Білге қаған Елтерісұлы
05.11.2024 976

(Шамамен 675-680 жылдары туған, 734 жылы өлді)


«Халықты көтермек боп, терістікте оғыз халқына қарсы, шығыста қытай, татабы халқына қарсы, оңтүстікте табғашқа қарсы көп қолмен он екі жорық жасадым. Сөйтіп, тәңірі жарылқады. Бағым болғандықтан, сәті түскендіктен өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым, тату елге жақсылық қылдым».

Білге қаған. «Күлтегін», үлкен жазу

***

Күлтегіннің көк семсерінің өткір жүзі күн сәулесімен жарқырап жоғары көтерілгенде жасауылдар бір-біріне шақ-шұқ етіп қағылысып, төбе маңын азан-қазан қып тұрған бөгде дыбыстар кілт тына қалды. Ол семсер ұстаған қолын көтерген күйі жасақтарға ым қақты. Сол кезде сауыт киіп, беліне қылыш асынған қос жауынгер алға қарай ұмтылып барып, көк бөрінің басы бедерленген қалқанның екі жағынан ұстады да, Білге тардуштың алдына барып, тізерлей тағзым етті. Білге ешқандай толқусыз, қуанышсыз, сабырлы қалпын сақтап біраз тұрды да: «О, тәңірі ием! О, Көкбөрі анам! Ақылымнан адастырма, түркі халқының берекесін бер. Адал жолымнан айырма! Жұртымды тыныш қылғай!» - деп естірте күбірледі де қалқанның үстіне отырды. Қос жауынгер тік көтеріп ап, төбенің басындағы арбаның үстіндегі жаюлы ақ киізге дейін көтеріп апарып, баппен ғана Білге қағанды, иә, қағанды отырғызды. Сол мезетте төбені қоршай сығылысқан қалың сарбаздар аттарынан секіріп түсіп, басын иіп, тізерлей қалды. Жан-жағын түгел шолып өткен Күлтегін баһадүр сол сәтте: 

- Елтеріс қағанның үлкен ұлы, Қапаған қағанның тақ мұрагері Білге, енді сен мұқым түркі халқының қағанысың! Ата дәстүрі бойынша алтын тақ сенікі. Биле еліңді. Біз сенің хандығыңды мойындап, әміріңді екі етпеуге ант береміз! Ант береміз! - деді даусы саңқылдап. Бүкіл дала «Ант береміз!», «Ант береміз!» деген дауыстан күңіреніп кетті. «Ант береміз!» Күлтегіннің семсері төмен түскен кезде ғана дауыстар тыйылып, бастарын жоғары көтерген жұрт тізерлеген күйі қала берді. Білге оң қолын көтеріп белгі берді де, шешіле сөйлей жөнелді.

- Түркі бектері, халқы, бұны тыңдаңдар! Түркі халқын жиып, ел болғандықтарыңды мұнда бастым. Жаңылып көшкендеріңді де мұнда бастым. Барлық айтар сөзімді, өсиетімді тасқа бастырам. Сөзім екі болмасын. Анттарың алдамшы, елің берекесіз, бектерің кекшіл болмасын. Түркі халқының қазіргі бектері, таққа кіріптар бектер, сендер жаңылғышсыңдар ғой! Тастағы жазудан танбассыңдар! Мен – тәңірі текті, тәңірден жаралған түрік Білге қағанмын. Міне, таққа отырдым. Сөзімді түгел естіңдер, бүкіл жеткіншектерім, ұланым! Біріккен әулетім, халқым! Әкем Елтеріс қағанды, шешем Ұмай қатынды тәңірі сайлап, ел көтеріп еді. Енді түркі халқының аты өшпесін деп мені қаған еттіңдер. Ең болмаса бай, берекелі халыққа қаған болмадым. Іші ассыз, сырты тонсыз, бейшара, мүсәпір халықтың тағына отырдым. Інім Күлтегінмен ақылдасып, әкеміз, ағамыз елдігін құраған халықтың атақ-даңқы, тұқым-тұқияны, тілі мен әдет-ғұрпы өшпесін. Бек ұлдарың құл болмасын, пәк қыздарың күң болмасын деп таққа отырдым. Мәңгі елдігіңді сақтар ең, бірақ аштықта тоқтықты түсінбейсің. Бір тойсаң, аштықты ұмытасың. Алданасың. Қағаныңды қарғайсың. Жер-жерге бытырап, босқын атанасың. Өлімші күй кешесің. Менің сөзіме сен: түркі халқым үшін түн ұйықтамаймын, күндіз отырмаймын. Інім Күлтегінмен, екі мұрагер – Алып Элиш, Иоллығтегінмен қосылып, елімнің басын қосам. Араз елді тату, тату елді дос қыламын. Ұлы абыз Тоныкөкті кеңесшілікке шақырамын. Өлімшіңді тірілтемін, жалаңашыңа тон жабам. Аз халқымды көбейтіп, бейбіт ел етемін, - деп барып тоқтады. Жиналған қауым: «Ант береміз!» деп тағы да дауыстап, бас иіп, тағзым етті. Бұл 716 жыл болатын.    

