Қазақтың ұлттық идеологиясы – рушылдық емес
28.07.2023 2748

Осыдан біраз уақыт бұрын (12.05.2023)  «Жас Алаш» газетінде Қанат Тілеуханның  «Стратегия» әлеуметтік-саяси  зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуовамен «Қазақтың ұлттық идеологиясы – рушылдық» тақырыбындағы  сұхбаты жарияланды.  Сұхбаттың аты  айғайлап тұрғандықтан,  әне-міне пікір жазамыз деп жүргенде жаздың ортасы болды.


***

Сұхбатта бірталай маңызды мәселелер айтылады. Мысалы Г.Илеуованың  «Тарихи тақырыптарға арналған деректі фильмдер -  трагедияға толы, негатив контент басым» дегенімен өз басым келісемін.  Бұл тек қана деректі фильмдерге ғана емес, жалпы ХХ ғасырдағы қазақ музыкасына,  әдебиетіне, өнеріне  қатысты, бірақ соңғы кезде трагедиялық контекстен арылып келеміз. Менің студент кезізмде Қарқаралы жақтың бір қариясы «біз  бір ғасырда бес ғасырдың ауыртпашылығын көтердік» деп еді. Ресей империясы аумағындағы азамат соғысы, ашаршылық, репресссия, соғыс, тың игеру  отарлық  езгідегі  этностың көңіл күйіне теріс әсер етпей қоймайды.

Екіншіден, Г.Илеуова «Идеология  қатып қалған дүние, сізді шеңберден шығармайды» дейді. Бұл пікір де түсінікті. Этнос адамзат баласының жарқын идеяларын қабылдауы, не сол идеяларды жетекке алғандарға қосылуы керек, бірақ ол идеялардың біреуін қабылдап, тастай қатып қалуға болмайды. Біздің  алдымызда  Батыстық коммунизм  идеясын  тоталитарлық мемлекет идеологиясына айналдырған орыс мысалы тұр. Тарихи даму жолына кейін қосылған,  өркениетте  кенже қалған орыс  бұл тамаша идеяны адамзат баласына  жеккөрінішті қылды. Тарихта осы сияқты мысалдар көп.

 

***

Осындай кіріспеден кейін интервьюер мен Г. Илеуова ру мәселесі атты  негізгі тақырыптың  мүйізінен ұстайды.

Әңгімені Г.Илеуова  «Болашақ бағдарламасымен оқып келген депутат уикипедияға өз руын жазып қойыпты» деген ақпаратпен бастайды. Бұл мәселеге түсінік беру керек, неге мемлекет басшылығында  заң шығарумен айналысып  отырған пілдей депутат,  қазақ мемлекетінің  азаматымен деудің   орнына өз руын жарнамалап, жариялап отыр?! 

Одан кейін «Біз ғана  рулық, жүздік шежіреге жабысып отырған» дейді.  Бұл қате пікір, руға жабысып отырған этнос жалғыз қазақ емес. Сонау Африка, Оңтүстік Азияға бармай-ақ өзіміздің жанымыздағы көрші этнстарды (башқұрт, қырғыз, қалмақ т.б.) алыңыз, бәрінде де ру мәселесі бар. Кейбіреуінде ру паспортталған.

Г.Илеуова  «Соңғы 30 жылда билік тек ұлы жүзде болуы керек деген әңгіме болды, тек шапырашты қолында тұруы тиіс деген сөз айтылды, бұның бәрі жоғарыдан басталды» дейді. Рас, Шапырашты билігін тарихи тұрғыдан негіздеу үшін «Түп тұқиян» сияқты кітаптар жазылды. Назарбаев авторитарлық билікті орнықтырған соң отбасынан артылған мемлекеттік қызмет те, мұнай да  шапыраштыға, олан қалды дулатқа т.б.  таратылды. 

 

***

«Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеу орталығының президенті,  әлеуметтанушы Гүлмира Илеуованың «Қазақтың ұлттық идеологиясы – рушылдық»  атты сұхбаты  қазақ қоғамындағы күрделі кеселге констатация жасаған маңызды жарияланым.  Бірақ  рушылдықты түсіндіру  барысында этнологиялық дайындығы  болмағандықтан Г. Илеуова эклектикадан аса алмайды. Сұхбат қоғамтанушыларды  дайындаудағы    кемшіліктерімізді жақсы көрсетеді. Егер біз қазіргі қалыптасқан жағдайды талдай алмасақ болашағымызды қалай жоспарлай аламыз?!

