«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» экспедициясы елге оралды
21.07.2023 1335

«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» тарихи-мәдени автоэкспедициясы қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына, қазақтың ұлы ханы дипломат және қолбасшы Абылай ханның 310 жылдығына, ақын, композитор Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналып 4 шілде жолға шығып, 19 шілде Көкшетау төрінде өз мәресіне жетті. Делегация құрамын Ақмола облысы әкімшілігі, облыс әкімшілігінің басқарма басшылары, көкшетаулық ағайындар және БАҚ өкілдері салтанатты түрде қарсы алды. 


Көкшетау қаласы Абылай хан алаңында өткен шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов сөз алып, «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық экспедициясының табысты өтуіне белсене ат салысқан делегация мүшелерін облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. 

Мұратқажы Ыдырысұлы, экспедиция жетекшісі: 

«2018 жылы Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Абылай ханның қара жолы» ғылыми экспедициясы басталған болатын. Содан бері бұл жоба еліміздің төрт бұрышын түгел аралап, ел тарихына қатысты құнды деректерді жинаған. Біріншісі экспедиция -  Абылай ханның жолын жаңғырту болды. Екіншісі экспедиция - Бетпақдала және Абылай ханның қара жолы деп аталды. Үшіншісінде  Абылай ханның жорық жолдары және Ұлы даланың ұлы тұлғалары насихатталса, төртінші экспедиция – Алтын Орданың 750 жылдығы мен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық даталарына арналды. Биыл бесінші мәрте өтіп жатқан экспедиция халықаралық деңгейге көтеріліп, зерттеу тақырып арнасын ұлғайты. Елімізде мұндай экспедицияның аналогі жоқ. Күні кеше ғана Көкшетау жерінен Хан Абылайдың алтын ордасынан, Бурабайдың төсінен аттанып едік. Бүгін міне, сол тарихи-ғылыми бағыттағы экспедиция 10000-ға жуық шақырым жол жүріп, Көкшетауға аман-есен жетіп отыр. Біздің басты мақсатымыз, өзіміздің ұлы тарихымызды білу, түркі кезенінің тарихын білу, көшпелілер мәдениетімен танысу. Абылай ханның ордасынан Тоныкөктің жатқан жеріне алтын көпір орнату. Біздің ұлы бабаларымыз Құтлық қаған, Білге қаған, Күлтегін батыр, Тоныкөк абыздың туған жеріне барып, тағзым ету. Сол жұмыстарды атқардық. Ұлыларға тағзым жасадық. Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында өткен «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық дөңгелек үстеліне ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев,  түркиядан түркітанушы ғалым Әбдіуақап Қара,  Моңғолияның халық жазушысы, тарихшы Шынай Рақметұлы қатысты. Сондай-ақ Номғон қойнауында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан еліміздің археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаевтармен кездесіп, моңғол-қазақ археологтарының қазба жұмыстарымен таныстық. Алдағы уақытта экспедиция туралы көлемді ғылыми еңбек жарық көретін болады. Сол жинақта сапардың барлық кездесулері хатталып, жинақталады».

Халықаралық автокеруен құрамында елімізге белгілі ғалымдар, этнограф-тарихшылар мен қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері болды. Экспедиция сапарын Бурабай өлкесіндегі Абылай хан алаңынан бастап, көршілес Ресей Федерациясы мен Моңғолияның тарихи маңызы бар жерлеріне барды. Тур өкілдері Таулы Алтай Республикасы, Қошағаш ауданы мен Баян-Өлгей, Ховд, Ұланбатыр, Налайхан, Иркутск, Красноярск, Новосібір, Омбы қалаларындағы қазақ диаспораларымен кездесіп, пікір алмасты. 

Алтынбек Құмырзақұлы, «Qazcontent» АҚ «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасының жетекшісі: 

«Шынында да бұл тарихи-мәдени, ғылыми бағыттағы ауқымды экспедиция ел тарихында алғаш рет болып жатқан жобалардың бірі. Бұл жоба арқылы біз Алтайдан Дунайға дейінгі жайлаған ата-бабаларымыздың, оның ішіне ұлы көшпенділер өркениетінің мол мұрасымен таныстық. Өтүкен қойнауындағы (Орталық Моңғолия) түркі қағанатының тарихи ескерткіштері Құтлық Елтеріс қаған, Күлтегін мен Білге қаған кешендерін өз көзімізбен көрдік. Ұйғыр қағанатының астаналарының бірі болған – Хар балас (Қара Баласұғын) қаласының ескі жұртын, Шыңғыс ханның, оның алдында Керей хандығының астанасы болған Қарақорым көне жұртын тамашаладық. Тарихи балбал ескерткіштердің тарихына үңілдік. Уланбатор қаласындасы «Шыңғыс хан» музейі мен Тоныкөк бабамыздың кешенін көру бақытына ие болдық. Қазақстан, Ресей Федерациясы және Моңғолия мемлекеттерін қамтыған экспедиция арқылы 24 қала мен жүзге жуық елдімекенді араладық. Жоғарыдағы екі елде тұратын қандас бауырларымызбен кездесіп, әңгімелестік». 

Алдағы уақытта «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық ғылыми экспедициясының қорытындысы негізінде кітап жарық көріп, деректі фильм оқырман назарына ұсынылады.  Бұл фильм топтамасы – көшпенділер мәдениеті мен тарихына арналып, ортақ бай тарихымыз бен мәдениетімізді көрсетіп, ата-бабаларымызбен мақтануға мүмкіндік береді. Автокеруенді Ақмола облысы әкімдігі және «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруда. Шараның ақпараттық қолдаушылары – «Qazcontent» АҚ, «Хабар-24» телеарнасы және  Qazaqstan tarihy интернет-жобасы.