Көмірлі қала Қарағанды
10.04.2023 2609

Қазақстанның дәл орталық аумағында, Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан индустриалды қала Қарағанды қаласының құрылғанына келесі жылы тоқсан жыл толады. 1934 жылы 10 ақпанда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Алқасының қаулысымен Қарағанды кенті қала мәртебесіне ие болған тарихы бар. Қарағанды – ежелден тоғыз жолдың торабындағы, Қазақстан мен төрт тараптағы елдердің өзара мәдени, экономикалық байланыстарын жүзеге асырушы орталық нүктесі ретінде сан түрлі тарихтың куәсі болған алқап. Осы қала орналасқан аумақтан Ұлы Жібек жолы мен кейінгі Абылайдың қара жолы өтетін. ХҮІІІ ғасырдағы қазақ пен жоңғар, шүршіт пен қазақ соғыстарының жорық жолдары да осы қаланың аумағымен өткен.


Қазақ даласындағы көмір өндіру өнеркәсібінің орталығы ретінде бірте-бірте қанат жайған Қарағанды Орталық Қазақстанның ірі мәдени және индустриалдық орталығына айналды. Қазіргі Қарағанды қаласы орналасқан алқап – қазақ даласының кіндігіндегі байырғы мекеннің бірі. Мұнда қазақтың Орта жүзінің арғын тайпасынан тараған рулар қоныстанды. Арғынның бес мейрам атты рулар бірлестігінің үлкені – қуандық. Қуандықтың Сармантай атасынан тарайтын Аппақ Байжанов (1824-1887) – Қарағанды қаласы алабында көмір барын алғаш тапқан адам болып тарихта қалған. Жергілікті ауқаттының қойын бағып жүрген Аппақ қазіргі «Северная» шахтасының аумағынан суырдың інінен шығып жатқан көмірді көріп, мұнда осы бір отын қорының бар екенін біледі. Зерттеушілер бұл датаны 1833 жыл деп айқындайды. Аппақ көмірді қазып алып, айналасындағы ауылдарға апарып беріп жүреді. Жалпы алғанда қазақ даласын, оның ішінде орталық өлкені мекендеген адамдар жер астында қандай қазба байлықтар бар екенін ежелден-ақ білген деуге толық негіз бар. Оған Жезқазған, Жауыртау (қазіргі Теміртау), Қарағанды, Қайрақты т.б. атаулар куә болады. Қарағандыгың мол көмір қазынасын алғаш тапқан Аппақ Байжанов есімімен бүгіндері Қарағанды қаласының бір көшесі аталған.

Аппақ Байжановтың жанғыш тас көмірді тапқаны, осы төңіректегі ауылдардың оны отынға пайдаланып жүргені туралы ақпарат көпестер мен капиталистердің құлағына жетеді. Олар мұнда тас көмірдің орасан байлық жатқанын білді. Солардың бірі – Петропавл қаласында тұратын көпес Никон Абрамович Ушаков болатын. Шыққан тегі басыбайлы шаруа болған ол пысықтығының арқасында қазақ даласында мал саудасын қыздыра жүріп, мол байлыққа қол жеткізеді. Никон Ушаков байлығын арттырудың көзі – кен өндіру деп біліп, осы жолда ізденіс жасай бастайды. Ол 1840 жылы Ақмола облысы жерінде кен барлау, алтын өндіру құқығына қол жеткізеді. Қазақ даласының байлығын тезірек игеру үшін Ушаковқа көмір аса қажет еді. Мол капитал жинаған алпауыт Н.Ушаков 1850 жылы өзінің әріптестерімен бірге Нілді мен Спасскінің жаңадан ашылған мыс кені бар алқабын небәрі 86 рубльге сатып алған болатын. Осы ен байлықты балқыту үшін қызуы мол отын аса қажет еді. Егер жақында жоқ болған жағдайда, отынды Ресейдің алыс өңірлерінен тасып жеткізу қажет болатын ал ол өз кезегінде өндірілген өнімнің өзіндік құнын шарықтатып жіберген болар еді. Аппақ Байжанов тапқан көмірдің алқабына иелік ететін бай Игілік Өтеповтен 10 жылқы, 250 сөлкебай ақшаға мәңгілік пайдалану құқығымен сатып алып иеленген Никон Ушаков өзінің екатеринбургтік жарналас серіктері Аникий Рязанов, Тит Зотовтармен бірге кешенді жұмыстарды бастайды. Олар осылайша Нілді мен Қарағанды алабын игеру жұмыстарын бастап, нәтижесінде мыс балқыту зауытын салады. Қарағанды көмірінің тұтынушысы – Спасск мыс балқыту зауыты болды.  Жылына 22-35 мың пұт (1315-2100 тонна) мыс балқымасын өндіру қуатына ие бұл зауытқа қажетті көмір мен саз балшық жергілікті өңірден дайындалған. Н.Ушаков пен А.Рязанов отбасы аталған зауытты біршама жылдар жүргізгенімен, технология, техникалық, технологиялық мүмкіндіктері жете қоймайды. 1856 жылы «Қара забой» ашық қимасы  пайдалануға берілді. Бұл жерден 116,3 пұт көмір қазылып алынған. Осы нүкте – Қарағанды көмір кені алқабының бастауы болып саналады. 

