бүгінгі санасына жеткізуге лайықталған бұл тәсіл әлі де дамуы қажет. Ең бастысы, кейіпкерлер көрерменге қазақ санасындағы шын болмысымен жетуі керек.
(жалғасы бар)
Автор: Есбол Нұрахмет