«ЖАСАМПАЗ. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас» кітабы жарық көрді
01.07.2015 1894
Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың РФ Журналистер одағының жоғары наградасы «Ерекше еңбегі үшін» белгісімен марапатталғандығы жарияланды

30 маусымда Мәскеу қаласында «ЖАСАМПАЗ. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас» («СОЗИДАТЕЛЬ. Нурсултан Назарбаев: взгляд из России») атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. 

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жарық көрген кітаптың таныстырылымына ТМД-ның және бірқатар Еуропа елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты. 

Ресейдегі Қазақстан елшілігінің бастамасымен жарыққа шыққан 400 беттен тұратын жаңа жинақтың тұсау кесерінде осы елдегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин Ресейдің мәдени, ғылыми элитасы Н. Назарбаевпен кездескендегі өз пікірлерін жинаққа жазып беруге келісіп қана қоймай, Н.Ә. Назарбаевтың саяси көшбасшы ретіндегі феномені туралы ой толғамдарымен бөлісуге дайын болғандығы айрықша әсер еткенін жеткізді. 

Осы орайда М. Тәжин Н.Ә. Назарбаев көшбасшылығының факторы стандартты саяси модельдер қалыбына сыймайтын бірегей тарихи феномендігінде екенін айтты. Бұл жерде жеке қасиеті, лидерлік стилі, өзгерген тарихи жағдайды да айтуға болар. 

«Қазақстан Президентіне тәуелсіздікті қалыптастырудың алғашқы күрделі кезеңінен соң басқарудың өзіндік стилін өзгертіп қана қоймай, жаңа сапаларды қажетсінген өзге деңгейдегі сын-қатерлермен бетпе-бет келуге тура келді, – деді Марат Тәжин. – Сөйтіп, басқа Нұрсұлтан Назарбаев пайда болды. Егер бірінші кезеңде бұл бұрынғы экономикалық жүйедегі басқарудың үлкен тәжірибесі бар беделді өңірлік саясаткер болса, екінші кезеңде тәуелсіздік алған, бірақ енді ғана бұлыңғыр болашақтың драмалық жолына аяқ басқан қоғамның көшбасшысы еді». 

Н.Ә. Назарбаевтың саяси көшбасшылығының жаңа саяси қырлары бүкіл әлемнің саясаткерлері мен экономистері алдында дүниенің төрт бұрышында дағдарысты құбылыстармен байланысты ежелгі «Не істеу керек?» деген сауал тұрған шақта, яғни соңғы онжылдық бедерінде анық көрінді», – деп атап өтті М. Тәжин. 

«Н.Ә. Назарбаев осы дағдарыстың бастауларына терең теориялық көзқарас ұсынған қазіргі әлемдегі саусақпен санарлық саясаткерлердің бірі болды. Бірақ, іс мұнымен шектелген жоқ – Қазақстан қатал да шешімді іс-әрекет стилінің арқасында дағдарыстан әлемнің көптеген экономикаларына қарағанда аз шығынмен шыға алды», – деп атап көрсетті дипломат. 

Марат Тәжиннің пікірінше, дағдарыстан кейінгі кеңістік саяси көшбасшылардан жаңа көзқарас талап етеді. Осылайша тарих тағы да бағамдау критерийлерін өзгертеді. Алдыңғы кезекке аса маңызды үш ерекшелік шығады. 

Біріншіден, саяси көшбасшылардан талап етілетін интеллектуалдық өлшем күрт жоғарылайды. Екіншіден, ұлттық инновациялық жобаларды жасап, жүзеге асырудың, жаһандық мақсаттарға қол жеткізуге мәжбүрлей отырып, саяси және экономикалық элитаның басқарушылық жіктері үшін кең ауқымды «қысым алаңын» құрудың қолдан келуі. Үшіншіден, экономикалық көрсеткіштердің қаншалықты маңызды екеніне қарамастан, шынайы көшбасшылық таяудағы онжылдықтарда қоғамдағы саяси, экономикалық, этностық және діни үдерістер арасында аса нәзік тепе-теңдік болуын талап етеді. Және осы үдерістер көп жағдайда бір-біріне ашықтан-ашық қарама-қайшы келіп жатады. 

«Жалпылама айтқанда, көшбасшыдан бүгінде үш аса маңызды параметрлер – интеллект, инновацияшылдық, теңгерімділік талап етіледі. Дәл осы қасиеттерді Қазақстан көшбасшысының бойынан қиналмай табасыз», – деп мәлімдеді Қазақстан елшісі. 

