Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі

11247
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі - e-history.kz

Ұрпақ тәрбиесі жайлы дана халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» дейді. Бұл тегін айтылмаған. Ғалымдардың айтуынша, бала ана құрсағында пайда болған кезден-ақ оның тәрбиесі басталады екен. Нәресте анасына кіндігімен жалғасқанды

Балаға экономикалық жағдай толығымен жасалса да, рухани азықтың берілуі өте маңызды. Ол – білім мен тәрбие. Білімсіз адам өмір сүре алғанымен, тәрбиесіз адам өмір сүре алмайды. Бұл туралы ғұлама ғалым Ибн Сина: “Балада рух, дене тәрбиесі және такамүлі /үйренуімен ілгерлеуі/ бірге жүргізілуі қажет”, –дейді. Баланың денесін шынықтырып спортпен шұғылдандыру жағы бізде жоқтың қасы. ”Балаларымызды қарындарын және ақылдарын толтырғандай рухани әлемін де толтыруымыз қажет”, – дейді Микаэл Маршалл.

“Баланы – жастан, асылды – тастан”, – дейді дана халқымыз. Атақты педагог А.С.Макаренко “Баланы жастайынан жинақы,тәртіптілікке баулып, әрбір іске жауапты етіп тәрбиелесе ол ұққанын әдетке айналдырып келешек тұрмыс барысында да оны еркін қолдана біледі”, – деген. Адамға жасынан бұлақ суындай мөлдір, айнадай таза болып өмір сүруге машықтану үшін аса үлкен тәрбие керек. Сәби нені біледі деп немқұрайдылық танытуға болмайды. Нәресте сөйлей алмаса да бәрін түсінеді.Сондықтан оның қасында келеңсіз жағдай жасауға, былапыт сөйлеуге, айқай-шу көтеруге болмайды.

Әр ата-ана баласын жақсы адам болса екен деп армандайды. Алайда ол тез арада тамаша адам бола қоймайды. Баланы жақсы адам болдыру үшін оның негізін ата-ана өзі қалауға тиіс. Ол үшін өздері сыпайы қарым-қатынас жасап, мәдениеттілік танытумен қатар оғаш мінез шығармауы қажет. ”Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны іледі”, –деген аталы сөз осыдан қалған.

Кейде ата-аналар баланы ұрып соғып, қорқытып тәрбиелейміз деп ойлайды. Бұл жақсы тәрбие болмайды, керісінше сол баланың қатігез болуына немесе қорқақ болуына ықпал етеді. Сондай-ақ баланы “тұзка, жүзіңка”, –деп мән-мағынасыз атап еркелететін ата-аналар да жиі кездеседі.

Еркеліктің де, ат қоюдың да жөні бар. Әр нәрсенің мәніне үңілу керек. Көп еркелеткен бала өзім білермендігімен кетеді де әрі әке-шешесінің тілін ала бермейтіндігі кездеседі. Қандай бір жағдайға төзімсіз, оспадар тентек болып кететіндері де бар.

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұрпақтарын “сегіз қырлы, бір сырлы”, өнегелі де өнерлі, иманды да инабатты, ар-ожданы жоғары, намысқой етіп тәрбие­леп келді. Ол кезде салт-дәстүр, наным-сенім әдет-ғұрып жора-жосын,үлгі-өнеге арқылы ешкімнен кем қылмай тәлім-тәрбие берген.

Ер бала болсын, ұл бала болсын бұлардың барлығына ортақ адамгершілік қағидалар бар. Бұл қағидаларды адам баласы орындауға және білуге міндетті. Мұнсыз тәрбиелі, білімді ұрпақ болып қалыптасу мүмкін емес. Белгілі жазушы, публицист Марат Тоқашбаевтың «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары» деген кітабында тамаша айтылған. Амандасудың өзі бір қарағанда қарапайым дүние сияқты, ал шын мәнінде мұның барлығы үлкен мән-мағынасы бар эстетикалық нормалар. «Ассалаумағалейкум!» – (Сізге Алланың нұры жаусын!) – амандасудың кең тараған түрі.

«Уағалейкумассалам!» – (Сізге де Алланың нұры жаусын!) сәлем алу.

Армысыздар – амандасудың ежелгі түрі.

Сәлеметсіз бе! – амандық сұрау, сәлем беру.

Қол беріп амандасу – шынайы ізгі ниетті білдіреді.

Төс қағыстырып амандасу – ер жігіттердің, батырлардың шынайы достығын, кездесуге қуанышын білдіреді.

TO--YIM---A--AR-960x500.jpg

Қолдан сүйіп амандасу – әжелердің немесе апалардың жеткіншектердің немесе жасөспірімдердің қолынан сүюі. Міне, өстіп амандасудың түрлері тізбектеліп кете береді. Жазушы адамгершіліктің қарапайым қағидаларына отаншылдықты, адалдықты, имандылықты, шыншылдықты, мейірімділікті, ізеттілікті, қайырымдылықты, тағы басқа ондаған адамгершілік нормаларын жатқызады. Осылардың барлығына тоқталып, анықтама беріп өткен. Кез келген ұрпаққа иманды, білімді, адал, отаншыл болу – парыз. Адалдық туралы автор: «Адалдық – адамгершіліктің ең басты қағидаларының бірі. Ол кез келген істе, әрекетте, сөзде өзін пендешілік мүддеден жоғары қоя білуді білдіреді. Яғни, өз пайдасы үшін екінші біреудің мүддесіне нұқсан келтірмейді. Өз ар-ұятын жоғары ұстайды.

Адал болу дегеніміз – жаны, жүрегі таза болу деген сөз. Адал адам ақиқатты ардақ тұтады. Шыншылдықты сүйеді. Біреудің мүлкін, абыройын сырттай саудаламайды. Жақынын, туысын, танысын, достарын, айналасындағыларды ардақтайды. Ешқашан ешкімді сатпайды. Отанына үнемі қалтқысыз адал. Әркезде иманын қорғай біледі. Иманмен тиянақталған адалдықты кіршіксіз адалдық деп атайды.

Адалдық рухани тазалықтан туындайды. Адал адам ешқандай қылмыстық әрекеттерге бармайды. Қазақта айналасындағыларға көмектесуге үнемі әзір, арам пиғылы жоқ, шын ниетімен ақтарылып тұратын жандарды ақкөңіл дейді. Олар қолында барын ешкімнен аямайды. Қазақта «Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбас» деген қанатты сөз содан қалған.

Адал жанның ұйқысы тыныш, күлкісі ашық. Оған біреудің жақсылығы мен қуанышын қызғану, көреалмаушылық қасиеттер жат. Адалдық өзінен-өзі келмейді, ол – тәрбиенің жемісі. Адал болу үшін адам жас кезінен өз жүрегін тыңдай білуі, өзін-өзі тәрбиелеуі керек», – дейді автор. Қандай орынды айтылған ой-тұжырымдар. Ал жазушының отаншылдық туралы айтқандары да жас ұрпаққа кәдімгідей ой салады. Сақ патшайымы Томиристен бастап бейбіт күннің батырлары Тоқтар Әубәкіровке дейінгі қазақтың алып тұлғалы айбынды азаматтарын айта келе, бүгінгі жастарға да ерлік жасаудың жолдары көп екендігін нұсқайды. «Ерлік істердің бәрін бізге дейінгі ата-бабаларымыз жасап қойыпты. Бізге қалған ештеңе жоқ екен», – деп ойлауға болмайды. Қаһармандыққа бүгінгі күнде де орын бар. Өздерінің ақыл-ойымен әлемдік экономиканың дамуына елеулі ықпал етіп отырған Рокфеллер, Билл Гейтстер қазақтан да шығуа тиіс. Ал оған жетудің жолы тек білімде. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда қазақ жастары білім-ғылымды жетік меңгерумен өз елінің атын шығара алады. Сондықтан отаншылдық сезімдеріміз әрқашан биік тұруға тиіс.

