Өмірдегі өшпес сәт
26.05.2015 1543
Бұл – тағдыр тоғыстырған екі украин әйел мен бүкіл соғысты басынан кешірген сәби (жігіттің) оқиғасы. Бұл – менің әжем Щерицкая Елена Лукьяновнаның естелігі.

«...Бізді бұл жерге әкелгеніне көп болған жоқ, бұған дейін басқа лагерьде тұрғанбыз. Тұтқындарды іріктеп алды. Цистерналарды күкірт қышқылымен толтыру үшін мені зауытқа жіберді. Арық, кіп-кішкентай, аштықтан көзі бақырайған қыз едім. Сол үшін болар, неміс қарауыл мені аяп, өз кезекшілігінде тығып, балық шабақтары қосылған нан беретін. Сол неміс қария жақсы адам еді. Алайда басқалары да болды... (Осы тұста әжем біраз үнсіз отырды. Енді тіл қатпай қоя ма деп ойлап едім, алайда ол өз әңгімесін ары қарай жалғастырды). 

Әжем Щерицкая Елена Лукьяновна

...Оларды да бізге басқа лагерьден әкелген болатын. 150-ге жуық адам. Бір-біріне сүйенген, қарға құстарға ұқсайтын қара киімдегі адамдардың бет-әлпетін ажырату қиын. Тек қолында сәбиі бар келіншек қана ерекшеленіп, көзіме оттай басылды. Баласын бауырына қатты басып, немістерге қорқынышпен қарайлап тұр еді. Поляк-полицай баланы әйелдің қолынан күштеп тартып алды. Әйел жанұшыра шыңғырып жіберді, оны ұрып-соғып ары алып кетті. Полицай баланы темір бетонның үстіне қойып, қалтасынан қаруын шығарды... 

Осы сәтте, дәл осы секундта төбеден бомба түсті. Ешкім ешқашан бомбалаудың басталғанына бұлай қуанбаған болар. Бұл американдық авиация еді. Немістер барактарға тығылып қалды. Бомбалауды доғарар деген үмітпен бізді ашық алаңға шығарып жіберді. Мұндай сәтте ешқайда қаша да алмайсың. Барактардың тесіктерінен мылтық көздері көрініп тұр. Тірі қалуға еш үміт қалмады. Темір бетонды құшақтап алып, тек Құдайға құлшылық жасай бердім... Кенеттен бір дауыс естідім, сөйтсем сәби тірі екен! Міне, ол дәл қасымда, сәл қол созсам жеткілікті! Қалай екенін білмеймін, мен оны көйлегіме орап алып, бауырыма қыстым. Қорқынышты мүлдем ұмыттым! Тіптен ұмыттым... 

Қасымда тұрған әйел баланы баракқа тығуымды өтінді. Еңбектеп барып, баланы барактың ішіндегі саман төсектің астына жасырдым. Періштесі қақты ма, әлде қауіп-қатерді сезеді ме, алты айлық сәби-жігіт ерлік танытып, дыбысын шығармай жатты. Жылынып алған соң, ұйқыға кетті. 

Бомбалау аяқталған соң, тірі қалғандарымызды плацқа тізіп қойып, сәбидің қайда екенін сұрады. Оның қайда екенін барлығы білетін, бірақ ешкім тіс жарып айтпады. Өйткені ол әрқайсысымыздың сәбиіміз еді. 

Қорқынышқа толы күндер басталды. Өздеріміз үшін емес, сәбидің өмірі үшін. Күнде тексеру өтетін, кеудемде тулай соққан жүрегім тас төбемнен шыға жаздайтын. Нанды шайнап, шүберекке орап сорғызатынбыз. Тек ұйықтай берсе болды. Барактан алыс жүрген әрбір сәт шексіз уақытқа созылатын. Уақыт өте баяу жүрді. Мен оған балық қосылған нанымды әкеліп жүрдім. Ол бәрін түсінетін секілді қарайтын еді. Ең бастысы – жыламайтын! 

Анасын үш күннен соң әкелді. Оны өлдіге санап едік, сөйтсек аман қалған екен. Алайда, оның жағдайының мүшкіл болғандығы сонша, көбі оны әне-міне жан тапсыратын адамға балады. Полицайлар әбден соққыға жығыпты. Ол әлсін-әлсін «Виталик» деп баласын шақыра берді. Түнде мен оған баласының тірі екенін айтып, баласын қолына ұстаттым. Осы сәтте мен ана махаббатының шексіз күшін түсіндім. Әйелдің бойына жан бітіп, еңсесі бірден түзелді. 

