Марокко мен Испаниядағы жәдігерліктеріміз (IIІ бөлім)
24.02.2015 2139
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі Марокко мен Испания кітапханаларынан еліміздің тарихына қатысты құнды құжаттарға қол жеткізді.

Бірінші бөлім

Екінші Бөлім

4. Маулана зада ас-Сайрами жайлы деректер жоқтың қасы деуге болады. Ол туралы Бадр ад-дин әл-Айнидің «Иқд әл-джуманында» ғана бірер жол бар. Онда Бадр ад-дин әл-Айни Маулана Заде ас-Сайрамиді (XIV ғ.) тек атап қана кеткен. Кейбір деректерге қарағанда ол хадис саласының білгірі болған. [История Казахстана в арабских источниках III том. Алматы, 2006], [126–132, 145, 165–168, 179–180 беттер].

Ала ад-динас-Сайрами, Йахия ибн Йусуф ас-Сайрами және Адуд ад-динас-Сайрами-де ислами әдебиеттерде аталады. Мысалы Ала ад-дин Садуд ад-дин Масуд бин Умар бин Абдулла әл-Ханафиат-Тафтазанидің (1322–1390) шәкірттерінің бірі болса, Йахия бин Йусуфтан Әбу-л Аббас Таки ад-дин Ахмед бин Мұхаммед бин Мұхаммед Хасан бин Әли бин Йахия әл-Қүстантини аш-Шумунни әл-Қаһири әл-Мисри (1399–1468) ілім алған, Адуд ад-динас-Сайрами Әбу-л Йуср Бадр ад-дин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Халил (әл-Гарс) әл-Қаһири әл-Мисриден (1429–1489) тағлым үйренген.

Бадр ад-дин әл-Айни, Тақи ад-дин Абд әл-Қадыр әл-Мысри, Ибн Тулун, Ибн Кұтлубұға, Махмуд ибн Сүлеймен әл-Кафауи секілді араб пен түріктердің білгір-де білікті, көрнекті тарихшы, шежірешілері қазақ елінің ежелгі қаласы Сайрамнан шыққан Сайрамилер мен олардың ұлдарын да жоғары бағалап, көтере сыпаттай еске алуы тектен тек емес.

Бадр ад-дин Ала ад-дин Сайрамиді Мыср сұлтаны Барқұқтың өзі салған медресесінің шайқылар шайқы, мұдаррис етуге басқа-басқа емес, тек соларды таңдауы, оларды фиқһ пен усул және пәтуа һәм өзге-де ғылым түрлері бойынша үздік деп тануы көп жайдан хабар береді. Тіпті Ала ад-дин қайтыс болғанда оның жаназасын сұлтан орынбасарының оқуы ше? Ала ад-дин қайтыс болған соң оның орнына інісі Сайф ад-диннің тағайындалуы да жайдан жай емес. Яғни Ала ад-диннің інісі-де ілім, білімі жағынан, ағасынан кем болмаған. Сайф ад-дин атақты Әбу-л Қасым аз-Замахшари, Сағад ат-Тафтазани секілді ұлағатты ілімгерлердің шығармаларын басқалардан гөрі жақсы білген.
Араб қаламгерлері Орта Азиялық тарихшы, ірі ғалымдар Джалал ад-дин Гурлани, Сыр бойының шынары Хұсам ад-дин Сығнақи, Бұхаралық Хафиз ад-дин әл-Бұхари, имамдар шамшырағы деп танылған Мұхаммед Абд ас-Саттар әл-Кердери және т.б. атай отырып, осы тізімнің бас жағына Ала ад-динас-Сайрамидібостан-босқа қоймаған.

Сайрами бабаларымыздың ізбасарлары Низам ад-динас-Сайрами мен оның баласы Абд ар-Рахман (Адуд ад-дин) ас-Сайрамилер-де ата, әкелеріне тартып, білімді, парасатты азаматтар болған.

Ала ад-динас-Сайрами жайлы айтқанда арабтың аталмыш тарихшылары оған әл-алим (ғалым), әл-аллама (даңқты ғалым), мұдаррис әл-ханафийа (ханафи мазһабының ұстазы), шейх әл-хадис (хадистің шейхы [білгірі], әл-байан (сыпаттау), әл-фиқһ (мұсылман заңы), әл-усул (ғылым негізі) деген эпитеттер беріп, оларды сондай құрметті эпитеттермен атауы, олардың содан құрметтерге лайық болуынан деп ойлаймыз.