Бүгінгі Қарағанды қаласының көрінісі - Сурет: www.ihsan.kz

1861-1886 жылдары жұмыс істеп тұрған бұл зауыттың жұмысы тоқырап, тоқтап қалады. Ал Қарағанды көмір кеніші өз жұмысын жалғастырады. 1901 жылы әкімшіліктің шамадан тыс жүктемесіне шыдамаған жұмысшылар ереуілге шығады. Шахтерлер сегіз сағаттық жұмыс нормасын енгізуді, жалақыны көтеруді, азық-түлік дүкеніндегі өнімдердің бағасын төмендетуді, сатылымдағы нанның сапасын жақсартуды талап етті. Әкімшілік ереуілшілердің талабын ішірана қанағаттандырды. 1903 жылы Спасск зауыты мен Қарағанды көмір кеніштерінде тағы да ереуіл бұрқ етті. Ескі әкімшілік ереуілшілердің талабын орындауға қауқарсыз болған себепті, жаңа қожайын іздеу қажет еді. 

1904 жылы Францияның экс-президенті Мари Франсуа Сади Карноның  ұлы Эрнест Жан Карно өзінің Ресей патшасы Николай ІІ сарайындағы таныстығын пайдаланып, осы көмір алабын 766 мың рубльге сатып алады. Осыдан кейін де Қарағанды көмір алабы бірнеше рет қолдан қолға өтеді.

1907 жылы Қарағанды көмір алабы ағылшындардың меншігіне өтеді. Ағылшын дәуірі 1920 жылға дейін жалғасады. Ағылшындар игерген дәуір – Қарағанды көмірін өнеркәсіптік игерудің шынайы бастамалы кезеңі болды. 1908-жылы 40 шақырым ұзындыққа ие Қарағанды-Спасск тартабанды теміржолы салынды. Осы арқылы балқыту кәсіпорны мен отын кенішінің арасындағы тасымал жолы мәселесі шешілді.

Ағылшындар да Қарағандыда қазба өндіру кезінде жер қойнауын аяусыз талқандаумен болды. Ағылшындар 1920 жылға дейін кен өндірумен айналысты. 1920 жылы басталған Азаматтық соғыстың салдарынан зауыт толықтай тоқтап, ағылшындар Кеңес үкіметі толық орнағаннан кейін кетіп қалуға мәжбүр болды. Олар кетерінде шахталардың бәрін суға толтырып, жарып зақымдап тастайды. Ақыры зауыт 1929 жылға дейін шахта мен оның қималары тоқтап қалды. 