Шынайы отаншыл адам өзінің ана тілі мен мемлекеттік тілін құрметтейді. Өз мәдениетін жалғастырады, жаңғыртады.

Өз ұлтының, өз халқының мүддесіне қызмет ету – отаншылдықтың қарапайым үлгісі», – дей келе Марат Тоқашбаев: «Отан бізге бәрінен қымбат!» деп түйіндейді ойын. Демек, ұлға да, қызға да отаншыл, адал, білімді, иманды, мейірімді, кешірімді болу – міндетті екен. Осы қағидаларды жас ұрпақ бойына сіңіріп өссе, қоғамымыздың жаман болмасы анық.

Бүгінгі күнде де ұлттық тәрбие өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мен «Тәрбие – тал бесіктен...» деп аталатын ғылыми жазбамда ұлттық тәрбиенің маңыздылығына тоқталып, бүгінгі қоғамда ұлттық рухтағы ұрпақты тәрбиелеуде маңызды деген ұсыныс-пікірлерімді білдірдім.  

Қазақ халқының отбасы тәрбиесі 

«Тәрбие – тал бесіктен...» деп халқымыз бекер айтпаған. Демек, адам баласының тәрбиесі іңгәлап дүние есігін ашып, тал бесікке түскен кезден басталады. Қазақтың ғұлама ғалымы, педагог Мағжан Жұмабаев өзінің 1923 жылы жарық көрген «Педагогика» атты еңбегінде «тәрбиенің мақсаты – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты. Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиенің мақсаты – адам деген атты құр жалаң қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару», – дейді. Ғалым атамыз айтқандай, тәрбиенің мақсаты – ата-анаға, қоғамға пайдалы, бойына ізгі қасиеттерді дарытқан абзал ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мақсаттарға қол жеткізудегі әрекеттер отбасынан, одан кейін балабақшада, мектепте қалыптасып, есейген шақта қоғамдық ортада жалғасады.

   Тәрбие мақсатына жетуде отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Ата-ана бала дүниеге келген сәттен бастап бесік жырын айтып, құлағына әуезді әрі ұлттық әуенді сіңіреді. Менің анам: «саған мен бесік жырын айтып ұйықтататынмын. Менің бірде құрбым сені ұйықтатамын деп орысша ән салғанда, сен көзіңді бақырайтып ашып алғансың. Содан мен оған «сен қазақша ән сал деп айттым» деген болатын. Шынымен де бала ана тілін ананың сүтімен, қазақи болмысынан қабылдайтынын ұқтым. Мағжан Жұмабаев атамыз «Педагогика» атты еңбегінде әрбір тәрбиеші баланы көп буын қолданып келе жатқан ұлттық тәрбиемен тәрбиелеуі қажет деген ой айтады. Ғалым атамыз ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық тәрбиенің жағымды жақтарын алып, баланы қоғам қажеттілігіне орай икемделе тәрбиелеуді де орынды айтып өткен екен аталмыш еңбегінде.

23052017163249_1.jpg

“Бала – әке-шешеге Алладан берілген аманат. Жүрегі таза болған, әртүрлі жаман нәрселерден алыс, пәк болған бір маржан. Ол әр нәрсені қабылдауға қолайлы. Егер бала жақсылыққа үйретіліп жақсы мінезді болып өсетін болса, онда бұл дүниеде де, ақыретте де бақытты болады”, – дейді теолог ғалым Ибни Мискеуейх.

Жеті жасқа келгенше бала көп өтірік айта береді. Көзіне көрінгеннің бәрін мені­кі деп ала бергісі келеді. Бұл ары қарай ұзаққа жалғасатын болса ұрлыққа бейімделіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан балаға өтірік, ұрлықтың жаман екенін осы кезінен ұғындыра бастаған жөн.

Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана өздері белгілі деңгейде тәлімді, үлгілі, өнегелі болуы тиіс. Әке-шешесі бұзық болса, олардан тәлім алған бала да алысқа бармайды. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді», – демекші солардың кебін киеді. Сондықтан бала тәрбиелеймін деген кісі ең алдымен өзін-өзі тәрбиелегені жөн. Ақылды да, парасатты болу тәрбиеге байланысты. Ақылды адам өмірден алған сабағы арқылы білімді келеді.

Сіз балаға жөн сілтемесеңіз де ол сізге қарап өседі әрі істегеніңізді қаз қалпынша жасайтын болады. Бала тәлім-тәрбиені тыңдау, қимыл іс-әрекетті көріп соған еліктеу арқылы алады деген сөз. Тәрбиесіз баланы тәрбиелеу оңай. Ал, нашар тәрбиелі пендені түзетіп, қайта тәрбиелеу өте күрделі іс.

Баланы жақсы мен жаманды, бұрыс пен дұрысты толығымен айыра білетін етіп тәрбиелеу үшін біршама игі жұмыстар атқарылуы сұралады. Ең алдымен бала тәрбиелеуші ата-ана өзіне мән беруі жөн сияқты. Өте қатал болсаңыз балаңызды ренжітіп, жүрегіне қаяу саласыз. Егер өте мейірбан болсаңыз балаңыз момын, ынжық болады. Егер балаңызды қараусыз жіберсеңіз қоғамға да, өзіне де зиян келтіреді. Яғни өз бетімен кеткен бала басқаға еліктеп жаман тәрбие алатыны бар.

Балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру – әрбір ата-ананың абзал борышы. Бала көбінесе үйде әке-шешесінің қасында тәрбиенің денін алуға тиіс. Баласы қылмыс жасай қалса кейбір ата-ана мектебіне, мұғалімдерге, ортаға, достарына қарай кемістік­ті аударғысы келетіні бар.

Қандай телехабар тыңдап, қандай кино көруге болады, нені оқуға болады дегенді ата-ана айтып, түсіндіріп отырса. Әсіресе қажетті әңгіме, ақыл-кеңестерді тұрақты тыңдатса.

Тәлім-тәрбиені ата дәстүр, әдет-ғұрып, ырым, наным-сенім, өсиет, қағида, діни тәрбиеге тығыз байланысты етіп ұштастырып шыңдайтын болсақ тіпті тамаша болады.

Атақты педагог В.А.Сухомлинский: ”Заңға, тәртіпке, қоғам нормасына бағына біл, дүниедегі ең парасатты нәрсе заңға бағына білу, ал, мұның өзі еркіндіктің бір көрінісі”, – дейді. Заңды бұзуға болмайтындығын жас жеткіншектерге ескертіп отырған абзал. Тәрбиенің мақсаты – қоғамға, ата-анасына, өзіне пайдалы ұрпақ қалыптастыру.          

