Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАЗАҚТЫҢ МИФТІК КЕЙІПКЕРЛЕРІ 2-бөлім

4160
ҚАЗАҚТЫҢ МИФТІК КЕЙІПКЕРЛЕРІ 2-бөлім - e-history.kz

Қазақ мифологиялық кейіпкерлерінің ішіндегі тотемдік бейнеге жататын Көк Бөрі мен Ұмай ана бейнесі кездесетін «Күлтегін» толықметрлі мультфильмі қазақ анимациясының қоржынына түскен үлкен олжа. 2018 жылдың соңына қарай Ш

О. Жанайдаров құрастырған «Ежелгі Қазақстан мифтері» энциклопедиясында көк бөріге байланысты біршама миф енген . «Ұмай ана және Аю батыр» мифінде толассыз жауған қардан халық түгел қырылып, тек Аю батыр тірі қалады. Күндердің бір күні Аю батыр жұртын кезіп келе жатса, көк бөрі қар астынан бірдеңе қазып жатады. Аю батыр жыртқыштың қазып жатқаны адам болмасын деп көк бөріге таяғанда, көк бөрі көк сағымға айналып ұшып кетеді. Сөйтсе бір қыз қар астында ұйықтап қалған екен. Бөрінің тісі қыздың денесіне тимеген екен делінелді. Көк бөрінің қызға тимей, қардан қазып алуы – құтқарушы, көк сағымға айналғаны оның мифтік ерекше сипатын көрсетеді.

Мөде өмір сүрген ғұн дәуірінен оның қыздарының қасқырмен будандасып, соның нәтижесінде Ашина текті түркі халықтары тараған деген аңыз жеткен. «Ғұн ханшайымдары және Көк Бөрі» мифінде Ғұн көсемі Мөде екі қызына жер бетінде ешбір адам жар болуға лайық емес деп, елден жырақ жерден шаһар соқтырып, Көк Тәңірге жалбарынып, екі қызын оған атайды. Екі қыз шаһарында тұрып жатқанда, бір күні Көк Бөрі олардың жатқан жерінен тесіп шығады. Кіші қыз оны Көк Тәңірінің берген сыйы деп қабылдап, онымен көңіл қосып, ұл табады. Одан тараған ұрпақ үлкен мемлекетке айналады. Бұндағы бөріден тараған ұрпақ ән айтқанда бөрінің ұлығанына ұқсас дауыс шығарады делінеді.

«Ғұндар тәңірқұты мен үйсін ханзадасы» мифінде Үйсін мемлекетін жау шауып сәби ханзада Кун-Мо тірі қалады. Ол еңбектеп өзен жағасына барғанда, оны күшіктеген қаншық қасқыр тойғанынша емізеді. Бұны көрген Хун қолбасшы баланы өзімен бірге әкетіп, ұлындай өсіреді.

Бір аңызда суда қалған нәрестені Бөрте шеше, яғни, қасқыр асырап бағып, Ашина түркілері содан тарағандығы айтылады. Түркілердің қаншық қасқырдан тарағаны туралы тағы бір еңбекте Апаңбу басқарған он жеті ағайынның ішіндегі Ижі-нишыду деген бөріден түркілер тараған дейді.

