Көне ғимараттар. Науан Хазірет атындағы мешіт
19.05.2015 2962
Басқа мәдени-тарихи құрылыстар секілді советтік кезеңде Науан Хазірет атындағы мешіт қарапайым ғимаратқа айналдырылған.

Әуелбекова көшесінде орналасқан қалалық мешіт жүз жылдан астам уақыт бұрын салынған еді. Мешіттің тарихы XIX ғасырдың аяғында басталды. Осы кезде қалада – Большая Садовая көшесінде (бүгінде Абай көшесі) бір мешіт салынған болатын. Кейін мешіттің ғимараты құлатылған, ал оның орнында «Алмаз» зергерлік дүкені бой көтерді. 

1886 жылдан бері мешіттің молдасы Наурызбай Таласов болды. Ол Науан Хазірет деген атпен белгілі. Өз заманы үшін өте білімді ғалым, дін маманы петропавлдық медресені, Бұхара қаласындағы жоғары рухани семинарияны бітірген. Сонымен бірге, Бағдадта – мұсылмандықтың рухани ордасында тағылымдамадан өтті. Көкшетаудағы мұсылмандарды ағарту үшін көп еңбек етті. Жаңа мешіт те Науан Хазіреттің бастамасымен салынған. Қазіргі кезде мешітке бұл ғалымның есімі берілді. 

Науан хазіреттің бұл суретін белгілі ғалым Қадыржан Әбуев салдырған екен

Құрылыстың басталған мерзімі белгісіз, бірақ 1893 жылғы қаланың жоспарында ол «қайта салынған ғимарат» ретінде көрсетілген. XIX ғасырдың соңында Әуелбекова көшесі Казанская деп аталған, өйткені мұнда көбінесе татарлар – Қазан қаласынан шыққан адамдар тұрып жатты. Көптеген адамдар саудамен айналысты. Мешіт бай татар көпестерінің қаражатына салынған, сонымен қатар қаланың барлық мұсылмандары да өз үлестерін қосты. Құрылысшылар Қазан қаласынан шақырылып, қалалық шеберлер де ғимарат салуға атсалысты. Жазушы, ағаш шебері, Көкшетаудың тумасы Ибраһим Салаховтың айтуынша, оның әкесі Низам да (қаладағы әйгілі, қолынан бал тамған шебер) мешіттің бой көтеруіне өз үлесін қосқан... 

Жазушы Ибраһим Салахов мешіттің құрылысына әкесі Низамның үлесі барын айтады

Өткен ғасырдың 20 жылдарына дейін-ақ, өрнекпен әшекейленген мешіттің мұнарасынан муэдзин (азаншы) мұсылмандарды намазға тұруға шақырды. Кейін КСРО еліндегі басқа мәдени-тарихи ғимараттар секілді құлатылған. Мешіттің минареті қайта салынып, қарапайым ғимаратқа айналдырды, оны әр жылдарда қаланың қажеттілігіне сай пайдаланды. 1941-1945 жылдары бұрынғы мешітте жасақталатын әскери бөлімдер, ал 1947-1974 жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, содан соң драма театрының көркем шеберханасы, ал 1975 жылдан бері республикалық көркем көрме залының галерея-филиалы орналасты... 

Науан хазіреттің құрметіне қойылған ескерткіш-белгі

Жетпіс жылдай уақыт өткен соң, 1989 жылы Көкшетау облыстық атқарушы комитетінің рұқсаты бойынша мешіт қаланың мұсылмандарына қайта берілді. Қазіргі таңда мешіттің ғимараты Көкшетаудың тарихи-мәдени ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауда тұр. ...Арада біраз жыл өткен соң, азаншының даусы қайта естілді...

 Гульчехра Перлей, 

Көкшетау қаласының тарихы музейінің аға ғылыми қызметкері