Имани тәрбие

Бүгінгі таңда, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне кісіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Имани тәрбие беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет – дарынының ашыла түсуіне, ақыл – парасатын дамытуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді, жан-жақты мүмкіндік туғызады. Бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты, әржақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – отбасының, балабақшаның, мектептің, барша халықтың міндеті.

т3лашар.jpg

Дін – илаһи әмірлер арқылы адамзат баласын кемелдікке бастап, өзіндік дүниетаным мен қағидалар жиынтығы арқылы көркем мінез бен ізгілік атаулыны өмірдің бар саласына орнықтырады.Басқаша айтқанда, дін – бүкіл ғаламның, болмыстың, жаратылыстың жүрегіне, өзегіне, рухына, тамырына және өне бойына сүйіспеншілік пен ізгілікті орнықтыратын мәңгілік махаббат. Дін – адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқан, өлмейтін, көнермейтін, мәңгілікке жетелейтін қастерлі де қасиетті ұғым, бүкіл әлемге ортақ құндылық. Адам ата алейһиссаламнан бастау алатын алғашқы адамдардың бойында да сана мен сезім, махаббат пен мейірім, ар-намыс пен ұждан және адамгершілік ізгі қасиеттер сияқты дінге, құдіретке, жаратушыға деген жоғары сенім болған. Осылайша, есте жоқ ықылым замандардан бері сенім – жүрекпен, дін – адаммен бірге өмір сүріп келеді. Алла мен пенденің арасына жіпсіз орнаған қастерлі, қасиетті көпір. Құран:кейбір батыстық дін тарихшылары мен материалистерге керісінше, әуелгіде анимизм, фетишизм, тотемизм сияқты «измдер» емес, әлімсақтан бері Алла Тағаланың құзырында тек бір ғана діннің бар болғанын айтады. Құранның баяны бойынша, алғашқы пайғамбар болған Адам атадан бергі барлық пайғамбарлар адамзатқа Алланың бір және теңдессіз екенін, ақыреттің бар және тағдырдың хақ екенін уағыздап келген. Бұл тұжырым бойынша, адамның арғы атасы ұждан мен парасат, ақыл мен ой иесі, саналы адам болған және діни нанымдарға сеніп, Жаратқанға сиынып, ақыретке иланған. Бұл орайда үндінің қасиетті кітаптарын зерттеген не­міс ойшылы Шеллингтің «Адамзат әуелде бір болған және жалғыз жаратушыға иман келтірген. Байырғы дін кейін жұлдыздардай шашылып, құрақтай бөлініп кеткен» деген сөзі мен атақты антрополог-ғалым Шмидттің: «барлық діндер әуел бастағы тек тәңірлі діннен өрбіген» деген пікірі Құранның баянынан алшақ жатқан жоқ          Болашақ ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу рухани-адамгершілік тәрбиесінің жемісі. Балаларды адамгершіліке тәрбиелеуде ұлттық педагогика қашанда халық тәрбиесін үлгі ұстайды. Ал, адамгершілікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы осы іске көзін жеткізу, сенімін арттыру. Осы қасиеттерді балаға жасынан бойына сіңіре білсек, адамгершілік қасиеттердің берік ірге тасын қалағанымыз. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы кісілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Адам баласының мінез-құлқына тәрбие мен тәлім арқылы тек біліммен ақылды ұштастыра білгенде ғана сіңетін, құдіретті, қасиеті мол адамшылық атаулының көрінісі болып табылады.

   Имандылық тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке, ізгілікке баулып, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. Жасөспірімдерді имандылық тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат ретінде тәрбиелеу – қоғамымыздың басты мақсаты. Рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет.Ал ислами жаһанданудың алға қойған мақсаты – адамгершілік пен көркем мінез-құлық ұстанымдарын тарату, әр кісінің қадір-қасиетін, еркіндігін, теңдігін қорғау, жанұяға қамқорлық көрсету, барлық пенделер арасында әділдік таразысын орнату, адамның нәсілін, дінін, ақылын, ар-ұждан, дүние-мүлкін қорғау және зұлымдыққа, басынушылыққа тосқауыл қою болып табылады.


   Рухани – кісілік тәрбиесі – өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды үйлесті­ре алады. Аллаһ муминдерге ашуы келгенде, өзін-өзі ұстай алуын және жетімдерге көмек беруді бұйырды. Әрдайым адам шыншыл болса, адал еңбекпен мал тауып, адал жесе, жақсылармен жолдас болып, ілім үйренсе, мейірімді де қайырымды болса, үнемі көңілді де пәк жүрсе, міне, сонда ғана мұсылмандық бес парыздың ең басты сенімі калимаға – тіл келтіріп, имандылықты өтегені болады.

   Иманның басы – сенім, ал иманның тәні – бес уақыт намаз, жүрегі – Құран, күмбезі – ықылас, ниет, тілек. Иманның сөзі – Аллаһты еске алу, нұры – шындық, хақ сөйлеу, дәмі – пәктік, жемісі – ораза тұту, жапырағы – тақуалық, дәрісі – ар, ұят. Иман төрт жерде сақталады: көңілде, жүректе, көкіректе және тәнде. Ал ұят – көзде, бетте, санада сақталады. Осыған байланысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ислам нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман – адамның жадында яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады» – дей отырып: “Ер жігіттің үш намысы бар. Бірі – иманы, екіншісі – Отаны, үшіншісі – отбасы” деп ар-ожданның руханияттылығын жоғары бағалаған

   Жастарды рухани-имандылыққа тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қа­жетті, кезек күттірмес мәселе. Мұның сыртқы және ішкі себептері де бар. Әлемде, ұрпақ тәрбиесіне қатысты үлкен ізденістер мен зерттеулер, талпыныстар мен ұсы­ныстар баршылық. Дамыған елдерде, жұмыр жердегі тәрбие туралы қалыптас­қан түрлі ой-саналар мен ілімдерді безбендеп кіріктіру арқылы немесе әр ұлттың ұр­пақ тәрбиелеу озық үлгілерін таңдап алып, өз табиғатына сәйкестіру арқылы өңдеп іске асыру, жаңа ілім-теорияларды батыл ұсыну қатарлы іс-қимылдар үзіліссіз жү­ріп жатыр. Солардың жалпы бағытын бажайласақ, барлығы да имани-рухани тәрбиеге бетбұрушылық айқын анғарылады. Тіпті, кейбір зерттеушілер, тығырыққа тірелген европа педагогикасын алып шығар жол ислам педагогикасы дейтін болды.

Бір кездегі Бернерд Шоудың: «Мен ылғи Мұхаммедтің дінін, оның үлкен күші мен парасаттылығы үшін сыйлаймын. Менің ойымша, біздің тағдырымыздың саналуан кедергілерін шешуде, мәдениетті ажырата білудегі жолдары ең дұрыс деп шешетін осы бір ғана ислам діні деп ойлаймын және де еуропалықтар бірінен кейін бірі келіп осы Ислам дінін қабылдайды деп көзім жетіп тұр», – дегені дәл келуде. Ал, өзіміздегі жағдайға көз жүгіртсек, жастардың діни санасының өсуі діннің тәрбие­лік функциясын оңды бағалау, дұрыс түсіну қоғамдық деңгейге аяқ басып, жалпыхалықтық сипат алып келеді. Дәлірек айтқанда, жұрттың діни білім, имани тәрбиеге деген сұранысы, қажеттілігі өсіп, талабы биіктеп барады.