Ал енді кітапқа қатысты айтатын болсақ, өзінің алғысөзінде Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің мүшесі, Халықаралық істер жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Виталий Игнатенко былай деп жазады: «Бұл кітап – ұлан-ғайыр, қуатты ел туралы, ғарышты бағындырудың басталуы туралы, ұлттық дипломатияның пайда болуы туралы және ядролық сынақтардан, яғни ажал сепкіш тажал қарудан бас тарту туралы, ғажайып қала Астана – болашақтың мегаполисі туралы, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық кеңістік секілді күрделі құрылым туралы… Және бастысы – мыңжылдықтар тоғысында өсіп-өркендеген және көпұлтты заманауи Қазақстан секілді осыншалықты ғажайып халықаралық құбылысты жасау қолынан келген адам туралы». 

Бұл көп жағдайда үш бөлікті композициядан тұратын ерекше басылым болып табылады. Біріншісіне жетекші ресейлік публицистердің, шолу-шылардың, халықаралық журналистердің очерктері енген. Онда авторлар өздерінің ортақ кейіпкерлері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке басының қырлары мен қызмет салалары туралы егжей-тегжейлі сөз қозғайды. 

Жинаққа енген публицистердің арасында шығармашыл одақтардың, ірі баспалардың басшылары, жоғары наградалар мен беделді сыйлықтардың лауреаттары – Всеволод Богданов, Владимир Губарев, Рафаэль Гусейнов, Валерий Симонов, Юрий Батурин, Кирилл Привалов, Леонид Млечин, Николай Долгополов бар. 

Олардың барлығын орасан зор журналистік тәжірибемен қатар, жоғары, журналистикадағы аса құрметті «Ресейдің алтын қалам иесі» атағы біріктіреді. Сонымен қатар, кітапта ұсынылған очерктер Қазақстан Президентінің тұлғасына әр автордың ізгілікті ниетімен, орасан зор құрметімен ерекшеленеді. Олардың кейбіреулері Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей таныс болса, келесі біреулері Елбасымен әр жылдары түрлі жағдайларда кездескендер болып табылады. Енді біреулеріне одан сұхбат алудың сәті түссе, тағы біреулері Қазақстан көшбасшысының тамаша өмірбаяны мен көп қырлы қызметін кәсіби тұрғыдан қызығушылықпен бақылағандар. 

Бұл көпқырлылық очерктердің «Президент», «Дипломат», «Реформатор», «Полигон», «Ғарыш айлағы», «Одақтас», «Жерлес» деген тақырыптарда да ықшам көрініс тауып, Қазақстан Президентінің көпжылдық жұмысының маңызды кезеңдерін әр қырынан терең ашып көрсетеді. 

Ресей Журналистер одағының төрағасы Всеволод Богданов өзінің очеркінде осы шығармашылық жобаны ұсына отырып, өзінің одақтағы, «Алтын қаламдағы» әріптестері Нұрсұлтан Назарбаев туралы өздерінің сөздерін айту жөніндегі ұсынысқа үлкен қызығушылықпен және құлшыныспен үн қатқандарын атап өтті: «Бұл очерктер бір-бірінен көшіріп алғандай бірін бірі қайталайтын дүниелер емес және қазақ халқының көрнекті перзентінің өмір жолын, оның Қазақстан тарихындағы рөлін өздерінше саралайды... Біздің кітабымыз Нұрсұлтан Әбішұлына, оның саясатына, елі мен халқына Мәскеуден көзқарас», – деді ол. 

Авторлардың бірі, Ресей Журналистер одағының хатшысы Рафаэль Гусейнов өзінің «Президент» деген очеркінде Қазақстан Көшбасшысының жарқын саяси қадамдары мен шешімдеріне айрықша назар аударады. Автордың пікірінше, КСРО ыдыраған кезде жаңа өмір шындығына үйлесімділікпен кірігіп, жаңа, тәуелсіз мемлекет құруда тамаша табыстарға қол жеткізе білуі, Семей полигонын жабуы мен Байқоңыр космодромын Қазақстанның меншігінде сақтап қалуы, Еуразиялық экономикалық одақ құру бастамасы, елді тұрақсыздандыру әрекетінің алдын алуы сияқты батыл іс-әрекеттері кім-кімді де таңдандырмай қоймайды. 