***

Білге қаған айтқан сөзінде тұрды. Исі Түркі қағанатының тарихында халықтың бақ-дәулеті тасып, мәдениеті гүлдеп, ел-жұрттың ырысқа кенелгені – осы Білге қағанның тұсы болды. Ол өзінің асқан білімімен, пайымды ақылымен, парасатты саясатымен кезінде бет-бетімен бытырап, тентіреп кеткен рулардың басын бейбіт жолмен қосты. Әсіресе түркі жазуын қалыптастыруға, дербес мәдениетін дамытуға аса зор үлес қосты. Жоғарыдағы өсиет сөзін тасқа қашатып жаздырды. Ұлы Тоныкөк те түркі халқының тарихын Селеңгі өзенінің бойындағы атақонысындағы сынтасқа бәдіздетті. Бұл түркі жұртының бірлік үшін анттасқан анты ғана емес, әлем мәдениетіне қосқан ұлы жаңалығы еді. Көшпелі түркі елінің жазу-сызуының сонау VI-VIII ғасырларда болғандығын дәлелдейтін айғақ, рухани мұра.Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін үшеуі түркі халқына құт боп қонды. Олар Ақылдың, Адалдықтың, Қайраттың өзара тіл табысып, елін-жерін көгерткен ұлы Үштік ретінде тарихта қалды. Ал Білге қағанның тұсында тек қана бейбіт дәурен орнады. Әрине қиюы кеткен, берекесі қашқан ел бірден бастарын қоса қоймады. Ол үшін асқан ақыл-айла, ішінара қол қайрат та керек еді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, тоз-тоз боп босыған тайпаларды бөрілі байрақтың астына жиды. Білге қағанның қарауына ең бірінші боп Қытай империясынан пана сұраған телес тайпасы қайтып оралды. Соған ілесе өзге рулар да қағанның қарамағынан пана сұрады. Білге қаған туысқан түргеш ханы Сұлықпен анда болып, өзінің қызын ханша етіп ұзатты. Ол бұрынғыдай қалайда кең-байтақ мекенге қанат жаюды көздемеді. Қырғыздарды, Жетісу-Іле бойындағы түркілерді еркін жіберді. Түргеш ханның қызын келін ғып түсірді де: «Түргеш ханы ұсақ биліктің иесі, түркіге тәуелді ел», - деп жариялады. Тоғыз-оғыз халқына «Ел болайық» деп жар салды. «Ел» деген сөз тұңғыш рет қағанат, империя деген ұғымды алмастырды. Алайда, Л.Гумилевтің пайымдауынша, «Түркі қағанатының берекесін қашырып, үнемі ортақ мүддені сатып кетіп, қауіп төндірген ұйғыр тайпасы Білге қағанды қатты алаңдатып, оған қарсы жорыққа аттануға мәжбүр етті. «Табғаштардың жұмсақ матасы» олардың абыройға төгіп, ар-намысын аяққа таптатқан» көрінеді. Білге қаған еріксіз атқа қонып, Селенгені құлдилай отырып, ұйғырларды Хамар-дабан орманына тықсырады. Үйір-үйір жылқысын барымталап, атты әскерін нығайтады. Сол екпінімен Хангай тауын асып, татабтарды қол астына қаратады. Яштар түмен сол кезде қарлықтарға аттанып, сапарын сәтті аяқтап келді. 717 жылдың аяғына қарай солтүстік Жоңғария қағанатының иелігіне толықтай көшті.» Ақыл-айлаға, қол қайратқа мойынсұнбаған тек ұлы империя ғана еді. Ол түркілердің «ақылды қағанының» бейбіт саясатын ұнатпады әрі Білгенің елшілерін қабылдамады. Тибетпен, түргешпен, қидандармен арадағы соғыстың салдарынан Түркі қағанатын бесігінде тұншықтыруға мұршасы келмен еді. Енді ол ежелгі айласына көшіп, ұсақ тайпаларды өзара қырқыстыру саясатына көшті. Ол Көкбөрінің тұқымы хандық құрып тұрған батыс Жоңғариядағы басмылдарды, қидандарды, татабтарды бауырына тартып, арандатуға тырысты. Император төрт армияның бір мезгілде аттанып, тура келіскен уақытта Білге қағанның төрт жағынан қыспаққа алып, оның өзін тұтқынға түсіруді ұсынды. Тәңірқұты 300 мың әскермен аттанбақ боп уәде берді. Бұл хабар Білге қағанның ордасына да жетті. Ең шешуші, қатерлі шақта Тоныкөк дана ақыл тапты:

