Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің өткен жылғы 27 сәуір күнгі №78 санында Парламент Мәжілісінің депутаты, тарихшы Берік Әбдіғалиұлының «Майдандағы қазақ офицерлері» атты танымдық мақаласы жарияланды. Осы жазбада 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне кандидат болып сайланған қазақ офицері Молданияз Бекімов жайлы шағын мәлімет айтылыпты.
Патшалық Ресей тұсында әскери-қорғаныс саласында қызмет атқарған қазақтар көп емес. Десек те, 1847 жылы 12 жасында Сібір кадет корпусына қабылданып, оны 1853 жылы бітірген қазақ баласы Шоқан Уәлихановтан тартып, 1883 жылдары Омбы әскери прогимназиясын және Қазан юнкерлік училищесінде білім алған алғашқы қазақ офицерлерінің бірі подполковник Н.Жетпісбаев, 1898 жылы Сібір кадет корпусын бітірген М.Абылайханов, 1899 жылы Александровск әскери училищесін тәмамдаған О.Көбеев және штабс-капитан Н.Сапбупин, 1900 жылдары Орал әскери училищесінде білім алған штабс-капитан С.Сарыхуджин, сондай-ақ Семейде құрылған Алаш полкінің командирлері Х.Тоқтамышев пен юнкерлік училищесінің түлегі Ғ.Самұратовтарды білеміз.
Ал осы мақалаға арқау болып отырған Молданияз Бекімов те ғасыр басындағы қазақ офицерлерінің бірі. Бұл тұлға жайлы бұрындары қалам тербеген қаратөбелік өлкетанушы Темір Отаров пен зерттеуші Зейнолла Тұрарбеков 1982 жылы М.Бекімовтің туғанына 100 жыл толған датасына орай, «Қазақ әдебиеті» газеті және «Жұлдыз» журналында мақала жариялаған екен. Осы жазбаларда, он екі ата Байұлының бір тармағы Алашаның Қарабурасынан тарайтын Бекім атаның алты ұлы болған дейді. Бекімнің бірінші әйелі беріш қызы Жұбайдан – Қожанияз, Молданияз, Үмбет, ортаншы әйелі Аққыздан – Ғабдош, үшінші әйелі Сәлимадан – Байдош, Сүлеймен туған екен.
Сол сияқты, қазақ офицері Бекімовтің өмір жолын зерттеген өлкетанушы – қаламгер, Орал өңіріне танымал журналшы Қайыржан Хасановтың естелігінде, Соналы болысының беделді адамы Бекім баласы Молданиязды әуелі ауыл молдасынан оқытып, оң-солын таныған тұста Орал қаласындағы әскери-реалдық училищесіне оқуға аттандырған дейді. Осы 1902 жылы училищеге 51 курсант жаңадан қабылданыпты. Бұлардың 18-і мұсылман баласы екен. Солардың бірі – Бекімов.
Бұл орайда, Бекімов жайлы қалам тартқан адамдар келтірген деректер бірізді. Арасында үлкен ауытқушылық жоқ деуге болады. Десек те, бізді қызықтырған дерек: 1975 жылы оралдық зерттеушілер қазақ офицері М.Бекімовтің әскери өмір жолын құжаттық негізде толық білу үшін КСРО Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік әскери-тарихи архивіне (РГВИА) сұрау салған екен. Кешікпей архивтік басқарманың бөлім меңгерушісі М.С.Головникованың қолы қойылған қағаз келген. Бұл деректі өлкетанушы Қайыржан Хасанов 2016 жылы Орал қаласында жарық көрген «Молданияз Бекімов» атты монографиясында қазақша аударып жариялапты. Бірден-бір нақты дерек осы. Құжатта: «М.Бекімов Орал облысының қырғызы. 1882 жылы туған. Оралдағы реалдық училищенің 5 класын бітіріп, кейін Қазан қаласындағы жаяу юнкерлер училищесін бітірген. 1905 жылы 6-шы жаяу Любав полкінің подпоручигі атағын алып, осы жылы 8-ші Закаспийлік атқыштар батальонына ауысқан. 1906 жылдың қаңтарында Кушка қаласын алуға қатысып, Кушкинск гарнизонында қызмет атқарған. 1908 жылы І Түркістан атқыштар батальонына жіберілген. 1909 жылы поручик атағын алған. 1910 жылы 21-ші Түркістан атқыштар полкіне ауыстырылған. Осы полкте жүріп, 1913 жылы штабс-капитан шенін алған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа 1914 жылдың желтоқсан айынан бастап, 1915 жылдың ақпан айына дейін қатысқан. Үш дүркін жараланған. Алғашқысы – 1915 жылдың қаңтары, екіншісі – 1915 жылдың 23 ақпаны, үшіншісі – 1915 жылдың қыркүйегі. Емделіп, сауыққан соң Түркістан әскери округі штабына қызметке жіберілген. Ол майдандағы ерлігі үшін: 3-ші дәрежелі «Святая Анна» ордені және осы орденнің 4-ші дәрежесімен, сондай-ақ қылыш пен бант бейнеленген 4-ші дәрежелі «Святой Владимир», 2-ші дәрежелі «Святой Станислав», ленталы «Белый орел» ордендерімен марапатталған. Молданияз Бекімовтің әйелі – Софья Иосифовна Амалдыкова атты татар қызы. 1917 жылдан кейінгі өмірі белгісіз» делінген екен.