Осыған қарап қазақ жері қалаларының моңғол шапқыншылығынан соң XIV–XV ғасырларда да өз маңызын жоғалтпаған деуге болады. Осындай бабалармен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұландары мақтануы керек.

Сайрамилер демекші орта ғасырларда мамлюктер және ислам білім, ғылымы, мәдениетінің орталығы болған Каирге 2000–2013 жылдары халықаралық діни конференцияларға барған сайын жиын арасында атақты әл-Азһар университеті маңындағы ескі махаллаларды аралап, кезінде Бейбарыс бабамыз (1217–1277) салдырған мешіт пен медресені, ханакаларды көріп, бабалар ізімен талай жүріп едім.

20 млн-дай халқы бар Каирдың бір ауданы қазір Сұлтан, ағзам аз-Заһир Бейбарыс атамыздың атымен аталады.
Бейбарыс медресесін XIII–XIV ғасырларда Тараздық үлкен ғылым Һибатулла ат-Тарази (1272–1233) басқарғаны белгілі. Сөйтсек Тарази, Түркістани, Иқани, әл-Фарабилерден басқа, мұнда Сайрами атты бабаларымыз да тұрған екен және олардың бәрі-де халық пен биліктің де үлкен құрметіне бөленген.

Каирге Әбу Насыр әл-Фараби (870–950) де ат ізін салған деген деректер бар.

