Арттағыға сөзің мен ісің қалса... (Павлодар облысының мемлекеттік архивіне – 95 жыл)
30.07.2020 1678
 «Архив - бұл халықтың деректі мұрасы» - демекші, аз уақыт қызмет атқарсам да, өзімнің жеке басыма жақын болып кеткен, сүйікті ұжымым, Ертіс-Баян өңірінің тарихын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп дерек көздерін сақтаушы,    «Павлодар облысы мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің абыройлы жұмыс атқарып жатқанына бүгін, 30-шы шілде мерейлі - 95 жыл толып отыр. Нақ осы күн жұмысшы, шаруа және қызыл әскер депутаттары Кеңесінің Павлодар уездік атқарушы комитеті президиумының қаулысымен, Павлодар уездік атқарушы комитетінің штатына архивариус лауазымы енгізілді. Әрине, архивтің қызметін, оның қоғамға қандай қажеттілігі барын кейбір азаматтар білуі де, білмеуі де мүмкін. Бүкіл әлемді жаулаған індетке қарамастан, архив саласының қызметкерлері халыққа қызмет көрсету жұмысын тоқтатқан емес. Осындай мерейлі күні құрметті жерлестер, оқырмандар аталмыш мекеменің қысқаша тыныс-тіршілігімен таныс болыңыздар.

            Павлодар облысының мемлекеттік архивінде сақталудағы құжаттар Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет тарапынан қорғалады.

         Павлодар облысының мемлекеттік архиві қазіргі таңда, Павлодар облысы әкімдігі, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты мемлекеттік мекеме. Облыстық мемлекеттік архив бөлімдері: Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы, Май, Успен, Шарбақты және Ақсу қаласы архивтері құжаттардың тұрақты сақталуын жүзеге асырады. Облыстық архив мекемелерінде 1766-2017 жылдардағы 1 миллионнан аса сақтау бірлігі көлемінде Павлодар облысы мекемелері, ұйымдары, кәсіпорындарының басқару, ғылыми-техникалық, дыбыстық бейнелік және азаматтардың жеке тектік құжаттары, сонымен қатар сақталатын құжаттардың негізгі бөлігі кеңестік дәуірге және Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы кезеңіне қатысты отандық тарихтың түрлі аспектілері бойынша мәлімет алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Павлодар уездік және округтік билік органдары қорларында Ертістің Павлодар өңірінде кеңес өкіметінің орнатылуы үшін күрес, экономиканы қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын коллективтендіру, мәдени даму мәселелері көрініс табады.


      Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең бір ауыр және азалы кезеңдердің бірі, Кеңес Одағы азаматтарының – концентрациялық лагерлерге қамалуы және Германияға мәжбүрлі жұмыстарға айдалуы жайлы өте сирек кездесетін құжаттар, фашистік лагерлер тұтқындарының істері мен құжаттарының топтамасы да жасалған.

        Сонымен қатар, темір бетонды өнімдер шығаратың кәсіпорындар, өндірістік, тұрғын үй-тұрмыстық және мәдени қызметтегі ғимараттардың жобалары, жол құрылысы, совхоздарды қоныстандыру жобалары бар ғылыми-техникалық құжаттама Павлодар облысының мемлекеттік архиві құжаттарының маңызды кешенін құрайды. Павлодар облысына байланысты қай салаға болса да кез келген маңызды мәліметті өтініш білдіру арқылы зерттеу жұмысын жүргізуге немесе жұмыс барысында пайдалануға қажетті құжаттарды біздің архив сөрелерінен табуға мүмкіндіктеріңіз ұшан-теңіз.

Айта кететін жайт,   облыс тұрғындарының сұранымдарын орындау мемлекеттік архивтердің жұмысының ең жауапты бөлімі болып табылады. Себебі, жеке және заңды тұлғаларға архивтік кұжаттар негізінде берілетін архивтік анықтамалықтар, көшірмелер мен архивтік құжаттардан үзінділер олардың кұқықтары мен заңды мүдделердін қорғау үшін қажет.Архивтік анықтамалық, көшірмелер, үзінділердің маңызы зор болғандықтан, халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік қызметтер тізбесіне енгізілген. Жыл сайын облыс архивистері алыс және жақын шетелдердің жеке және заңды тұрғаларының өтініштері мен сұранымдарын уақытылы және сапалы түрде орындауға ерекше назар аударады.