«Ашина әулетінің шығуы туралы аңыз» мифінде Көк Түріктерді жау шауып, он жасар ханзаданы мазақ етіп, қолы мен аяғын кесіп тастап кетеді. Тәңір аяп, оған бөлтіріктерінен айырылып, емшегі сыздап тұрған қаншық қасқырды жібереді. Қасқыр баланың жарасын жалап жазып, сүтімен асырайды. Кейін қаншық қасқырға үйленеді. Баланың тірі екенін білген жау оны қайта өлтіріп кетеді. Бұл кезде Тәңір тағы жар болып, қаншық қасқырға қанат бітіп, оны таудың басына жерлейді. Одан ұл туып, ол ұлдан рулы ел тарап, ішінен Ашина деген ұрпағы мықты шығып, ру басы болады. Ашина елі Алтай тауларында темір мен металл өндірумен айналысады. Бұл шың алыстан қарағанда дулығаға ұқсайды екен (түркі тілінде дулыға «түркі» деген мағынаны білдіреді). Содан оның елі түркі атанып кетеді. Осыған желілес бір аңыз бар. Онда бір өзгешелігі Ашина ордасының алдына ата-тегін білдіретін бөрі бедерленген байрақты іліп қояды. Осыларға ұқсас тағы бір мифте Тәңір адамдарға ашуланып, теріс айналады. Адамдар қырылып, қарға-құзғынға жем болады. Қасқыр бір ер баланы сайдан тауып алып, тауға әкетіп асырайды. Оған некелісіп, одан Ашина деген ұлы әмірші тарайды. Ол қасқыр бейнеленген туды қасқыр анасының құрметіне тігеді. Бұл мифтерден көк бөрі немесе қасқырдың археотип екенін көреміз. Соңғы мифтің өзгешелігі басқа тотемдік мифтерде бөрі адамға өмір силап, құтқарушы, киелі жануар ретінде бейнеленгенімен, адам неліктен қасқырмен некелескені түсіндірілмейді. Соңғы мифтік мәтінде адамдар күнәға батып, соның нәтижесінде күнәдан таза қаншық қасқырға некелескені түсіндіріледі. Бұл миф қасқыр тотемінің тәңірге жақын, сүйікті екенін көрсетеді.

«Оғызнама» жырында көк бөрі Оғыз қағанның әскерін басқарған, Оғыз қағанға жол сілтеп, ақыл берген деген деректер айтылады. «Оғыз қаған жайлы миф» мифінде көкке қол жайып Тәңірге жалбарынған Оғыз қағанға аспаннан «көк түкті, қою жолды бір арлан бөрі түседі». Бөрі жол бастап, Оғыз оның артынан ереді. Оғыз қаған көрген түсте көктен түскен сәуледе бөрі бейнеленеді.

Бумын қаған заманында қасқыр бейнесі әскери туда бейнеленген. Монғолиядағы сынтаста аяқ-қолы шабылған нәресте мен бөрі бейнеленген. Көк бөрі ғұн, Үйсін, Түркілер мен Оғыздардың тотемі болған. Қаншық қасқыр отбасын сақтаушы тотем болған. Яғни, түркі халықтарында қырғыз, өзбек, қарақалпақ, қазақ халықтарында көк бөрі – тотем. Ш. Уәлихановтың еңбегінде қазақ, қырғыздарда көк бөрі, көк бұқа, Төбе көз, Жалғыз көз дәулер ежелгі түркі тайпаларының мифі мен аңызы болғандығын айтады. Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресінен Түркі қағанатына дейін бөрі туралы миф қалыптасқанын аңғара аламыз. Ғалым С. Қасқабасовтың еңбегінде Түркі қағанатында өзге құдайлардан көк Тәңірі дара шыққаны туралы, Түрік қағанатының ыдырауынан сол кезеңдегі мифтер де бір жүйеге түспей қалғаны туралы айтылады.

«Қасқыр мен жігіт» ертегісінде қасқырдың қызына үйленген жігіт туыстарынан қиындық көреді. Қасқыр енесінің ақылының арқасында бар қиындықты жеңеді.

Қазақ ұғымында ақ және қара қасқыр бар. Көк қасқыр жебеуші, қорғаушы, құтқарушы болса, қара қасқыр жағымсыз образда болған. Көк бөрі

Сонымен, көк бөрі – киелі аң, жебеуші рух, күнәдан таза бейне, Тәңірдің шапағаты тиген құдіретті, далада қалған дәрменсіз пендені асыраушы, қорғаушы, қиындықта жол көрсетуші, ақыл беруші, түркі халықтарының ілкі ата-бабасы. Соымен қатар, бөрі қайсарлық пен төзімнің, адалдықтың символы.

Келесі мифтік кейіпкер – Ұмай ана. Әлем мифологиясында жердің иесі түсінігі бар. Ума – ежелгі үнді мифологиясындағы құдай ана, жер иесі. Энки – шумерлердің жер қожайыны. Гея – грек мифіндегі жер-ана ретінде сипатталады. Ал түркі мифологиясында жердің иесі саналатын Ұмай ана көне түркі мифологиясындағы Ұлы ана есімі, ошақтың киесі.

