Жалған тұзаққа түскен үш ұлт құрылтайы
24.01.2017 2112
40-ыншы жылдары Шыңжаң үкіметінің жүргізген ішкі санайғағы бойынша (Шыңжаң үкіметі ішкі құжаттары) Іле уәлаятында 210 мың 672 қазақ (екі жүз он мың алты жүз жетпіс екі) болған екен

Шың Дубан (盛世才/ Шың Шы Сай) билікті қанды төңкеріспен тартып алған соң көп өтпей арнайы комиссия ұйымдастырып xалық санағын жүргізген. Бұл Дубан үкіметінің (Шың Шы Сай) саяси қианаты мен қаскөйлігінің бастауы болды. Комиссия xалық санын жүргізу, жер-су, аумақ иелігін анықтау, құрал-жарақты тіркеу, мал басын есептеу, xалық тұлғаларын xаттау (Мәселен гүң, уаң, бейсі, тәйжі, үкірдай, ақалақшы, зәлің, шаңя, манпаң, т.б. билік тұлғалары) шетелден келген немесе шетелде оқыған (Ташкент, Алматы, Семей, Зайсан, Қазан, Ыстамбұл, тб) зиялыларды (30-ыншы жылдары бір Алтай уәлаятының өзінен 300-ден астам адам Совет одағында білім алған) тіркеу, Кітаптар (Құран, қадыс, тәпсір, шежіре, Қазақстан, Түркия, Қазан, Ұфадан әкелінген кітаптар, оқу құралдары, т.б.) сияқты құжаттарды жинап алып Диxуада (Үрімжіде) «Біртұтас Қазақ-Қырғыз-Мұңғол құрылтайына» (қысқаша үш ұлт құрылтайы дейді) шақырған.

Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық төңкерісіне арналған сүбелі еңбек – «Қазақ ұлт-азаттық кқозғалыстарының» үш томында «Диxуада ашылған үш ұлт құрылтайы шынтуайтында құрылтай емес, алдамшы тұзақ еді. Шығыс Түркістандағы бүкіл қазақтың игі-жақсыларын, зиялыларын, ел ағаларын Диxуада (Үрімжіде) түрмеге қамалды, сұрақтарға тартылды, ол ол ма, Диxуа (Үрімжі) маңайына (Ұланбай сияқты жерлерге) жүздеген қазақты топыраққа тірідей көмді» деген дерек келтіріледі. 

Бұл қорлықты көзімен көріп «тамұқтан» тірі шыққан Таңжарық ақын өлеңінде: 

Бәрі қан Үрімжінің айналасы,
Ескі там, ұңғыл-шұңғыл, сай-саласы.
Ішегін өлген жанның иттер сүйреп,
Домалап, қарға шоқып жатыр басы.

Барсаңдар Үрімжінің қаласына, 
Көзің сал қалтарыс сай-саласына.
«Ұмытпа өле-өлгенше осыны» деп,
Тапсырып кет балаңның баласына.

Алаштың игі-жақсысын абақтыға тоғытқан соң бассыз, басшысыз қалған арт жақтағы ел Алтайда, Іледе ұлт-азаттық көтерлісті бастаған. Ақиқатты оқпен шешуге белбайлаған. Бұл туралы аз айтылмады, аз жазылмады. Сол кезде «қан сасыған» ескі Диxуаның (Үрімжінің) да суреттерін қоса кетуді жөн көріп отырмын.

40-ыншы жылдары Шыңжаң үкіметінің жүргізген ішкі санайғағы бойынша (Шыңжаң үкіметі ішкі құжаттары) Іле уәлаятында 210 мың 672 қазақ (екі жүз он мың алты жүз жетпіс екі), 76 мың 229 ұйғыр (жетпіс алты мың екі жүз жирма тоғыз), 27 мың 661 қытай (жирма жеті мың алты жүз алпыс бір) болған екен.

Іле уәлаятындағы Қазақ аудандарының әкімшілікке бөліну кезеңі 30-ыншы жылдары қарқынды жүрді. Бір аудан аумағынан бөлініп, жаңа аудан немесе жартылай аудандар қалыптасты. Бұрын ақалақшы немесе үкірдай болғандар аудан әкімі немесе әкімнің орынбасары болды. Жоғарында айтылған аталмыш санақта Іле өзені аңғарын мекендеген қазақтардың нобай саны. 1916-ыншы жылдары Қазақстаннан өткен Албан елінің Іледегі саны анық емес. Қалғандары мен қайтқандары қанша, қырылғаны қаншалық ешкім нақты айта алмайды және олар Іледегі санаққа қаншалық толық кіргізілді, ол да белгісіз.