   Абай атамыз айтқандай: «Адамды – адам ететін де иман, Сұлтан ететін де иман», «Рухани байлық – бақытқа жеткізеді» – демекші, дін ойлауды, іздестіруді және үйренуді бұйырады. Жұмыс істеп, табысқа қол жеткізуді уағыздайды. Дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ. Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Ғылым-заттардың түп негізіне еніп, табиғатты әрқилы етіп әрлендіріп, қоғамдық өмірді рационалдандырады. Ал, дін өмірдің мәні мен мақсатын ашады, адамның ішкі жан дүниесін байытып, өнегелі көзқарас пен өнегелі әрекет қалыптастырады. Құдайдың мистикалық бейнесін жоғарғы әлемнен мына әлемдегі адамдардың жүрегіне қондырып, оны ақиқат жолы ретінде ұғынуға мүмкіндік туғызады. Ал, қазақ үшін имандылық тәрбиесі ата-бабасынан ұласқан, жанына жақын, қанына сінген, ұласпалы ұғым, педагогикалық тұщымды категория.

      Имандылық – адами қасиеттер жиынтығы кісі бойына қаншалықты сіңгендігін, педагогикалық іс-әрекеттің нәтижесін көрсетеді әрі бұл іс-әрекеттің жүрілу дәрежесін, пәрменін айқындайды. Имани тәрбие адамның өзін-өзі іштей де, сырттай да көз жүгіртіп, толықтырып отыратын адам тәрбиесінің жоғарғы сатысы.

     Жағымды қасиеттер адамның рухани, психикалық дамуына зор әсер ететіні белгілі. Солардың ішінде өз Отанын сүюшілік оны жан-тәнімен қорғау, халқына берілгендік – адамның өмірінде өшпейтін, имандылық қасиеттердің бірі.

   «Иманды» деп қазақ жүректегі «Құдай бір, пайғамбар хақ» деген берік сеніміне қоса терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды ғана атаған. Екінші жағынан имандылық тәрбиесі ислам аумағында шектеліп қалған тар ұғым тағы емес. Дәстүрлі діндердің қай-қайсысында, сенім бар, наным бар, иманға илану бар. Қазақ елінде өмір сүріп отырған барлық ұлт өкілдері иман нұрымен нұрлануға құқылы, өздері таңдаған дін негізде имандылық нұрына бөлене алады.Дәлірек айтқанда, имандылық – жеке ғана қазақтарға немесе мұсылман жұртына ғана емес, барлығына қажетті рухани мұра. Тоқ етері: имандылық ұлттық мұра ғана емес, адамзатттық құндылық.

Қазақ халқында ұрпақты ғана емес жалпақ жұртты иман байлығына жеткізген теория да, практика да жеткілікті. Айталық, әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұни,А.Яссауи, Қ.Абай, Қ.Шәкерім,Ү.Ақыт, Машһүр Жүсіп, С.Ғылмани т.с.с. ұлық ұстаздардың өсиет-өнегесі, ғылыми түйіндері, ақыл-кеңесі барша қазаққа имани тәрбие беруге, олардың көкірек көзін ашуға толық жететін асыл мұра.

Ұл баланың тәрбиесі 

Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер азамат, ата-ананың түтінін түтетуші. Ата-анасына, бауырларына, жарына қамқоршы, ел қорғаны әулеттің тірегі. Шаңырақ иесі, дана, шешен, батыр, ата, аға, іні, жар, ата-ананың мұрагері, отан қорғаушы, ұрпақ жалғастырушы, отбасын асыраушы, асқар тау әке.

Атам қазақ ұрпақ тәрбиесін бір сәт естен шығарған емес. Ер балаларды елді қорғауға, мал бағуға, табуға,отын шабуға, отбасын асырауға дайындады. Үйдің шаруасын үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке,тәуекелшілдікке,тиянақтылыққа үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған. Сондықтан да алаш ұлдары жомарт, ұсақ-түйекке мән бермейтін ержігіттер болып өсті. Ата-бабаларымыз көшпенділердің заңы бойынша ұлдарын «батырлық» мектебінде тәрбиеледі. Қазақ – «батырлық» мектебінде оларды мергендіктің құпиясын білуге, соғыс өнерінің тактикасы жауының осал тұсын жіті байқау 7-8 жасынан бес қарудың қыр-сырын ұғындыру жолында тер төккен халық. Қазақ ер баланы 5 жасынан атқа отырғызып, тұлпарды таңдады. Себебі, қазақтың жалпақ даласын сақтап қалудың жалғыз жолы соғыста тек жеңіске жету ғана болатын. Сондықтан да бабалар ұлдарынан жауына мейірімсіз, елін сүйген, ержүрек қырандар өсіруге мәжбүр болды. «Ата – балаға сыншы» деп балаларды сынап отыруды естен шығармаған. Өмірде болған Құнанбай би Абай атамызды 13 жасынан бастап ел басқару ісіне араластырғаны мәлім. Уәли хан Шоқанды 3 жасынан хат танытып, 5 жасынан білімге баулыған. Ғұлама ақын Мәшһүр Жүсіп 8 жасында «мәшһүр» (білгіш) атанды. Кенесары үміт артқан ұлы Сыздықты 5 жасынан құмға пышақ қадап қойып ержүректілігін сынаған. Батыр бабалар Қабанбай 16-ға толмай, Райымбек әулие 15 жасында ерекше ерлік жасады, ел шекарасын бекітті. Қазыбек би, Абылай хан бабаларымыздың 12-15 жасында-ақ ақыл мен асқан алғырлығы дүйім шартарапқа тарапты.

