Алтай батыр және оның заманы
17.03.2023 2704

«Ақтабан шұбырынды» оқиғасының 300 жылдығына орай қазақ тарихы жаңа деректермен толықты. Осыған байланысты Астанада аталған тарихи оқиға кезіндегі қазақ қолбасшыларының біріне арналған «Алтай батыр және оның заманы» туралы кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл кітапта сол дәуірдегі қазақ тарихына арналған тың және жаңа мәліметтер жарияланған. 


«Алтай батыр және оның заманы» деп аталатын кітаптың тұсаукесеріне белгілі тарихшылар, ғалымдармен қатар Алтай батырдың ұрпақтары да арнайы келіп қатысты.

«Алтай батыр және оның заманы жайлы монографиям қазақ тарихының күрделі кезеңінен сыр шертетін Ақтабан шұбырынды, Алқакөл кезеңдеріне арналған еңбек болып табылады. Бұл еңбек 5-6 жылдың көлемінде жазылған еді. Жалпы енді 18 ғасырдағы қазақ тарихына зерттеумен 2003 жылдан бері айналысып келе жатырмын. 18 ғасырдағы қазақ тарихы жайлы біздің талай тарихшыларымыз қалам тартты. Бірақ әлі де анықталуы керек немесе пікір таластыратын тұстары көп. Өйткені сол дәуірдегі кезеңді зерттеу үшін жазба деректерге көп жүгінеді. Ал дәл Ақтабан шұбырынды, Алқакөл кезеңіне қатысты жазба деректер соншалықты көп емес. Алтай батыр туралы жазғанда, оны өзі өмір сүрген дәуірмен бірге қарастырдық. Себебі кез келген тарихи тұлғаны өз заманынан бөліп ала алмаймыз. Неге 18 ғасырда қазақ тарихында батырлар көп болды? Себебі бұл кезең – қазақ халқының басына үлкен қайғы-қасірет әкелген кезең»-дейді кітап авторы, тарихшы Жәнібек Исмурзин.

Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, кітап мазмұнында төмендегі мәселелер қарастырылған: 

-1710-1720 жылдардағы Қазақ құрылтайлары, «Ақтабан шұбырынды» туралы жаңа мәліметтер енгізілген;

-1711 жылы башқұрт, қазақ және қарақалпақ халқының Әбілқайыр сұлтанды хан сайлауы жөнінде деректер берілген;

-Қазақ-жоңғар, қазақ-қалмақ соғыстары жайында тың ақпараттар келтірілген;

-Алғаш рет 1731 жылғы Кіші және Орта жүз старшындарының Ресей империясына ант беру құжатының мәтіні толық жарияланды;

-Әйтеке бидің өміріне қатысты тың деректер жарияланған;

-Әбілқайыр хан, Абылай хан, Бөкенбай батыр, Есет батыр, Жәнібек тархан және т.б. белгілі тарихи тұлғалар жайындағы архив материалдары көрсетілген;

Ал автордың еңбегін Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Нұржан Жетпісбай:

«Зерттеуші Ж. Исмурзиннің «Алтай батыр және онын заманы» атты қолжазбасы тарихымыздағы осы бір күрделі ғасырдың бірқатар ақтандақ тұстарын ашуға септігін тигізеді. Автор ұзақ жылдар бойы Ресейдің Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Элиста қалалары архивтерінен және еліміздің бас архивінен әр алуан деректер жинап пайдаланған. Бұл архивтік деректердің басым бөлігі бұрын ғылыми айналымға енбеген. Мұның өзі қолжазбаның кұндылығын айғактай түседі. Одан бөлек еңбекті жазуда көптеген бұрынғы кеңестік, отандық және шетелдік авторлардың туындылары, көптеген ауыз әңгімелер мен шежірелік деректер де молынан қолданылған. Олардың барлығы құжаттық материалдармен жақсы үндеседі. Мысалы, құжаттардағы нақты оқиғада аталатын кейбір тұлғалар туралы қосымша шежірелік мәліметтер мен олардың ауыз әдебиетіндегі аталуы да ұсынылады. Зерттеушінің тақырыпты жетік меңгергені байқалады. Қолжазба кітап өз атауынан да көрінетіндей XVIII ғасырдың белгілі тарихи тұлғасы Алтай батырдың өмір жолы мен қызметін көбірек сипаттауға арналғанымен, ол өмір сүрген ғасырдың маңызды оқиғалары да беріледі. Бұл тұрғыда осы аталған тұлғаның қайраткерлігін баяндау аркылы сол заманнын көпшілікке беймәлім келбетін барынша аша түсуге ұмтылыс аңғарылады. Мұның бір себебі, автор тек жеке бір тұлғаның өмір жолын зерттеуге маманданған. тарихшы емес, тұтас бір үлкен кезеңнің зерттеушісі ретінде белгілі. Ол сол тарихи дәуірдің көптеген белгісіз дерлік тұлғаларының есімдері мен қылған қызметтерін ескі құжаттардан анықтаған болатын»-деп бағалайды.

«Еңбектегі ең маңызды тұстардың бірі келесі үшінші тарауда сипатталады Мұнда 1731 ж. Кіші жүз қазақтарының Ресей тарапына ант беру рәсімі жаңа тың деректермен толықтырылады. Бұл жерде тек аталған Кіші жүздің ғана емес. Орта жүздің де ант берген атақты тұлғаларының тізімінің Ресей сыртқы саясат архивінен алынып берілуі кітаптың маңыздылығын арттыра түседі. Осыған дейі жалпы жекелеген адам аттары болмаса ешқандай еңбектерде немесе құжатта жинақтарында бұл тізімнің жарияланбағанын еске саламыз. Мұны алғаш болып ғылыми ортаға зерттеуші Ж. Исмурзин енгізуде. Осы маңызды мәселе төңірегіндегі байыпты зерттеулер әлі де жалғаса беруі қажет деген ойдамыз. «Қалмаққа қарсы күрес» атты тарауша кейбір үзілістерімен 1736-1745 жылы болған қазақтар мен қалмақтар арасындағы соғыстардан біраз мағлұмат берсе мұнда да тың деректер қолданылған»-дейді Н. Ықсанұлы.

Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада институт директоры Жақсылық Сәбитов және Мемлекет тарихы институтының тарихшылары сөз алып, Алтай батырдың сегізінші ұрпақтары авторға өз алғысын білдірді.