Біріншіден, «рушылдық»  ұғымы халық түсінігіне және    қоғамдық ғылымдардың инструментариіне ХХ ғасырдың ортасында ғана «трайбализмның» (tribalism) баламасы ретінде  кірді.  Неге бұл ұғым ХХ ғасырға дейін қолданыста болмады?  Себебі Қазақ хандығы дәуірінде әкімшілік-территориялық және саяси бірлік ретінде қызмет атқарған  қазақ руының трайбализммен еш байланысы жоқ. Г.Илеуованың «Рулық құрылым дегеніміз не? Ол алғашқы қауымдық қоғамда болды» дегені дұрыс,  бірақ қазақ қоғамы алғашқы қауымдық құрылыстан баяғыда өсіп кеткенін  Г.Илеуова есепке алмаған.

Бұл қателікті өз кезінде «родовое начало» туралы жазған ондаған Ресей  ғалымдары,  біздің заманымызда Н.Масанов  жасаған. Соңғысы ру феноменін түсінбей ақыр  түбінде жалпы руды жоққа шығарды (рода нет и никогда не было в природе т.б.). Біздің осы тақырыпқа арналған арнайы талдауымызды қараңыз (Артықбаев, 2019, т.1, 202-213 бб.). Ру мәселесін түсінбеу зерттеушілердің методологиялық төмен дайындығына, екіншіден, тіл білмеуіне байланысты.  Иә, біз руды  «род» сөзінің  баламасы ретінде аударамыз, бірақ қазақ руы ол алғашқы қауымдық құрылыстың  «роды»  емес.

Рудың  алғашқы қауымдық құрылыстың  «роды»  емес екеніне алғаш күмәнданғандардың бірі КСРО ҒА Миклухо-Маклай атындағы  Этнография институтының  Орта Азия және Қазақстан бөлімін басқарған Т.А.Жданко болатын (Жданко, 1974, 45-62 бб. ).  Ол апай  зерттеушілер арасындағы «ру» мен «род»  қарама-қайшылығын  шешу үшін «вторичные племена» деген ұғымды ұсынды. 

Егер біз қазақ руының әлеуметтік, экономикалық, саяси қызметтерін айтсақ өте ұзақ әңгіме болып кетеді. Бұл тақырыпты толық игеру үшін  менің «Казахское общество; истоки и история» 4 томдығымды  қарауыңыз керек (Артыкбаев, 2019). «Род» пен  ру арасында мыңдаған жылдар, алғашқы қауымдық құрылыс теңдігі мен қазақ руының әлеуметтік күрделі құрылымы,  қандас және  генеалогиялық (насаб-нама) туыстық арасындағы  жер мен көктей айырмашылықтар  бар.

Қазақ әлеуметтік-саяси ағзасы  барлық таксондық деңгейлерде рулардан тұрады. Бұл құрылымның алғашқы ұясы – бір ата,  яғни патронимия, оны ру қатарына қоса алмаймыз. Одан әрі  жеті ата деңгейінен асқан  қауымдастық   ру атала бастайды.  Бірнеше жеті ата қауымдарынан  құралған бірлік ол да ру, осылайша жоғарылай береді. Қарапайым тілмен айтқанда саны ХХ ғасыр басында  миллионнан асқан  Арғын да ру, оның ішіндегі Қаракесек те ру, Қаракесек ішіндегі Қара-Шор да ру т.б.  Ғылыми әдебиетте кейде шартты «тайпа» деген сөз қолданылады.