www.zharar.com2_.jpg

Орынборлық орыс зерттеушісі Николай Середа «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» (1838-1847 ж.ж.)» еңбегінде: жауларын кешірмейтін табанды, жасынан қиыншылыққа мойымауға дағдыланған шыдамдылығы «түйеге тең» деп бір айтса, кедергілерден қаймықпайтын, өз мақсатына жетуде кейін шегінуді білмейтін» деп түйіндейді. Ал тарихшы, археолог, өлкетанушы Алекса́ндр Ма́йердың «Қырғыз даласы...» зерттеуінде «Кенесары ержүрек, айлалы, өркеуде, белгілі қарақшы деп, эмоциясын жасырғысы келмесе де, ол адамдарды маңайына топтастыруға шебер «ұлы қасиеті» бар деп еріксіз мойындайды. Азулы хан, айбарлы қолбасшы Кенесары туралы орыстың ондаған ойшылы батыр атаның ерлігін, елін сүйген асыл тұлғаны зерттеген еңбектері ұшан теңіз. Кенесары ханды кім, қалай тәрбиеледі бізге беймәлім болғанмен, бала Кенесарыны даланың ұлы аналар мен данышпан аталардың жоғарыда айтқан «батырлық» мектептен өткенінде күмән жоқ. Қазақ ұлдарын қазан-ошақ, отбасындағы ұсақ-түйекке араластырмай, ел ағалары жақсылар мен жайсаңдарының көсемдері мен шешендерінің сөзін тыңдатқаны аян. Олар бала кезде ерте оянып, сергек болуға дағдыланған. Үйге қонақ келгенде атып тұрып, қол алып, сәлем береді, мейманның атын байлайды, есігін ашып төрге шығарады. Кетерде аттандырады. Өзге халықтарда кездесе бермейтін үлкенді сыйлау, қонаққа деген құрмет бала санасында сіңіп, ғасырдан ғасырға жалғасып келді. Орыс зерттеушісі Александр Левшиннің «Қырғыз-қазақ даласы мен ордаларының келбеті» (Сант-Петербург, 1832) этнографиялық еңбегінде: «қазақ жігіті қызуқанды, рухы жайсаңдық пен ізгілікке тән, ержүрек, олар ылғи да жайдары жүреді, жалпы сергек әрі еліктегіш келеді», – деп баяндайды. Бұл мінез бозбаланы әдептілік пен кішіпейілділікке, парасаттылыққа баулиды. Өткен ғасырдағы классикалық шығармаларда ұл баланы ел қорғайтын отаншыл, ұлттың намысты азаматы жомарт, әділ, үлкенге қайырымды болғанын суреттейді. Осы тәрбиенің нәтижесінде Ұлы Отан соғысында қаһарман ерлік жасауда саны жағынан біздің халық көш бастады. Бұл тәрбиенің негізін қалаушылар қазақтың дана аталар, әжелер мен аналар еді. Қазақта әкені сыйлау деген ұғым іс жүзінде аса жоғары деңгейде болған. Баршамызға аян Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан бейнесі еріксіз ойға оралады. «Абай» эпопеясында мына эпизодты еске түсіріп, қайырылып кітап бетін ашсақ. «Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түсіп көп ішінен ең алдымен өзінің шешесі Ұлжанды көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:

     – Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер! – деді.

    Абай жалт қарап жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар, әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсызданып, қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды». Мұхтар Әуезов қазақта ерлердің отбасында жоғарғы беделін ғана емес, әйелдердің еріне деген құрметін бала бойына ерте жастан сіңіргендігін аңғартады. Үлкенді сыйлау, құрмет тұту дәстүрлері қазақ қанына ғасырлар бойы қалыптасқан айнымас салт. Бала 13-15 жасқа толғанда «көршілес ауылдағы ақсақалдарға сәлем беріп кел» деп жіберетін болған, ондағы мақсат: абыз қарттардан өнегелі сөз тыңдасын, ел ішінде не болып жатқанынан хабардар болсын, елде кім жақсы, кім жаманын білсін, жаман мен жақсылықтың аражігін айырсын, тарихта болған оқиғаларды тыңдап, байтақ даланы батыр бабалар қалай қорғағанын санасына сіңіріп, құлаққа құйсын дегені. Сондай-ақ қазақтар баланы бала демей, дана деп, құрметпен қараған әрі баламен бірге ойнап, ойын арқылы да білім мен тәрбиені қатар ұстанған ел. Қазақ ұлын 4-5 жасында атқа отырғызған күннен бастап «сен ер жігітсің, еліңді қорғайсың, бізді асырайсың» деп балаға таудай жауапкершілік артқан. «Балаңды 5 жасқа дейін хандай көтер, 15 жасқа дейін құлдай жұмса, 15-тен асқасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген ғибратын ескерді деуге бола ма? Тарихта осындай тәрбие алған балалардан ел тұтқалары бір сөзбен айтқанда, олар ержеткенде нар мінезді, бір сөзді, байсалды, жаны да, қолы да жомарт бәрінен намысты жоғары қоятын жайсаң жігіттер өсті. Біздің бабалар ұлын ежелден батыр, ел тұтқасы болуға лайық елім, жерім дейтін ұрпақ тәрбиеледі.

    Жасынан қалыптасқан жақсы мінезбен өнер-білім балаға аса қажет болаты­нын атам қазақ алыстан болжапты.

Данышпан әл-Фараби бабамыз «Балаға қайырымдылық пен жаман қылық әуел бастан жаратылыстан дарымайды. Бірақ қайырымдылық пен жаман қылық жаратылысы тегіне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан, оны қандайда болсын сырттан келетін басқа ниет қарым-қатынастан қарсы жаққа бағыттап жібермесе, ол әуел бастан-ақ жаратылысынан өзіне оңайырақ соғатын әрекетке бет қояды», – деп баланың генетикалық табиғатын оның әрекетінде басым болатынын сипаттай­ды. Осы тұста халқымыздың тегі кім, тегіне қарайды дейтін сөзінің астары да айқындала түседі.

Бүгінгі күнде көпшілік ер адамдардың, ұлдардың мінезіне көңілі толмайды. Оның басты себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, тәрбиеден кеткен кемістіктер болып отыр. Ал екінші себеп, электрондық ақпарат құралдарындағы ұл балалардың тәрбиесіне теріс әсер ететін бағдарламалар. Ер адамдардың тамақ пісіруі, т.б.

Мәселен, Ресейдің телеарналарынан көрсететін «Иван Царевич и серый волк» мультфильмін бүгінгі күнге лайықтап түсірген. Жасөспірімдердің көпшілігі сүйіп көреді. Осы сияқты біздің батырларымыз жайлы тартымды, суреттері әдемі, балалардың психологиясына үйлесімді мультфильмдер көрсетілсе, ұл балалардың отаншылдық рухының көтерілуіне, ер мінездің қалыптасуына игі әсер етер ме еді деген үміт те жоқ емес. Республикамызда Оралхан Бөкей, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Абай, Жамбыл оқулары бар. Ал батыр бабаларымызға арналған осындай көркемсөз оқуларын көбейтсе дұрыс болар еді. Мәселен, Райымбек, Қабанбай, Кенесары, Бөгенбай батыр жырлары сияқты. Сондай-ақ бүгінде теледидардан жастарды тек ән-биге шақыратын бағдарламалар көп. Даусы да бар, аузы да бар ән айтып жүр. Одан да білімге, ғылымға, отаншылдыққа байланысты бағдарламалар санын көбейтсе жөн-ау деген ой айтқым келеді. Себебі, отан қорғаушы – ер азаматтар. Отанын қорғай білетін жан бала шақтан қалыптасады. Сондықтан, отан сақшыларын дайындау басты мәселе.

Қазақ ер жігіт тәрбиесіне айрықша мән берген. Ұл баланың өмірге келуін «Ұл туғанда, күн туған» деп ерекше бақыт санаған. Себебі, елдің болашағы, атар таңы, кешер күні, бейбіт еркін өмірі, бүгінгі бала, ертеңгі ер азамат қолында.