- Еліміздің елдігі мен ерлігі, бақыты мен соры сыналатын шақ бұл. Мұқым жұрт атқа қонсын. Бала-шаға, әйелдер де сарбаздармен бірге жүрсін. Онсыз дұшпан қолына түсіп, қызыл қырғынға ұшырайды. Біздің төртеуімен тіресе соғысуға күшіміз жетпейді. Ең қауіптісі – шүршіттер. Олардың салт атпен жүре алмайтыны белгілі. Солтүстікке қарай үш күншілік жерге көшіп кетейік. Қуа-қуа аттары зорығып, азығы таусылғанда шабуыл жасаймыз, - деді.

- Бұдан өзге таңдайтын жол жоқ еді. Бірақ күтпеген оқиға істің сәтін келтірді. Үш күн суыт жүрген жасақтардың қарсы алдынан басмылдардың әскері кездесе кетті. Лезде жасырынып үлгерген Білге қағанға тағы да Тоныкөк тосын қимыл-әрекеттің жоспарын айтты. Күлтегіннің жасағы жедел аттанып, басмылдардың бас қосып, тынығуы тиіс Бейтин – Бесбалық қаласына тосын шабуыл жасап, әскерге дайындаған бүкіл азық-түлікті, аттардың жемін олжалады да, шаһардың сыртын жасырына қоршады. Арып-ашып, шалдыққан басмылдар тынығудың орнына қақпанға өздері түскенін кеш аңғарды. Амалсыздан бастарын иіп, тұтқынға берілді. Тоныкөк тағы да жаңа әскери жоспарын ұсынды:

- Бетпе-бет келіп, жекпе-жекке шыққанда шүршіттер жан аямай шайқасады. Ал ту желкесінен қадалған жебені қайта суыра алмайды. Күлтегін оғланның сарбаздарының аты семіз, қанжығасы тоқ. Тәңірқұтының әскерін орағытып өтіп, шүршіттің ішкі өлкесіне аттанып, олардың бетін бұрсын. Оған дейін өздері де титықтап, тоз-тозаласы шығады, - деді. 

Абыз айтты, қаған қостады, қолбасшы құп алды. Үштіктің ауызбірлігінің арқасында Жоңғариядан желе жортып аттанған Күлтегіннің сарбаздары ақ қар, көк мұзға қарамастан Ганчжоу, Юаньчжоу, Лянчжоу өлкелерінен бір-ақ шықты. «Лянчжоу коменданты Ян Киншу теле тайпасының киби деген руын өз әскерінің ішіне қосып ап, соғысу үшін қамалдың сыртына шықты. Түркілер айқасты қабыл алды. Империялықтардың күші кибилік жаяу садақшыларда еді, түркілердің күші салт атты найза лақтырушыларда болатын. Аяз сондай қатты еді, адырнаны қолғаппен тарта алмаған қытай садақшылары қолдарын үсітіп алды. Жебе тарта алмаған оларды түркі салт аттылары найзалап өлтірді. Бұл жеңістің даңқы Ұлы даланы желпіндіріп әкетті, бұрын бүліншілікке қатысқан тайпалар түркі ханның бөрілі байрағының астына басын иіп, тағзым етті» (Л. Гумилев).