КСРО Халық шаруашылығы жоғарғы кеңесінің төрағасы В.Куйбышевтің ықпал етуімен «Республикадағы көмір шахталары құрылымдау бойынша мемлекеттік басқарма туралы» ереже бекітіледі. Осының нәтижесінде «Казахстройуголь» тресі құрылады. Бұл тресті құрушылардың бірі еліміздегі көмір өндірісінің негізін қалаушылардың бірі Корней Осипович Горбачев болды. Кеңес Одағы билігі 1929-1930 жылдары көмір өндіру үшін 2 миллион 400 мың рубль бөлінді. Бұған дейін Донбаста, Абхазияда көмір өндіру бойынша басқарушылық жұмыстар істеген К.Горбачев 1929-1930 жылдары бас инженер С.А.Бурмистровпен бірге Қарағанды кенін жаңаша игерудің жолдарын іздеуге кірісті. Мұнда жоғарыда айтқандай суға толтырылып бұзылған ағылшындық «Джимми», «Герберт» шахталары ғана бар еді.  Бұл шахталардың стволдары мен төбе жабындары пайдалануға мүлде келмейтін болып шықты. «Герберт» шахтасының стволдарын көміп тастауға, ал шахта үстіндегі ғимаратты уақытша электростанция ретінде пайдалануға шешім қабылданады. «Новый» қабатының үстінде жаңа шахта орнатуды ойластырады. Барлығын жаңадан бастауға тура келеді.  Қарағандыдан Ақмолаға дейін теміржол желісін тартуды жоспарлайды. Оған дейін ауыр жүктерді, бөренелер мен жабдықтарды, материалдарды Қарағандыға түйемен, атпен, өгізбен тасып жеткізетін болған. Бұл – өте қымбатқа түсті әрі өнімділігі тым аз болды. Жұмысқа кірісер алдында геологиялық барлау жасау қажет болады. 

1930 жылдың 23 ақпанында К.Горбачевтің үлкен қажырлылығы арқасында алғашқы барлау ұңғымасы орнатылды. Геологтардың үміті ақталып, 130 метрлік тереңдіктен көмірдің қалың қабаты табылды. Бұл ара «Жоғарғы Марианна» деп аталды. Одан кейін табылған келесі бір қабатқа Ф.Дзержинскийдің құрметіне «Феликс» деген атау берілді. 1930 жылдың мамыр айында К.О.Горбачевтің көмекшілері: инженер Б.Ф.Гриндлер, техниктер И.А.Демченко, А.А.Каракачан, И.А.Хотин, механик С.И.Козлов, құрылыс десятнигі П.И.Зотов, дәрігер Г.Н.Алаликин дәрігер зайыбымен бірге т.б. мамандар келді. Олар Михайловкада орын тепті. Кеніш үстінде бірнеше саман барактар ғана бар еді. 1930 жылы 27 мамырда К.Горбачев алғашқы техникалық кеңес өткізді. Д.Н.Бурцевтің, Б.Ф.Гриндлерлер жарыссөзге шықты. Алғашқы көлбеу шахталар құуға шешім қабылданды. 

1930 жылдың шілдесінде «Казахсторйугольде» 550 жұмысшы мен 30 қызметкер еңбек етіп жатқан болса, күзде, қыркүйек айында 2515 жұмыскерге жеткен. Олардың арасында қазақтар аз емес еді. 1930 жылы алғашқы 12780 тонна көмір қазып алынды. Осы тұста кірпіш зауыты мен наубайхана салынды. Алғашқы тұрғын барақтары да тұрғызылды. 1930 жылы жазда жалпы қуаттылығы 47,7 метр болатын 28 көмір қабаты ашылды. 1930 жылы 16 желтоқсанда «Қарағанды» таскөмір тресі құрылып, басшысына К.Горбачев сайланады. Бұл кезеңде жылына 250-300 мың тонна көмір өндіретін қуаттылыққа ие шағын шахталар салу жұмысы басталды. 1931 жылы осындай 19 көлбеу шахта құрылды. Зертетулер бойынша Қарағанды көмірінде күкірт пен фосфор құрамы аз болғандықтан, жақсы байытылып, жоғары сапалы кокс алуға болатындығы айқындалды. БКП(б) ОК 1931 жылы 15 ақпанда «Көмір және кокс қорларын арттыру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Осыған орай Қарағанды көмір алабының географиялық орналасымы, ондағы орасан көмір қоры, оның кокстелуі, т.б. жағдайларды ескере отырып, КСРО-дағы үшінші көмір базасын құру туралы шешім бекітілді. Бұл Қарағанды қаласының, ондағы көмір кенін өндіруді арттырудың дамуына зор серпін берді. 1931 жылы 15 тамызда» БКП (б) ОК «Көмір және кокс ресурстары мөлшерін арттыру», ал 18 қарашада «Қарағанды көмір алабының құрылысы туралы» Қаулы қабылдады. Осы кезеңде профессор А.А.Гапеевтің басқаруындағы геологиялық барлау экспедициясы өз жұмысын бастады. Гапеев экспедициясы Қарағанды таскөмір кенорнының қоры туралы алғашқы ғылыми негіздемелі еңбекті әзірлеп шықты.