Тағы бұл санайғақта 40-ыншы жылдары Шығыс Түрістандағы ұйғырлардың негізгі ұзын санын 2 миллион 800-900 мың, яғни шамамен 3 миллион деп көрсеткен. Жоғарда мен Іле уәлаяты қазақтарының санын деректер негізінде беріп отырмын. Іле уәлаятына ол кезде Бұратала қаласы, Арасан ауданы, Жың ауданы бірдей қарап тұрған. Қазір аталмыш бір қала, екі аудан Іле уәлаятынан айрылып, жеке Бұратала облысы деп құрылды.

Бұдан тыс Тарбағатай уәлаяты (Қарамайлы мен Майтау бірге) қазақтары, Алтай уәлаяты қазақтары, Үрімжі уәлаяты қазақтары (бір мезгіл Үрімжі-Баркөл уәлаяты деп аталған) санайғағы тұрақты емес. Бөкенің елі Еренқабырғаны басып Тибетке асуы, Алтай уәлаяты Қазақтарының Еренқабырғаны бойлап Баркөлді басып Гансу, Цинxай провинциясына қотарылуы, 30-ыншы жылдардың соңында басталған азаттық соғыс, үркін, қырғын, толассыз аштық, жұт, т.б себептерден түтін саны, кісі бас саны анық құжатталмаған. Халха үкіметі қарулы әскер шығарып Алтайдың теріскей бетін тартып алғандықтан, Байөлке құрамында қалған қазақтар кейінгі Алтай уәлаятының құрамына (1920-ыншы жылдан соң) кірмейді. 40-ыншы жылдары Төменгі Алтайдің жарты елі Қазақстан Зайсанға, жартысы Қобда асып айнала өтіп, Өр Алтайға (Көктоғай, Шіңгілге) бірақ қотарылып көшкені себепті елді-мекендер қаңғырап қалған жағдай көп болған. Саны сол себепті тұрақты болмады немесе болжал санақ болды деп тұспалдаймыз.

Алтайдың Бөкейxановы Шәріпхан Көгедайұлы өзі бас болып қолға алған «Шыңжаң-Алтай» газетінде (газет аты кейін Ерікті Алтайға өзгерген) 1938-інші жылы бір мақаласында Шығыс Түркістан қазақтарын 500 мыңнан асып жығылады деп көрсеткен. 1912-інші жылы Пекинде саяси төңкеріс болып Манжулар билігін ұлтшыл демократиялық қытай үкіметі тартып алғанда алғаш рет санақ жүргізілген. Сол кезде (1912) Шыңжаң өлкесінде қазақтар 210 мыңнан астам деп көрсетілген. Бірақ ол кезде Алтай уәлаят емес, жеке өлке ретінде Пекин әкімшілігінің тіке басқаруында болғандықтан Шыңжаң өлкесінің санағына кірмеген. Алтайдың 1920-ыншы жылға дейінгі бүтін құжаты Қобда мен Пекинде сақтаулы. 1916-ыншы жылға дейін Тарбағатай уәлаяты, 1914-інші жылға дейін Іле уәлаяты Шыңжаң өлкелік билігін мойындамай, сырттай бағынышты іштей жеке әскери билік ұстанған. Тіпті Іле Құлжа билігі мен Шыңжаң өлкелік Диxуа (Үрімжі) билігі арасында 30 жыл саяси текетіресу болған. 1914-інші жылы Диxуа үкіметі Құлжа билігін жеңіп, Іле уәлаятын тіке Шыңжаң өлкелік билікке қаратып, «30 жылдық текетіреске» нүкте қойған еді.

Айтпақшы, 34-інші жылы «Ұйғыр» атауын тұрақтандыру туралы өлкелік үкімет арнайы қаулы шығарған. Сол жылдары саны жағынан Татардан көп ноғайлар біртұтас «татар» атауына өзгертілген. Үрімжідегі «Ноғай мешіт» атынан бұл өңірде ноғай бауырларымыз көп болғанын білуге болады. Біреу білсе, біреу білмес, Үрімжідегі «Ноғай мешіттің» 70-інші жылдарға дейінгі имамы мен азаншысы қазақтар болған. Кейін он жыл «мәдениеттөңкерісі» кезінде мешіт жұмысын тоқтатып қайта ашылғанда ұйғырлардың қармағына өткен.

Елдес СҮЛЕЙМЕН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)