Полиция азаматтардың берік қорғаны болуға тиіс
23.06.2023 1298

Бүгін – Қазақстан полициясы күні. Бұл тек полицияның кәсіби мерекесі ғана емес, жалпы халық үшін де маңызды күн болуға тиіс. Ал біз оған қашан жетеміз? Ол үшін қарапайым адамдардың полицияны өзінің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуші ролінде көруі маңызды. «Өз полицияңызға көңіліңіз тола ма?» деп арнайы сауалнама жүргізген кезде америкалықтардың 70 пайызы өзінің полициясына сенетінін, əлдебір қиындық туындағанда оның көмегіне сүйенетінін, өйткені полицейді шын мəнінде қорғаны санайтынын айтқан. Ал осы сауалнама Ресейде жүргізілген кезде бұл көрсеткіш үш есе төмен болған. 


Қылмыс  деңгейі төмен елдер

Елімізде қылмыс мүлдем болмаса деу қисынсыз шығар, дегенмен қылмыс аз болса екен деген арман әркімде болады. Өз елінде қылмысты азайтуда ауқымды жұмыс істеп, әжептәуір нәтижеге жеткен елдердің бірқатарын мысалға алайық. Мысалы, Швейцарияда көшеде жүру қауіпсіз болғандықтан баланы мектепке шығарып салудың қажеті жоқ, Сингапурда қару-жарақ пен есірткі заттарға мүлдем тыйым салынған, көшеде балағат сөз айтып, қоқыс тастап, тыйым салынған жерде темекі шеккендерге 600-1000 АҚШ долларына дейін айыппұл салынады. Жапонияда Азия елдері бойынша қылмыс жасау деңгейі төмен, Ирландияда кісі өлтіру қылмысы 100 мың адамға шаққанда 0,88, Исландияда полиция қызметкерлерінің өзі қару ұстамайды, Данияда қауіпті аудан деген ұғым жоқ, Кипрде жергілікті тұрғындар үйлерінің есігін түнде де ашық қалдырады. Жаңа Зеландияда қылмыстың индексі жылына 100 000 адамға шаққанда 0,7 пайыз, сыбайлас жемқорлық жоқ. Өйткені олардың заңдары өте қатал, жемқорды аямайды, сонымен бірге кірістері жоғары. Мүмкін, олар ең төменгі жалақысы 2700-2900 АҚШ доллар болғасын пара алуға да құмар емес шығар, ... бізге әйтеуір, соның бәрі ертегі сияқты.

 

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін

Біздің елде де қылмыс деңгейін төмендету, қауіпсіздік шараларын күшейту, азаматтардың ештеңеден қорықпай қолайлы өмір сүруі үшін істеліп жатқан жұмыстар аз емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық мемлекеттік және қоғамдық институттары, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірлеу жалғасуда. Тұжырымдамада қылмысқа ықпал ететін себептер мен жағдайларды кешенді жою қарастырылған. ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Астанада өткен «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету: проблемалар мен шешу жолдары» форумында қылмыстың негізгі себептерін атады. Оның айтуынша, криминология ғылымында қылмыстың негізгі драйверлері туралы нақты түсінік бар.

«1. Қылмыстың себептері:

Қолайлы жағдайлар болса, қылмыс үнемі орын алады. Қолайлы жағдайды нақты жойса, қылмысты жасау құралдарына қол жеткізу шектеледі, ал ғимараттардың қауіпсіздігіне үлкен мән беріліп, камералар, жарықтандыру, дабыл және т.б. орнатылса, қылмыс төмендейді.

Сарапшылар Еуропадағы қылмысты азайтудың негізгі факторы SSTV-заманауи көше камераларын орнату болды деген пікірді ұстанады.

 

2. Құқық бұзушының жеке басы:

Криминология, әдетте, қылмысты аздаған топ жасайды деп мәлімдейді.

Тәуекел тобындағы адамдарға қатысты алдын алу шаралары олардың қылмыстық қызметке тартылу дәрежесін айтарлықтай төмендетеді.

Мұнда жеке профилактика, сондай-ақ әлеуметтік көмек, кәсіптік оқыту, жұмысқа орналастыру және т.б. мәселелер бар.

 

3. Қылмыстан түскен пайда:

қылмыскерлерге, әсіресе ұйымдасқандарға қылмыстық әрекеттен қаржылық пайда табуды қиындату жеке қылмыстардың тұрақтылығын төмендетеді.

Мысалы, АҚШ-та ломбардтар мен дистрибьюторларды реттеу ұрлық жасауды қиындатты.

 

4. Есірткі: ол қылмыстық мінез-құлықпен байланысты:

- нашақорлар құқық бұзушылық жасауға ынталы болады,

- ал ұйымдасқан қылмыс - есірткі өндіруге және таратуға итермелейді.

