2021 жылдың 27 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында онлайн режимде (ZOOM) «1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауда болған әскери-тұтқындар мен уақытша «Түркістан легионында» болған қазақстандық әскери тұтқындар туралы материалдарды жинақтау бойынша тәжірибе алмасуға қатысты» республикалық тақырыптық семинар өтті
Семинарды ұйымдастырушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесі мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі болды.
Іс-шараға Республиканың барлық облыстарының Өңірлік комиссияларының жұмыс топтарынан өкілдер қатысты: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары. Семинарға сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мамандар, еріктілер де қатысты.
Семинардың мақсаты – Өңірлік комиссиялардың мамандандырылған жұмыс топтарының семинарда талқыланған тақырып бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы, жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер бойынша тәжірибе алмасу, өңірлік комиссиялардың ғылыми-зерттеу жұмысын және олардың Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарымен. өзара әрекеттестігін жетілдіру жолдарын анықтау
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, Мемлекеттік комиссияның қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Қасымов Сабыр Ахметжанұлы модератор болды.
Сабыр Ахметжанұлы өзінің кіріспе сөзінде Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы жан-жақты зерттелгендей, бірақ әлі де көп нәрсе белгісіз екеніне тоқталды. Ұзақ жылдар бойы Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарының аты аталмай, тұтқынға түскендердің саны көрсетілмей келді.. Бүгінгі күні шетелдік сарапшылар мен ресейлік прогресшіл ғалымдар КСРО-ның саяси басшылығының кінәсінен соғыстың алғашқы айларында және 1941-1942 жж қыста еш кінәсіз кеңестік солдаттар мен офицерлердің көп бөлігі жақсы қаруланған неміс әскеріне тұтқынға түсті. Соғыстың алғашқы бес айының өзінде 3 миллион 900 мың кеңес жауынгері фашистердің қолына түскен.
Ресейдің саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссиясының төрағасы А.Н.Яковлевтің бастамасымен Ресей Президенті Б.Н.Ельцин 1995 жылы 24 қаңтарда фашистік лагерьлерде тұтқында болған әскери тұтқындар мен жер аударылған азаматтарды ақтау туралы жарлыққа қол қойды. Әрине, бұл қаулы Қазақстандық әскери- тұтқындарға қатысты болмады.
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін әскери тұтқындарға қатысты істерді қайта қарау және ақтау туралы бірде-бір мемлекеттік акт қабылдамады, сонымен қатар қазақстандықтардың қандай жағдайда және қандай себептермен тұтқынға алынғандығын, тіпті Германияға қызмет етуге ант беруден бас тартқаны, тұтқыннан қашқаны үшін атылғандар санын да анықтаған жоқ. Фашистік концлагерьлерде тұтқынға түсіп, қаза тапқан, тірі қалған қандастарымыздың нақты саны әлі де анықталған жоқ.
Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде 1939-1945 жылдары фашистік Германияда, Финляндияда және басқа да Еуропа елдерінде тұтқында болған, кейін Кеңес Одағында қуғын-сүргінге ұшыраған әскери тұтқындарды толық ақтауды міндет етіп қойды. Бұл тақырыпты Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы мен өңірлік комиссиялар зерттеп жатыр.
Біздің ғалымдар шамамен әрбір 5,4 Қызыл Армия сарбазының фашистерге тұтқынға түскенін есеп шығарды. Тұтқында болған 128 мыңнан астам қазақтың 80 мыңнан астамы қаза тапты, тиісінше, соғыстың соңына дейін 47 мыңнан астам қазақ аман қалды. Соның ішінде 23143 қазақстандық соғыстан кейін Қазақстанға қайтарылды, қалғандарының тағдыры белгісіз. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, олардың бір бөлігі американдық және британдық биліктің көмегімен басқа елдерге жөнелтілген, кейбіреулері Батыстық одақтастардан берілген кезінде кеңес әскерлерінің қолынан оқиға орнында оққа ұшқан, ал кейбіреулері КСРО-ға тасымалдау кезінде қаза тапқан.
