Алматы облысындағы Арқарлы петроглифтерін сақтап қалу жұмыстары қолға алына бастады, деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мамандар бес күн бойы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары Арқарлы асуын зерттеп, таңбалы тастар мен обаларды, мыңдаған жыл бұрынғы қоныстарды тіркеп, қағаз бетіне түсірді. Археолог, экспедиция жетекшісі Александр Горячев айтуынша бұл жерде петроглифтердің ауқымды сегіз кешені бар. Оның біреуі тас өндірушілер кәсібінен әбден зардап шеккен. Ал кешеннің әр қайсысының тарихи құндылығы өте жоғары.
«Бір кешеннің өзінде алуан композициясы бар 150-дей тас көрдік. Ал әр таста кемінде бес таңба бар десек, екі кешеннің өзінен мыңдаған сурет санап шығуға болады. Бұл тек біздің аяғымыз жеткен жерлер. Әлі зерттелмеген дүние өте көп»,- деді Александр Горячев.
Археологтар мұнан бөлек бірнеше дәуірдің ізі қалған жүздеген оба мен қорғандардың орнын тапты. Бірақ қазірдің өзінде обалар жабайы көзіне түсіп, талан-таражға түсе ме деп алаңдаулы. «Рухани жаңғыру бағдарламасы тек қағаз жүзінде емес, осындай істермен жүзеге асу керек. Бұл таңбалы тастар біздің мәдени мұрамыз, тарихымыз. Сондықтан бағдарламаны осы тарихи ескерткішті қорғау жұмыстарына бағыттау керек деп ойлаймын»,- деді экспедиция мүшесі Ольга Гумирова.
Жергілікті атқарушы билік кәсіпорындардың тас бұзуын тоқтатқан. Бірақ мұнымен мәселе шешілмек емес. Ғалымдар таңбалы тастардың төлқұжатын жасап, бәрін тіркеуге алу керек. Сонда ғана тарихи жәдігерлер заңды түрде қорғалмақ.
«Құжаттандыру жұмыстарын аяқтағаннан кейін ол жерде қорғау аймағы белгілі болады. Қорғау аймағында қанша жерді қоршау керек екендігіне жоба шығарамызда бюджеттен ақша бөлінгеннен кейін ол жерді қоршаймыз»,- деді Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов.
Дәл қазір бюджетте бұл бағытқа қаржы қарастырылмаған. Облыстық мәслихатқа да енді ұсынылмақ. Ал Алматы облысы аумағында әлі зерттелмеген таңбалы тастар өте көп. Айта кетейік, Алматы облысындағы Арқарлы петроглифтері өңірдегі құнды тарихи жәдігерлер жатқан ауқымды кешен. Тау шатқалдарында әлі зерттелмеген, әрі еш жерде тіркелмеген таңбалы тастар өте көп.
Алайда соңғы жылдары қиыршық тас өндіретін кәсіпорындар осы тарихи құндылықтарды бұзып, бүлдіріп, аяқ асты етіп жатыр. Мәселе көтеріліп, археологтар да дабыл қаққаннан кейін тарихи жәдігерлерді сақтап қалу жұмыстары қолға алына бастады.
Арқарлы петроглифін зерттеу: Археологтар бірнеше дәуірдің ізі қалған жүздеген оба мен қорғанның орнын тапты
27.05.2021
2467