#Түрік әлемі: Әскери барлау әдістері
12.11.2019 2504

Әдетте тұран түріктерінің, соның ішінде қазақ қоғамының әскери тарихы мен жалпы әскери өмірі жайлы сөз қозғасақ  онбасы, жүзбасы, мыңбасы, түменбасы, бек, немесе тархан сынды он шақты ары кетсе жиырмаға жуық көне атаулармен шектеліп жатамыз. Алайда сол сақ, ғұн секілді түркі тайпаларынан басталып кейінгі хандық дәуірге дейін жалғасқан төл әскери тәртібіміз бен мызғымас заңдарымыз болғанын көбіміз ескере бермейміз.

Керек болса бұл сала арнайы мамандар тарапынан да тыс қалып, ұзақ жылдар бойы тұшымды зерттеу жұмыстары жасалмай келді. Оның үстіне жазба деректердің жоқтығы да біраз қол байлау болғанын айта кету керек. Қазақтың жеке өзіне қатысты, яғни XV ғасырдан бергі уақыттардағы әскери тарихы мен әскери мәдениеті туралы мәліметтер ортаазиялық, қытайлық және орыс құжаттарында ғана сақталған. Алайда оның өзі тек XVIII-XIX ғасырларға яғни кейінгі кездерді қамтитын деректер болып отыр. Бірақ соған қарамастан, бірлі-жарым зерттеуші тірнектеп дүние жинап, біраз елдің мұрағатын ақтарып жүріп өздерінше дүние жасап шықты. Солардың бірі Қалиолла Ахметжанұлы ағамыз болатын. Ол отандық басылымдардың бірінде алғаш рет «Ел ерсіз, ер киесіз болмас» атты шолу мақаласын жариялап кейіннен халқымыздың батырлық эпос деректеріне негіз ете отырып ерте және ортағасырлық түрік тілдес көшпелілер қоғамына тән жауынгерлік сословиесі мен жауынгерлік кодексінің болғанын дәлелдеп берді. Кейін бұл саланы белгілі ғалым, таланты зерттеуші Серікбол Қондыбай жалғастырды. Нәтижесінде «Жауынгерлік рух кітабы» атты асы құнды зерттеу кітабы дүниеге келді. С. Қондыбай бұл еңбегінде «Қазақтың төл жауынгерлік кодексі» болғанын айтады. Сонымен қатар, қазақтың әскери тарихы мен әскери мәдениетінің, оған қоса терминологиясының тарихын мынадай шартты кезеңдерге бөліп қарастыру қажеттілігін айтп кетті:

Бірінші – ежелгі заман (б.з. V ғасырға дейінгі ғасырлар мен мыңжылдықтар);

Екінші – түрік заманы (б.з. VI-XV ғасырлар);

Үшінші – қазақ заманы (XV-X ғасырлар).

Сол секілді көне руна жазуларының білгірі, белгілі турколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы ағамыз да «Білге қаған», «Тоны көк» жырларында сөз етілетін Көк Түріктерінің билігі әскери-азаматтық демократиялық жүйеге құрылғанын айтып жүр. «Біз қазіргі күндері ұлардай шулап жүрген демократия ұғымы оларда атам заманда болған. Түріктік дәстүрдің ең елеулі ерекшелігі, қандай да бір елдік мәселені дуалы ауыздар мен абыздар, билік басындағылар ортаға алып, бірлесе шешетін болған. Бұл – азаматтық әрі демократиялы қоғамның көрінісі. Мемлекет есебінен тұрақты әскер ұстаған. Біздегі «Ұлан» секілді, тез әрі ілкімді қимылдайтын арнайы бөлімдер болған. Олар ондық жүздік, мыңдық немесе түмен деп сатылай есіп отырған. Өздеріне тән әскери атаулар мен шендері болды», - дейді ол.