Егер рулар  бірлестігін төре әулетінің өкілі басқарса қазақ  оны «ұлыс» деп атайды. Басқарушы төре «сұлтан» атағын алады, рулық бірлестік  саяси бірлікке айналады. Жүз  насаб-намалық (генеалогия)  тұрғыдан жеке  бірлік болғанымен, саяси жағынан тұтас болмайды. Оның мысалы толып жатыр,  мысалы  ХVІІІ  ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүзді алыңыз. Әбілқайыр солтүстік, Батыр оңтүстік ұлыстарды басқарды.  Орта жүзді алсаңыз бұл жерде Абылай, Барақ, Әбілпейіз т.б. ұлыстары бар. Мемлекетті ұлыстар арқылы басқару Түркістандағы орталық билікке тиімді болды, сол себепті Хан Ордасы жүз деңгейінде сұлтан сайлауын жүргізбеді. Ұлыстық жүйе мен генеалогиялық жүйе арасындағы қарама-қайшылық  бөлек әңгіме. Бұл жерде тағы да менің монографияларымды оқуды ұсынамын.

 

***

Қазақ рулары туралы жазамын деген адам  қандас және генеалогиялық (насаб-нама)  туыстық айырмашылығын жақсы білуі керек. Қазақ қандас туыстарды - Аталас,  генеалогиялық туыстықты  Баталас  дейді.  Қазақ этносының өзі ХV ғасыр басында Түркістан мен Ұлытау арасындағы Таңбалы жарда баталасу  нәтижесінде  құралды.   Әбілқайыр билігіне бағынбаймын деген рулар Бетпақ далада бас қосып  Қазақ хандығының  туын көтерді. Бұл оқиға Шәкәрім шежіресінде баяндалғандықтан одан әрі қазбалаудың қажеті жоқ. Сіз кез келген қазақтың насаб-намасын қарасаңыз осы ХV ғасыр басында түп атаға (Арғын, Адай, Жалайыр, Қоңырат т.б.) барып жалғасады, ал түп атаның әрі жасағаны анық.

Баталастық институтын  басқаша түсіндіріп көрейік. Мысалы, Арғын - қазақ этносы құрамындағы ең ірі рулық конфедерация.  Бұл қауымдастықтың түп негізі біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ мыңжылдықта Еуразияның орталық бөлігін мекен еткен арианға (арий) барып сабақтасады. Конфедерацияның әуелгі ұйытқысы Қуан (дық) мен Сүйін (дік) рулары, оған кейін Беген (дік)-Қозған, Шеген(дік)-Қақсал рулары, одан кейін Қаракесек (Болат қожа) қосылған. Егер сіз Арғын конфедерациясына Қараесектің  Қарлұқ құрамынан  енгенін  ескерсеңіз, алдыңғы компонеттердің уақыты одан да әрі екені анық болады. Сіз Арғын құрамында жоғарыда аталған Бес Мейрам тобынан бөлек Жеті Момын аталатын, құрамында атығай, қарауыл, қанжығалы, тобықты, сарыжетім, шақшақ, бәсентиін бар түркі-оғыздық  үлкен топтың бар екенін білуіңіз керек. Бұлардың әрбірінің ар жағында алапат үлкен тарих тұр. Сіз мысалы осы екінші топ құрамындағы Қанжығалының түп атасы Толыбай сыншының өмір жолына қатысты ойланып көріңіз. Бұл алғашқы жылқышылық дәуір, Көроғлы жырына өзек болған кезең  т.б.  Бұлардан басқа Арғын, немесе оның құрылымдық бірліктері  құрамында  баталастық  арқылы енген толып жатқан рулар бар. Кез келген қазақтың ірі  руының құрамына  қарасаңыз сіз әр түрлі уақыт межесінде негізгі өзекке баталастық жолымен  қосылған қоспаларды  аңғарасыз. 

Енді қандас туыстыққа келсек, ол бір ата, кейде жеті ата деңгейінде ғана жұмыс істейтін түсінік екенін көресіз. Қандас туыстық неке қарым-қатынасын реттеу, яғни қан араластықты  болдырмау  үшін керек. Соның өзінде де бұл шағын әлеуметтік ұяшықтарда  сырттан  бала  асырап алу белсенді жүреді.  Сіз «бізге бала болшы» дейтін сөз өзге халықтарда емес,  қазақ арасында кең тарағанын білуге тиіссіз.  Бала асырап алу мен оны белгілі бір әулетке, ата баласына, жеті атаға бейімдеу қазақ арасында бірнеше сатылы институционалды дәстүрлер арқылы жасалады. Біз «бала» деген сөзді шартты қолданып отырмыз, шын мәнінде бала ересек адам (киімді бала), немесе отбасы  болуы да мүмкін. Бұл жерде нағашы-жиен, құда-жекжат қарым-қатынастары арқылы өзге руға кіру туралы сөз қозғаудың қаншалықты қажеті бар?  Ол күнделікті іске асып жатады.

