Елтаңба – елдіктің ерен белгісі
04.06.2015 4465
4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының алғашқы белгілері қандай еді? Авторларының бірі Шота Уәлихановтың басына нендей идеялар келді? Атағы дардай сәулетші мемлекеттік елтаңбаға орта жолдан қосылып, иемденіп алды ма? Ал екінші автор Жандарбек Мәлібековтың есесі кетті ме? Мемлекеттік таңбада жасауда біз ұттық па, ұтылдық па? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздейтін боламыз. 

1991 жылы 2 қазанда Қазақстан тәуелсіз ел атанбаса да, қазақ азаматы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, ел мерейін асқақтатқан еді. Бұл тарихи оқиға халық жадынан әлі шыға қойған жоқ. Батырдың кеуде тұсында тағылған белгінің авторы – сәулетші, белгілі ғалым, қайраткер Шота Уәлиханов болатын. Ғарышкер, ағаның аттанар сәтін көрген куәгерлердің жазуынша, «Ғарышкер Тоқтардың жүрек тұсындағы елтаңба үлгісінде ай, шаңырақ және көк аспандағы жұлдыз бейнеленген. Оны алақанымен аялай басып, қойылған сұрақтарға терең де толымды жауап берді». 

 

Ұлт газеті «Ана тілінің» 1991 жылғы 10 қазанда жарияланған белгі авторының Қазақстанның келешек мемлекеттік рәміздері туралы ойлары жарияланған мақала жарық көреді. Онда сәулетші өзі жасаған үлгінің қалай пайда болғанын, нендей идеялардың әсерінен болғанын көпшілік талқысына ұсынады. «Құр шулаймыз, жоқ жалау, байрақсыз қайрат – бос қайрат» деген мақалада қос қанаттың қайдан шыққанына тәптіштеп тоқталады: гректердің аңызы бойынше Жеңіс құдайы саналатын қос қанатты Никаның бейнесі. Оған, ақындарға шабыт сыйлайтын қанатты Пегасты қосыңыз. 

 

Сондай-ақ қай дінде де періштелердің қос қанатты болып сипатталатыны көрініс табады дейді автор. «Христиан дінінде де, ислам дінінде де бейкүнә, кіршіксіз таза періштелер қанатты болып келеді. Алланың Мұхаммед пайғамбарге аян берген төрт періштесі: Жабраил, Мекаил, Израил, Исрафил». Басқа да өркениеттердің (Ассирия) қос қанатына, жалпы қанатқа байланысты, аңыздарын еске салып, ең ақырында қазақ даласынан табылған архелогиялық қазбаларға ат басын тірейді. «Алысқа бармай-ақ қазақ жерінен табылған алтын бұйымдарды алайық. Қанаты бар салт аттыны көрсететін әшекей (Теңдік қорғанынан табылған, б.д.д. ІІІ-ІІ ғасыр). Қарғалыдан табылған алтын диедемадағы қанатты ат, қанатты адам әдемі-ақ, Есік қорғанына табылған қанатты және мүйізді аттар, таудағы қанатты барыс, т.б. 

 

 

Міне, осындай тарихи, археологиялық, геральдикалық дайындықтардан соң, өмірге келген таңбаның алғашқы үлгісін таныстыру мақсатында «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылдың 29 қарашасында шыққан № 48 (2226) санында «Қазақ халқының елтаңбасы қандай болуы керек?» деген тақырыппен мақала жарияланады. Мұнда таңбаның жай-жапсары баяндалып, түсініктері жазылған екен. Айталық автор көк аспанды беру арқылы адам өмірінің ғарышпен тығыз байланыста екенін аңғартқан. Көк жүзінде сегіз бұрышты жұлдыз жымыңдап, астында ай қалқиды. «Жұлдызым жоғары» деп айтатын ұлттық танымда жұлдыздың орны бөлек. Мұндағы автордың ойынан қазақ елінің келешек жұлдызы жоғары, алды ашық болып, айы оңынан туатын күн жақын деген тұспал аңғарылады. Ал шаңырақ ұғымының ауқымы да кең. Шаңырақ көтерген жас отау жайлы қоныс тауып, іргесін бекіткен мемлекет іспеттес. Шаңырақтың сыртқы шеңберіне айнала жазылған «Малым – жанымның садағасы, Жаным – арымның садағасы» деген қанатты сөз еркіндік сүйгіш елдің келешек ой-арманынан, гуманистік аңсарынан хабар беретіндей. Төменде «Қазақстан» деген жазудың екі шетіндегі арыстан мен бөрінің бейнесі кейінгі өзгерістер кезінде қосылған. Сыртқа салар айбары, елге қорған болар айбаты іспеттес. Бұл сақтардан келе жатқан, аңдық стилдің көнеден үзілмей бүгінге жалғасқанын білдіреді. Және оның үстіне орнатылған үш жолақтың да берер мәні бар: көк түс бірлікті, ту астында тұрысатын ынтымақты білдірсе, қызғылт сары азаттықтың түсі, ал имандылықты, ақ түспен белгілеген екен. 