Қыз баланың тәрбиесі

Қазақ халқы қыз бала бойындағы қасиеттерге, олардың тәрбиесіне қай кезде болмасын сонау ерте заманда да өте байыппен, ақылдылықпен қараған. Қыз баланы бүкіл ауыл, ағайын-туыс болып тәрбиелеген. “Ұлың өссе ұлықтымен, қызың өссе қылықтымен ауылдас бол” деп халық даналығын берік ұстанып, қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.
Қыз балаға кесте тіккізіп, тоқыма, шілтер тоқытып, жүн түткізіп, тағы басқа қолөнер еңбегіне баулыған. Ас пісіртіп, үй жинатқан. Қазақтың киіз үйі түрлі қолөнер бұйымдарымен безендіріліп, кішкене мұражай іспетті болған. Әдемі безендірілген қазақ үйді мен Алматы қаласындағы Ұлттық мұражайдан, Ә.Қастеев атындағы көркемсурет мұражайында Н.Хлудовтың салған суреттерінен көріп таңғалған болатынмын. Осыған қарап қазақ қыздарының, аналарының еңбекқорлығын, өнерлілігін байқауға болады.    

Қазақ қыздарының адамгершілігі, ерлігі, инабаттылығы, адалдығы жөнінде аз жырланған жоқ. Қыз Жібек, Баян, Еңліктер, міне, осының дәлелі. Халқымыз қыздарын алақандарына салып аялап, олардың киім-киісіне, сыртқы сымбатына өте сын көзбен қарап үлкен мән берген. Қыз бала бойжеткен соң оған шолпы тағып қоюдың өзінде бір үлкен мән бар. Шолпы таққан қыз бала бойын тік ұстап, адымдап жүрмей, әсем, кербез басуға үйренеді екен. Халқымыз «Қыз – жат жұрттық» деп ұлдан гөрі қызға үлкен құрметпен қараған. Осының айғағы ел ішінде Домалақ-ана, Мұрын-ана, Жәнбике, Қарқабат-ана, Айша бибі сияқты елді аузына қаратқан әулие аналарымыздың шығуы қыздарын еркін ұстап, келін, ана болғанда да ерлермен тең дәрежеде ұстағанының дәлелі емес пе.

Қай кезеңде болмасын, қандай қиыншылық болмасын қазақ қыздары бой­ларындағы асыл қасиеттерін жоғалтпаған. Кешегі Ұлы Отан соғысында да «Алып анадан туады» деген аталы сөзді дәлелдеген қаршадай Әлия мен Мәншүктің қаһармандық ерлігінің өзі неге тұрады. Желтоқсан кезіндегі ел намысы үшін, егеменді ел болуы үшін жанын құрбан еткен Ләззат пен Сабираның ерлігіне қалай­ша тәнті болмасқа. Міне, мұның бәрі сол тәрбиеге, қазақ халқының ата дәстүріне келіп тіреледі.

«Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді.Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.

Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді: тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана.

Кең-байтақ ұлы даланы мекендеген халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі.

Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиет­терін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты ғадет бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып еркін өсірген.

Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі.

«Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта ғана бар. Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Бұл адамның ішкі түйсігіне өрелі қасиеттерді алға шығарады. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңі­ре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмы­сын одан да артығырақ жақтырады. Қызды тәрбиелеу, өсіру, ержеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек. Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады.

Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Олардың отбасынан алған бар тәрбиесі жақсы келін болу ғана еді. Одан өзге ешқандай мамандықтары болған жоқ. Жан-жақты білім беретін, әртүрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы XX ғасырдың орта кезінде ғана жетті. 1944 жылы Алматыда қазақ қыздарына арналған Мемлекеттік педагогикалық институт ашылған. Бұл институт өз қыздарын жақсы келін болуға ғана емес, әр саладағы жақсы мамандар болуға тәрбиеледі.

Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ-тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Алдағы мақсат – дамыған елдердің қатарына ену. Ал қоғам да уақыттан қалмай, ортамызға келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Уақыт талабы – жарнамалық технология. Сондықтан қоғам уақыт талабына сай өмір сүру үшін, заман, адамдардың жеке тұлғалық факторларды талап етеді. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет еткендей. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасымен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осы байлықты нарықтық заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймауы керек. Ең басты мәселе адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды» – деп, Абай атамыз айтқандай бойымыздан бұрын ойымыз ұзын болса екен.

Шілдехана-бесік тойының тәрбиелік маңызы 

Шілдехана — нәрестенің дүниеге келу құрметіне арналған алғашқы сауық кеші. Негізінде нәрестені көз ілмей отырып пәле-жаладан қорғау мақсатында ойластырылған шара. Бұл салтты еліміздің кей жерлерінде «шілделік» деп те атайды. Нәресте дүниеге аман-есен келгесін, ақсарбас қой сойылып, шілдехана жасалынады. Қонақтар «Перзентіңнің (ұлыңның немесе қызыңның) бауы берік болсын!» деген тілек айтады.

«Шілде» сөзі парсының «чел немесе чиль (қырық)» сөзінен шыққан. Шілдехананың көне атауы «Шілде күзет» болған. Мағынасы: туылғаннан кейінгі қырық күндік күзет (анасы мен баласын жын-шайтандардан 40 күн бойына, яғни қырқынан шыққанша күзету).

О баста, бұл салт-жора нәрестені үш күнге дейін жын-періден қорғап күзету сияқты ырымдарға байланысты туған. Осыған байланысты шілдехананың көне атауы «Шілде күзет» болған. Бұл сөздің мағынасы «Қырық күндік күзет» дегенді білдіреді. Арада көп уақыт өтті. Халықтық дәстүрлер де өмір ыңғайына қарай өзгеріске ұшырады. Бүгінгі күні бесіктой шілдеханамен біріктіріліп, шілдехана тойы болып аталынып жүр. Бірақ мұнда тұрған үлкен әбестік жоқ. Ұлттық дәстүрлеріміз ұмытылмай, өз жалғасын тауып келе жатқаны сүйінішті. Бала бесікке жатпаса да, осы мерекеде бесікке салу рәсімі жасалынады. Баланы бесікке салу тойына әйелдер шашуларын ала келеді. Бесікті нәрестенің нағашы жұрты әкеледі. Әйелдер жас сәбидің ұйқысы тыныш болуы үшін бесікті адыраспанмен аластайды. Ауылдың, әулеттің жасы үлкен, беделді әйелі бесіктің әбзелдерін орын-орындарына қойып, аластағаннан кейін «тыштыма» ырымын жасайды. Бір әйел бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, түрлі тәттілерді «тышты», «тышты» деп деп ырымдап тастай бастайды, басқалары «тыштырманы» бөлісіп алып, немерелеріне, балаларына береді.

e6ad45d12b716a03946af684e55cc98a.jpg

Бесікке бала бөленгеннен кейін үстіне ырымға сәйкес жеті түрлі нәрсе (көрпе, шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы тәрізді) жайылады. Бесікке тон, шапан жабу – ержеткенде халықшыл болсын деген, жүген жабу – тез өсіп, ат үстінде ойнақ салсын деген, кебенек пен қамшы жабу – ел қорғайтын ер болсын деген тілек.

Үй иесі баласын бесікке салған адамға өз ризашылығымен сақина, жүзік, білезік, сырға, мата тәрізді қымбат бұйымдарды сыйлайды. Бесікке салу тойында ән де айтуға, күй де тартуға болады. Бұл тойда да адамдар ет жеп, шай ішіп, әзіл-қалжың айтысып, мәз-мәйрам болып тарқасады.

Бұл тойдың тәрбиелік маңызына тоқталар болсақ, үлкендер баланың болашағы жарқын болсын деп:

Көтерейік білекті,

Нұрға бөлеп жүректі.