Қазақ құрамындағы рулардың ішінде ұлттық мемлекет қана емес, заманында  империялар құрған  рулар бар,  сіз болсаңыз осыншама тарихты «алғашқы қауымдық құрылыспен»  түсіндіргіңіз  келеді. 

Сіз дәстүрлі кезеңде қазақтың негізгі бөлігінің рулық емес ұлттық түсініктермен өмір сүргенін Бұқар жыраудың Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртетін жоқтауындағы  «Қазақтың қамал-қорғаны», «Қазақтың абырой-ары» сияқты сөздерінен  сезінуіңізге болады. Осы ұлттық идеология  негізде ХХ ғасыр басында  Алаш саяси қозғалысы қалыптасып шақты. Олардың ру туралы түсініктерін Мұстафа Шоқайдың «Қазақ рулары хақында» мақаласынан оқыңыз: «Ыстамбұлда Қасым патшада, Дайрабек көшесінде бірнеше түрікті тоқтатып жөн сұраңыз. Айталық бірі өзі тұрған көшеден болсын, екіншісі Баязит махалласынан, үшіншісі  Көне қаладан, төртіншісі  Болғырстанның Разграз қаласынан болсын делік. Олар өз тұрып жатқан жерін айтсын. Бұған қарап Түркияда   «Дайрабек», «Баязит», «Көне қала», «Разграз» деген қалалалар бар деп анықтама жасауға болар ма еді ?» (Шоқай, 1 т, 1998, 305 б.). М.Шоқай ру, арыс, ұлыстардың  әкімшілік-территориялық құрылым бірліктері екенін отырықшы ел құрылымымен салыстыра отырып дәлелдеді. Мұны түсінбеуді Мұстафа Шоқай «орыс этнографтарының кісі күлерлік қателіктері» деп атады және сол кезде әлемге танымал болып қалған Зәки Валиды аямай сынады.

ХХ ғасырдың басында Еуропада этнография ғылымының функционалдық бағыттағы зерттеулері өте жемісті жүріп жатты. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде Б.Малиновский бастаған бұл зерттеулерге А.Рэдклифф-Браун, Э.Эванс-Причард қосылды. Басты мақсат «создание анатомии культуры туземцев и описание структуры их общества» болатын (Малиновский, 1997, 14 б.). Кейін келе, 1940-50 жылдары бұл жұмысқа К.Леви-Строс кірісіп, Э.Дюркгейм мен функционалистер арасынан «Құрылымдық антропология» мектебін қалыптастырды. Енді этнография ғылымы қоғамдық құрылымнан  тереңдеп бейсана жүйелерді  зерттеуге көшті. К.Леви-Стростың «Структурная антропология»  кітабы КСРО-да 1985 жылы алғаш рет орыс тіліне аударылып жарық көрді.  Біз осы аударманы оқыдық және қазақ қоғамының ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы этноәлеуметтік құрылымы туралы жазғанда  үлгіге алдық.  М.Шоқайдың Еуропадағы  зерттеулерден 1930 жылдары хабардар болып отырғаны мақала мазмұнынан айқын сезіледі. М.Шоқай және Алаш зияткер қауымы өз рулары  емес. ұлттық тәуелсіздік үшін күресті.  ХІХ ғасырдағы  отарлау шаралары озық ойлы қазақтың басын қосты.  

«Рушылдық»  ХХ ғасырдың екінші жартысында, нақтылай айтсақ Д.А.Қонаев билігі кезінде, қалыптасқан шартты ұғым. Көп жылдар бойы қазақтың тәуелсіздік қозғалысымен  алысқан   Мәскеу билігі бұл кезеңде қырып-жоюдың орнына «өркениетті» әдістерді қолдана бастады. Д.А.Қонаев маргиналды ортаның өкілі ретінде  Мәскеудің жаңа отаршылдық саясатына өте жақсы қызмет етті. 