1931 жылы көктемде Қарағанды жұмысшылар кентінде 15 мыңдай адам тұрып жатқан болса, аталған қаулы шыққаннан кейін 70 мыңнан астам тұрғынға дейін өскен.

Қарағанды кен алабынан 1932 жылы 3-3,5 млн. тоннаға жеткізу жоспарланса, 1934 жылы 12 миллион тоннадан кем емес мөлшерде өндіру қарастырылды. Осы жылы электр станциясының құрылысы басталды. Алапты сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет болды. Сондай-ақ Қарағанды қаласын телеграф байланысымен, ауыз сумен, қоғамдық тамақтану желісімен, сауда нүктелерімен, мәдени және санитариялық мекемелермен қамтамасыз ету мәселелерінің басы-қасында К.Горбачаев жүрді. Бұл кезеңде бәрі де жетіпсейтін еді. Тіпті ең берісін айтқанда қарапайым жұмыс саймандары – күрек, сүймен, құрылыс материалдары т.б. аса қат болатын. Мамандар да жетіспейтін. Оны қайдан табу керек? Осы кезде К.Горбачев үшін тәуекелге бару қажет әрі бұл осы өңірдің болашақ даму бағыты үшін аса маңызды болды. Ол ҚарЛАГ басқармасымен келісімге келді. Осылайша ҚарЛАГ басшылығы «Қарағанды» тресінің қажеттілігі үшін кейбір мамандықтарға жұмысшы беруге келісті. Сөйтіп Қарағандының өсіп-өркендеуі, ондағы құрылыстардың, зауыттар мен фабрикалардың, шахталардың салынуы ГУЛАГ-пен тікелей байланысты болды. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап ҚарЛАГ архипелагі құрылымдары Қарағанды облысы аумағында қанат жайды. Екі Францияның аумағына тең алаңда 65 мыңнан астам еңбекпен түзеуге жаза кесілген тұтқындар жұмыс істеді. ҚарЛАГ жүйесі арқылы еңбекпен түзету колонияларында әр жылдары еңбек еткендер саны миллионнан асады екен. 

Қарағанды кен алабын игеруге қажетті бірінші санатты мамандар және тау-кен өндірісі училищесі мен тау кен техникумының алғашқы оқытушылық құрамы, химиялық зертхана, жобалау конторасының кадрлары білімді жазасын жүктеушілерден жасақталды. Көптеген жазасын өтеушілер көмір қазумен де айналысқан. Атап айтқанда 1934 жылы көмір алабында 104 мыңдай жұмыскер болған болса, олардың 5525-і арнайы қоныс аударылғандар еді.

Қарағанды көмір шахталарында А.Г.Стахановтың көмір өндіру әдісі үлгі болып, кеңінен насихатталды. 1935 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 199 бригаданың 1730 адамы стахановтық әдіспен жұмыс істеді. 

1935 жылы акушерлік мектеп, кейінірек фельдшерлік-акушерлік мектеп ашылды. Бұл мамандық оқыту мекемесі 1960 жылы медициналық училищесіне негіз болды. 

Қарағанды қаласы аумағына өткен ғасырдың отызыншы жылдары соңын ала жер аударылған халықтар өкілдері жеткізіле бастады. Алғашқы эшелондармен  Қиыр Шығыстан корейлер келді. Одан соң Балтық бойы республикаларынан, Батыс Украина мен Белоруссиядан жер аударылғандар келіп, Қарағанды қаласы мен оның маңындағы аудандар, кенттерге орналастырылып жұмысқа жегілді. Немістер, поляктар, шешендер, ингуштар, гректер, қырым татарлары т.б. халықтардың Қарағандыға қоныстану тарихы осында жатыр.