Бөбекке бата берейік,

Ағынан айтып тілекті:

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

Өнер-білімге икемді болсын.

Бәйтеректей бойшаңданып,

Өрен, өршіл, өркенді болсын!

Жақсы жолды таңдасын,

Жамандық тәлім алмасын!

Даналардың дәстүрін,

Жаңаласын, жалғасын,

Шұғылалы, шуақты күн кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын,

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын! – деген сияқты ізгі тілекті бата беріп, көпшілік те батаға қосылады. Бала дүниеге келген сәттен ізгі тілекті бойына сіңіреді. Ұлттық дәстүрлер жаңғыртылып, жастарға жақсы өнеге болады. Ұлттық дәстүр – кез келген халықтың мәдениеті. Ал, мәдениетімізді жаңғырту – халықтық міндет.  

Тұсаукесер тойының тәрбиелік мәні

Бала бесіктен белі шығып, еңбектенуден өткен соң, аяғын қаз-қаз баса бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап, таң-тамаша болады. Бұл кішкентай бөбектің ең алғашқы талпынысы, өзі жасаған тіршілігі. Осындайда дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен «тұсаукесер» тойын жасайды.

Халықтық түсінік бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады.Тұсау­кесер тойы да – сүндет той секілді әрбір қазақ шаңырағында ерекше дайындықпен міндет­ті түрде аталып өтілетін дәстүрлі қуаныш. «Тұсауыңды ке­сейін, күрмеуіңді шешейін» деп ата-ана сәбиінің тез жүріп кетуі үшін тұсаукесер тойын жасайды. Бұл шарада баланың тұсауын кесу үшін той иесі ауыл балаларын жинап, жарысты­рып, озып келген балаға сәбиінің тұсауын кестірген. Ал бүгінгі күнде нәрестенің ата-анасы баласының тұсауын жүрісі жылдам әрі талай жерге аяғы тиген, ақыл-парасаты мол жандардың біріне ала жіппен тұсауын кестіртеді. Ондағы мақсат – біреудің ала жібін аттамасын дегені. Екінші рет ұрпағы көк шөптей көп, өсіп-өнген болсын деген мақсатпен көк шөппен, үшінші рет өмірі дәулетті болсын деген мақсатта қойдың тоқішегімен кестіртеді.

Тұсауын кескен баланы екі адам қолтығынан демеп:

– Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Қаз-қаз болып, тез басып,

Қадамыңды жаз, балам!

Тұсауыңды кестік біз,

Күрмеуіңді шештік біз.

Қадамыңа қаз басқан,

Құтты болсын дестік біз.

Қаз-қаз, балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой,

Тай-құлын боп шаба ғой,

Шауып бәйгет ала ғой!

Жүгір, жылдам, құлыным!

Желбіреп бір тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Ала жіпті алайық,

Ақ әжеңе барайық,

Ержетті деп айтайық,

Шашуын жеп қайтайық, – деп жетелеп ары-бері жүргізіп, мәре-сәре болады. Алғашқы қадамына сәттілік тілеп, үлкендер батасын берген. Бұл өнегелі дәстүр бүгінгі күнде де бұл дәстүр жалғасын тауып келеді. Көпшілік алдында сахналық қойылым ретінде көрініс беріп жүр. Дәстүрлеріміздің жиын-тойда, көпшілік ортада болсын орындал­ғаны жастар үшін өте маңызды. Әлемде электроника саласы бойынша озық тұрған жапондардың өзі ұлттық дәстүрін әспеттеп, мәдениеттің ең жоғарғы сатысына шығарған. Ал біздің дәстүрлеріміз еш елдің дәстүрінен кем емес. Сондықтан ұлт­тық құндылықтарымызға насихаттың болғаны, орындалғаны өте маңызды.

Тілашар 

Қазақ салтында бөбектің тілі былдырлап шыға бастағанда “тілашар” тойын жасаған. Дастарқан жайылып, ас келгенде қариялардың бірі қойдың аіскен ішегін немесе ақ орамалды баланың мойнына орап тұрып: “Сөйлейсің бе?” деп үш рет сұрайды. Сонда туыстарының бірі “Сөйлеймін!” деп үш рет жауап қатады. Онан соң қариялардың сәбиге: “тілің тез шықсын! деп қойдың піскен тілін,, “шешен бол” деп таңдайын, “құймақұлақ бол” деп құлағын ұсынады.

Тілашар ырымы жасалғанғ ата-анасы оны далаға алып шығып “тілін сындырады”. Ондағысы көгендегі қойды көрсетіп:

– Әне, мә-мә!

Шөре-шөре!

 

Құлын-тайды көрсетіп:

– !не, құрау-құрау! Моһ-моһ!

 

Итті көрсетіп:

– Әне, әу-әу!

Ка-ка! – деп малдың қалай дыбыстайтынын айтып, қалай шақыруды үйреткен.

Қала балалары әр жануарды қалай шақыруды біле бермейді. Ал жануарлар тілін білуге бабаларымыз бала тілін шыға берген сәттен үйреткен. Бұл де табиғатты тануға деген үлкен тәрбиелік мәні зор қадам болған.

Сүндет – имандылықтың шарты

Тарихи деректерде ер баланы сүндетке отырғызу салтының ислам дәуіріне дейін араб тайпаларының арасында кең тарағандығы баяндалады. Мұсылман дінінің пайда болуымен сүндет діни мәнге ие болып, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті саналған. Сүндеттеу үмбеті ретінде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ісін қайталауға, яғни, сүннет амалын жасауға жатады. Қазақ халқында сүндеттеуді қожа-молдалар атқарып келсе, қазір көбіне медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Бала сүндетке отырғызылған соң көрші-қолаңға қонақасы беріліп, Құран оқытылады.

Қазақта қалыптасқан дәстүр бойынша ер баланы бес-жеті не тоғыз жасында сүндетке отырғызады. Шариғатта дін мұсылман баласы, пайғамбар үмметі балиғат жасына жеткенше сүндеттелуі тиіс. Балиғат жасына қыз бала 9-да, ұл бала 13-те кіреді. Балиғат жасындағы ұл мен қызға шариғат талаптарын орындау міндетті болып табылады.

Сүндетке отырғызбас бұрын әрбір ата-ана баласын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындайды. Бұрынғы кезде сүндеттелген балаға арнап кең әрі ұзын «сүндетжейде», «сүндет көрпе» тігетін болған. Оны бала жара толығымен жазылғанша киген. Дәрігерлердің айтуынша, сүндеттелген бала синтетикалық талшық қосылған киім кимегені дұрыс. Кейбір аймақтарда сүндеттелген баланың жататын төсек орнын да арнайы әзірлеп, әсемдеп безендіреді.

Сүндет тойын өткізетін сәтті күн алдын ала белгіленеді. Бұрындары сүндет тойға қонақтарды баланың өзі шақыратын болған. Бұл баланың өзіне деген сенімін арттырып, ержетіп, жігіт болғанын сезіндіретін тағы бір психологиялық әдіс болса керек. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашқан. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алады екен. Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті, кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген.

