Ғұн ордасының орыны табылды
22.07.2020 3229
Моңғол археологтары өткен аптаның соңында Монғолияның Архангай аймағы Өлзийт сұмын жерінен Ғұн ордасының орнын тапты деп хабарлайды Егемен Қазақстан газеті.

Алғашқы Ғұн империясы б.з.д. IV ғасырдан бастап б.з.д. 55 жылға дейін өмір сүрді. Мемлекеттің ең күшейген тұсы Мөде қаған ел билеген мезгіл. Тарихи деректерде ғұндар Хань имериясынан 100 жылға дейін алман-салық алып отырғаны айтылады. Табылған жұрт осы алғашқы Ғұн мемлекетіне тиесілі орданың жұрты. Қытай деректерінде Ғұн ордасы – Лун-Чен немесе Луут деп жазы­лып, қала қат-қабат қорғанмен қоршал­ғандығы, өте үлкен жасанды су қоймасы болғандығы жазылған. Сонымен қатар қорған қақпасына «Тәңірдің ұлы шаньюй» (Тәңірқұты) деген жазу бәдізделгені жайлы айтылған.

Археологтар арасында осы деректерде айтылған бойынша «ғұн ордасы Луут Қанғай үстіртінде орналасқан» деген болжам басым орында болып келген. Орданың Қанғай (Архангай) аймағынан табылуы туралы мақала авторы Бекен Қайратұлы мынадай пайым жасайды: «Қала тағаны табылған орын көне түркілердің құт мекен, қасиетті қонысы Өтукеннің кіндігі, Орхон өзенінің аңғарында жатыр. Бұл өлке көне түркі мұраларының ұйығы істептес. Жаңадан табылған Луут қаласының оңтүстік шебі 80 ша­қырым жерде Күлтегін ескерткіші тұрса, оған жалғас Білге қаған кешені менмұндалайды». Бұл белгілі деңгейде көне түрік мемлекеті өздерін ғұндардың заңды жалғасы санағанын да меңзесе керек.


Нысанға қазба жұмыстарын жүргіз­ген топ жетекшісі Ұланбатыр универсиетінің ғалымы Т.Идер­қанғайдың айтуына қарағанда, олар әуелі ежелгі қытай жазуы бәдізделген жәдігер тапқан. Осында таңбаланған иероглифті оқыған мамандар бұл «Тәңір­дің ұлы шаньюй» деген сөз екенін анықтаған.