Вера Голубевамен жақын дос болып алдық. Барактағы өміріміз тексерістен тексеріске дейін өтіп жатты. Виталикті қанша жасырсақ та, барактарды қадағалайтын неміс әйел біліп қойды. Бағана айтып өткенімдей, жақсы адамдар да көп қой, ол ешкімге айтпады. Өзі де сүт пен нан әкеліп жүрді. Алайда, бір күні баланы сөмкесіне салып, әкетіп қалды. Вераға қарасам, алаңдамай отыр екен. Сосын Вера маған неміс әйел өз көмегін ұсынғанын айтты. Неміс әйел Виталикті өзінің фермер әкесінің үйіне апаратынын, кейін Вераны да сол жерге фермерлік жұмыстарға алып кететінін айтыпты. Басқа жағдайда, полицайлар біліп қойса, үшеуін де өлім жазасына кесетінін түсіндіріпті. Әрине, Вера өз келісімін берген. Біраз уақыт өткен соң, Вера расымен фермаға жұмысқа барды. Дегенмен, бір айға жуық уақыт Вера өз баласының бар-жоғын, неміс әйелдің уәдесінің рас-өтірігін білмей, уайым кешті. Бір күні ол ақыры өз баласымен кездесті: топ-томпақ, жақсы күтім көрген әп-әдемі балақай болып шыға келген. Вераның бір-ақ арманы бар еді, тірі қалу және баласымен бостандық алу. Уақыт тағы өз арнасына түсті...» 

Әжем тағы біраз ойға шомды. Мен мүлде аң-таң күйде, есеңгіреп қалдым. Қалайша сондай қиындыққа төзіп беруге болады екен! 

Қай жылы екені есімде жоқ, 9 мамыр болатын. Бір топ жұмысшылар кеңшарда картоп егіп жүргенбіз. Бір кезде барлығы соғыс пен жеңісті еске алды. Соғысты бастан кешкен ер азаматтар өз естеліктерімен бөлісіп отырды. Осы сәтте қобалжыған әйелдің дауысы естілді: «Сендер соғыста болдыңдар, өлім мен өмірдің арасында жүрдіңдер. Өлсеңдер – өлетін едіңдер, тірі қалсаңдар — шүкір етесіңдер. Ал біз қайда болғанымызды білмейсіңдер...», – деді де кетіп қалды. Оның даусы маған таныс секілді естілді. Жанына жақындап барсам, Вера екен! Міне, біз осылай тағы кездестік. Ол тұтқыннан босатылған соң, вогондарының басқа бекетке кетіп қалғанын айтты. Қалай шаруашылықты көтергенін және осында көшіп келгенін баяндап берді. Мен тек Виталик туралы сұрауға батылым батпай отырдым. Ол тірі ме, әлде... Бөлмеге кішкентай қыз жүгіріп кірді. Есімі Ирина екен. Вера шаттана күліп, әкесін шақырып келуге жіберді. Біздің әңгімеміз ұзаққа созылды, бастан кешкеннің барлығын айтып бітіру үшін бір өмір де жеткіліксіз секілді еді. Көз жасымыз да көл болды... 

Голубевтердің отбасы: Вера, жолдасы мен ұлы Виталий 

Міне, бөлмеге ол да кіріп келді. Сұңғақ бойлы, әдеміше келген, ер жеткен біздің ұлымыз Виталик! Ол сәби кезіндегідей көгілдір көзімен маған қараған кезде көңілім орнына түскендей еді. Енді ол үлкен азамат болды, жүрегімізді шүберекке түйіп, қорықпаймыз. Енді жасырынудың еш қажеті жоқ! Виталик мені құшақтап, «рахмет!» деді. Бұдан соң біз Верамен арамыздан жіп өтпестей жақын болдық. Алайда уақыт өзінікін жасады: оны алып кетті, ал мені...

Дмитрий Есимов, 

Қостанай облысы, Красный Преснен ауылы, 

Краснопреснен орта мектебінің 8 сынып оқушысы.