Яғни шын мәнінде түрік тайпаларының батыс еуропалық риттер, рыцарь немесе жапон самурайларының кодекстері секілді өздеріне тән әскери тәртібі, бұлжымас серт-заңдары болған. Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы», бертіндегі «Абылайдың қара жолы» атанып кеткен дала заңдар жинағында  қатаң әскери реформа, ұжымдық жауапкершілік, аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу,  бұйрыққа бағыну әрі оны сөзсіз орындау секілді құндылықтарға негізделген мызғымас әскери құндылықтар болған.

Қазақ халқы өзінің жауынгерлік дәстүрінде ату-шабу, найзаласу ғана емес, анталаған жаудың бетін қайтару, мысын басу, күтпеген жерден шабуыл жасап баудай түсіру және де қажет болса шегіне жүріп шайқасу сынды неше түрлі әдіс-амалдарды қолдануды жақсы меңгерген. Көзсіз ерлік жасау, қызбалық істеу соғыста абырой әкелмейтін іс саналды. Соғыс ісін жақсы білу үшін батырлар әскери өнердің барлық түрін жақсы меңгеруі шарт болды. Сондықтан атқа мінуге жарайтын ер азаматтар өмірінің көп бөлігін әскери өнерге машықтануға жұмсады. Әртүрлі тойларда өтетін сайыстар, жамбы ату, күрес, бәйге, көкпар тарту сияқты жігіттік ойындар да осындай әскери істі меңгеруге көмектескен. Көшпелілерде аң аулау да соғысқа жаттығудың жұмысын атқарған. Белгілі араб жиһангезі ал-Джахиздың (VIII ғасырда өмір сүрген) еңбектерінде түркештерге қатысты мынадай деректер келтіреді: «Главное оружие тюрков – лук и стрелы, которыми они владеют необычайно искусно: Тюрок стреляет по диким животным, птицам, мишеням, людям...». Түріктер садақты атпен шауып келе жатып алға да, артқа да, оңға да, солға да, жоғары да, төмен де ата береді. Араб-харидтер бір оқты садағына салғанша, олар он оқты атып үлгереді. Түріктің төрт көзі бар – екеуі алдында, екеуі артында. Ал Қытай тарихшылары «ғұндардың ойынға жараған баласы садақпен ұсақ аң, құс атып жаттығады. Гректер, парсылар өз балаларын садақ атуға үйрету үшін сақтарға жіберіп жаттықтырады». Осындай жоғары деңгейдегі жаттығулар мен мықты тактикаларының арқасында бабаларымыз аз қолмен аттанып үлкен жеңістермен оралып отырды.

Көшпелі бабаларымыз сонымен қатар, мықты барлау дәстүрін қалыптастыра білген. Белгілі тарихшы Плано Карпинидің жазбаларында көшпелілерді «шебер іздестірушілер» деп атап өтеді: Түркілерде басып алуға дайындық кезінде тыңшылық пен барлау жүрізілген.  Бұл мақсатта жансыздар (джасус) мен арнайы отрядтар (тали`а) жіберілген. Елге шабуыл жасар алдында моңғолдар барлау отрядтарын жіберген, олар терең барлау жүргізіп, жергілікті билеушілердің әлеуетті әскери күштерін, тұрғындардың қарсыласуға қабілеттерін зерделеген, жолдарды, бекіністерді және ауданның географиялық ерекшеліктерін зерттеген, бай қалаларын анықтаған.

