Батыс Қазақстанда Қазақ хандығының 550 жылдық тойы басталды
24.08.2015 3328
Бүгін Батыс Қазақстан облысында «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерейтойы салтанатын құрмақ

Айтулы мерейтой республикамыздың барлық өңірлерінде кеңінен аталып өтуде. Ұлт ұясы – Ұлытау төрінде «Бұланты шайқасы» стелласы ашылып, ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Ал батыстағы ағайындардың мерейтойға әзірлеген іс-шаралары мүлдем өзгеше болды. Ұлы тойға үн қосқан іс-шараны Орал қаласынан Хан ордасына дейінгі автошерумен бастады. Енді олар «Қазақ хандығының 550 жылдығы» қарсаңына орай 550 шақырым жолды жүріп өтіп, әрбір тоқтаған ауыл-аймаққа қазақ тарихына, қазақ мәдениетіне қатысты қызықты ақпараттармен бөліспек. 

 «Елдіктің терең тамыры» атты мәдени-көпшілік шара аясында өткізіліп отырған автошеру мақсаты – «25-26 тамыз күндері Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында өтетін «Елдіктің терең тамыры» атты республикалық шараларға қолдау көрсетіп, жалпыхалықтық сипат беруге үлес қосу. 

БҚО әкімдігінің қолдауымен «Нұр Отан» партиясының «Жайық Пресс» ЖШС-дағы бастауыш ұйымы және республикалық «Дана» журналы бастамашы болған автошеруге шығатын топ құрамында тарихшы-ғалымдар, өлкетанушылар, әнші, жыршылар, журналистер мен блогерлер, фототілшілер бар. Олар оншақты автокөлікке бөлініп отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне 550 шақырым жолды жүріп өтіп, Хан ордасына табан тіремекші», – деп «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин мәлімдеді. 

«Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойына өткізіліп отырған автошерудің Орал қаласынан басталуының тарихи мәні зор. Өйткен бұл өңірде 1801 жылы Бөкей хандығы құрылып, Орал қаласы іргесіндегі тоғайда 1812 жылы Бөкей хан ак киізге оралып, хан сайланды. Кейін 12 жыл өткізіп, 1824 жылы Бөкейдің ұлы Жәңгір хан сайланып, ежелгі салт-дәстүр бойынша ұлықталды. Сондықтан да тарихи қала Оралдың ұлт тойында төбе көрсетуі міндетті жағдай. Бүгінде Орал қаласы маңындағы Бөкей мен Жәңгір хандар ак киізге оралып, хан сайланған тоғай «Хан тоғайы» деп аталып кетті. 

Орал қаласынан шықққан автошеру бүгін «Хан тоғайына», ортағасырлық Жайық қалашығына аялдап, одан әрі Ақжайық ауданының орталығы Чапаев, Жаңақала ауданының орталығы Жаңақала арқылы Бөкей ордасына жетеді. 

Жол-жөнекей ауыл, аудан тұрғындарымен түрлі кездесулер, мәдени шаралар өткізілу жоспарлануда. Ауыл-аймақ тұрғындарына әншілер мен жыршылар өнерлерін көрсетіп ән мен күйден шашу шашса, тарихшы-ғалымдар қазақ тарихына қатысты қызықты деректерді таныстырмақ. Журналистер мен блогерлер іс-шараның қызықты ақпараттарын жылдам халыққа жеткізіп, қызықты фотосуреттермен жедел түсірілім жасайды деп күтілуде.