Жергілікті қазақ халқы бұл жер аударылған ұлт өкілдерінің бәрін бауырына тартып, дәм-тұздарымен бөлісті. Барлық ұлт өкілдері социалистік жоспар беп аталатын нормаларын орындау жолында күні-түні еңбек етіп, жаңа қаланың гүлденіп дамуына өз үлестерін қосты.

Алғашқы маманды дәрігерлер Қарағандыға 1930 жылы келді. Ақмола өлкелік денсаулық сақтау бөлімінен келген Герман Нмуакнорович пен Ядвига Фридриховна Алалыкиндер – Қарағанды қаласындағы денсаулық сақтау қызметінің бастауында тұрған дәрігерлер. Олардың бірі – хирург, екіншісі – терапевт ретінде халыққа қызмет көрсетті. Олар мұнда амбулатория мен стационарлық емхана орнатып, халыққа медициналық-профилактикалық және хирургиялық көмек көрсете бастады. Герман Никанорович алғашында бас дәрігер болса, кейіннен Қарағанды қаласында алғаш өздері ұйымдастырған қалалық аурухананың хирургия бөлімін басқарды. Бұл аурухана қабырғасы қызыл кірпіштен қаланғандықтан, ғимарат халық арасында «Қызыл аурухана» деп аталды. Алалыкиндердің Қарағанды қаласы мен оның айналасындағы ауылдар халқы үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. 

Іскер басшы К.Горбачевтің бастамасымен Қарағанды шахтерлері Донбасс шахталарымен шефтік байланыс орнатып, олардан көмек сұрады. Нәтижесінде Қарағандыға 385 еріктімен жасақталған эшелон келіп, көп көмегін тинізді. Олар кәсіби машинист, проходчиктер, техниктер, бекітушілер, тау кен шеберлері болатын. Олармен қатар жас инженерлер тобы да келіп жзетті. Әйгілі кенші Никита Изотовтың тәжірибесін игеру үшін 117 қарағандылық шахтер Донбасқа аттанып, көп тәжірибе жинақтап оралды. Қарағанды көмір алабы мен қаласының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан тәжірибелі басқарушы Корней Осипович Горбачев 1936 жылы мезгілсіз қаза болды. Оның атында қазіргі күні шахта аталған.

1934 жылы ақпанда ҚазОАК Қаулысын БКП (б) ОК бекітіп, қол қойылды. Осылайша Қазақстанда жаңа өндірістік қала пайда болды. Қарағанды қаласы мен Қарағанды таскөмір алабы Бүкілодақтық құрылыс деп жарияланған кезде мұндағы халық саны 100 мыңнан асты. Қарағанды қаласы осылайша Орталық Қазақсстанның ғана емес, бүкіл еліміздің индустриалды қаласы ретінде аты әлемге әйгілі бола бастады.

Жыл сайын кен барлау жұмыстары қарқын алуы нәтижесінде Қарағанды қаласы аумағындағы көмір қорын анықтау, осыған орай ұзақмерзімдік перспективалық жоспар құруға негіз қаланды. Қарағанды таскөмір алабының ауданы 300 шаршы шақырымды құраумен қатар, ондағы көмір қоры миллиардтаған тоннаға жететіндігі анық болды. Бұл байлық халқымыздың игілігіне әлі де ғасырлар бойы жарайды деп сеніммен айтуға мүмкіндік берді. Осыған орай көмірді тек өндіру ғана емес, оны өңдеп, түрлі өнімдер шығару мәселесі де қойылды.

Қарағанды – одақтық дәрежедегі алып құрылыс алаңына айналып, өңірдің келбеті жылдам өзгере бастады. Жасампаздықпен қатар жұмыс істеген адамға жақсы жалақы, табыстың көзі болған Қарағанды қаласын сол кездегі Кеңес Одағының көпұлтты халқы бірлесіп салды. Жылдам өскен қала Ұлы Отан соғысының алдында 160 мыңнан астам халқы бар, өндірістік және мәдени орталық болып үлгерді. Осының арқасында Қарағанды Кеңес Одағындағы Донбасс пен Кузбасстан кейінгі үшінші ірі отын өндірушіге айналды.