Сүндет тойында ауқатты адамдар ат шаптырып, көкпар тартқан. Түрлі ойындар ойналған. Бұл ғұрыптың тәрбиелік маңызына тоқталар болсақ, бұл – тазалықтың әрі имандылық шартының орындалғанының көрінісі. «Әлхамдулла мұсылманмын» деген кез келген жан Алланың бұйырғандары мен пайғамбарымыздың сүннеттерін орындауға міндетті. Себебі, бабаларымыз осы ғұрыптарды орындаған. Және де мұсылман адам имандылық шарттарынан басқа астар іздемей, оны орындауға міндетті болып табылады. Тазалық – иманның жартысы дейді шариғат амалдарын­да. Ал ұрпаққа иманды болу – міндет.     

Тоқымқағар – балалық шақтан болашаққа қадам 

Қазақта бала он үшке толғанда, яғни алғашқы мүшел жасынан өткеннен кейін, оны нағыз ат жалын тартып мінер азамат санап, тоқымқағар тойын жасаған. Бұл – бала есейіп еңбекке араласа бастағанының және өз тізгініне өзі ие болып, алғаш рет сапарға аттануының қуанышы деп білген. Тоқымқағар тойына бала әдемі киініп, атына мініп, ел аралап жүріп жұртты өзі шақырған. Жиналған жұрттың алдында ауылдың сыйлы, жасы үлкен қариясы баланы қолтығынан демеп атқа мінгізіп, аттың жүгеніне ақтық байлағаннан кейін, келген қонақтар шашуларын шашып, сыйлықтарын ат әбзеліне ілген. Сосын баланың шешесі атқа мінгізген қарияның ер-тоқымын сыпырып алып, кетіп бара жатқан баласының соңынан сол кісідей болсын деген ырыммен сілкіп қаққан. Осыдан соң қазақтар балаларын өз беттерінше, ересек кісілерше өмір сүруге дайын болды деп санаған. «Ер бала – он үшінде отау иесі» деген қанатты сөз осының айғағы болар. Бұл ғұрыптың тәрбиелік мән-маңызы өте зор. Он үшінде бала демей, оның азамат ретінде қалыптасуына ерік берген. Жауапкершілікті сезінуіне көңіл бөлген. Жоғарыда айтып өткенімдей, Райымбек батырдың 15 жасында батырлығымен көзге түскендігі, осындай ұлттық дәстүрлеріміз бен ұлттық тәрбиенің маңызында дер едім. Қазақтың ұлттық спорт түрі бәйгеде жорғаның үстіне жас бала отырады. Жылқы алыс қашықтыққа шапқанда ауыр салмақты көтере алмайды. Осындай жауапкершілікті сезінген ұл баладан рухы мықты, ер мінезді азамат қалыптасады. Қазақтың ғасырлар тезінен өткен дәстүрлері ұрпаққа тек игі әсер ететіндігіне күмән келтіруге болмас. 

Қорытынды

Жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру ісі басты нысан болып отырған қайта жаңғыру заманында Абайдың «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» деген сөздері ойға оралады. Сондықтан баланың күнделікті көрген-білгені мен көңілге тоқығанына баса ­назар аудару қажеттілігі тағы алдымыздан шығады. Өйткені ғаламтор мен теледидардан көргенін бала тез қабылдайды. Өскелең ұрпақ жас шыбық тәрізді, қалай бағыттасаң, солай иіледі. Бүгінде электронды бұқаралық ақпарат құралдарында баланың психологиясына кері әсер ететін, қатыгездікке тәрбиелейтін өнімдердің кең етек алып кеткені де ақиқат. Міне, осындай бала тәрбиесіне кері әсер ететін дүниелердің орнына ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы ауыз әдебиеті үлгілерін балабақшадан, тіпті сәби шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап отбасында пайдалансақ нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі өзіндік ерекшелігі бар мектеп. Қазақ халқы­ның ұлттық тәлім-тәрбиесі мен мәдениеті шетел ғалымдарын таңғалдырғаны тарихи жазбалардан белгілі. Ұлы саяхатшылар мен зерттеушілер қазақтың ежелгі тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен ауыз әдебиеті, ер адамдар мен әйелдердің моральдік этикалық ерекшеліктерін, олардың тұрмыстағы, кәсіптегі, отбасындағы, әулеттегі, рудағы әлеуметтік орны туралы, ұлттық ­наным, сенім, әдет-ғұрпы, мінезі, салты мен дәстүрінің біртұтастығын тілге тиек етеді. Біле білсек, ұлттық деген сөздің астарында елге, жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр.

   Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда халқымыздың мәдени-рухани құндылықтарын заман талабына сай қолдана білейік. Бүгінгі жаһандану заманында әр ұлттың сақталынып қалуы оның ұлттық құндылықтарын сақтап қалуында. Мемлекетті құраушы ұлт өз мәдениетін, тілін, дінін сақтағанда ғана әлемдік көшке ілесе алады. Әлемдік филолог ғалымдардың пайымдауынша таяу 50 жылда жер бетінен 3400 тіл жоғалып кету қаупі туындап отыр екен. Оның себебі неде десек, оның сыры басқа тілдердің, мәдениеттердің басымдығында дер едім. Бала өз ана тілін, мәдениетін білу үшін отбасында, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындардында ұлттық тәрбие кеңінен насихаттталуы керек. Ана тілінде сөйлеген, ұлттық құндылықтарын бағалайтын бала болашақта ата-анасына, мемлекетіне, мәдениетіне, дініне адал, жанашыр болып өседі. Бабалар рухына тағзым етіп, олардың ісіне құрметпен қарайды. Сон­дықтан ұлттық дәстүрлеріміз тек Наурыз мерекесінде ғана сахналық қойы­лым­ға айналмай, жыл он екі айда өмірімізге дендеп енгенін қалаймын. Өзім зерттеген «Тәрбие – тал бесіктен» атты ғылыми жобамда мен ұрпақты ұлттық тәрбие негізінде тәрбиелеу қажеттігіне көз жеткіздім. Нәтижесінде мынадай ұсыныстар айтқым келеді:

Теледидардан ұлттық дәстүрлердің орындалуын толығымен көрсетіп, үнемі насихаттап отыратын бағдарламалар ашылса.

Батырларымыз жайлы сапасы жоғары мультфильмдер көрсетілсе.

Мектептерде «Ұлттық дәстүр» пәні жүргізілсе.

Оқушылардың киіміне ұлттық нақыштағы оюлар салынса.

15-мамыр – Отбасы күнінде ұлттық дәстүрге байланысты бәйгелер ұйымдастырыл­са.

Алматы сияқты үлкен қалаларда ұлттық мәдениетті паш ететін ұлттық парктер ашылса.

Ұлттық мәдениетімізді неғұрлым жақсы біліп, оны насихаттағанның пайдадан басқа зияны жоқ. Бала өз анасын, әкесін жақсы көрсе жанашыр болады емес пе, сол сияқты өз елін, жерін, мәдениетін сүюге тәрбиелеу – бүгінде қоғамдық мәселе болып отыр. Ендеше, осы мәселені шешуге бірлесе жұмылайық!   

 

Жанерке МАРАТ,

Республикалық №12 мамандандырылған

дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияның

11 «А» сынып оқушысы,

Алматы қаласы.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?