Түрік халықтары бірлігінің тамыршысы
20.03.2019 2447
Т.Рысқұлов пен М.К.Ататүріктен кейін тұтас Түркістан идеясын қолға алып, бұл бағытта нақты практикалық шараларды қолға алған ҚР тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаев болды

ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздік алған тұста Түркия басшылығы тарапынан жасалған бірігу идеясына бірден келіспей, Қазақстанның ешкімге де «іні мемлекет» бола алмайтынын ашып айтты. Алғашқы күннен-ақ терезесі тең қатынас пен түрік халықтары арасында Қазақстанның көшбасшы болуы қажеттігін жақтап, осы бағытқа ерен еңбек сіңірді. «Қазақстан ешкімге де іні мемлекет бола алмайды», - дей отырып, ешқашан да түрік халықтарының бірлігі идеясын жоққа шығарған жоқ. Қайта оны үнемі астарлы сөздерімен насихаттап отырды. Түркиямен қарым-қатынасты дамыта отырып, қазақ жастарын онда көптеп оқыта бастады. Халықаралық «Түрксой» ұйымына қолдау көрсетіп, түрік дүниясының барын бағалап, жоғын түгендеуге жол сілтеді. Халықаралық аренада Қазақстанның беделі нығайған сайын, түрік мемлекеттерінің бірлігі идеясын ашық әрі табанды түрде насихаттай бастады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің 1999 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді», - дей отырып, түрік мемлекеттері арасындағы интеграцияның тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін анық атап көрсетті.

Елбасымыз Н.Назарбаев 2000 жылы 14-желтоқсанда сағат 23.30-12.05 аралығында «Қазақстан-1» телеарнасында латын алфавитіне көшу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіре келіп, өте мұқият дайындықтан соң латын алфавитіне көшетінімізді айтты. Латын алфавитіне көше отырып, Ислам әлемімен жақындасып, түрік бірлігін нығайтамыз. Бірақ солай екен деп, орыстан да ажырап қалмаймыз, он-он бес жылға дейін екі жазуды қатар алып жүруге тырысамыз деген болатын. Елбасымыздың өзі ешқашанда түрік бірлігі идеясын жоққа шығарған емес: «Егер түркі әлемінің бірігу идеясына қазіргі ағымдағы тарихи кезең тұрғысынан баға беретін болсақ, онда әлгі бірігу идеясының ықпалдастырушы және жұмылдырушы мүмкіндіктері шамалы ғана сияқты болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ уақыттың неғұрлым кеңірек шеңбері тұрғысынан келетін болсақ, оның даму перспективасына көз жүгіртетін болсақ, онда тарих бізге нақты алғанда әрбір түркі халқы түркілердің мәдени әлеміндегі бөлінбейтін құрамдас саласы екеніне барған сайын көз жеткізе дәлелдеп береді», /Тарих толқынында, 121-б./ - деді. Тағы да: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз», /Сонда, 121-б./ - деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады.

2010 жылдардан бастап ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жүргізілген түрік мемлекеттерін жақындастыру саясаты, елімізді Орталық Азияның көшбасшысына айналдыру идеясы нақты өз жемісін берді. Оған Түркістандағы Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің қызметі, 2009 жылы Түркияның белді қоғамдық ұйымы «Түрік ошақтары» тарапынан Н.Назарбаевқа «Түркі әлеміне қызмет» марапатының берілуі, Түрік елдері ақсақалдар кеңесінің құрылуы және Астанада Түрік дүниесі академиясының ашылуы, сондай-ақ, Анкара қаласындағы «Жастар» саябағына Н.Назарбаев ескерткішінің орнатылуы, Түркия Президенті А.Гүлдің Президент Н.Назарбаевты «түркітілдес халықтардың көшбасшысы» деп бағалауы – Елбасының түркі әлемін біріктіру, экономикалық және мәдени салаларды тығыз байланыстыру жолындағы тарихи еңбегіне берілген әділетті баға болды.

Иә, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қалтқысыз сеніп, ерен еңбек сіңіріп келе жатқан түрік мемлекеттерінің арасындағы бірлік – ең әуелі олардың арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа негізделген.

ҚР тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан - 2050» стратегиялық Жолдауында өз бойына тығып ұстаған ұлттық идеяны паш етті. Көне түрік заманынан бері өлмей келе жатқан азаттық философиясы мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жарыққа шығарды. Қазақтың ұлттық идеясы – «Қазақ мемлекеті» ұғымын ауызға алды. Сонау 1991 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңының VІ-тарау 15-бабында айтылған «ұлттық мемлекет» ұғымын қайта жаңғыртты.

Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынуының өзі, саяси биліктің бұл идеяны жарияламай тұрып-ақ тыңғылықты даярланғанын көрсетеді.

Соңғы жылдары жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық идеяға негізделген, мемлекеттік идеологияға темірқазық болатын бағдарламалық құжаттар деп білемін.

Н.Назарбаевтың бүгінгі өз өкілеттілігін тоқтату туралы шешімі – үлкен көрегенділіктің көрінісі болды. 1989 жылдың 22 маусымында басталған жоғарғы билік сатысындағы қызметін өз еркімен тоқтату – үлкен ерік иесіне ғана тән қасиет деп білемін. Әсіресе, алдын-ала ойластырып, жаңа Президент сайлауына дейінгі аралықтағы билікті кемел саясаткер, дарынды дипломат, үлкен парасат пен мәдениет иесі – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыруын үлкен кемеңгерлік деп білемін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, гүлдене берейік!

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі,

тарих ғылымдарының кандидаты