1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргінді жалғастыра отырып, большевиктік-сталиндік үкімет пен оның жазалаушы органдары соғыстың алғашқы күндерінен бастап әскери тұтқындарды қуғын-сүргінге ұшыратуға негіз болған нормативтік құқықтық актілерді қабылдаған. Сонымен, 1941 жылы 28 маусымда, бір аптадан кейін НКВД, НКГБ және КСРО прокуратурасы Сталиннің нұсқауымен «Отанын сатқындарды және олардың отбасын жауапкершілікке тарту тәртібі туралы» бірлескен бұйрық қабылдады. Бұндай актілердің ондағаны қабылданған. Біз оларға саяси-құқықтық баға беруіміз керек.
Кеңестік әскери тұтқындар отанына оралған соң, халық жауы ретінде ату жазасына кесілді, саяси қуғын-сүргінге ұшырады, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды және басқа да репрессиялық жазалау шараларына ұшырады.
КСРО және Қазақстанның жазалау органдарының құқық қолдану тәжірибесін зерделеу, гитлерлік Германияның бірде-бір әскери немесе басқа ұйымдарының мүшесі болмаған әскери тұтқындардың да қуғын-сүргінге ұшырағанын көрсетеді. Қарусыз ұйымдардың құрамындағы әскери тұтқындардың топтары, яғни немістер көмекші және тылдағы операцияларда пайдаланған жұмысшы батальондары да қуғын-сүргінге ұшырады. «Түркістан ұлттық комитетінде» жұмыс істеген, бірақ қолына қару алмаған тұтқындар саяси қуғын-сүргінге ұшырады.
«Түркістан легионын» зерттеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекеттік комиссия мүшелері мен сарапшы-ғалымдарымыз «Түркістан легионын» гитлерлік Германия құрған ұйым ретінде ақтау туралы ұсыныс жасамақ емес. Қызыл Армияға қарсы қару алып соғысқан легионерлердің ақталуына да қарсымыз.
Біздің күрделі де тарихпен талап етіліп отырған орасан жұмысымызға кедергі жасағысы келетін саясаттың кейбір алыпсатарлары көрсеткендей, біз фашизмнің бұрынғы сыбайластары болған кейбір әскери тұтқындарды ақтау жөнінде ұсыныстар енгізуді көздеп отырған жоқпыз.
Біз Германияға қызмет етуден бас тартқаны үшін атылған әскери тұтқындардың, фашистерге қарсы соғысып еуропа елдерінің мемлекеттік наградаларымен марапатталған, мүмкіндік туғанда партизандар жағына шыққандардың, әскери тұтқындарды жинап тұтқыннан қашуға тұтастай роталар ұйымдастарғандардың зерттейтін боламыз.
Мәселен, Италияда әртүрлі дереккөздерден табылған 127 қазақ есімдердің небәрі 61-інің ғана Италиядағы антифашисттік және ұлтшылдыққа қарсыласу қозғалысының қатысушылары екендігі анықталды. Кеңестік әскери тұтқындардан құралған 50 партизан отрядының ішінде Қазақстаннан Қадем Жұманиязов пен Зунум Жаманқұлов Францияда «Моңғол» және «Сталинград» сияқты жасақтарды басқарған. Осы отрядтардан жасақталған кеңестік әскери тұтқындардың жеке полкінде штаб бастығы қазақ Әли Молдағалиев, бас дәрігері Ахмет Бектаев болған және т.б.
Құпия актілер мен құжаттарды зерттеп, талдап, сондай-ақ оларға қазақтар мен Қазақстандықтардың қатыстылығын мұқият зерттей отырып, біз, құрметті әріптестер, фашистік Германияда, Финляндия, Норвегияда, тұтқында болған және Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысында болған қазақстандық әскери тұтқындардың әртүрлі санаттарын бағалау әдістемесін бірлесіп әзірлейтін боламыз - деп түйіндеді сөзін С.А.Қасымов.
Семинар тақырыбы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нығыметов Ғани Сақтағанұлы сөз сөйледі.
Негізгі баяндамашы ретінде Көкебаева Гүлжауһар Кәкенқызы – Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының жетекшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор сөз алды.
Қазақстанның барлық 17 аймағының өкілдері – өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарының басшылары мен мүшелері де өз ойларын баяндады.
Баяндамашылар мұрағат қорларынан, бұрын белгісіз материалдар табылып жатқанын, ал қазақстандық әскери тұтқындар туралы әлі де зерттеуді қажет ететін көптеген деректер бар екенін атап өтті.