Ұмай анаға қатысты деректер Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде, түрлі жазба ескерткіштер де, фольклорлық ғұрыпта сақталған. Ұмай ананың этимологиясын зерттеген ғалым С. Қондыбай Ұмай кейбір түркі халықтарында Май-ене деген атаумен сақталғанын айтады. Ұма – баланың жолдасы деген мағынаны білдіреді. Ұмай – әйел кейпіндегі мифтік тәңір ие дейді.

Ұмай ана шаңырақ пен нәрестенің, оттың жебеушісі. «От-Ана» мифінде Ұмай ананың табанынан жаралған от адамға жылу мен ризық әкелетіні айтылады. Түркілер отты қасиет тұтқан. Ұмай ана – ежелгі қазақ мифологиясындағы дербес құдай, Тәңірдің жұбайы. «Тәңір – ең жоғарғы Құдай» деген мифте Тәңір көк пен жерді жаратқан соң, өзі екіге бөлініп еркек пен әйелге айналады. Әйелге айналған құдайды Ұмай Тәңір деп атайды. Сүтті көлде Ұмай Тәңір ананың сүті ағады делінеді. Қырғыз мифологиясында Ұмай сүтімен асыраушы жер ана, егін мен малдың өнім құдайы. Өнім көп түскенде Ұмайдың омыраунан сүт ағады деп сенген. Үнді мен грек мифтерінде де омырауынан сүт аққан жер-ана туралы айтылады.

«Жан» деген мифте тән мен жанға бөлінген адам жанының құт, юла, тын, сұрдан тұратыны айтылады. Ұмай ана адамның құтын көкте жаратады. Содан От-Ана арқылы әйелдің құрсағына бала болып бітеді. Әйел баланы босанар кезде Еркілік шайтанмен шайқасып оны аман алып қалады. Ұмай ана баланы тәрбиелейді, өсіреді, өздерінше түсінісіп сөйлеседі. Бала дүниеге келіп, бес-алты жасқа жеткенше желеп-жебеп жүреді. Одан кейін баладан ажырайды. Адам жанының маңызды құрамының бірі сұр адамның тұр келбеті. Оны да алып қоюшы Ұмай ана делінеді.

«Ұмай Ана және Аю батыр» мифінде қар астынан құтқарып алған Айсұлуын оята алмаған Аю батыр көкке қарап күңіренеді. Сонда Ұмай мен Құмай деген екі құсты көреді. Олар Аю батырдың басын сипап өтіп, екі кесек бірі ақ, бірі қызыл тас тастайды. Бір-біріне ұрғанда от пайда болып, Айсұлу жылынып оянады. Содан Ұмай ана құс кейпінде ұшып келіп, ана кейпіне еніп, отты маздатады. Оянған Айсұлу от пен анаға сәлем беріп, тағызым етеді. Ұмай Айсұлудың бетін отқа қақтаған қолымен сипайды. Айсұлу мен Аю батырға некелесіп, балалы-шағалы болыңдар, оттарың өшпесін деп батасын беріп, сағымға айналып кетеді. Күндердің күні Айсұлу толғатады. Қиналғанда жер мен көктің тәңіріне, Ұмай анаға сыйынады. Сонда Ұмай ана келіп босандырып, кіндігін кесіп, Айсұлудың маңдайынан сипап, баланы алдына беріп, батасын айтып ғайып болады делінеді.

Сонымен, Ұмай ана әйелдер мен балалардың жебеуші қамқоршысы, үй, қолөнер шаруасының демеушісі, жан дарытушы, ошақтың, оттың иесі. Қазақта «Жаңа туған сәбилерді шошытпа, Ұмай ене қойныңа сал жарылқа!», «Біреу еді ұмайым, екеу болды құмайым», менің емес, Май ененің қолы деген сынды сөздер әлі күнге дейін айтылады.

