Ахметтанудың жаңа көкжиегі қай бағытта дамуы керек?
25.02.2022 1484

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде елімізде кең көлемде атап өту басталды. Ұлы ағартушының саясаткерлігінен бастап, тіл білімі ғылымына қосқан үлесіне дейін жан-жақты қыры айтылатыны анық. Себебі Ақаңның әмбебап тұлға екені көзі қарақты азаматтарға айқын дүние. Әйтсе де көпшілік қауым биыл 150 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан тұлғаны жан-жақты танып болды ма?


Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD Маралбек Ермұхаметің айтуынша, бүгінде «ахметтану» тұлғатанудың орнықты саласы ретінде қалыптасты. Алайда ол іргелі ғылымды одан әрі дамыту түсу қажет екенін ескертеді. Мысалы ол Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының тақырыптық аясы өте кең, мазмұны терең, ғылымның әр саласымен байланысып жатқандықтан, ғалым мұрасын зерттеушілерге де осындай жан-жақты білім қажет екенін ескертеді.

«Ахметтануды» төрт түрлі бағытқа бөліп, дамыту қажет»

Осыған байланысты ғалым «ахметтануды» болашақта төрт түрлі бағытқа бөліп, дамыту қажет деген пікірде. Бірінші Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі, екінші ғылыми мұрасы, үшінші жеке тұлғасы және төртінші ғылыми мектебіне назар аудару қажет.

«Бірінші, Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолында бізге белгісіз оқиғалар көп. Ғалым өмірінің әр кезеңі, тұлғалық өсу жолы елеулі тарихи оқиғалармен байланысып жатады. Ғылыми мұрасы өмір жолымен, адами болмысымен, ой-мақсатымен берік байланысқа құрылған. Сондықтан ғалым өмірінің әр кезеңін қазақ қоғамының тарихи, саяси, мәдени ахуалы шеңберінде қарау – тыңғылықты танымға әкеледі.

Екінші, ғалым мұрасын түгендеу. Бұл отандық және шетелдік мұрағаттардан ғалым еңбектерін жинаудан бөлек, бүркеншік есімдерін анықтау және оның әлеуметтік астары мен тарихын тануға тәуелді. Осындай толыққанды деректер мен дәйектер негізінде толық шығармалар жинағын құрастырғанда ғана, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми танымы мен ел үшін сіңірген еңбегінің мәнін жете түсінуге мүмкіндік туады.

Үшінші, Ахмет Байтұрсынұлының бүгінге дейін зерттелмей келе жатқан айрықша бір қыры – «Ахмет тұлғасы». Даңқты іс те, дарынды шығарма да, данышпан ойдан бұрын, адами келбеттен туады. Адами келбет – ақиқат ақылдың қалыбы. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси, ғылыми қызметінің түп-тамырында ғалымның адами келбеті, ұлтқа жанашырлық сезімі жатыр. Тақырыпқа осы қырынан үңілгенде «ахметтану ғылымының» жүйесін тауып, тамырына бойлауға болады. Ахмет тұлғасын танудың өзі адами тұлғасы және тілдік тұлғасы болып екі бағытқа бөлінеді – дейді ол.

Сондай-ақ ол төртінші бағыт Ахмет Байтұрсынұлының мектебіне назар аудару қажет екенін ескертеді. Маралбек Ермұхаметің айтуынша, оның ғылыми мектебі және лингвистикалық мектебі болып екі бағытқа бөлінеді.

«Қазіргі таңда ғалымның қазақ зиялыларының аса дарынды шоғырын тәрбиелегені сөз жүзінде ғана жалпылама айтылып, қалай, қай бағытта, қай мақсатпен тәрбиелегеніне нақты жауап берілмей келеді. «Ахмет Байтұрсынұлының мектебі» деген не? Ол қашан және қалай қалыптасты? Өкілдері кім және қазақ руханиятының қандай мәселелерін шешті?» деген сұраулар болашақ ахметтанушылардың тың ізденіс алаңдарына айналады.


Ахмет Байтұрсынұлының ең бір бел шешіп айналысқан саласы – тіл. Өйткені Байтұрсынұлы философиясы және бүгінгі ғылым бір ауыздан мақұлдаған ақиқат бойынша ұлттың өмір сүруінің ең басты шарты – тіл. Сондықтан ғалымның ең кемел танымы тіл тұғырында тұжырымдалады. Қазақ тіл білімінің Ахмет ашқан жаңалықтарын лингвистиканың бүгінгі жеткен биігі тұрғысынан көптеген салалар мен бағыттарға жіктеледі. Бұлардың әрбіріне жеке-жеке бір немесе бірнеше кітап арнауға болады», – дейді PhD докторы. 