Серікбол Қондыбайдың басында сөз еткен «Жауынгерлік рух кітабында» барлауға қатысты біршама көне атаулар келтірілген. Солардың бірі – жұртшы. Олар барлаушылар мен тыңшылардың қызметін атқарған. «Жұртшы – қазіргі ұғыммен айтқанда офицер-квартирмейстер, әскерді орналастырушы, қозғалу маршрутын анықтаушы. Оның және оның командасының міндеті: жазғы және қысқы әскери көштерді орналастыру, әскердің қозғалуы кезінде де, соғыс қимылдары кезінде де көш (лагерь) тоқтайтын орынды тауып, белгілеу, хан мен қолбасшылар ордаларының орналасу орнын белгілеу» деп жазады ол. Ағыншы. Ғалымның түсіндіруінше,  ағыншылар деп «дұшпанды түнде барып, тұтқиылдан басатын әскерді» яғни ағынды, ұшқыр әскер тобын атаған. – басқыншылық жортуыл дегенді білдіреді. Әскердің алдында жүретін Йалыман немесе Жізек (йізек) шолғыншы топ болған. «Бұл – кәдімгі, еуропалық дәстүрде қолданылған «пикет» сөзінің тура баламасы болып табылады. ХІІІ ғасырға тән көне құжаттардан  белгілі болған бұл әскеру атаулар XIV-XVI ғасырлар яғни Әмір Темір мен Бабыр сарайы және Алтын Орда заманында өз маңыздылығын жоймаған. Тек мағыналық жағынан аздап өзгерістер ғана енгізілген. «Жасауыл», «Ар-тауыл», «Қарауыл», «Айдауыл», «Қайдауыл», «Домбауыл», «Бақауыл», т.б. сөздерді жатқызуға болады. Бұлардың біразы бүгінгі қазақ тілінде сақталған. «-уыл» - моңғол тіліндегі «әрекет етуші» дегенді білдіретін жұрнақ», – дейді Серікбол Қондыбай.

Автор бұл еңбегінде Ереуіл сөзіне тоқталады: «ұзақ жортуға шыдамды, мықты» дегенді білдіреді, яғни «десант» немесе «спецназ» сияқты арнайы мағыналы, жаттыққан, бәріне төзімді жауынгерлерді осылайша атауға болар еді. Тосқауыл – жасырын тосып тұрып, тұтқиылдан шабуыл жасауға жасалған сарбаздар.  Шығауыл – белгілі бір істің, әрекеттің алдыңғы қатарында (шебінде) жүретін адам, авангард. Бабыр заманында (XVI ғасыр) «шығауыл» деп «хатшыны, орындаушылық қызметті атқарушыны» атаған.  Шығауыл – адъютант, ординарец, денщик немесе одан үлкен әскери мансап атақтарының бірі. Бөгеуіл – жаяу әскер мен танкіге қарсы кедергі. Жортуыл – жорық, аттаныс. Торуыл – шолғыншы. Орыстың «дозор» дегеніне сәйкес келеді. Қарауыл – моңғолша харуул – «күзетші, бақылаушы, гауптвахта» дегенді білдіреді, бірақ сөздің негізінде түркінің «қара, қарау» деген етістіктері жатқанын байқау қиын болмас. Түсіндірме сөздікте «қорғау, сақтау, күзет» деген мәнге ие, сондай-ақ осы сөздің «нысана, мылтықтың көздейтін жері» деген ауыспалы мағыналары да бар. Кежеуіл – көне қазақ тілінде «күзет, қарауыл, шолғын» дегенді білдірген, сөз тіркесі де сақталған, мысалы: кежеуіл салды – «қарауылдады, шолды, торуылдады», кежеуілші – «шолғыншы, қарауыл қараушы, торушы».

Яғни көшпелі бабаларымыздың сөздік қолданысында бір ғана барлау, шолу түсінігіне қатысты қаншама ұғымдар болғанын байқауға болады. Барлау-шолу мақсатында сан-түрлі топтар даярлап, дүниенің төрт бұрышына жіберіп отырған. Өз кезегінде мұндай барлаушылар (тұтғақ – тіл алушы, түнде жаудың күзетшілері мен алдыңғы айғақшыларын ұстау үшін жіберілетін шолғыншы атты қосын тобы) аймақтар барлап, тұтқындар алып, маңызды ақпараттарды қолға түсірген. Осы ақпараттар негізінде жүйелі түрде түрде соғыс тактикасын жүргізе білген бабаларымыз шағын қолмен-ақ анталаған жауға қақырата соққы беріп келген.