«Күлтегін» анимациялық туындысы рух-жігерге толы, балаларды тарихымен мақтануға шақыратын, патриоттық сезімін арттыратын мультфильм. Мультфильмнің басталуының өзі ғажап: «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қоңыр жер жаратылғанда екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адам баласын билеп, Ашина текті Бумын қаған отырды. Білікті, алып қаған еді. Ол елінің тұтастығын, бірлігін сақтап, басы бардың басын игізді, тізесі бардың тізесін бүктірді. Бұл ұлы даланың төріне бөрілі байрақ тіккен мәңгілік ел Көктүрік қағанаты еді. Теміршілер, Бүркітшілер, Мерген қыздар атты көк бөрінің рухы дарыған үш ұлыс жасақ даңқы жер бетіне тарады. Бұлардың күші қаруда емес, татулық пен бірлікте болған еді», – деп басталады. Арғы жағында мифологиялық таным жатқан бұл сөздердің астарында Көк бөрі мен Ұмай ананың мифі жасырынып тұр.

Түрік қағанатын Елтеріс қаған билеп тұрған шақ. Оң жағында отырған ағасы Қапаған елін жау табғаштарға бермек болып, жауыздық қылады. Елтеріс қағанды өлтіріп, ұш ұлысты араздастырып, билікті өз қолына алады. Әкесін өлтіргенін көріп қойға Күлтегінді Қапаған өлтірмек болады. Жаумен шайқасып, өлім аузына қалған Күлтегінді Көк бөрі жаудан құтқарып алады. Жау Күлтегінді қасқырлардың талауында қалды деп ойлайды.

Күлтегін бір уақытта оянады. Сонда Көк бөрі Күлтегінге көрінбей сөйлейді:

– Сен батыл айқастың!

– Кім бұл? Кім болсаң да шық бері!

– Мен Көк бөрімін. Алпамсадай табғашпен айқасқан сен қай батырсың?

– Батырлығымды білгің келсе, жарыққа шық. Ашық айқасайық.

– Айқасатын күнің әлі алда, бала. Сен әлі әлсізсің, оның үстіне жауың болсам, табғаштан құтқарар ма едім?

– Мені құтқар деп сұрағам жоқ.

– О, тәңірім! Сені әлсіз ғана ма десем, оның үстіне ақымақ екенсің ғой. Алысатын жауың мен емес. Мен саған көмектескім келеді. Азулы жауың бүкіл түркі еліне тісін батырды. Көп ұзамай байтақ елің құрдымға кетуі мүмкін. Бірақ, әлі де кеш емес.

– Әкем қаған кедейді бай, ашты тоқ қылды. Оған тең келетін басшы жоқ еді. Енді міне жаудың қолынан жаза тапты. Жауға қарсы тұра алатын кім бар?

– Сен барсың! Мұнда келуің бекер емес. Сен нағыз ерсің, батылсың. Алайда, үйренетінің әлі де көп. Жау күші мықты. Оны жалғыз жеңе алмайсың күш жинауың керек. Саған қолғабыс болуға дайынмын, - деп Көк бөрі бөрінің терісін жамылып, адам кейпінде жарыққа шығады. Күлтегін:

– Әкем қағанның өліміне себепші...

– Мен бәрін де білем. Әкесіз қалдым деп қайғырма. Өткен – кеткен. Оған жармаспа. Болашаққа ұмтыл. Тәңірі жарылқап, еліңнің бағына әкең сені батыл, жаужүрек қылып өсірді. Енді, елің ауызбіршілігін, татулығын жоғалтпаса болғаны. Әлі де сенімім бар, – деп Көк бөрі Қапағандай жаудың қайдан пайда болғанын баяндайды:

– Саған ертеде болған бір уақиғаны айтып берейін. Тыңда. Осыдан көп жыл бұрын түріктің қызы жау табғаштың баласын сүйіп, елін тастап қашып кеткен. Мұндай сұмдықты көрмеген Көктүріктер қашқын қызды елге қайтарып, жазасына абақтыға қамайды. Қамаудағы қыз көп ұзамай, ұл туып, жанын тапсырады. Алайда, ана жүрегі ақ қой, жетім қалған сәбиді Түрік ханымы бауырына басып, туған ұлымен қатар өсірген. Арада уақыт өтті, балалар өсті. Бір жолы асыранды баладан қаған қауіп сезіне бастайды. Ашуға мінген қаған табғаштың сілімтігін түркі жерінен қуып, қаңғытып жібереді. Әлсіреп, адасқан баланы табғаштар танып бауырға басады. Содан көп жыл өтті түрік қағаны тәңірге ұшты. Қағанның ұлы Елтеріс таққа отырды. Күндердің бір күнінде хан ордасына бейтаныс адам келді.