Әйгілі сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шот-Аман Уәлиханның ғарышқа барып қайтқан бұл белгі-таңбасы біраз өзгерістерден соң, мемлекеттік елтаңба туралы конкурсқа ұсынылды. 

 

«Елтаңба – елге деген сағыныштан туған дүние», – дейді Жандарбек Мәлібеков. «Жұлдыздар отбасы» журналына сұхбат берген дарынды сәулетшінің өзін сөйлетейік: «Өзіміздегі әр ру таңбаларын, дүниежүзіндегі барлық мемлекеттердің таңбаларын қарап шықтым. Содан кейін «әр халық несімен ерекшеленеді, тарихы, ділі қандай» деген сауалдар төңірегінде біраз іздендім. Қазақ халқының бүкіл болмысы да, тарихы да киіз үймен бірге қалыптасқан. Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген үш тілек бар ғой. Елтаңбада алдымен сол отауды құрдық. Кеңес өкіметі кезінде «Қазақ халқы – бір жерден екінші жерге көшіп жүрген, сауатсыз, мәдениеті жоқ халық болған» деген сияқты пікір қалыптастырылған болатын. Ал Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» бұдан 2500 жыл бұрын да біздің мәдениетіміздің болғанын дәлелдеп берді». 

 

Осылайша басқа да тың ізденістерге барғанын, тарих тұңғиығына тереңірек енгенін, мәселен біздің бабаларымыз жасаған ұлы өркениеттің «Алтын Адам» символының мәнін ашуға талпынғанын, сыртқы жаумен қалай күресіп, қалай жеңгенін бейнелейтін образдарды іздеуге ұмтылғанын, кейін қазақ даласынан пана тауып, қамқорлық көрген диаспоралар тарихын зерделегенін егжей-тегжейлі баяндайды. «Ежелгі сақ дәуірінен кейін қазақ халқы үш жүзге бөліне отырып, бір халықты құрады. Сол себепті, жоғарғы үш үлкен қанатты үш жүздің халқы деген мағынада жасадым. Астындағы үш кішкентай – сол үш жүзден тараған қазіргі ұрпақ. Назар салып қарасаңыз, үлкен үш қанаттың ортасында қиықтар бар. Ол – еліміздегі жүзге кірмейтін қандастарымыз болса, уықтар – Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлыстар. Үлкен үш қанаттың алдында омыртқа секілді тағы бір белгі бар. Адамның бүкіл денесін омыртқа ұстап тұрады. Үш жүзді қауырсындарымен омыртқаға байлап, ерге отырғызғанда, қанат сияқты көрініс беріп, атымыз пырақ болып кетті», – дейді ұлт мақтанышына айналған сәулетші. Елтаңбадағы пырақтар қазақ үшін ат мағынасының мифологиялық зерделенуі екені айтпаса да белгілі. 

 

1992 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік рәміздерімізге конкурс жарияланды. Бақтарын сынау үшін елтаңбаға қатысты 245 адам жоба ұсынған. 266 депутаттың 237-сі Ж. Мәлібековтың еңбегін қолдап дауыс берген. Тіпті бес бұрышты жұлдызбен қатар, Елтаңбаның төменгі жағындағы «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуды да, оның екі жағындағы қошқар мүйізді-де алып тастағысы келген екен. Алайда сол кездегі руханиятымыздың ірі қайраткерлері Ә. Кекілбаев, С. Зиманов, т.б. қолдап, алып қалған. Елтаңбаның алғашқы макеті Өзбекстанда жасалып, жүк көлігіне жасырылып келгені өз алдына бөлек әңгіме. 

 

Бір қызығы, екі жақта, бірін-бірі көрмей-білмей жасалған жобалардың қатты ұқсайтыны. Идеяның ортақтығы былай тұрсын, ішіндегі өрнектер мен айшықтар, мән-мағынанға толы емеуріндердің көбі сәйкес. Белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова: «Адам болған соң, ойланатын болған соң және бiр ортада, бiр мәдени-тарихи жағдайларда ғұмыр кешетiн болған соң бiреуге келген ой, идея екiншi бiреуге-де келуi мүмкiн. Тiптi, әрi-берiден соң әлем әдебиетi, мәдениетi, сюжеттер, идеялар бүкiл адамзатқа ортақ, әрi бiрiнен-бiрiне көшiп жүретiнi де белгiлi», – дейді. Тек елтаңбада ішінара біраз өзгерістердің болғаны ғана, әйтпесе екі шалғайдағы екі автордың бірдей ойлағаны, нәтижесінде ел күткен үлкен табысқа жеткені біздің ұтылғанымызды емес, керісінше ұтқанымызды білдірсе керек. 

Себебі, кейінгі кезде осы екі авторды, маңдайалды сәулетшілерімізді біріне-бірін қарсы қойып, «анау жасады», «мынау «ұры» деп айыптайтын сөздер көбейді. Бұл жақсылық емес. Әсіресе елдігіміздің ең басты нышанының төңірегінде осындай даудың қаулап жүргені – бірлігімізге, тұтастығымызға сын. Ұлт үшін бұл істің нәтижесі керек болған, ол ойдағыдай шықса, басқа ұсақ әңгіменің керегі болмайды. 

 Заңғар КӘРІМХАН