«Ауылға кітап» акциясы
14.02.2023 1874

14 ақпан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Ауылға кітап» атты акциясы ұйымдастырылды. Осыған орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қаламгерлер Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен Түркістан облыстық "Фараб" әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырып жатқан "Алтын қорға үлес қос: Ауыл кітапханаларына 20 000 кітап» акциясына қолдау білдірді.


ҚР академиялық кітапхана басшысы Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша,  мұндай акциялардың оқырман қатарын көбейтуге септігі мол. «14 ақпан халықаралық кітап сыйлау күніне орай Түркістан облысының "Алтын қорға үлес қос: Ауыл кітапханаларына 20 000 кітап» акциясын ұйымдастырып отырмыз. Түркістан облысына кітап жинау акциясы екі айға  жалғасады. Акция жыл сайын өтеді. Қазір кітапқа, кітапханаға деген сұраныс жақсарды, оны кітапхана жұмысына қатысты айтылған сындардан да байқауға болады. Сонымен бірге Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы жеке баспалардан шыққан кітаптар ауылға жете бермейді. Көп кітапханаларда кітап қорын толықтыруға қаржы бөлінбеген. Әлеуметтік маңызы бар кітаптарды шығару жақсы жолға қойылған, дей тұрғанмен ол барлық ауыл кітапханаларын қамтымайды. Сондықтан осы орталықтардан ауыл кітапханаларына кітап жеткізу мақсатында өткізіліп отырған шара» дейді кітапхана басшысы. 

Жазушы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, ҚР Ұлттық академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманалиев, жазушы аудармашы, публицист Марал Хасеннің жары Рымбала Смайылова, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова  сияқты т.б. зиялы қауым өкілдері мен Португалия, Үндістан, Өзбекстан, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, т.б. елшіліктердің өкілдері сөз сөйлеп, кітаптарын сыйға тартты. Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың кітаптарын көмекшісі   Руслан Әлімбек табыстады.

 

 

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шардарбекова Жанат акцияға қатысты пікірін онлайн жеткізді.

-        «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы 2021 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңдағы заманауи автоматтандырылған жүйемен қамтылған, республикадағы алдыңғы қатарлы ғимараттардың бірі деп айтуға болады. Кітап қорына келсек, оқырмандар сұранысына орай жасақталған 356 мың кітап қоры бар. Оқырмандардың басым көпшілігі жастар. «Ауыл кітапханасына 20 мың кітап» деп президент Қ.Тоқаевтың өзі қолдау білдіргені баршаға аян. Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен, «Фараб» кітапханасының үйлестіруімен  кітап жинауды бастадық. Бұған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Қызылорда облыстық, Жамбыл облыстық ғылыми кітапханалары қызу қолдау көрсетуде. Қазір өзіміз Астанадағы акцияны онлайн түрде тамашаладық, ақын-жазушылар, елшіліктер қолдау білдіруде, бұл біз үшін зор мерей. Ғазиза Құдайбергенге, кітапхана ұжымына алғысымыз шексіз» деді ол.

 

 

Айта кетейік, ғылым-білімге құштар жастар мен ғалымдардың сүйікті мекеніне айналған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының кітап қорында қазына мол. Айталық, мұнда  аты әлемге мәшһүр атақты жазушылардың қолтаңбалары қойылған кітаптар бар. Бұл «автографы бар» кітаптар кітапханадағы сирек  бірегей нұсқалар саналады. Бұл қазына қайдан келген?  2014 жылы ҚР ҰАК «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы болады. Сол кезде жеке кітап қорын жинаушының бірі өзінің бай кітапхана қорын сыйлайды. Бүгінде кітапханадағы кітаптың көп бөлігін сол коллекционер берген кітаптар құрайды екен. Осы кітаптар арасында Жюль Верн, Эмиль Золя, Ги де Мопассан, Жорж Санд, Раймон Кено, Жан Морис Кокто, Сидони-Габриель Колетт, Антуан де Сент-Экзюпери сияқты француз жазушыларының; Оскар Уайльд, Агата Кристи, Льюс Кэрролл сияқты ағылшын жазушыларының;  Марк Твен, Филип Милтон Рот, Владимир Набоков, Джон Ирвинг сияқты американ жазушыларының;  сондай ақ Лион Фейхтвангер, Жорж Сименонның қолтаңбасы қойылған кітаптары бар.

Ерекше қазынаның қатары мұнымен бітпейді, испан суретшісі Сальвадор Дали, американ иллюзионисті Гарри Гудини, британ рок-музыканты Джон Ленон (Битлз), француз саясатшысы Шарль де Голь, американ саясатшысы Кондолиза Райс, Нобель сыйлығының иегерлері - Томас Вильсон, Альберт Швейцер, Вилли Брандт, Джеймс Картер, Уинстон Черчилль (1953), Эрнест Хемингуэй, Гюнтер Грасс, Милтон Фридманның да кітаптары бар. АҚШ президенттерінің де қолтаңбасы бар кітаптар табылады. Сонымен қатар, қорда жазушы, әдебиеттанушы Борис Смиренскийдің "Менің замандастарым" атты көптеген қолтаңба жинақталған альбомы да сақталған. Альбомдағы жазбалар 1913-1964 жылдарға тиесілі, онда ресейдің 20 ғасыр басындағы әйгілі жазушылары мен ақындары Блок, Брюсов, Гумилёв, Ахматова, Шишков, Бедный, Толстой, Цветаевалардың 80-нен астам қолтаңбасы бар.