Кембриджде «Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі» кітабының тұсаукесері өтеді
13.05.2015 2048
ХХІ ғасыр – руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры. Қай қоғамның тұрақты дамуында мәдениеттің алар орны зор, сол мәдени-рухани тынысымыздың тетігі – кітап.

Ал құнды кітап қашанда оқырмандардың сұранысына ие және аса маңызды құрал саналады. 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық «Мәңгі Ел» ғылыми-тарихи журналының бас редакторы Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі» атты кітабы қазақ, орыс («Молодая гвардия» баспасы «ЖЗЛ» сериясы), түрік тілдерінде («Bengu» баспасы) шыққанынан көпшілік хабардар болатын. Осы танымдық-ғұмырбаяндық кітаптың «Shakarim. The life of Kazakh poet» атты, ағылшын тілі нұсқасының таныстырылымы 2015 жылы 15 мамырда аты әлемге әйгілі Кемридж университетінде өтеді. 

Шәкәрім әлемі – түпсіз, тұңғиық әлем. Ол игерген Ар ілімі, ислам шариғаттары негізіндегі трактатқа бергісіз еңбектері, алланы тану, адамды тану ізденістеріндегі жазбалары, терең мағыналы ойлы, діни-философиялық бағыттағы өлең-жырлары қазақ әдеби, ғылыми еңбектерінің шебінен асып, жалпыұлттық, бүкіладамзаттық үнқосуларға еріктен тыс еніп жатады. Ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан тану, таныту – тек Қазақстан халқына ғана қажет емес, сонымен бірге бүкіл адамзатқа ортақ құбылыс, тенденция болмақ. Монографиялық еңбекте, ақынның тарихи, көсемсөз және философиялық шығармалары ғылыми және азаматтық ұстаным тұрғысынан талданған. 

«Жайсаң жандар өмірі» сериясы аясында қазақ интелигенциясы өкілдерінің, атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтың, Сәкен Сейфуллиннің, Қаныш Сәтбаевтың, Ермұхан Бекмахановтың, өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеулер жарық көрген. Жобаның кезекті кітабына Шәкәрім енген. Ақын, дінтанушы, шежіреші, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы бұл ғұмырбаяндық кітаптың ағылшын оқырмандарынына жетуі мен танылуы – Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті үшін шын мәніндегі үлкен олжа. 

Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениет орталығының директоры Ибраһим Йылдырым бір сұхбатында: «Шәкәрімді, ақын деу аз, ол – Түркі дүниесі мәдениетінің алтын көпірі. Юнус Эмре мен Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясында ортақ сарындар өте көп. Мен Шәкәрімді қазақша оқыдым. Ойы терең, халық тағдырына ерекше қам жеген бұл, ақынды Түркия білсе ғой деп жүретінмін», – деген болатын. 

Ұлтымыздың қайраткерлері мен санаткерлерін уақытты жоғалтпай осылайша әлемге кең таныта білсек, елдігімізге мерей, мемлекетімізге мақтаныш. 

Тағы бір айта кетері, ЕҰУ ректоры Ерлан Бәтташұлы осы сапар барысында Еуразия ұлттық университетінің студенттері Кембридж университетінде тағылымдамадан өту үшін екі жақты келісімге қол қояды және алдын ала жасалған күн тәртібіндегі кестеге сай деректі фильм үшін қосымша түсірілім, университеттің ең көрікті жерлерін аралау, фотосессияға түсу де жоспарланған.