«Ахметтану» ғылымы бізге не береді? 

Жас ғалым Ахмет Байтұрсынұлының бүгінге дейін белгісіз еңбектері өмір жолының қай кезеңдерін қамтитынына назар аудартады. Бұл ахметтану ғылымын зертеушілер үшін айрықша кезең болып саналады.

«1895-1903 жылдары аралығы 10 жыл ғалым мұраларынсыз бос жатыр. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының ғалым, қайраткер болып қалыптасу жолын көрсететін аса маңызды шығармашылық кезең. 1929-1937 жылдар – ғалымның әбден толысып, қазақ қоғамы оянып, нағыз ғылыми еңбектерге ден қойған кезең. Осы кезеңде ғалымның әлемдік деңгейдегі ғылыми еңбектерінің болуы әбден мүмкін. Бүгінгі таңда біз Ахметтану бөлімі аясында бұрын-соңды жарық көрмеген көптеген мақалалары мен 10-ға жуық еңбектерінің дерегін анықтап отырмыз. Бұл мұралар мен біз тілге тиек еткен мәселелер болашақ «ахметтанудың» жаңа көкжиегін көрсетеді», – дейді ол.

Маралбек Ермұхаметің айтуынша, «Ахметтану» ғылымы азаматтарға 5 түрлі айрықша азық береді. Бірінші қазақ ғылымын дұрыс ұйымдастырудың тетіктерін көрсетсе, екіншіден Қазақ ғылыми ойының деңгейін аңғартады. Сондай-ақ қазақ тіл танымының ғылыми деңгейі мен мәртебесін және ұлттық адам болудың, ұлтқа, Отанға қызмет етудің моральдық өлшемдерін көрсетеді. Ең бастысы ұмыт болған ұлттық жадымыз бен рухымызды қайта жаңғыртады.

Ахмет Байтұрсынұлы туралы Әлімхан Ермековтен асырып айту мүмкін емес. Аталған азамат «Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ар-ұжданы» деп айтқан болатын. «Қазақтың ар-ұжданы» деген сөз Ұлт ұстазының қандай тұлға болғанын танытса керек. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының істеген ісінен оның ар-ұжданы таза, мың жылда бір туатын дар тұлға екенін аңғарамыз. Қазір қазақтың әдебиеті мен мәдениеті және саясаты қаншалықты биікке көтерілсе, оған Ұлт ұстазының тікелей қатысы бар.

«Данышпан Абай тұлға тәрбиелеу тақырыбын өз шығармаларына өзек етіп, «толық адам» тұжырымын ұсынды. Сол тұжырымнан туған Абайдың толық адамы – Ахмет Байтұрсынұлы. Мұны ахметтанудың болашақ нәтижелері дәлелдейтін болады. Осы орайда Ахмет бейнесін көркем туындыларға арқау ететін Ахметтаныту болашағын мынадай бірнеше мәселелерге назар аудартқым келеді.

Біріншіден, Абай өз образын өлеңі арқылы сомдаған тұлға. Сол сияқты Ахмет Байтұрсынұлы да – өз образын ғылыми еңбектері арқылы сомдаған тұлға. Ғалымның мінез-құлқы, адами болмысы, дүниеге көзқарасы, жан дүниесінің құндылықтары өз еңбектерінен анық көрінеді. Бұл ғалым еңбектерін түгел, жүйелі түрде оқығанда және жіті зерттегенде танылады.

Екіншіден, болашақ көркем туындыда Байтұрсынұлы Ахметтің тіліне айрықша жауапкершілік танытылуы керек. Абай, Әлихан, Байтұрсынұлы Ахметтер өзге тарихи кейіпкерлерден бірегей тіл шеберлері ретінде ерекшеленеді. Сондықтан да аталған тұлғалардың келбетін ашу оқиғалардың көркем тізбегінен тұратын қатардағы фильмдер мен телехикая кейіпкерлерінен қиын. Ғалымның тілдік тұлғасы дәл берілмесе, мінезі де анық танылмайды. Мінезі дұрыс ашылмаса, оның болмысын дәл таныту мүмкін болмайды», – дейді ол.

Жас ғалымның айтуынша, Ахмет тілі – әбден қалыптасқан, аса шебер грамматикалық құрылым мен лексикалық дәлдікке құрылған өзіндік қолтаңбасы анық тіл. Яғни ол ағартушының тілі сөйлем құрау, пайымдау жүйесі де өзіндік тың тәсілдерге, ерекше үлгіге толы екенін ескертеді.

