Соңғы жылдары білім берудің сапасы күрт төмендеді - тарихшы
23.01.2022 2110

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 11 қаңтарында Мәжіліс депуттары мен халық алдында сөйлеген сөзі ертеңізмізге деген сенімді күшейтті. 2022 жылдың 4-7 қаңтар күндері елімізде, соның ішінде Алматыда орын алған оқиғалар, бұзақылардың, тонаушылардың, лаңкестердің әрекеті баршамызға сабақ болды.


Ең қасіреттісі тәуелсіздігімізге қауіп төнді. Елдігіміз сыналды. Президенттің шұғыл арада сәтті қадамдар жасап, ұтымды шешімдер қабылдауының арқасында мемлекетке төнген қауіп жойылды. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанның таяу уақыттарда атқарылатын істерін қадап айтты. Қасіретті оқиғаның ел дамуындағы көптеген олқылықтардың бетін ашқандығын тәптіштеп жеткізді. «Ауруын жасырған өледі» дегенді халқымыз бекер айтпаған. Кез келген елдің өркендуінде кемшіліктер мен олқылықтардың орын алатындығы хақ. 

Алайда отыз жыл бойы тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүрген Қазақстан мемлекетінің қателіктері мен кемшіліктері шаш етектен екендігі мәлім. Көбінесе кейбір адамдардың, одан қалды тұрмыста, отбасында ғана айтылатын әнгімелердің шынайы келбеті ашылып, мемлекет деңгейінде ашып көрсетілгені көпшіліктің көңілінен шықты. Солардың бірі - білім беру сапасының төмендігі. Шындығында да әсіресе соңғы жылдары білім берудің сапасы күрт төмендеді. Оның себептерін көпшілік тәж вирусына байланысты әлемдік пандемиядан деп санайды. Індеттің әсер еткендігі сөзсіз, дегенмен сапаның төмен түсуінің бірқатар себептерін одан бұрынғы уақыттардан іздегеніміз жөн. Ең алдымен кадр мәселесін қозғағанымыз абзал. Өз кезегінде И. Сталин «кадрлар бәрін шешеді» деп тегін айтпаған. Мектептерде біліктілігі төмен, білімі саяз ұстаздардың балаларға білім беретіндерінің кездесетіндігін көріп жүрміз. Дипломды ақшаға сатып алып, ешбір тәжірибесіз сабақ беретін мұғалім сымақ балаға қандай білім бермекші?! Оған мектепке жұмысқа пәре беру арқылы орналасу фактісін қоссаңыз, арғы жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. 

Мектеп оқулығынан ары аспайтын мұғалімнің де сапаны көтеруге қосар үлесі мардымсыз екендігі түсінікті. Сонау ХХ ғасырдың 20-30-жылдары, тіпті одан кейінгі кезеңдерде үлкендер бата бергенде үлкендер «мұғалім бол деуші» еді. Соңғы жылдары керісінше, ата-аналары балаларына «мұғалім болма» дегенді санасына сіңірді. Ұлттық тестілеу нәтижесіндегі байқау кезінде педагогикалық мамандықтарға өзі таңдаған мамандығына өте алмаған талапкерлердің оқуға түскендігі де жасырын емес. Мұның бәрі мұғалімнің қоғамдағы мәртебесінен хабар беретіндігі анық. 

Дегенмен ол турасында арнайы заң қабылдадық. Мұғалім мәртебесінің өзгеретініне сенім мол. Десек те ең алдымен мұғалім мамандығын жеткіншек өзі таңдауы керек. 

Екіншіден, мұғалім болуға қыздар емес ер балалардың ұмтылғаны абзал. Нағыз ер азамат тәрбиелеген ұрпақтың рухы мықты болатынына тарих куә. 

Үшіншіден, болашақ мұғалімдерге жоғары шәкіртақыдан басқа қызықтыру механизмдері іске қосылуы тиіс. 

Төртіншіден, мұғалім мамандығы үнемі наисхатталып, озық ұстаздардың өмірі мен қызметі туралы деректі фильмдер түсірілсе нұр үстіне нұр болар еді. 

Бесіншіден, мұғалім мамандықтарын даярлайтын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларында оқытылатын пәндер тәжірибеге бағытталуы тиіс. Өкінішке орай көптеген жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының мазмұны саяз, бірін-бірі қайталайтын пәндер көп, пәндердің тәжірибеге бағытталуы туралы айтуға да келмейді. 