Келер жылы, яғни 721 жылы, қидандарды, 722 жылы татабтарды бодан етті. Бұл жорықта татабтар қатты шығынға ұшырады. Көшпелі тайпалардың арасындағы одақтастарынан айырылған император енді Білге қағанның пікірімен санасуға мәжбүр болды 

Елінің тыныштығын, азаматының амандығын ойлаған Білге қаған императорға шұғыл түрде елші жіберіп, «Ұлы Аспан ұлын әкесіндей сыйлайтынын» айтты. Тәңірқұты ол тілекті қабыл алды. Бұл екі жаққа да ешқандай міндет артпайтын, салмақ салмайтын жүз жылыту рәсімі болатын. Жіпсіме саясатқа шебер император сол жылы, 722 жылы, Білге қағанды, Тоныкөкті, Күлтегінді Тайшань тауындағы тәңірге құрбан шалатын асқа шақырды. Үш ұлы тұлға бара қалса, олардың аман қайтпайтыны белгілі еді. Тоныкөк Білге қағанды пұтқа табынудан сақтандырып: «Түркі халқы қалың қытайдың құжынаған жұртының жүзден бір бөлігіне жетпейді, бұл мемлекеттің ықпалынан судың тұнығын, жердің шүйгінін іздеп көшіп-қонып жүрген түркі халқының еркіндігі ғана құтқарады. Отырықшылыққа ауыссаң — омалғаның, салт аттың үстінде жүріп жауынгерлік қабілетіңді жоймайсың. Күшті кезінде алға жүріп, олжаға кенелесің, әлсіреген шақта жалт беріп бұрылып, жасырынып қаласың. Таң патшаның сарайындағы әскерге сан жетпейді, бірақ оны жорыққа алып шыға алмайсың... Сонымен қатар, Будда мен Лао-цзы діні адамға қайрат бітіріп, жаужүректікке тәрбиелемейді, керісінше, көңілшектікке, әлжуаздыққа үйретеді. Одан аулақ ұста іргеңді», - деді (Н.Я.Бичурин). Білге қаған ұстазының бұл ақылын құп алды, қағанаттың дербестігін аңғарту үшін императордың қызын ханымдыққа сұрады. Әрине, тәңірқұты келіспеді. Ол Түркі хандығының айбатын ашықтан-ашық мойындау боп саналатын. Жыл сайын аманат ретінде түркінің бір бекзадасы император сарайына уақытша барып-келіп тұрды. Ұлы көршінің қабағы жылып, 724 жылы шекарада, Ордоста айырбас сауда жасайтын базар ашылды. Араға жыл салып Білге қағанның ордасына император елшісі Юань-Чжен келіп, өзара шарт жасасты. 727 жылғы шежіренің айтуынша, оған түркінің үш ұлы азаматы – Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін қатар отырып, қол қойыпты. Келісім бойынша, жылына қытайдан 100 мың тай (бума) жібек түркі ордасына жіберіліп тұрмақ. Оның орнына қымбат бағамен ішкі өлкеге сәйгүліктерді өткізуді Білге қаған міндетіне алады. Содан бастап отыз жыл бойы Түркі қағанаты бейбіт өмірдің рақатын көрді. Мұндай жайлы да ырысты кезеңді орнатқан үш алыптың есімі тарих бетінде мәңгі жазылды.

***

Тоныкөк дананың дәл қай жылы көз жұмғаны белгісіз. Күлтегін 731 жылы дүниемен қош айтысты. Ал Білге қағанның түбіне күліп отырып, жыландай шағатын жымысқы император жетті. Ол түркіден шыққан сатқын бекзаданы азғырып, 734 жылы қағанға у беріп өлтірткізді. Өзегі өртеніп жатқан Білге қаған мұрагер ұлы Иоллығтегінге: 

-Сүттей ұйыған елімнің берекесін, мәйегін улаған усойқының тұқымын қалдырмай құрт. Өштік, аярлық тек қуалайды. Тағы да тоз-тозыңды шығарады. Алауыздықты, сатқындықты кешпе, ұлым! Мен елімді ел етіп, түркіні қағанат қылдым. Бірлігіңді сақта, ұлым! Қош! - деп (Л. Гумилев) барып көз жұмды.

Аярлығының ізін жабу үшін қытай императоры Білге қағанның қазасына көңіл айтуға арнайы елші жіберді. Иоллығтегіннің аты тарихта қағандығымен емес, ақындығымен, абыздығымен қалды. Ол ағасы Күлтегінге, әкесі Білге қағанға жоқтау жазып, оны тасқа бәдіздетті. 739 жылы өз ажалынан өлді. Тақ кіші інісі Құтлық-Білге қағанға көшті.

[1] Автордың «Дулыға» атты кітабынан ықшамдап алынды - ред. 

Тұрсын Жұртбай, 

жазушы, алаштанушы