Сайрамилердің жаназа намаздарының Наср қақпасы маңында оқылғандығын айттым. Насыр қақпасы қазір-де бар. Ол кездері қақпа Каирдың солтүстік шеті болса керек. Қазір қақпаның ту сыртынан даңғыл жол өтуде. Оның арғы беті үлкен зират. Һибатулла бабаның сол зиратта жерленгенін білген соң, оны сол жақтан іздегенмін. Сөйтсек онда Сайрами бабалар да жерленген екен.
Жалпы ортағасырларда Египет пен Шам жұртында өмір сүріп, онда ізгілікті із қалдырған қазақ жерінің перзенттері аз емес.
Бейбарыс (1217–1277) мешітінен онша қашық емес әл-Худайри көшесіндегі ас-Сұргамишия медресесіне бір кездері Түркістан маңындағы Иқан селосының тумасы Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фарабиат-Түркістани (1286–1357) де басшылық еткен.
Сөйтіп Египет пен Шам елі және Бағдад пен Басра шаһарларын да ежелгі мәдениет ошақтары десек, ол мәдениетте біздің Сайрами, Тарази (1272–1333), әл-Фараби (870–980), Түркістани, Сығнақи (1240–1317) Женди бабаларымыздың да қосқан мол үлесі бар.
Сонымен Испаниядан табылған бабалар мұрасымен таныстыру үшін Мадридтегі елшілігіміздің 1-хатшысын шақырдым. Ол аталған шығармаларды көзімен көріп, қолымен ұстады. Кітапхана директорынан маған олардың көшірмелерін жасап беруді өтінді.
Ал, Эскуриал және Мадридтің ұлттық кітапханасында да Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты белгілі еңбегі және Отырарлық тағы бір оқымысты әл-Джауһари әл-Фарабидің (?-1008) (Әбу Наср Исмайыл бин Хаммад (?-1003)) «Ас-Сихах» («Тадж әл-лұға уа сихах әл-арабийа») атты араб тілі мәселесіне арналған еңбегінің қолжазбаларын көрдім.
Бұл екеуінің аталмыш дүниелерін 2013 жылы Стамбұлдағы Сүлеймания кітапханасынан алып келгендіктен және олардың менде кітаби нұсқасы болғандықтан көшірмесін жасатуды қажет етпедім.
Есесіне Мадридтегі ұлттық кітапханадан Голландия астанасы Амстердамда 1966 жылы жарияланған неміс шығыстанушысы-арабист, библиограф Морис Штейншнейдердің (1816–1907) «Әл-Фараби» атты монографиясының көшірмесін түсіртіп алдым. (Moritz Steinschneider, Al-Farabi `(Alpharabius) des Arabischen Philosophen Leben und Schriften, Amsterdam 1966).
М.Штейншнейдер ортағасырлық Ибн Саид әл-Қифти мен Ибн Әби Үсайбиғаға сүйене отырып Әбу Насырдың 103 трактаттарының атын атаған. Ол осысымен-де құнды.
Шынында да, Испанияның Андалусия өлкесінде ислам өркениетінің үлкен ізі қалған. Ол жерде ислам мәдениетіне-де қызығушылық, құштарлық биік-деңгейде еді. Ол жайлы академик И. Ю. Крачковский (1883–1950): «Арабтардың Испанияны жаулап алуының нәтижесінде араб тілі осы елдің дәулеттілер ортасының әдеби тіліне айналды. Бұл ретте айта кетер жайт — Испанияны арабтар алғанға дейін дүнияуи әдебиет онда болған жоқ. Қолданыстағы латын тіліндегі кітаптар тек діни сарында ғана еді. Сауаттылық діни ортаға ғана тиесілі-тін. Сол себепті-де арабтардың жаулап алуынан кейін 100 жыл өткенде, IX ғасырда, Кордова қаласының епископы былай деп жазды: «Менің діндестерімнің көпшілігі арабтардың өлеңдері мен ертегілерін оларды жоққа шығару үшін емес, керісінше осы тілде дұрыс та шебер сөйлеу үшін зерделейді. Латын тілінде оқып, қасиетті жазбаларға түсіндірме жасай алатын бірер адамның өзін табудың өзі қиын болып барады. Олардың арасында „Інжілді“, елшілер мен сахабаларды оқитындар бар ма? Өкінішке орай христиан жастарының ішінде талантылығымен көрінгендер тек қана арабтардың тілі мен әдебиетін ғана біледі, араб тіліндегі кітаптарға қызыға қарап, зерделегені, өз тілдерін ұмытқаны сонша, латын тілінде аз-мұздап досына хат жаза алатындардың жүзден біреуі табылар ма екен? Керісінше араб тілінде жоғары-деңгейде сөйлей алатындар мен осы тілде әдемі өлең жаза алатындар арабтардың өздерінен-де көп» деп күйіне айтқанын келтіреді.
Арабтар Испанияға үлкен өркениет, мәдениет әкелген, кезінде испандықтар ислам мәдениетіне қатты қызыққан. Арабтар Андалусияға қалалар, қамалдар, ғажайып ғимарттар салып елді көркейтті, сонымен қатар, көптеген жазба дүниелер қалдырды. Өкінішке орай испандықтар Андалусияны арабтардан тартып алған соң (1492 ж.) араб тіліндегі 20 мың қолжазбаны өртеді деген-де жазба дерек бар. Оны испандық оқымыстылардың өздері-де жасырмайды.
Эскуриал кітапханасынан «Ислам энциклопедиясының" соңғы басылымын да көрдім. Оның толықтырылған жаңа нұсқасын шығару 1977 жылы басталып, 2007 жылы аяқталыпты. Барлығы 12 том. Кейбір томдар 1000 беттен асады. «Ислам энциклопедиясы» Голландияның Лейден — Брил қаласында әрбір 30 жыл сайын, ағылшын, неміс, француз тілдерінде шығып тұрады. Ескірді деп есептелген мақалалар жаңа зерттеулермен толықтырылып отырылады. Оған автор ретінде белгілі ғалымдар ғана тартылады және басуға ұсынылар дүниелер тың материалдарға сүйеніп жазылуы талап етіледі. Тексеріс, сүзілістен өтпеген мақалалар кітапқа кіргізілмейді. Энциклопедияның бұрынғы басылымдарында Қазақстанға жеке мақала берілмейтін. Бұл жолы тәуелсіз жұртымызға жеке мақала арналыпты. Авторы жапон тарихшысы Уяма Томокихо.
«Ислам энциклопедиясындағы» бізді қызықтырғаны Фараб және Отырардан шыққан ғалымдарға арналған материалдар еді. Энциклопедияда Отырарға (авторы W. Bazthold [B. Spaler]) және одан шыққан Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабиге (R. Walzer), Әбу Насыр Исмаиыл бин Хаммад әл-Фарабиге (L. Kopf), Әбу Ибраһим Исхак бин Ибраһим әл-Фарабиге (H. Fleisgh) және Жетісулық Жамал Қаршиге (P. Jaokson), қалалардан Тараз (G. E. Bosworth), Женд (G. E. Bosworth) секілді шаһарларға да жеке-жеке құнды да тың материалдар пайдаланылып жазылған мақалалар беріліпті.