«Ахмет Байтұрсынұлы тілінде, өзгерілді, ойлауымша, асылын, басқалық, қолайлау, қуаттайды, байласулы, мәнісі, көшпекші, тұрмақшы, тағайынданады, т.б. лексикалық және сөзжасамдық бірліктер, асылын білу, олай болғанда, ойланарға керек, кемшілік келгенде, іс істеуге керек, білерге керек, мұнан көрінеді, білуге керек, солай болған соң, деуге орын жоқ т.б. ой тығынын ағытып, атойлап тұратын синтаксистік бірліктер бар. Сөйлем құрау, пайымдау жүйесі де өзіндік тың тәсілдерге, ерекше үлгіге толы.

Ахмет Байтұрсынұлы – әмбебап ғалым, дей тұрғанмен, ең әуелі, ол – тіл маманы. Ғалымның тұтас өміріндегі қоғамдық-саяси, ғылыми қызметі тікелей тілге байланысты. Мұрасының 70 пайызы тіл болған соң, көркем туынды үлкенді-кішілі олқылықтардан ада болуы үшін тілтанушылардың көмегі ауадай қажет. Тілдің тарихи сипатын дұрыс бере алмау – қазіргі қазақ кино өнеріндегі ортақ олқылық. Сондықтан болашақта әрбір тарихи телехикаяларда тіл мамандарының болуы туындының шынайылығын арттырады», – дейді ол.

«Оян қазақ» пен «Масаның» маңызы зор

PhD доктары Ахмет образын арқау еткен болашақ көркем туындыларда ғалым өмірі үшін айрықша маңызды сәттер мен оқиғалар толық болуы керек деген пікірде.

«Атап айтқанда, Ахмет пен Міржақыпқа «Оян қазақ» идеясын беріп, «масадай ызыңдатқан», ұлт ұранды тұтас алаш зиялыларының рухани тірегіне айналған Абай мен Ахметтің рухани сабақтастығы және ұлт тілінде әліппе жазып, газет шығарып, баспа ісін түзеткен, сол арқылы тұтас ноғай (татар) жұртын өнер-білімге жетелеп, түркі жұртында өнеге көрсеткен Исмаил Мұстафаұлы Гаспаралымен рухани үндестігі, осылар – Ахмет тұлғасын ашудың ең ұтымды тұстары. Ахмет Байтұрсынұлы – кектен туған тұлға емес, тек пен тума талант, ұлы жүректен туған тұлға. Оны күллі қазақтың ардақтысына айналдырған данышпан Абайдың санасына құйған рухани сәулесі болатын. Абай өлеңдерінің қолжазбасы 1902-1903 жылдары Ахмет пен Міржақыптың қолына тиген соң, екі тұлғаның да өмірі мен ой-мақсаты күрт өзгерген. Содан кейін бірі «Маса», «Қырық мысал», екіншісі «Оян Қазақты» жазды», – дейді ғалым.

Ахмет Байұрсынұлы дегенде «Қазақ» газетінің еске түсетіні жасырын емес. Себебі ұлт басылымына айналған газет Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының арқасында өміршең болды.

«Ахметтануда ХХ ғасыр басындағы қазақтың тұтас тарихы еш аласыз мөлдіреп тұрған «Қазақ» газетінің орны ерекше. Газеттің тарихи маңызы Ахмет Байтұрсынұлы емлесінің «Қазақ» емлесі, яғни «Қазақ» газетінің емлесі деп атауынан да көрсетеді. Ал Байтұрсынұлы әліппесі «Байтұрсынов алфавиті» аталған. «Қазақ» газеті бетінде жарық көрген ең көп мақала да Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі екенін біз тек осы газет арқылы білеміз. Мәселен Әлихан Бөкейхан – 70, ал Ахмет Байтұрсынұлы – анық 24, белгісіз 100-ден аса матереиал жазған.

«Қазақ» газетін шығарған 1913-1918 жылдар Ахмет Байтұрсынұлы екі рет абақтыға қамалады. Оның бірінде 1500 сом, екіншісінде 50 сом айыппұл төледі», – дейді ғалым.

Маралбек Ермұхаметің айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлына «Ақаң» деген ат Алты Алашқа танылып, ел құрметіне бөленгеннен кейін ғана берілген. Сондықтан да ол осы аттың тарихи кезеңіне, қолданудағы гендерлік және жас ерекшелігіне сәйкестілігіне назар аудару керек деген пікірде. Өйткені ғалым мұны қазақ сөз этикасының маңызды өлшемі екенін ескертеді.