Қалада салауатты өмір салтына, білім мен мәдениетке де үлкен мән берілді. 1937 жылы қалада «Динамо» стадионы салынды. Теміржолшылардың мәдениет сарайы, балабақша салынды. Қала халқы демалатын парк салынып, аумағында жасанды көл айдыны пайда болды. 1932 жылы ашылған политехникалық музей кейіннен облыстық өлкетану музейіне, ал 1964-жылдан облыстық тарихи-өлкентану музейіне айналды. 

1936 жылы 29 шілдеде Қарағанды облысы құрылып, орталығы Қарғанды қаласы болуы – жас қаланың дамуына жаңа серпін берді. Бұған дейін Қарағанды облысының орталығы сонау солтүстікте жатқан Петропавл қаласы болып келген еді.

Осы жылы Қарағандыда бастауыш, орта мектеп мұғалімдерін даярлайтын мұғалімдер институты ашылды. Онда «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Тарих», «Физика және математика» мамандықтары бойынша мамандар бітіртіп шығарды.

1938 жылы Қарағандыда алғашқы облыстық көпшілік кітапхана ашылды. Осы жылы көшпелі зоологиялық көрменің негізінде, болашақта еліміздегі ең ірілердің біріне айналған зоологиялық парк құрылды. 

1943 жылы Қарағандыда жаңа аурухана ашылды. 100 терапевтік, 70 хирургиялық төсекке арналған мүмкіндікке ие болған бұл аурухана өзінің ашылған кездегі қиын кезеңіне қарамастан, жақсы жабдықталып, Қарағанды қаласы мен Зеленая Балка, Ескі Майқұдық, Компанейск, Ескі Тихоновка мен Қоңырат, Балқаш, Умпен кеніші мен Спасск зауыты халқына дәрігерлік қызмет көрсетті. 

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, шахтаның жұмыс ырғағы майдан қажеттілігін өтеуге лайықталды. Осы жылдары көмір өндіру екі есе артты. Неміс фашистері КСРО-ның батыс бөлігіндегі Донбасс сияқты ірі көмір алаптарын жаулап алғандықтан, Қарағандыға ауыр жүк артылды. 1941 жылы Луганскідегі Пархоменко атындағы зауыт жабдықтары жау келгенше көшіріліп, Қарағандыға әкеліп орнатылды. Зауыт тек құрал-жабдықтарымен ғана емес, жұмысшы кадрларымен, инжженерлік-техникалық қызметкерлерімен көшіп келіп, бір айдан соң өнім бере бастады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды шахталарының маңызы тіпті арта түсті. Соғыс жылдары кезеңіндегі екпінді еңбек барысында Қарағанды көмір алабы 45 миллион тонна көмір қазып шығарған екен. Бұл – осыған дейінгі барлық өндірген көмірден бір жарым есе көп мөлшер еді. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары Қарағандыда құрылыс салу қарқынды өріс алды. 

1942 жылы 25 сәуірде КСРО Халық Комиссарлы Кеңесі «Қарағанды қаласы маңында толық металлугриялық цикльді металлургиялық зауыт салу туралы» Қаулы шығарды. Осыдан кейін қызу еңбек басталды. 1944 жылы алғашқы қазақстандық шойын қорытып алынды.

1945 жылы Қарағанды қаласының серік кенті Самарханд кенті Теміртау қаласы болып қайта құрылды. 

1958 жылы қалада 24 аурухана, 5 перзентхана, 11 емхана, 82 күндізгі және 30 кешкі мектептер, 4 ЖОО, 7 көмір бағытындағы ғылыми-зерттеу мекемесі жұмыс істеп тұрды.

Әлеуметтік мәртебесімен қатар, қаланың өндірістік әлеуеті де өсе түсті. Өткен ғасырдың 80-жылдары «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігі құрамында 66 кәсіпорын, оның ішінде 26 шахта, екі қуатты қима, 8 байыту фабрикасы еніп жұмыс істеп тұрса, оларда барлығы 80 мыңнан астам жұмысшы-қызметкерлер еңбек етті.

1952 жылы Қарағанды мұғалімдер мектебі педагогикалық институт болып қайта құрылды. Ал 1972 жылы бұл жоғары оқу орны Қарағанды мемлекеттік университеті болып қайта құрылымдалды. Оның құрылуына академик Евней Бөкетовтің еңбегі зор болды. Қазіргі күні Қазақстандағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі болып қалыптасқан ҚарМҰУ – Е.Бөкетіов атынмен аталады.

