Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы ақпараттық жұмыстар тобының жетекшісі Айдос Сарым ресейлік жекелеген БАҚ-та жарияланған материалдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaza
«Ресейлік БАҚ-та Қазақстан нацизмді ақтауға тырысуда деген сынды мәселе қайта көтеріліп жатыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның ақпараттық жұмыстар тобының жетекшісі ретінде мынаны айтқым келеді. Бұл қасақана жазылған бірінші материал емес. Әдетте мұндай материалдың авторы қазақстандық саясаткерлер мен тарихшылардың мәнмәтінінен сөздерін жұлып алып, оны өздерінің нақты саяси және өзге де нәтижелеріне жетуге тиімді тұрғыда түсіндіреді. Соның ішінде Мемлекеттік дума сайлауы қарсаңында да. Резонансты тақырыптардың бірі, мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тарихи жайттарға, концлагерлердің қасіретіне байланысты тірі қалуға мәжбүр болған, оның ішінде Түркістан легионының сапына қосылған отандастарымыздың тағдырына қатысты. Бірден айту керек, бұл тақырып тұтқынға түскен қазақтардың, Вермахт әскеріне қызмет еткен қазақтардың санынан бастап, олардың тарихи тағдырына дейін аз зерттелген», - деп жазды Айдос Сарым Telegram парақшасында.
Саясаттанушының айтуынша, Орталық Азияның, сонымен қатар Кавказ бен Қырымның барлық мұсылманына қатысты түсінік қалыптастырған 180 мың «түркістандыққа» қатысты деректің де шын-өтірігі белгісіз.
«Бұған қоса, немістердің сапында жүздеген мың орыс, украиндық, басқа да халықтардың өкілдері соғысты. Кейіннен қазақтардың көпшілігі қолына қару алып, кеңестік және одақтық әскерлердің қатарына өтті. Украина, Беларусь, Югославия, Италия, Франция, Бельгия және өзге елдердің аумағында қарсылық қозғалысының қатысушысы, партизан болды. Барлығы бірдей нацистердің жақтасы болған жоқ. Барлығы бірдей, тіпті, қолдарына қару алып соғысып та үлгермеді. Тыл әскерінде, Еуропа аумағындағы күзет әскерлерінде қызмет етті. Соның салдарынан олар сталиндік ГУЛАГ жүйесінің «тас диірменіне» түсті, әуре-сарсаңға салынуларын жалғастырды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Қазақстанда ешкім Екінші дүниежүзілік соңғыс нәтижесін қайта қарау, нацизм мен фашизмді ақтау жайында сөз қозғап отырған жоқ. Сөз тағдырдың күрделі жағдайына тап болғаннан кейін өмір сүруге ұмтылған, тіпті, мүмкіндік туындаған сәтте қолына қару алып, нацизмге қарсы соғысқан нақты тұлғалар жайында болып отыр.
«Неге біз оларды ақтай алмауымыз керек? Мұның үстіне олардың басым бөлігі ұзақ уақыт түрмеде отырды, енді бір бөлігін заманында кеңес соты, прокуратура органдары ақтады. Әріптесім Берік Әбдіғалиұлы «әрбір нақты жайт бойынша соттың шешім қабылдауына негіз болатын тарихи құжаттар, мұрағат фактілері туралы сөз болуы тиістігін» тура айтты. Байқасаңыз, әңгіме Түркістан легионын құбылыс немесе институт ретінде жаппай ақтау жайында болып отырған жоқ», - деді Айдос Сарым.
«Мемлекеттік комиссия аясында 1939-1945 жылдары фашистік коалицияның тұтқынына тап болған қазақстандық әскери тұтқындарға қарсы саяси ақтау фактілерін зерттеу мәселесі де зерделеніп жатыр. Кәсіби тарихышылар мен мамандардан жасақталған жеке топ та құрылған. Бұл жерде фашистік тоталитарлық машинамен қатар сталиндік жүйенің әділетсіз шешімімен жазықсыз зардап шеккендердің адал аттарын қалпына келтіруге ерекше басымдық берілген. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін ресейлік тарихшы ғалымдардың тәжірибесі мен әскери тұтқындарға қатысты ресейлік басшылық қабылдаған шешімдер базалық әдістемелік ретінде алынып отыр. Естеріңізге сала кетейін, бұл шешімдер үшін РФ Президенті Б.Ельциннің 1995 жылғы 25 қаңтардағы «Ұлы отан соғысы кезеңінде және соғыстан кейінгі кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған ресейлік азаматтардың – бұрынғы кеңестік әскери тұтқындар мен азаматтық тұлғалардың заңды құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлығы құқықтық негіз болды. Бұл мәселеге қатысты егжей-тегжейлі материалдар ресейлік ғалым-зерттеушілердің еңбектерінде де ұсынылған. Олардың ішінде ең танымалдары - О.В.Романько, М.И Семиряга. Қ.Есмағамбетов, Б.Садықова, Г.Көкебаева, Г.Меңдіқұлова сынды қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде де тұтқындарға қатысты тарихи фактілері терең зерделенген», - деді саясаттанушы.
Ол еліміз халықаралық ұйымдар аясындағы міндеттемелерінен таймайтындығын баса айтады. Сонымен қатар Қазақстан 2005 жылдан бері Ресей Федерациясы бастамашылық жасаған БҰҰ Бас ассамблеясының нацизмді, неонацизмді, расизмнің басқа да заманауи түрлерін, нәсілшілдік пен ксенофобияны дәріптеумен күреске бағытталған жыл сайынға қарарына тең автор саналатындығына назар аудартады.
«Бұған қоса, еліміз Ресеймен интеграциялық бірлестіктер аясында да сындарлы өзара іс-қимылды жолға қойған. Айталық, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстағы кеңес халқы жеңісінің 75 және 80 жылдығына орай Достастық елдері халқына және әлемдік қоғамдастыққа үндеулері қабылданған. ҰҚШҰ аясында - аталған ұйым Сыртқы істер министрлерінің «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы азат етуші жауынгерлердің ескертіштерін қорлауға жол бермеу туралы» (2017 жыл) мәлімдемесі және «Нюрнберг халықаралық әскери трибуналы үкімінің 75 жылдығы туралы» (2021 жыл). Еліміздің басшылығы мен Сыртқы істер министрлігі Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындысын қайта қарауға кез келген ұмтылысқа жол бермейтіндігімізді, нацизм мен фашизмді ақтауға түбегейлі қарсы екендігімізді бірнеше мәрте мәлімдеген болатын», - деді ол.