Экспедиция мүшелері Кереку өңірінде
05.07.2023 3795

Көкшетау қаласынан бастау алған «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық тарихи-мәдени экспедициясы Павлодар облысына келді. Автокеруенді Павлодар облысы мәдениет басқармасының мамандары күтіп алып, өңірдің тарихи орындарын аралаттырды. С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Абылайханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің ашылуында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, түркітанушы ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы сөз алып, экспедицияның ғылыми мәніне тоқталып өтті. 


- Құрметті, оқырмандар! Сіздерге Астанадан, Арқадан, Көкше жерінен дұғай-дұғай сәлем! Осындай экспедициямен жолға шығып бара жатырмыз. Енді біздің осы ретте экспедициямыздың негізгі міндеті «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» деп аталады. Сәл басқашалау халықаралық экспедиция, толыққанды. Одан кейін тақырыбы да бөлектеу болып тұр. Неге дегенде, бұл экспедиция біздің көне тарихымыз бен жаңа тарихымызды, екі, үш мемлекет арқылы байланыстырып тұр. Моңғолия мен Қазақстанды, Ресейді рухани байланыстыру мақсатында жасалған экспедиция болып отыр. Рухани байланыс деген негізінен тарихи құндылықтарды дәріптеуге, оны халықтың рухани игілігіне жаратуға бағытталған.  Ал енді Қазақстан мен Моңғолияны не байланыстырады деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі біздің тарихи тамырымыз сол жақта жатыр. Біздің көне мемлекетіміз, кезіндегі ғұн империясы, түрік қағанаты, Шыңғыс хан империясы сол жақтан бастау алған. Ал қазір Қазақстанда отырып алып, дәстүрімізді, тарихымызды, мәдениетімізді зерделеп, зерттеп, нәтижеге жете алмаймыз. Маңайымызға шығуымыз керек. Қазақстанның айналасындағы бүкіл аймақтың этно-мәдени, тарихи байланысын зерделеуіміз керек. Қытайдың өзінде қазіргі күні 3 миллиондай қазақ бар десем, өтірікі емес. Моңғолияда да қазақтар көп. Ал Ресейде өзіміздің хакас, тува, балқар, чуваш, ноғай секілді түркі халықтары бар. Қазақтың тарихы, мәдени шекарасы тек Қазақстанмен шектелмейді. Тарихи байланысымызды түгендейтін уақыт келді,-дейді экспедиция мүшесі, тарихшы Т. Зәкенұлы.

Экспедиция жетекшісі, қоғам қайраткері Мұратқажы Ыдырысұлы Абылай ханның қара жолы жобасына тоқталып, облыстық кітапханаға жоба бойынша жарық көрген кітаптар мен ғылыми еңбектерді табыстау рәсімін өткізді. Кейін автокеруен мүшелері Абылай ханның өмірі мен саяси қызметіне қатысты ашылған көрмені тамашалады.

Халықаралық экспедиция Мысыр елін билеген мәмлүктердің қолбасшысы, қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, қазақтың ұлы хандарының бірі, мемлекет қайраткері, дипломат және қолбасшы Абылай ханның 310 жылдығына, ақын Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына және алаш қайраткері, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналып отыр. Автокеруенді Ақмола облысы әкімдігі және «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруда. Шараның ақпараттық қолдаушылары – «Qazcontent» АҚ, «Хабар-24» телеарнасы және  Qazaqstan tarihy интернет-жобасы.