       Заманауи талабына сай, архив мекемелері қызметінің басым бағыттарының бірі, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету саласында жаңа ақпараттық технологияларды енгізу, электрондық архивтер кұру болып табылады. Осыған байланысты облыс архиві құжаттарды цифрлау жұмыстарын да жүзеге асыруда.

        Облыстағы архив мекемелері жұмысының тәжірибесінде алғашқы рет облыс мемлекеттік архивінің құжаттары бойынша «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Павлодар облысы» мультимедиалық анықтамалық құралы дайындалды. Бүгінгі таңда, Елбасымыздың «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры, «Архив-2025» кешендік жоспар аясында, Павлодар облысының мемлекеттік архиві көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда. 2019 жылдың мамыр айында,1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында әскери госпитальдарда жарақаттар мен аурулардан қаза тапқан, хабарсыз кеткен павлодарлық жауынгерлердің тағдырлары туралы қысқаша өмірбаяндық «Боздақтар» естелік кітабының алтыншы томы жарық көрді. Сонымен қатар, биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75-жылдығына тарту ретінде, арасы 5 жыл салып, архив ұжымының тынымсыз еңбегінің арқасында «Жеңімпаздар» кітабының 4-6 томдары дайындалып, баспаға берілді. Ұжымның бір адамдай бірлікте қызмет атқаруларының арқасында, жуырда жұмыс барысында өте қажетті ғылыми-анықтама жүйесі қалыптасқан   Павлодар облыстық мемлекеттік архиві қорларының құрамы мен мазмұны туралы 2017 жылдарды қамтитын «Павлодар облысының мемлекеттік архиві. Жолсілтегіш» анықтамалық құралы дайындалды.

            Биылғы жыл баршамызға ауыр жыл болып тисе де, халықтың игілігі үшін ауыртпалықтарға қарамай, архив ғимараттарын жөндеу жұмыстарын да жүзеге асырудамыз. Президентіміздің жұмыспен қамту «Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында, Павлодар облысының әкімдігінің қолдауымен, Баянауыл мемлекеттік архивінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Тоғыз ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар» дегендей, шуақты жаз күнінде келіп жеткен Павлодар облысы мемлекеттік архивінің ұжымын 95-жылдық мерейтойларымен құттықтаймын! «Бірлік түбі-береке» - демекші, архив саласын Республикамыздың алдыңғы қатарында берік ұстауға мұрындық болып келе жатқан әріптестеріме, оның ішінде ерекше айта кету керек, архив саласының ардагерлері, майталмандары - Х.Х. Акимхановқа, Қ.Ғ. Макажановаға, К.О. Есімхановаға, Б.М.Дюсенбинаға тағы басқаларға, сонымен қатар әрқашанда қолдау көрсетіп жүретін Павлодар облысы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы – Р. Шөкеев мырзаға, Павлодар облысының әкімдігіне, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына, архив ұжымына алғысым шексіз. Архивтік еңбек қиын да күрделі, бірақ мейірбанды және игілікті іс. Біздің павлодарлық архивистер жоғары жауапкершілігімен, өз жұмыстарына берілгендігімен, істі шығармашылықпен орындайтынымен, адамдарға шын жүрекпен көмектесе білетіндіктерімен ерекшеленеді. Ұлттың тарихын, әсіресе туған жердің тарихын білу кез келген адамның міндеті.   Сайын даланың төсін жайлаған қазақтың мәңгілік ғұмыры, ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Бүгінгі бүкіл әлемді жаулап тұрған індетімізді жеңіп, бірлігіміз жарасып, деніміз сау болып, тәуелсіз көк туымыздың астында бақытты ғұмыр кешуге Алла нәсіп етсін!


Павлодар облысының мемлекеттік архивінің басшысы

М. Байзельдинова