Жоғарыда жазылған деректер сыртында, 1910 жылы Жаркентте 21-ші Түркістан атқыштар полкінің рота командирі болып тағайындалғаны, майданда өзі басқарған қосынды шебер басқарғаны жайлы мәлімет бар.
Ал зерттеуші-ғалым Берік Әбдіғалиұлының пайымына үңілсек, М.Бекімов 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде өзінің жерлестері Иса Қашқынбаев және Есенғали Қасаболатовпен бірге Алаш орда үкіметіне кандидат болып сайланған екен. Осы кезден бастап, халық ісіне белсене араласып, «Алашорда офицері» деген мәртебеге сай қызмет атқарған. Соның бір жүлгесі – 1921 жылы Шыңжаңнан босқындарды қайтару жөніндегі мемлекетаралық комиссияның жұмысына араласып, соңында белгісіз себептермен Қытай елінде 10 жыл тұрып қалады. 1930 жылы елге оралыпты.
Атыраулық әдебиетші-ғалым Қабиболла Сыдиқовтың «Орал өңірі» газетінің 1994 жылғы 23 сәуір күнгі санында жариялаған «Осы жұрт Бекімовті біле ме екен?» атты мақаласында: «Бекімов 1930 жылдардың бас кезінде елге қайтып оралып, Орынбор өлкесін мекендеген ағасы Қожанияздың үйінде тұрып, совхоздың бухгалтериясында, астық қамбасында жұмыс істеген. Соғыста жаралы болғандықтан ба, әлде ұзақ жылдар бойы әскери қызметте болуының, оның үстіне шетелде жүргеннің салдары ма, Молданияз мейлінше тұйық, кездескен адаммен көп сырласпайтын, тамағын да өзі пісіріп ішетін, үнемі тұнжырап, ойланып, бірдеңелерді жазып жүретін болыпты. Дәл қай жылы өлгені мәлім емес» депті.
* * *
Алаш офицері М.Бекімов өзінің әскери қызметінен тыс, халқымыздың этнографиясын зерттеумен һәм оны насихаттаумен шұғылданған тұлға. Оның қазақ этнографиясына қатысты еңбектері «Айқап» журналында, «Туркестанский курьер» газетінде жиі жарияланып тұрған. Бұл кісінің қазақ этнографиясымен айналысуына сол кездегі Қазан университетінің профессоры, мәшһүр түркітанушы-ғалым Николай Федорович Катанов себеп болған дейді білетіндер. Бұл ғалым М.Бекімов «Қазақтың халық эпосын зерттеу жөніндегі материалдар» деген атпен құрастырған аңыз-әңгімелерді Археология, тарих және этнография ғылыми қоғамының бас қосуларында талқылауға ұсынып, жас талапкердің ғылыми еңбегіне жоғары деңгейде қорытынды жасаған. Бекімовтің бұл жинағы қоғамның үні «Хабаршы» журналының 1904 жылғы 20-санында жарияланыпты.
Сол сияқты, қазақ офицері Ташкентте қызмет атқарып жүрген жылдары «Средняя Азия» журналының екі санына «Қазақтың шамандық қалдықтары», «Кімнің күші басым», «Жерді көк өгіздің мүйізі көтеріп тұр деген ұғым қайдан шыққан?», т.б. аңыз-әңгімелер жариялапты. Сонымен қатар Ташкентте шығып тұрған «Туркестанский курьер» газетінде қазақтың мақал-мәтелдерін және «Археология, тарих және этнография қоғамы» журналының ХХІ томында «Орал облысы қазақтарының қыз ұзату салты» атты жазбалары жарияланған.
Қазақ офицері Молданияз Бекімовтің тағы бір келелі ісі 1903 жылы А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» романын қазақ тіліне аударып, оны Қазан қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарғаны. Бекімовтің бұл әрекетін кезінде үлкен жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзі жоғары бағалап, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1981 жылғы 10 сәуір күнгі санына арнайы мақтау мақала жазған екен.
Журналшы Қайыржан Хасановтың мәліметіне жүгінсек, Молданияз Бекімов Оралда реалдық училищеде оқып жүргенде «Капитан қызы» романымен танысқан. Оған себеп – осы жылдары Орал қаласының тұрғыны Хохлачев деген адамның үйінде халықтық оқу үйі (кітапхана) ашылған. Осы жерге жиналған зиялы қауымға бір адам басқалар еститіндей дауыстап кітап оқып беру әдеті қалыптасқан.
Бір жолы М.Бекімов бұл үйден көппен бірге А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» романын тыңдаған. Сөйтіп, кітапты қазақша аударуға аңсары ауған. Оның сыртында бұл кітапты қазақша аударуға Қазан жаяу әскер юнкерлер училищесіндегі бірінші рота командирі Дмитрий Николаевич Григорьев деген офицердің ықпалы болғаны жайлы айтылады.
Өйткені «Капитан қызы» кітабының титул парағының екінші бетінде Бекімов: «Бәхил етемін переводымды есімі өшірілмес үшін сүйікті ұстазым Дмитрий Николаевич Григорьевке – «Посвящаю свой перевод дорогому наставнику Дмитрий Николаевичу Григорьеву» деп жазған арнау сөздер бар.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
www.egemen.kz