Ұлт ұясындағы ұлы той
13.08.2015 2067
Қарағанды облысында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлт ұясы — Ұлытау» атты дүбірлі той өтпек. Бұл туралы облыс әкімі Н. Әбдібековтың төрағалығымен өткен жиналыс барысында айтылды

Актив жиналысында жылдың басты мерекесіне сауын айтылып, дайындық барыстары пысықталды. «Аймағымызда жыл басынан бері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған 51 іс-шара өткізілген. Шығармалар байқауы, жоғары оқу орындарында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, спорттық шаралар, көрмелер мен концерттер соның бір парасы. Ал әзірге айтулы жаңалық – «Сарыарқа кітапханасы» деген сериямен 100 томдық кітаптың шығарылуы болды. Жалпы мерекеге арналған 75 шара ұйымдастыру жоспарланған. Ең басты дүбірлі той ұлт ұясы – Ұлытауда өтеді», – деді облыс басшысы. 

Маңызды тойдың Ұлытауда өтуінің өзі – зор жаңалық. Ұлытау — қазақ хандары жатқан киелі өлке. Үш жүздің басы қосылған ұлы дала тек еліміздің ғана емес, тұтас Еуразияның рухани, мәдени, саяси орталығы саналады. 

Ұлар құстың мекені Ұлытау – еліміздің тарихи және географиялық кіндігі. Қазақ халқының алтын бесігі. Қазақ хандығының құрылуы мен мемлекеттігінің қалыптасуына байланысты ұлт тарихындағы ірі оқиғалар болған жер. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Ұлытау төріндегі сұхбатында «Ұлытау – өте қасиетті жер: Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар», – деп атап көрсеткен еді. 

Ұлы хандар жерленген киелі топырақ тамыз айының 21-23-і аралығында үш күнге созылған той өткізеді. Той барысына Ұлытау мен Байқоңыр ауылдары атсалыспақ. Қонақтар алдымен Байқоңыр селосында «Бұланты шайқасына» арналған стелланың ашылу салтанатына қатысып, «Ұлыларға тағзым» атты театрландырылған көріністі тамашалайды. Ұлы хандар Жошы мен Алаша хан кесенелеріне саяхаттайды. 

22 тамыз күні той Ұлытауда жалғасады. Алдымен «Ұлытау ұлт бесігі» ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, ғалымдар мен тарихшылар қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты салихалы пікірлерін талқыға салады. Кешкісін кент орталығындағы «Салтанат» алаңында аудандық көркемөнерпаздардың ән мен жырдан шашуын тамашалайды. 

23 тамыз күні Ұлытаудан 4 шақырым қашықтықтағы «Хан төбе» баурайында ұлы дүбірлі тойдың жалауы көтеріледі. Бұл сайын далада эстрада жұлдыздарының гала-концерті ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілмек. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, «Бәйге төбеде» аламан бәйге қыза түседі деп күтілуде. 

Десе де, баурайында мерейтой тарқамаған Ұлытауға былтырғы жыл құт болды. Олай дейтініміз Елбасының Ұлытау төріне келіп, сұхбат беріп, баға беруі, одан кейін «Ұлытау – ұлы мекенім» атты тарихи-мәдени халықаралық форумның өтуі, «Ұлы Дала сазы» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі сынды жоғары деңгейдегі іс-шаралардың жалғасуы осындай іс шаралардың өтуі Ұлытау үшін жаңа дәуірдің басталғанын көрсетті. Ендеше Ұлы хандар жеріндегі ұлт ұясы атанған Ұлытау бұл той да жоғары деңгейде өткізіледі деген сенім бар.