Кирилл Привалов Қазақстан Президентінің сыртқы саяси қызметіне ден қояды. Оның харизмасы мен әлемдік қоғамдастыққа танымалдығы, деп атап өтеді автор, сол шақта енді ғана пайда болған Қазақстан дипломатиясына қажетті халықаралық байланыстар орнатуға, ал перспективада ұзақ мерзімді ұлттық сыртқы саясат қалыптастыру мен орнықтырудың аса маңызды міндеттерін шешуге мүмкіндік берді. Бүгінде өзінің сыртқы саясаты тиімді халықаралық бренд болды деп мақтана алатын елдер соншалықты көп емес екені анық деп ой түйеді К. Привалов. 

Леонид Млечин «Реформатор» очеркінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің Төрағасы лауазымына тағайындалған сәтінен бастап Тәуелсіз Қазақстанның басшысы ретінде саясаткер болып қалыптасуының негізгі кезеңдерінің бәрін сараптамадан өткізеді. Журналист егер сол шешуші жылдары Горбачев Назарбаевты КСРО-ның вице-президенті немесе одақтық үкіметтің басшысы етіп тағайындағанда шын мәнінде не болар еді деген сұрақты көлденең тартады. «Бұл үлкен де біртұтас елді сақтаудың мүмкіндігі болуы ықтимал еді ғой», – дейді автор. 

Владимир Губарев Қазақстан Президентінің антиядролық бастамашылығына «Полигон» атты мақаласын арнады. «Ол – үлкен мемлекеттер басшылары арасында барлығы да шақырған, бірақ ешкім де осы уақытқа дейін атқармаған істі жүзеге асырған жалғыз Көшбасшы. Шешім қабылдау оңайға түскен жоқ және осы жайындағы болашақ туралы толғанысты ол өзінің айналасындағылармен ғана емес, ең алдымен өзімен жүргізді. Дәстүрлі шектелушілікті сындыруға, ешкім-де өте алмайтындай көрінетін соншама биік кедергілерді еңсеруге тура келді», – деп жазады автор. 

Көсемсөзші және ғарышкер Юрий Батурин Нұрсұлтан Назарбаевтың «ғарыштық» қызметінің әр түрлі қырларын аттап өте алған жоқ. Оның сөзінше, Қазақстан көшбасшысы өз елі өмірінің түрлі қырларымен айналысады, бірақ ағымдық саяси тәжірибе барысында әлі де саналы түрде көзге түсе қоймаған оның «космизмі» басқа елдердегі – «социализм» немесе «нарық» секілді мемлекеттік басқарудың көп өлшемді қисыны үшін арқаулық түсінік болып шықты. 

Жазушы, «Российская газета» бас редакторының орынбасары Николай Долгополов «Одақтас» атты очеркінде Нұрсұлтан Назарбаевты Ресейдің басты досы деп атайды. Оның пікірі бойынша, Еуразиялық одақ болашаққа жасалған үлкен серпіліс болды. «Ал оны көре, түйсіне білу көп ешкімге берілмеген еді. Тек қана аса зор дарынға ие таңдаулыларға ғана. Мұндай көре білу қасиеті Назарбаевта бар. Мен Нұрсұлтан Әбішұлы ойластырған және ұсынған барлық істі жаңа жол төсеу деп атаған болар едім», – дейді ол. 

«Труд» газетінің бас редакторы, Қазақстан түлегі Валерий Симонов «Жерлес» деген мақаласында Назарбаевты елдің жаңа елордасы Астананың негізін қалаушы әке, елдегі ұлтаралық келісімнің кепілі және жалпыға ортақ тарихи жадының сақтаушысы ретінде көрсетеді. Оның сөзі бойынша, Қазақстан астанасын ауыстыру тарихы – көшбасшының ішкі сенімі ғажайыпты тудыра алатындығының тағы бір жарқын мысалы. 

Кітапқа Ресейдің аса ірі саяси және қоғам қайраткерлерінің Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы түсініктемелері, жеке бағалары берілген. 

Жинаққа Ресей Президенті Владимир Путиннің, ММУ ректоры Виктор Садовничийдің, ММХҚИ ректоры Анатолий Торкуновтың, режиссер Никита Михалковтың Қазақстанның Көшбасшысына берген бағалары, сондай-ақ осы жинаққа арнап жазылған көптеген пікірлер берілген. Олардың авторларының қатарында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, ТМД атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Мемлекеттік Думаның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы істері, еуразиялық интеграциялар және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасы Леонид Слуцкий, КСРО Үкіметінің бұрынғы басшысы Николай Рыжков, Татарстан мен Ингушетияның бірінші президенттері Минтемир Шаймиев пен Руслан Аушев, белгілі әнші және Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Полад Бюльбюль-оғлы, РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Михаил Швыдкой, «Еуразия Іскерлік кеңесі» Үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковец, Ресей Ғылым академиясының президенті Владимир Фортов, ғарышкер Валентина Терешкова, Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабарларын тарату кешенінің бас директоры Олег Добродеев, «Интерфакс» агенттігінің басшысы Михаил Комиссар, экономистер Абел Аганбегян мен Руслан Гринберг, жазушы Анатолий Ким, пианист Денис Мацуев пен әнші Александр Градский, әртістер Олег Табаков пен Геннадий Хазанов және басқа да көптеген қайраткерлер бар. 