Айта кетер жайт «Ислам энциклопедиясы» кез-келген ел кітапханаларында бола бермейді. Оны алу үшін көлемді шет ел валютасы қажет.

Испаниядан Әбу Насыр әл-Фарабидің төмендегі 10 трактаты екі Сайрамидің шығармалары мен аталмыш М. Штейншнейдердің (1816–1907) де неміс тіліндегі әл-Фараби атты зерттеуін елге жеткіздім:
1. Китаб тағлиқ исагуджи ала фурфуриус
2. Ард Әби Наср фи китаб Барирминийас
3. Китаб әл-ибда
4. Китаб Әби Наср фи-л қийас
5. Иртийа фи Китаб ат-тахлил
6. Калам ала аууал китаб әл-бурһан ли Әби Бакр бин Йахиа
7. Қаул әби Бакр Мұхаммед бин Йахия Китаб әл-Бурһан
8. Шарх Садр әл-мақала әл-аууал бин китаб Иқлидис ли-Абу Наср Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Фараби
9. Шарх әл-мақала әл-халлис минһу ли-Аби Наср айдан
10. Китаб әл-мақулат
11. [Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф [Сайф ад-дин әл-Мисри әл-Ханафи] ас-Сайрами. Китаб Хашия әл -Мутаууал ли-шейх.
12. Ала ад-динас-Сайрами. Ас-Саккакидің «Мифтах әл-улумына түсіндірме».
13. Moritz Steinschneidez. Al-Farabi (Alpharabius) des Arabischen Philosophen Leben und Schriftin. Amsterdam 1996, 268 p.

Ал Испанияның ұлттық кітапханасындағы 627 қолжазба атақты Әбу Әли Ибн Сина (980–1037) (поэзиясына) қатысты боп шықты.
Іссапардың нәтижелі болуына көрсеткен көмегі үшін Қазақстанның Мароккодағы төтенше және өкілетті елшісі Берік Сақбайұлы Арынов пен Испаниядағы төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Амангелдіұлы Дүйсенбаев мырзаларға ризашылық білдірдім келеді.
Қазақ жері рухани, мәдени жазба және материалдық мұраларға бай болған. Орта ғасырларда еліміздің әсіресе оңтүстігінде Баласағұн, Тараз, Шелжі, Жікіл, Исфиджаб-әл-Байда-Сайрам, Манкент, Отырар, Сүткент, Түркістан, Баладж, Сауран, Сығнақ, Қыпшақ, Аркөк, Асанас, Женд секілді үлкенді-кішілі шаһарлары, қорғандар мен қамалдары болды. Олар қадери халінше мәдени, ғылыми орталық қызметін-де атқарды. Онда талай ойшылдар, кемеңгерлер, даналар, ғылымдар тұрып, құнды шығармалар туындатты. Өкінішке орай түрлі жылдар мен ғасырлар, кезеңдерде ол дүниелер жан-жаққа шашырап кетті немесе жоғалды.
Мен тауып әкелген, көрсеткен жазба дүниелер солардың қаламынан туған, солардан қалған немесе солар жайлы жазылған еңбектер.
Олар орыс, қазақ тілдеріне аударылып, зерттелсе ұлтымыздың шынайы тарихын байытуға және 2015 жылы қазақ мемлекеттілігінің құрылғанына 550 жыл толуына байланысты жазылар, зерттелер жобаларға көмегі тиері сөзсіз. Сол үшін оларды ғылыми айналуға кіргізе беру қажет. Сондай-ақ мұндай дүниелер:
— Қазақстанның ортағасырлық кезеңдеріндегі тарихын жаңа материалдармен байытады.
— Жоғары және арнаулы орта білім оқушыларына арналған оқулықтар мен оқу құралдарына Қазақстанның осындай ортағасырлық ғұламалары мен олардың еңбектерін кіргізе беру қажет.
— Даланың ортағасырлық ғұламалары мен ойшылдарының шығармаларынан антология құрастыру керек.
— Олардың шығармаларын насихаттау және зерттеуге арналған халықаралық ғылыми теориялық және ғылыми-практикалық конференциялар өткізу ләзім.
— Магистрлер мен Phd докторларына үміткерлер жазатын ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға олардың өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптар ұсыну керек.

Соңы

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ 

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының  докторы, профессор