Егер Қазақ хандығы дәуірінде ірі астар, қаз жиындары, Хан Ордасындағы маслихаттар ұлттық мүддені  жоғары  ұстап тұруға мүмкіндік берсе, отаршылдық  бағыныщтылық ұлттың өзі ішіндегі интеграциялық тетіктерді қиратты.  Совет үкіметі  ұлт ұйытқысы болған  қазақтың  текті әулеттерін қырып-жойып жіберді де, оның орнына екінші қатардағы топтар, маргиналдар, құлдардың тұқымдары аренаға шықты.  Осылай Д.Қонаев кезеңінде ру мәселесі асқынды және «рушылдық» ұғымы қалыптаса бастады, оны қоздырудың «ДТ-ҚТ» сияқты  эксперимент алаңдары пайда болды.

Қазақ саяси ұлты бірден қалыптаспағаны белгілі. Оның ішінде ХV ғасыр басында Таңбалы жардағы антқа қатысқандар да, кейін  Моғолстан, Сібір хандығы, Ноғай ордасы құлағанда қазаққа қосылғандар да бар. Соңғылар ортасында қазақ қауымымен толық интеграцияға түскендері де, түспей  өздерінің тарих санасындағы символдармен қалғандары да бар. Ол символдар  ру атауы, таңба, ертегі аталары мен  батырлары т.б. белгілі дәрежеде оқшаулықты туғызады. Ресей империясының, одан кейін  Совет отаршылдығының ауыр кезеңінде іште жабық жатқан бұл кертартпа құндылықтар қарын тойғанда ояна бастады.

Д.Қонаев кезінде күшіне кіре бастаған рушылдық  ХХ ғасырдың 90- жылдарынан бастап  авторитаризмді күшейту құралына айналды. Мен бұл шаруаға  сыртқы ақылшылардың қатысы бар ма білмеймін, бірақ ішкі ұйымдастырушылардың болғаны белгілі. Мырзатай Жолдасбековтың   Ұлттық академиялық  кітапханада, басқа жерлерде  «қазақты саяси күрес жолынан тайдыру үшін   батырлар мен билерге арнап ас беруді  мен ұйымдастырдым, Назарбаевқа ақыл беруші мен болдым» дегенін  бірнеше  рет естідіңіз. Ол кісі Совет уақытында да Қазақ КСР- Орталық партия комитетінде  идеология саласында қызмет атқарды,  яғни советтік менеджердер де рушылдықты қазақты саяси күрестен аластау үшін  пайдаланатын мықты тетік ретінде қарастырған.

Г.Илеуова «Рулық сана сондай өміршең екен» дейді. Бұл үстірт және эклектикалық пікір екенін жоғарыда ескерттік. Қымбатты әлеуметтанушы  «рулық сана» деп алғашқы қауымдық құрылыс санасын айтып отырғаны сөзсіз. Бізге «родтан» бірнеше деңгей жоғары  тұрған  қазақ руы феноменін зерттеу маңызды. Қазақ хандығы дәуірінде саяси, территориялық, әлеуметтік, әскери бірлік ретінде жүздеген жылдар қызмет атқарған  ру оңайлықпен ұмытылмайды, бірақ  қазіргі күні ол  тек тарихи құбылыс және ұғым ретінде ғана өмір сүруі керек. Руды ойыншыққа айналдыру, қазақты іріту үшін пайдалану орыстың коммунизм идеясын жеккөрінішті қылғанымен бірдей. Бұл ғажап құбылысты  енді жаңғырту мүмкін емес екенін ел түсінетін уақыт келді.

 

Әдебиет:

Артыкбаев Ж.О. Казахское общество; истоки и история. 4 томдық. Астана -М., 2019. 

Артыкбаев Ж.О. Мұстафа Шоқай және оның қазақтың рулық құрылымы туралы пікірлері// Кітап тағдыры– қоғам тағдыры: Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияның материалдары, 11 сәуір 2017. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2017,  69-74 бб.

Жданко Т.А. «Специфика этнических общностей в Средней Азии и Казахстане (ХІХ *-нач. ХХ в) //Расы и народы. Вып.4. М.,1974. 45-62 бб. 

Малиновский Б. Избранное: Аргонавты западной части Тихого океана. М,1997.

Шоқай М. Қазақ рулары хақында //Таңдамалы. т.1. Алматы,  1998. 302-308 бб.