Теміртау қақтығысы
16.01.2017 4367
ХХ ғасырдың ортасында тың игеру табысқа кенеліп, өнеркәсіп өндірісі өрге жүзіп, оң нәтиже бергенімен, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы әлсіз болып бұқара қарсылығы бұрқ ете түсті

Ұлы Отан соғыстан кейін ел қиын ауыртпалықтан шығып, еңсені көтергенде жаңа реформа тың игеру қолға алынды, елдің аграрлық қауқары алға басты. Оның үстіне ХХ ғасырдың басында жақсы қарқынмен бастау алған Қазақстандағы индустрияландыру реформасы өндіріс саласын зерттеп, ашып, дамуына зор есебін тигізді, соғыс кезінде өнеркәсіп өндірісі әсіресе ауыр өнеркәсіп пен тау-кен өндірісі алдыңғы қатарда болды, дегенмен халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселесін толық шешіп бере алмады, тағы белгілісі Қазақстанның негізінен шикізат көзі болғаны, сондықтан жергілікті халықтың жиналған мәселесі жинала берді.

Нақты оқиғаға келсек, Теміртау қаласында 1959 жылдың тамыз айында, бүкіл одақты дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Қалада салынып жатқан алып "Қазақстан магниткасы" бүкіл одақтық екпінді құрылыс деп жарияланып, оған іле-шала Кеңес Одағы құрамындағы мемлекеттерден 20 мың адам ағылды. Алайда олардың барлығына пәтер беру мүмкін болмай, жастар шатырларға орналастырылған. Шағын топтарға бөлінген 2000-нан астам адамның жуынып-шайынуы мен дұрыс тамақтануына қажетті жағдай болмапты. Ал бұған наразы құрылысшылардың ашуы осындай бүлікке соқтырған. Келгендердің қатарында ел ертеңі үшін еңбек етсек дейтін шынайы патриоттар да, барар жер, басар таулары жоқ босқындар да, түрмеден босап шыққан қылмыскерлер де көптеп кездесті.

Ірі қалалардан жұмыс іздеп келгендер жатаханаларда, палаткаларда ұлттық ерекшеліктеріне қарай топтасып тұрды. Магнитка құрылысына келгендер қаласа тіркеуге тұрды, қаламаса тіркелмеді де. Тұрақты бақылау болмағандықтан, жұмысшы жастар арасында мәдени жұмыстар жүргізілмей нәтижесінде, жатақханаларда жағдайы ауырлап күнде қанды төбелестер орын алып тұрды.

Бұларға қосымша, жұмысшыларды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жолдары қиынға соғып, қоғамдық тамақтандырулар дұрыс жолға қойылмады. Жұмысшылар айлар бойы еш санитарлық талаптарға сай келмейтін палаткаларда тұрып еңбектенуге мәжбүр еді. Отандық жұмысшылар осылай қиын жағдайда жұмыс істеп жүргенде сыртан келген яғни болгарлық жұмысшыларға барлық жағдай жасалынып, асханаларда әуелі солар тамақтанатын болған. Осылардың барлығы жиналып келіп қоғамдық наразылықтардың туындауына алып келді. Іріңдеп тұрған қоғам дертінің жарылуына себеп болған, сейсенбі күні қаладағы барлық асханалар жұмыс істемеуі. Келесі күні де жұмысшылар аш қалды. Әуелде ашынған еңбекшілер одан шығудың жолын бейбіт түрде қарсылық білдіру арқылы шешуді қарастырды. Бірақ араларындағы басбұзар жаппай көшеге шығып, дүкендерді тонап, асханаларға шабуыл жасап, қоғам мүлікін талан-таражыға салды.