Өздерінің Назарбаев туралы әсерлері мен естеліктерін, бағаларын қағаз бетіне түсірген олардың әрбірінің қайталанбас стильдері арқылы жазылған жеке, өзіндік ойлары жинақтала келе «ортақ кейіпкерге» айналған. Қорытындысында «Жасампаз» кітабы Қазақстан Көшбасшысының өзіндік бір ұжымдық бейнесін сомдаған. Тіпті, нақтырақ айтсақ, журналистиканың танымал жұлдыздары шеберлікпен қалыптастырған және Ресей қоғамының айтулы, беделді өкілдерінің пікірлерімен қуатталған «мозаикалық панноға» айналған. 

Отызға тарта құттықтаулар арасынан КСРО-ның бұрынғы президенті Михаил Горбачевтің: «Алдағы жылдарда да сен өзіңнің болашақты көре білу секілді қасиетіңді таныта бересің деген сенімдемін. Бұл – қорытындылай келгенде, саясаттағы даналықтың басты мәселесі. Сенің барлық достарың, Ресейдегі және басқа да елдердегі Қазақстанның көптеген достары бұған шынайы түрде қуанады. Ал Қазақстанның жетістіктері басқалар үшін үлгіге айналады» деген терең сезімге толы жолдауы да ерекшеленіп тұр. 

Мерейтойға қатысты құттықтауларын ғарышкер-ұшқыш Алексей Леонов, суретші Зураб Церетели, «ЛУКойл» концернінің президенті Вагит Алекперов, «Аргументы и Факты» газетінің бас редакторы Николай Зятьков, РФ СІМ Дипломатиялық академиясының ректоры Евгений Бажанов, «РОСНАНО» компаниясының басшысы Анатолий Чубайс, Ресей Мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин, Ресейдің атақты әртістері Юрий Григорович, Александр Калягин, Валерий Гергиев, Юрий Башмет, Владимир Спиваков, Сергей Шакуров, композитор Игорь Крутой, спортшылар Елена Исинбаева мен Ринат Дасаев та жолдаған. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың көп қырлы қызметі, Қазақстан Президентіне танымал әлемдік көшбасшылардың біріне айналуға мүмкіндік берген оның тұлғасының ауқымдылығы туралы жарқын бағалар кітаптың тұсаукесеріне қатысып, сөз сөйлеушілер тарапынан да айтылды. 

Қонақтардың көпшілігінің жобаға тікелей қатысушылар, жинаққа пікір білдірушілер, кітаптың кейіпкерімен тікелей таныс жандар болуы жинақты талқылау кезінде ерекше жайлы ахуал, көтеріңкі көңіл-күй қалыптастырды. Сондықтан да «Орыс баспасөзі» бүкіләлемдік ассоциациясының президенті Виталий Игнатенконың, Еуразиялық экономикалық комиссия төралқасының мүшесі (министрі) Татьяна Валоваяның, Мемлекеттік думаның ТМД істері, еуразиялық интеграциялар және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасы Леонид Слуцкийдің, «ЛУКойл» концернінің президенті Вагит Алекперовтің, Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Полад Бюльбюль-оғлының сөздері сондай бір шынайы және сезімге толы болып шықты. 

Бәлкім, Виталий Игнатенконың мына бір сөзі барлығынан да нақтырақ жалпы мәнге ие болып шыққан болар: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – бүгінгі әлемдік саясаттың ең бір жарқын көшбасшысы. Оның Қазақстан тағдырына қосқан үлесін бақылаудың өзі өте қиын. Тіпті, Қазақстанның ел ретінде, держава ретінде қалыптасуы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке жетістігі деп айтсақ, артық емес», – деді ол. 

Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың РФ Журналистер одағының жоғары наградасы «Ерекше еңбегі үшін» белгісімен марапатталғандығы жарияланып, бұл жарқын шара осылайша ерекше екпінмен аяқталды.

Дереккөзі: ҚазАқпарат