Қазақ халқының таңбалары: ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін
04.06.2015 4455
Ғасырлар бойы сақталған қазақ таңбалары бүгінде ҚР Мемлекеттік рәміздеріне негіз болды, және олардың маңыздылығына ерекше мән берілуде

Көптеген жылдар бойы Қазақстан аумағында тұрып жатқан халықтардың әртүрлі белгілері болған. Олардың мәні ерекше. Қазіргі кезде де қазақстандық қоғамда күн, қалықтап ұшқан қыран, тұлпарлар, киіз үй және оның құрамдас элементтері маңызды орын алады. Егер қазақтардың ұлттық ою-өрнегіне ден қойсақ, бұл элементтердің терең тарихи мәні байқалады. Қазақтар көбінесе «қошқар мүйіз» деп аталатын оюды пайдаланған. Ол үшбұрыштар, шиыршық және қошқар мүйізден тұрады.

Киіз үйдің қазақ халқының өміріндегі рөлі ерекше. Түркі тайпаларының күрделі идеологиясын, жоғары мәдениет деңгейін көрсетеді. Сәулеттің құрылымы бірегей. Шаңырақ — ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасылық жәдігер. 

Қазақ халқы заманауи астрофизика ғылымын білмесе де, табиғаттағы және олардың өміріндегі күннің маңыздылығын жете түсінген. Моңғолдар мен түріктер басқа діндерге толерантты көзқараспен қараған, өйткені Күннің көзі барша адамзатқа сәулесін төгіп тұр. 

Қазақ мәдениетінде қыранның бейнесі де айрықша орынға ие. Қыран — азаттықтың, мақсатқа, болашаққа, тәуелсіздікке ұмтылудың бейнесі. Ежелгі сақтардың өнерінде қыранның суреттері жиі кездескен. Тасмола қорымында қазба жұмыстары жүргізілгенде маралдың мүйізінен жасалған белдіктің айылбасы табылды. Айылба қыранның басына ұқсайды. Айта кету керек, даладағы қыранның бейнесі — сақ мәдениетіндегі әртүрлі ру-тайпалардың ата-бабасының тотемы. Саяхатшы Марко Поло өз еңбектерінде жазғандай, киіз үйлерде тұрған қазақтар қыран құс ұстады. 

Геральдика ғылымымен айналысатын мамандардың айтуынша, арғымақтардың бейнесі де терең мәнге ие болып отыр. Ол арыстанның айбатын, бұқаның күші мен қуаттылығы және маралдың жылдамдығын білдірді. Сонымен бірге, батырдың жан серігі — астына мінген тұлпары. Байға, көкпар, қыз қуу секілді ұлттық ойындар тұлпарсыз өтпейді. 

Белгілі бір қазақ руы басқа тайпалардан өзіндік белгілері арқылы ажыратылған. Сондай белгілер аса құнды мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа берілген. Әр рудың тамғасы мен «ұраны» (елді жауға қарсы дайындалсын деген белгі) болған. Уақыт өте келе, қазақ халқының дәстүрлі әуендері де пайда болды. Осылай, «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік Әнұранның негізіне айналды. 

Ғасырлар бойы сақталған қазақтардың белгілері қазіргі кезде де өзектілігінен айырылған жоқ. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ал 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Бұл күн ел тарихында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.

Мирас ИРГЕБАЕВ