 

5. Алкоголь: бұл мәселе бірқатар қылмыстардың негізгі факторы. Төтенше жағдайлар қызметіне ауыртпалық түсіреді және қоғам үшін шығындардың айтарлықтай ауыртпалығын құрайды», - деді министр. Міне, осылай қылмыстың туындау факторларын есепке ала отырып, онымен күресу жүйелі жүргізілсе ғана күткен нәтижеге қол жеткізуге болады.

 

 

Полиция болу оңай емес…

Полиция қызметін оңай деп ешкім айта алмайды, тәуекелге бел буып, өмірін қатерге тіге алатын ерік-жігері бар адам ғана ішкі істер саласын таңдайды.  Өзге мамандықтардан артықшылығы сол – полицияның есте сақтау қабілеті мен байқағыштығы анағұрлым жоғары болуы тиіс, сонымен бірге, дене күші мол, бойлы-сойлы, моральдық тұрғыдан да рухы мықты, қажет жерінде байыпты шешім қабылдайтын адам болса ғана ол қоғамдық тəртіптің сақшысы бола алады. Міне, көрдіңіз бе, полиция болу екінің бірінің қолынан келмейтін, нағыз ерлер ғана көтеретін жүк. Сондықтан көшеден келген біреу полиция болмауы тиіс. АҚШ-та өткен ғасырдың 80-жылдары полицияға қабылдауда арнайы орталықтар ашып, онда тест пен əңгімелесуден бөлек оның іске басшылық етуі, адамдармен тіл табысуы, істі салмақты шешіп, топпен жұмыс жасау шеберлігі ескерілген. Үміткердің осындай қасиетіне көз жеткізу үшін пікірталас жүргізіп, жеке сөйлесіп, жағдай бойынша рөлге ену талабы қойылған. Келешекте ғалымдар полицияға үміткерлерді қабылдауда оның генетикалық мінезін анықтауды мақсат етіп отыр, себебі жуырда «қорқыныш гені» ашылған.  Ғалымдар полицейлердің кейбіреуінің мүмкіндігі бола тұра қорғанбай, ажал құшатынын келтіреді, яғни кей адамның қорқынышын жеңе алмай тұрған орнында қалшиып қатып қалатын əдеті болады екен. Колорадо университеті ғалымдары «қорқыныш генінің» адамдардың 15-20 пайызында болатынын анықтаған, əрине, мұндай адамға полицияда орын жоқ. Сол сияқты «қаны бұзықтық» деген де ген бар болып шықты. 

Келешекте полицияның жаңа құзіреттерін дамыту үшін оқыту тәсілдері өзгереді:

- сыни және жүйелі ойлау, 

- эмоционалды интеллект, 

- сандық құралдармен жұмыс істеудің техникалық дағдылары 

- қылмыс туралы заманауи криминологиялық білім.

Бұл өте дұрыс көзқарас. Мысалы, арнайы деректер мен мəліметтерге көз жүгірте отырып, батыс елдері үкіметінің өз полициясының сана-сезімінің жоғары, кемеліне келген маман болып қалыптасуы үшін  үміткерді күрделі сынақтардан өткізетінін білдік. 

 

Имидж және бәсекелестік

Жоғарыда біз мысалға алған елдерде полиция абыройын, имиджін көтеру деген мəселе аса маңызды, полицияға келетін үміткерге талап күшейтілгеніне қарамастан, Францияда 50 орындық полиция комиссары мектебіне оқуға түсуге үміткер саны үш мыңнан асса, Швецияда бір орынға 13 үміткер таласады екен. Финляндияда бұл көрсеткіш 16 адам. Криминалдық полиция (детектив, ФБР арнайы агенттері) болсын, патрульдік қызмет пен полиция басқару саласына қызметке келетіндер болсын, олар əділдікті ұстанушы, заң мен азаматтар құқығын қорғау ниетімен келеді. Оның үстіне батыс елдерінде полицейдің жағымды бейнесін қалыптастыруға бөлінетін қаражат та қыруар. Ұлыбритания, Голландия, Дания, Норвегия, Швецияда полицияны қалыптастыру мəселелерін шешу үшін оқыту мен жабдықтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Америкаға жету қайда десек те, өзімізді биіктен көруге талпыныс əрқашан керек. Полицияның кəсіби біліктілігін арттыру деген мəселе күн тəртібіндегі ең биік əрі салмақты міндет болып отыр. Қоғамның бет-бейнесі де, қылмыстың деңгейі де осыған байланысты. Сондықтан біз полиция имиджінің оң қалыптасып, оның жаңа заманғы келбеті жарқын, қоғамдағы рөлі жоғары болуы үшін көп болып соған мүдделілік танытуымыз қажет.