– Қапаған!

– Иә, ештеңе сезбеген Елтеріс қаған бірге өскен бауырын сағынышпен қарсы алып, оң жағынан орын берген. Қағанның бұл шешімі Көктүріктің келесі тағдырын белгіледі.

– Болды, жалғасы не болғанын өзім де білем, – дейді Күлтегін.

– Ол күн сайын күшейіп келеді. Қапағанның ендігі мақсаты үлкен қара тасты оятып, шексіз күшке ие болу. Оны жеңетін тек сен ғана, Күлтегін, – дейді.

Арада сан жылдар өтіп, Көк бөрінің жанында өскен Күлтегін ержетіп ер болған шақта Көк бөрі:

– Қоштасатын кез келді, Күлтегін. Қолымнан келгенін, бойымда барын саған бердім, үйреттім. Ендігі үлкен жолды менсіз өтуің керек. Есіңде болсын сен баскесер жендет емессің. Сен – батырсың. Ата-баба аруағы қолдасын. Қош бол, Елтерістің ұлы! – деп Күлтегінмен қоштасады.

Күлтегін жауы Қапағанға қарсы шыққан шақта Бүркітшілер елі жау қолында қалады. Оларды Күлтегін құтқарып алады. Қатты жараланған Күлтегін есінен танып қалады. Бүркітшілердің тарханы оны емдетпекке Мергендер ұлысына жол тартады. Осы сәтте оттың шоғын көсеп алдағыны болжап отырған бақсы қыз Мергендер ұлысына құтты қонақ келе жатқанын айтады. Мергендердің тарханы Тұмар араздасып қалған ұлыс басшыларын жақтыртпайды. Шаңырағына келген сұлық жатқан Күлтегін мен бүркітші Барласқа:

– Сатқынды шаңырағыма әкеліп, иттігіңді дәлелдейін деп пе едің? Екеуінің де басын алыңдар! – деп бұйырады. Сонда:

– Шаңырағыңда кек алып, қан төгу қай бабаңның салтында бар еді? Сенен өлім емес, өмір сұрап келдім. Сатқын түгіл арнауыт болса да еміңді жаса. Құтқара көр, – деп Күлтегінге ем сұрайды. Тұмар оған:

– Бұған керегі өмір емес, өлім. Әкесін өлтіріп табғашқа арын сатқан күшікке иттің өлімі бұйырсын, - деген сәтте оттан Ұмай ана шығып, Күлтегіннің жарасына тостағанынан ақ сүтін төгеді. Жара бірден жазылып кетеді. Ұмай ана Күлтегіннің басынан сипайды да ғайып болады.

Ауруынан айыққан Күлтегін басынан өткендерін баяндап, екі ұлыстың басын қосып:

– Сіздерге алғысым шексіз. Енді аттануым керек. Қапағанның жоспарына бөгет болмасам, бәрінен айырыламыз, - деп қоштасқалы тұрғанында:

– Тоқта, Күлтегін. Тәңір жаратқан Көк бөрі дарытқан алып күшіңді көрдік. Бұл жолда саған сенімді жолдас керек. Малға мал, жанға жан деген. Ендігі сапарда біз Бүркітшілер ұлысы соңғы деміміз қалғанша сенімен біргеміз!