1978 жылы қарағандылық көмірдің миллиардыншы тоннасы өндірілді. Осыған орай «Қарағандыкөмір» «Қазан төңкерісі» орденімен наградталып, 22 кенші «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды.

Осы жылдары Қарағандыда қала құрылысы аса қарқын алды. 1970-1980 жылдар аралығында 2 млн. шаршы метр тұрғынүй салынды. Көптеген мектептер, ауруханалар, балалар бақшалары салынып, жаңа Оңтүстік-Шығыс мөлтекауданының құрылысы басталды.

1957 жылы Қарағанды қаласының тұрғынүй қоры 1400 шаршы метрді құраса, 1984 жылы бұл көрсеткіш 6,7 миллион шаршы метрге жеткен. Елу жылдық мерейтойына орай Қарағанды қаласы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен сыйланды.

2004 жылы Қарағанды қаласы өзінің 70 жылдық мерекесін қарсы алды. Тәуелсіз Қазақстанның индустриалдық, ғылыми, мәдени үлкен орталықтарының бірі болып қалыптасқан Қарағанды қаласында бұл кезеңде үлкен өзгерістер орын алып, жаңару, жаңғыру үдерісін бастан өткерді.

Қазіргі күні де көмір және көмір өндірісі Қарағанды қаласының басты нышаны болып қалуда. Қарағанды қаласы – өзінің қазіргі көрік-келбетімен, тоқсан жылға жуық уақыттағы жеткен жетістіктерімен мақтана алады. Қарағанды қаласы – бүгінгі күні өзіндік өндірістік, тұрғын-аумақтық аумақтары бойынша қалыптасқан агломерацияға айналды. Көптеген өндіріс ошақтары тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық басқарушылық өзгерістерге төтеп беріп, қазіргі күні пайдалы өнім шығарушыға айналған. Қарағанды дегенде халықтың есіне мұнда туып-өскен әйгілі бокшылар түсері анық. Олимпиаданың күміс жүлдегері, кәсіпқой бокстан жартылай ауыр салмақ бойынша екі мәрте жүлдегер, дүниежүзіне әйгілі спортшы Геннадий Головкинді қарағандылықтар мақтаныш тұтады. Республикамыздың өнеркәсібі, ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениеті, спорты, медицинасы – барлық салаларында Қарағанды қаласының орны ерекше. Бұл – жоғарыда аталған тоқсан жылға жуық уақытта біздің қажырлы халқымыздың қол жеткізген жетістігі. Теміржол мен автомагистральдің өзегіндегі Қарағанды қаласы қазіргі кезеңде тасымал жүйесі бойынша аса маңызды қалпында ел экономикасына қызмет етуде.

Қаланың жалпы аумағы 498 шаршы шақырымды құраса, оның ішінде 279 шаршы шақырымы қаланың өзіне тиесілі. Қарағанды – тұрғындар саны жағынан Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбеден кейінгі бесінші орынға енетін қала. Қала жыл сайын көркейіп, Сарырақадағы ұлттық бет-бейнелі ірі елді-мекендердің қатарына ене түсуде. Қаладағы Қазыбек би, Әлихан Бөкейханов атты екі ауданның аумағында көмір өндірумен қатар, машинажасау, металл өңдеу, азық-түлік өндіру кәсіпорындары жұмыс істейді. 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша қалада 502964 адам өмір сүрген. Қарағанды – мемлекет құраушы қазақтардан өзге сан түрлі ұлт өкілдері тұратын қала. Қаладағы барлық тұрғындардың 50 пайызын қазақтар, 38 пайызын орыстар құраса, украиндер, татарлар, немістер, корейлер, шешендер т.б. ұлт өкілдері қалған бөлігін құрайды. Қарағанды қаласы тұрғындарының басым бөлігін жастар құрайтынын ескерсек, таяу болашақта демографиялық күйзелістерге ұрынбайтыны анық. Көмірлі қала, өндірісті қала, білім мен ғылым, мәдениеттің қаласыҚарағандының болашағы жарқын екеніне біз сенеміз.