1-2 тамыз күндері, жаппай тәртіпсіздік орын алуына байланысты, 2 адам ұсталып, қамауға алынды. Жалпы саны 1500 жуық жұмысшылар 2-тамыз күні түнгі сағат үштер кезінде оларды босатып алуға тырысып, ішкі істер органына келгенімен құқық қорғау органының қызметкерлері аспанға бес мәрте оқ атып нәтижесінде талаптарының орындалмасын білген жұмысшылар көшеге кетіп, дүңбіршектерді тонауға көшті.

Сол күнi кешкi тоғыз шамасында жұмысшылар жергiлiктi iшкi iстер бөлiмiне шабуыл жасайды. Темiртау қалалық партия комитетiнiң хатшысы А.Г.Коркин бұл туралы облыстық партия комитетiн хабардар етедi. Қарағанды облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Исаев обком хатшылары мен Қауiпсiздiк басқармасының бастығы Шмойловты қатыстыра отырып, тығырықтан шығудың жолын қарастырады. Қабылданған шешiм бойынша тәртiп орнатуға iшкi iстер күштерiн көтерiп, КарЛАГ-тың қарулы әскери жеке құрамын Темiртауға жiберуге ұйғарым жасалады.

Сол күнi түнгi сағат 3-те Темiртаудан Қарағанды облыстық iшкi iстер басқармасының бастығы, генерал Любых тәртiп бұзушыларға қарсы қару қолдануға рұқсат сұрап, Қарағандыға телефон соғады. Өз сұрауына байланысты ол қалыптасқан жағдай өз шеңберiнен шығып кеткен жағдайда қару қолдануға Исаевтың келiсiмiн алады.

2-3-тамыз күндерi орын алған тәртiпсiздiктi басуға КарЛАГ-тың конвой күзетiнен генерал Запевалин басқарған 500 сарбаз, КСРО IIМ iшкi әскерлерiнен 1400 сарбаз бен офицерлер қатысты. Сол күндерi 15 адам өлiп, одан басқа 28 адам ауыр жараланды, 140 адам бұзақылық жасағаны үшiн қамауға алынды.

КП Орталық Комитетiнiң ерекше бақылауында тұрған ерекше құрылыс нысаны айналасында тәртiпсiздiктiң белең алуы партияның бас штабын да әбiгерге салды. Оқиғаның терең бағыт алғаны соншалық, оған қарулы әскер қатыстырылды. Алғашында өз әскерiмiз халыққа оқ атпағаннан кейiн, Солтүстiк Кавказдан Дзержинский атындағы iшкi әскер дивизиясын шақырып, оқиғаны күштеп басуға тура келді.

Бұл дивизия елiмiзде болып жатқан ауыр толқуларды басуға әркез қатысып тұрған. Кейiн белгiлi болғанындай 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына да қатысқан осы дивизия. Теміртау көтерілісіне Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельциннің саяси өмірінде ықпалы зор болған А.Казанник те қатысқан.

«Өмiрдiң алғашқы ауыр сабағын 1959 жылы тамыз айында Темiртауда таттым» дейдi белгiлi профессор А.Казанник. — «Осы жылы комсомолдық жолдамамен Қазақстан Магниткасына барған болатынмын. Жастардың бiр тобы су жүйесiнде жұмыс iстедiк. Жұмыс ауыр, еңбекақы мардымсыз болды. Наразылығымыз үлкен қарсылықтарға тап болды. Содан түн iшiнде десантшыларды түсiрiп, олар жұмысшылар тұратын палаткаларды нысанаға алып оқ жаудырды. Өлгендер де, жараланғандар да көп болды. Жер-жерлерде өрт шықты. Кейiн бiздiң арамыздан 8 жасөспiрiмдi соттап, кәмелетке толмағандарын ату жазасына кесті».

Оқиға үш күнге созылып, әскерилердiң күшiмен әрең басылды. Сөйтiп, әлеуметтiк кикiлжiңге килiктiрген жұмысшылардың әдiлеттілік үшін күресі тарих бетінің тарғыл дағы болып қала берді.

Мақала Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейі материалы негізінде әзірленді

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)