– Біздің үшкір жебелеріміз де қолғабыс болып қалар. Ел үшін біз де иық тіресе шайқасамыз, - деп бірге аттанады. Біраз оқиғалардан соң бұларға ел болып біріккеннен асқан құт жоқ екен деп теміршілердің Шойынқарасы да қосылады. Біріккен үш ұлысқа Күлтегін қолбасшылық етеді. Сонда Көк бөрі таудың биігінен оларды жебеп тұрады. Сонда Күлтегін:

– Сөзімді тыңда, Көк бөрінің ұрпағы. Бүткіл түркі елі жоқ болмасын десеңдер, ата-баба мекен еткен жер-су иесіз қалмасын десеңдер, бірлігіңді, татулығыңды сақта. Бүгін біз Көк бөріден тараған көк түріктер табғаштың қара туын құлатып, отша жалмап, бөріше бүреміз. Киелі тәңірінің құты қонған ұлы далаға ұрпақтарымыз ие болсын. Бүгін біз жеңіске жетеміз, – деп Қапағанға қарай қол бастайды.

Қапағанды жеңген соң: «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қоңыр жер жаратылғанда екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адам баласын билеп, Ашина текті көк түріктер отырды. Ұлы даланың төріне жайғасқан ұлы елдің басына Білге қаған болып отырды. Бірлігі жарасып бөрілі байрақ тіккен қалың түрік жасағына көк түріктің көк семсері Күлтегін қолбасшы болды», – деп соңында Күлтегін ескерткішін көрсетіп, фильм ерекше мәнмен аяқтайды.

Бұл мультфильмді мифтік сюжетке негіздеп жасалған туынды деп атаса артық болмас. «Күлтегін» фильмінде Көк бөріге тән барлық мифтік қызмет көрінеді:

· Ашина текті түркі халқының ілкі-атасы сипаты;

· Қиын жағдайға тап болған пендеге көмекке келуі;

· Ақыл айтып, жол сілтеуі;

· Пендені асыраушы - қамқоршы сипаты;

· Жеке бір адамның жебеушісі сипаты.

Мультфильмде Күлтегіннің басынан сипап, сүтімен емдеген Ұмай ананың:

· Оттың иесі;

· Жер иесі;

· Ошақтың киесі;

· Жан дарыту қатарлы сипаттары айқын көрінеді.

Сонымен қатар, мультфильмде қағанаттың қақпасында және қаған отыратын тақта бөрінің мүсінінің бейнеленуі де сәтті пайдаланылған. Бұл мультфилім мифтік сюжетті, мифтік кейіпкерлерді пайдалана отырып балалардың қызығушылығын тудыратын, көрерменнің сұранысын қанағаттандыратын, тіпті, әлемдік деңгейге шығуға болатын туынды жасап шығаруға болатынын дәлелдеді. Ең бастысы, бұл туындыны жасаушылардың арғықазақ түпсанасындағы түсінікті бейнелей отырып, қазақ фольклорының мұраларын түп нұсқадан алшақ кетпей жаңаша жолмен жеткізе білуі аса қуантарлық іс.

Пайдаланған әдебиеттер:

1                   Әдебиеттану. Терминдер сөздігі (Құрастырушылар: З. Ахметов, Т. Шаңбаев). Алматы: «Ана тілі», 1998. – 384 б.

2                   Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы, 2004. – 696 б.

3                   Мультфильм кейіпкерлері. – Сер.: «Балаларға арналған танымдық энциклопедия». – Алматы: «Аруна» баспасы. – 32 б.

4                   Saranya and A. Balasubramanian. Depiction of Hindu mythological characters in cartoons: A case study of Chhota Bheem. Ijaber, 2016. – 42 б.

5                   Тойшанұлы А. Түрік-моңғол мифологиясы: Монография. – Алматы: «Баспалар Үйі», 2009. – 192 б.

6                   Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы: «Алаш», 2003. – 408 б.

7                   Әуезов М. Шығармалар. (12 томдық). Алматы: Жазушы, 1969.

8                   Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 272 б.

9              Қасқабасов С. Шығармалары. Т.1. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. – Астана: Фолиант. – 568 б.

10              Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы. 1-том. Қазақ мифологиясына кіріспе. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. – 376 б.

11              Әуесбаева П.Т. Түркі халықтарының хикаялары. Ғылыми зерттеу. – Алматы: ИП «Сагаутдинова», 2014. – 415 б.

12              Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант»», 2006. Т. 33: Батырлар жыры. – 364 б.

13              Бердібай Р. «Эпос – ел қазынасы». Алматы. «Рауан». 1995. 350 б.