Бағдарламаларда көп жағдайда заманауи білім беру үрдісіне сәйкес келмейтін, заман талаптарына сәйкес болашақ педагогтың кәсіби қызметінің тиімділігін арттыруға қажетті пәндер ұсынылмайды. Оған қоса пәндер сабақтастығына да назар аударыла бермейді. Пәндерді оқытудың нәтижелері назардан тыс қалып жатады. 

Жетіншіден, бағдарламалар жұмыс берушілерден тыс дайындалады. Мұның өзі бағдарламалар жұмыс берушінің талаптарын ескермей дайындалады дегенді білдіреді. Бәсекелестікке қабілетті мамандар, соның ішінде мұғалімдерді дайындағымыз келсе білім берудің негіздерін, әдістемесін жетілдіруіміз қажет.

Соңғы жылдары мұғалім мамандарды оқытуда, әсіресе білімін бағалауда көзбояушылықтарға, жалған баға қоюға жол берілген. Оқытушы үшін аралық бақылаудың немесе емтихан бағасын қою қып-қызыл математика десек қателеспейміз. Студентті шәкіртақыдан айырмау үшін қалай болғанда да жақсы баға қою орын алған. Оған қоса факультет, кафедра басшылары тарапынан сөз естіп, жиналысқа салынбас үшін көтермелеп баға қою етек жайып кеткен. Жағымды баға қоймаған оқытушылардың тәртібін жиналыста қарау, «үлгерімді төмен түсіріп отырсыз» деп жазалау кез келген оқу орнында бар құбылыс. Сол себепті де тыныш өмір сүріп, қалыпты жағдайда қызмет еткісі келетін оқытушылар студенттің шынайы білімін емес өз жағдайына алаңдап баға қоюды дәстүрге айналдырып барады. Мұның түбі жақсылыққа әкелмейтіні хақ.

Профессор-оқытушылар құрамы керексіз сан түрлі қағаздардың астында қалды. Перзидент айтқан макулатураны олар да молынан қалыптастырып жатыр. Қағаз дайындауға кететін ұстаздың алтын уақыты білімін жетілдіруге арналса жағдай біршама басқаша болар еді.

Өндіріске немесе мекемеге қызметке келген жас маманға «оқу орнында саған не үйреткен?!» деген наразылыққа толы сауалды қою - қалыпты жағдай іспеттес. Шындығында да мамандықтың теориясын жетік меңгерген жас маманның алған білімін тәжірибеде іске асыра алмай жататын жағдайлары да жиілеп барады. Өйткені тәжірибелер көп жағдайда формалды түрде өткізіледі. Тәжірибеден өткен студенттің құжаттары дұрыс болса болғаны. Тәжірибеден не үйренгені маңызды емес. Жұмыс орындарында жас маманды үйрететін тәлімгерлердің де болмай жататыны немесе орнымды алып қояды деген үреймен қасақана үйреткісі келмейтіндердің бар екендігі қынжылтады.

Президентіміз елімізде, соның ішінде Батысында бес техникалық оқу орнын ашуды міндеттеді. Мұндай оқу орындар ашу үшін мамандар қажет екендігі түсінікті. Сондай мамандардың қатарын қазіргі магистранттар мен докторанттар толықтырса жақсы болар еді. Олар қазірден бастап ашылғалы отырған оқу орындарында қызмет етуге дайын болулары тиіс. Көп оқып, көп ізденулері керек. Мамандығын машықтап, білімін тереңдету үшін телефонға емес кітаптарға үңілулері тиіс. Еліміздің ертеңі білімді, тәжірибелі, шығармашылықты, бастамашыл жастардың қолында екендігін естен шығармағанымыз жөн.

Жаңа Қазақстанда өмір сүріп, қызмет етуді армандамайтындар жоқ секілді. Оны Президенттің сөзін тыңдаған тұрғындардың пікірлерінен анық көріп отырмыз. Ол үшін елге адал қызмет етіп, мемлекеттің өркендеуіне әрқайсысымыз өзімізше үлес қосуымыз қажет. Президент айналысына шоқ жұлдыздардай шоғырланып, жұдырықтай болып жұмылып тәуелсіздігімізді, бірлігімізді нығайту үшін еңбек етсек дамыған әлем елдерінің қатарынан көрінеріміз хақ. Ләйім солай болғай!

О.Х. Мұхатова  

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор