Алматыда «ІІ Арғынбаев оқулары» өтеді
23.12.2014 2468
25 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік Орталық музейiнде «ІІ Арғынбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Халықаралық конференция қазақ этнография ғылымының негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың туғанына 90 жыл толу құрметіне арналған.

Х. Арғынбаев 1924 жылдың қыркүйегінде Павлодар уезінде дүниеге келген. Ол 1954 ж. Қазақстан ҒА-ның тарих, археология және этнология институтына аспирантураға қабылданды. Қазақстанның көптеген облыстарынан жиналған далалық материалдар мен архивтік-библиографиялық деректерді зерттеу негізінде жазылған кандидаттық диссертациясын 1960 ж., докторлық диссертациясын 1976 ж. қорғады.

Ғалымның қазақ тарихы мен этнографиясының — тіршілік қамы жүйесі, шаруашылық, қолөнер, халықтық білім және отбасылық қатынастар, т. б. әр түрлі мәселелерін зерттеуге арналған ғылыми еңбектері өте көп. Оның ғылыми еңбектері: «Қазақ халқының көшпелі мал шаруашылығы» (1961), «Мал ауруларын емдеудегі халықтық тәжірибе» (1969), «Қазақ отбасы» (1996), «Традиционная культура жизнеобеспечения казахов: Очерки истории и теории» (1998, авторлармен бірге), «Қазақ шежіресі хақында» (1998). 

Оның жетекшілік етуімен 5 докторлық, 10 кандидаттық диссертация қорғалған. 25 жыл бойы педагогикалық қызметі мен сан ондаған ғалымдарды тәрбиелеген еңбегі үшін Х. Арғынбаевқа 1982 ж. профессор атағы беріледі. 

Х.Арғынбаев 1959-1976 жж. аралығындағы байтақ Қазақстанның барлық облыстарына ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияларға (30-дан астам) жетекшілік жасады. Сонымен бірге, ҚР Орталық музей қорын экспонаттармен толықтыруға және музей қорындағы құнды жәдігерлерді ғылыми айналысқа түсіруге үлкен еңбек сіңірген ғалым. 

Конференция аясында көрнекті ғалым Х.Арғынбаевты еске түсіруге арналған көрме ұйымдастырылады. Онда ғалымның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жеке заттары мен фотосуреттер, музей қорындағы ғалымның араласуымен жинақталған және зерттеліп, жарияланған музейлік экспонаттар қойылады. 

Сондай-ақ, осы шара аясында 5 томдық «Қазақтың дәстүрлі этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар жүйесі» деп аталатын энциклопедияның тұсаукесері өтеді. Бұл энциклопедия музей этнологтарының жемісті жұмысының нәтижесі (жоба жетекшісі және ғылыми редакторы, музей директоры Нұрсан Әлімбай) болып табылады. 

Мемлекеттік Орталық музейі, әль-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих, археология және этнология факультеті Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп конференцияны өткізеді.

Анықтама телефоны: 264 46 50