14              Аймұхамбет Ж. Ә. Миф. Мифология. Мифопоэтика. Монография. Алматы: Эпиграф, 2017. – 512 б.

15              Ысмайлов Е. «Ақындар». Алматы, 1956.

16              Ускенбаева, Р.М. Қазақ тіліндегі мифогемаларыдың этно-мәдени танымдық аспектісі (мифологиялық шығармалар негізінде). Диссертация. Алматы, 2016.

17              Бердибаев Р. От легенды к роману: статьи и исследования. / пер.с. каз. Р. Бердибаев. – Алма-Ата: Жазушы, 1976. – 224 c.

18              Әбжетов Б. Қазақ ертегілеріндегі үнді-иран мотивтері. Фил. ғыл. канд. автореф. – Алматы, 1990.

19              Турсынов Е. Генезис бытовой сказки. – Алматы: Наука, 1973. – 216 с.

20              Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант»», 2011. Т. 75: Батырлық ертегілер. – 424 б.

21              Қазақтың мифтік кейіпкерлері. Құрас. С. Итеғұлова. Ш. Шаяхметов атын. тілд. дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы / - Астана, 2016. – 275 б.

22              Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант»», 2011. Т. 74: Қиял-ғажайып ертегілер. – 432 б.

23              Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы. 12-том. Арғықазақ мифологиясы. 4-кітап. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. – 536 бет.

24              Хасан С. Осы жұрт Серікболды біле ме екен? // Айқын, 2018, 28 сәуір.

25              Ертегілер. 1-т. (Құрастырғандар: Т. Алпысбаев, Б. Әзібеаева, С. Қасқабасов, Қ. Қабдолова, Е. Тұрсынов.) Алматы, 1988.

26              Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант»», 2011. Т. 78: Қазақ мифтері. – 448 б.

27              Қазақтың мифтік әңгімелері. – Алматы: Ғылым, 2002. – 320 б.

28              Философский словарь. Под. Ред. И.Т. Фралова. 6-е издание. – М.: Политиздат, 1991. – 560 c.

29              Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы. 11-том. Арғықазақ мифологиясы. 3-кітап. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. – 520 б.

30              Сэмюэл Н. К. История начинается в Шумере. М.: Наука, 1965. – 256 стр.

31              Пропп В.Я. Исторические корни волшебной сказки. Л.: Изд-во ЛГУ, 1986.

32              Мелетинский Е.М. Поэтика мифа. М.: Наука, 1976.

33              Банзаров Д. Собрание сочинений. М.: Издательство Академии наук СССР, 1955.

34              Мифологический словарь. М.: Советская энциклопедия, 1990.

35              Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Алма-Ата: Изда- тельство Академии Наук Казахской ССР, 1961. Т. 1.

36              Диваев А. Этнографические материалы // Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области. Ташкент, 1896. Т.5.

37              Қазақстанның Ұлттық Ғылым Академиясы Ортальқ Ғылыми кітапханасының қолжазба қоры. 31 -бума.

38              Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Ертегілер. Алматы: Жазушы, 1988.

39              Каскабасов С. Казахская волшебная сказка. Алма-Ата: Наука, 1972.

40              Жанайдаров О. Ежелгі Қазақстан мифтері. Қазақстан балалар энциклопедиясы. – Алматы: «Аруна» баспасы, 2006. – 252 б.

41              Қазақтың көне тарихы. Дайындаған М. Қани. – Алматы: Жалын, 1937 – 400 б.

42              Қазақ халық әдебиеті. – Алматы: Жазушы, 1988. – T. 2. – 288 б.

43              Никонов А. Мифы древных тюрков. // Простор. 1999.

44              Уәлихaнов Ш.Ш. Қaзaқтaрдaғы шaмaндықтың қaлдығы. – Алмaты: Жaзушы, 1985. – 560 б. – Б. 26.

45              Ожайұлы Ы. Қалам ұшына тұнған сыр. Өлеңдер мен мақалалар, этюдтер. – Астана: Фолиант, 2018. – 240 б.

46              Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы. 10-том. Арғықазақ мифологиясы. 2-кітап. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. – 520 бет.

Автор: Есбол Нұрахмет

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?